ОНКИЛОНДАР МОЛАСЫ
От айнала жайғасқан жауынгерлер бір-біріне және әйелдерге жорық пен ұрыстан алған әсерлерін айтып, айқастың кейбір көріністерін көз алдына келтіріп, аз ғана құрбандықпен тағылардың тұтас бір тұқымын құртуда басты күш болған ақ адамдардың нажағайы мен жасынын мақтап жер-көкке сыйғызбады. Онкилондардан шығын шынында да аз еді: бұлардың опат болған бір жауынгерінің орнына он вампу өлтірілді және ұрланған мал-мүлкі түгел қайтарылды. Бұрынғы соғыстарда мұндайды көз де көрмеген: бір онкилонның орнына екеу, ең көп болғанда үш жабайы жер құшатын. Енді аузы күйген вампулар көпке дейін бұларға бата алмайды. Амнундак пен жиһангездер, Аннуир және тұтқыннан құтқарып әкелген әйел бар – бәрі бөлек оттың басында отыр. Аннуирға жорық жайын бақайшақтап Горохов ауыз жабатын емес.
Тілін там-тұм түсініп қалған онкилон әйелден вампулардың тұрмысы туралы бірдеңе білгісі келетінін сездірді Горюнов. Оның айтуынша, тағылардың бір тұрағы өз алдына тұтас отбасы, сондықтан жеке еркектер мен әйелдердің арасында берік байланыс жоқ. Барлық әйел барлық еркектің еншісі, ал балалар бәріне ортақ. Кейде жігіт ұнатқан әйелімен орманға қашып кетіп, бөлек тұратын көрінеді, ал қалғандары бұған көнбей, оқиға ердің ажалымен, келіншектің үңгірге қайтарылуымен тынады. Ерлердің өмірі аңшылықпен, шоқпар, найза, қырғыш жасап, ас ішіп, аяқ босатумен, ал әйелдердің күні отын дайындап, тері сыдырып, қайыс тілумен өтеді –бас ісіп, мұрын қанап жатқан жұмыс жоқ, от басында, күн көзінде көсіліп ұйықтау бар бітіретіні. Етті әдетте қанын сорғалатып шикі жейді, кейде отқа да ұстаған болады, ал аңшылық сәтті аяқталса, қызылға шеңбірік атқанша тояды. Тақа ет табылмаса, күнұзақ аш жүреді немесе тамыр қазып, қарасүйір жинап, ірі құрт, болмаса бақа ұстап қорек етеді. Оттың айналасында қатар тізіліп, аяғын отқа беріп тақыр жерде не тері үстінде ұйықтайды. Олжалы аңшылықтан, тоя ішкен тамақтан кейін сілесі қатқанша от айнала билеп, кейде болмашы бірдеңе үшін төбелесіп тарасады. Тастың, ағаштың, судың рухы деген бірдеңелерден зәресі қалмай қорқады да, түнде өлтірсе де жалғыз шықпайды. Аю мен басында бесінші аяғы бар алып бір хайуанға табынады. Тісі найзадай ол мақұлыққа әйелдер саңырауқұлақ теріп, тамыр қазып беріп жүреді.
Кешкі астан кейін жауынгерлер ұйықтап, әйелдер әдет бойынша өлгендерді жоқтап жылауға кірісті. Өлгендерді қолына найзасы мен садағын ұстатып, тізесін қалқанымен жауып, оттың қасына қойған әйелдер бұрымын тарқатып, алқасы мен білезіктерін алып тастап, бетін қолымен басып, опат болған жауынгердің ерлігін мадақтап ұзақ сонар жоқтау айтты. Өлгендердің басында жоқтау жыр айтып отырып, олар алға да, артқа да теңселіп егіледі. Олардың жылауына салып Крот пен Белуха ұлып еді, есті мақұлықтар адамның қайғысына ортақтасып жатыр-ау деп ойлады онкилон әйелдер. Жиһангездер иттердің ұлуын қойғызып, мұңлы жыр әуенімен ұйқыға енді.
Келесі күн әдеттегісінше қалың тұманмен құндақтала туып, от жарығы көмескі ғана жылтырады. Әйелдер таң атқанша жоқтау айтып, енді ас камдауға кірісті. Қыруар жауынгерді тамақтандыру үшін оншақты бұғы сойылыпты. Тұман айығып күн көтерілгенде шәкіртін ертіп бақсы да келді. Өлгендерді зембілге салып бүкіл жасақ үн-түнсіз орманды басып, батысқа қарай аяңдады, олардың айқаста опат болғандарды жерлеуге апара жатқанын бар мекенге хабарлап, ауық-ауық дүңгірлеген барабан үні шығарып салды. Қаралы шеруге әйелдер мен балалар ермей қалды.
Тұрақтан он шақырым жүріп ойпаттың батыс жиегіндегі тас үйілген төбеде тұрған онкилондардың басты моласына жетті. Әр мола үстіне тас үйілген төмпешік сияқты, басына ұшын көкке қаратып найза шаншып қойған. Көне төмпелер басылып, шанышқан найзалары қисайып, кейбіреулері құлап та қалған. Ең ескілерінің басында еш белгі жоқ, тасын қына жауып қалған.
Мәйітті жерге қоя тұрьп, жауынгерлер қабір қазуға кірісті. Уақ тастарды екі жағына лақтырып, тереңдігі метрге таяу ұзынша шұңқырлар әзір болған соң, өлгендерді аяғын түстікке қаратып бөлек-бөлек соған салды. Қолын жанына салып біріне садақ, екіншісіне жебе толы қорамсақ ұстатып, найзаны басына жастап болды да, жаңағы сыртқа шығарылған таспен бетін жасырып, топырақпен көміп тастады. Вампулардың үңгірінен жинап алынған балалардың басы мен сүйегін бір қабірге сап көмді, бірақ басына еш белгі қойған жоқ.
Жерлеу кезінде бақсы моланың ортасындағы бір шоқыға шығып ап, даңғырасын қағып, даусын қаттырақ шығарып әлдене айтып тұрды. Шамасы, жас қабірді жын-шайтан иектемей, мәңгілік болғандардың мазасын алмай, аулақ жүрсін деп жалбарынса керек. Қабір қазыспаған жауынгерлер моланы айнала қоршап, найзаларына сүйеніп үнсіз тұрды. Қабірлер жабылып болған сон жауынгерлер бір кісідей қолын көкке көтеріп, бетін сипады да өксік бір зар шығарды; бес жүз көмейден шыққан осы үн жартасқа жаңғырығып, төңіректі тітіркентті. Осыны үш қайталады да, жасақ жиекке шегініп, тынығуға жайғасты.
Жағдайды пайдаланып жиһангездер ойпаттың ернеуін жағалап көрді. Тұман айыққан, сәскелік күн шақырайып қара құздарға шағылып тұр. Текше-текше тастармен сатылап көкке бойлаған найза шыңдардан бас айналады, жақпар жарықтарынан қар ағарып, кей тұстан су атқылап тұр. Кейде сонау қиядан мұз құлап, құлама жармен сырғып келе жатып уатылады да, жерге былш ете қалады. Зеңгір аспанда іліп әкетер таутеке лағы мен бұғының баласын шолып, екі қыран қалықтап жүр. Ауа да тұп-тұнық, тып-тымық, осынау тау жыныстарының ортасындағы қызыл, жасыл, сары қына жамылған төмпелер ақ басты қап-қара заңғар құздар мен жасыл орман арасында бұлтсыз аспанның астында көңілді тіпті көтеріп те тастайтындай. Жанындай сүйіп, әр пұшпағы үшін жаумен жағаласып, аясында еркелеп еркін өскен осы бір жасыл алқап пен көк орманнан қап-қара құздың астына енді өлілер. Осы ойдың өзі-ақ көз алдыңа: «Мәңгілік тыныш дүние мұнда», – деген сөздерді отпен жағып, алаулатып тұрғандай.
Жардың астыңғы жағынан молаға қарама-қарсы аузы дәу тастармен қоршалған үңгірді көрді жиһангездер. Бұрын бұл үңгірде вампулардың үлкен бір ордасы болғанын айтты Амнундак. Осы арада керемет айқас болып, көп онкилон қаза табады. Тағылар тобырын тірі пенде қалдырмай, түгел қырып, үңгірдің манындағы тастармен опат болған өз жауынгерлерінің басын бекітеді. Оларды мұнда жерлеген, тірі қалған онкилондар жаралыларын алып кетуге әрең жетеді. Содан бері вампулармен шайқаста мерт болғандар тек осында әкеліп жерленеді.
– Көрдіндер ғой, ақ адамдар, – деп сөзін тамамдай тұрып Амнундак сансыз төмпелерді нұсқады: – Біздің тайпаның қанша ержүрек ерен жауынгерлері вампулардың қолынан ажал тапты. Біздің оларды не үшін осынша жек көретінімізді енді түсінерсіңдер. Олардың біреуі біздің жерде тірі тұрса, біз тыныш өмір сүре алмаймыз.
Үңгірде адамның басы мен сүйектері бейберекет шашылып жатыр. Вампулардың өлігін үңгірге үйіп, жеңіске жеткен онкилондар жеріне кеткеннен кейін аюлар мен қасқырлар, қарақұстар кәреге батып қалғаны көрініп тұр. Сүйекке қарап, ол оқиғаға да бірнеше ғасыр өткенін аңғару қиын емес, себебі сүйек қозғап қалсаң, күл боп кетеді. Бірақ шашылып жатқан найза ұштары мен пышақтар, қырғыштар жақсы сақталған, жиһангездер алғашқы қауым адамдарының бұл бұйым-дарынан тұтас коллекция жинап алды. Сөйтіп, бұл үңгір екінші мола боп шықты. Қаралы қараңғы түтінмен ысталған іші сыз, сүңгілері салбырап, көңілді құлазытқан бір қапас.
Жиһангездер үңгірді қарай жүріп сонау алғашқы қауымның жартылай адам, жартылай жыртқыш пенделерінің тұрмысы қандай қаратүнек болған деп ойламай қалған жоқ. Жыртқыш аң сияқты бірде аш, бірде тоқ олар күнкөріс үшін мына қолапайсыз қарулармен күресіп, ашулы аю мен қатерлі қабыланнан тартып алған қараңғы үңгірлерде жан сақтап, ұзақ поляр түнінде ызғырық суықтан дірдектеп, қаудырлаған көп теріге оранып, өлмешінің күнін кешкен ғой. Бар уақытты ас жеп, қару етер шақпақ тас қайраумен алғаны және даусыз. Оларға қарағанда тас дәуірдің тағы да бір адамдары әлдеқайда жоғары, бақытты, көңілді өмір сүріп жатқаны бірден көзге ұрады, бұлардың киім-кешегі, ыдыс-аяғы, рулық дәстүрлері мен тойлары бар және жасыл алқап пен орман арасында жүреді; жарық, жылы үйлерде тұрады, ас-суын түрлендіріп, тері илеп, сүйекті ұқсата біледі, үй малы – табын-табын бұғы ұстайды. Онкилондар мен вампулардың түр-тұлғасын, әсіресе, бас сүйегін салыстыру адамзат өз дамуында палеолит дәуірінен неолит дәуірін бөліп тұрған ондаған мың жылдың ішінде қандай алыс кеткенін айқын көрсетеді.
Осынау жырақтағы Санников жерінде, оны өзге дүниеден бөліп тастаған мұздардың арқасында әлдеқашан құрып, жойылып кеткен алғашқы қауым адамы хайуан құсап тірі қалған. Барлығы өзгеріп, барлығы жетілген жерден жырақ жатқандықтан, олар дамудың тым төмен сатысында қалған. Вампулардың тіршілік-тынысы бұл аралдар мұз қоршап құрлықтан бөлінген кездегі қалпында қалған, ауа райы да сол күйінде, азық жеткілікті, онкилондар келгенше тұрмыс тәсілдерін жетілдіруге түрткі болар тіпті себеп те табылмаған.
Амнундактан жиһангездер вампулардың онкилондардан ол-пұл үйрене бастағанын да білді, бұрын олар оттың не екенін білмей, қысты ыстық қайнарлар төңірегінде тастан қалқа жасап өткізеді екен. От жағуды үйренген соң олар қысты қар мен ызғырық суықтан жақсы қорғайтын үңгірлерде өткізе бастаған. Әлі де шикі жегенімен, етті отқа аздап шыжғыратын болған, ағаштан жобалы ыдыс жасап, теріден көрпе, қысқа шекпен тігетін болған. Сүйектен найза сүңгісін жасай бастағанымен, әліде берігі берік шақпақ тасқа көбірек құлықты.
«Вампулар қаруына шақпақ тасты қайдан алады?» деген Ординнің сауалына Амнундак жауап бере алмады: онкилондарға бұл жағы белгісіз еді, олар сүңгіге көбінесе сүйекті пайдаланып, кейде ойпаттың базальт ернеуінен, халцедон бездері мен ақ не қызыл ақықты қолданатын. Ақық тастардан сүңгі жасауға уақыт көп кетеді, сондықтан әдетте оны ұзақ поляр түндеріне сыбаға етеді. Базальтта шақпақ тас жоқ, демек, вампулардың иелігіндегі құз-жарларда әк пен бор сияқты құрамында шақпақ тас бар басқа да жыныстар болуы керек деген болжам ойға келеді. Бұл – вампулар жеріне дендей еніп, жаңа саяхат жасау керек деген сөз.
Үңгірді қарап болып жиһангездер мен Амнундак жасаққа қайтып келді. Жауынгерлер үйді-үйіне таратылды да, бір бөлігі сүрлеу қуалап бытырай тартты, түстік жақта тұратындары Амнундакпен бірге аңғар жиегін жағалап жолмен жылжыды. Осы сәтті де орынды пайдаланып, жиһангездер жаңа орындармен танысты. Жалпы біркелкі болғанмен, жол-жөнекей әр жердің өзіндік ерекшеліктері де көзге түсті: бірде жар бас айналдырардай биіктен тік құлаған құз қабырға болып келеді де, етегінде көлкіп еріген қар жатады, ол ауық-ауық төбеден сырғыған көшкінмен жаңғырып тұрады; бірде жар биіктігі әр түрлі сандық тастардан сатылай биіктеп, текшелерінде көмескі жұлдыздай жалт етіп, жоқ болып таутекелер жүреді, бірде су мен жел мүжіп, адам мен айуан мүсіндес етіп тастаған жартастары түнере төніп түксиген құз қабырғаларының арасындағы құлазыған қуыстар етектен басталып, сонау көз жетпес биікке дейін бойлап кетеді. Бірақ бұл қуыстарға таутекелер болмаса, адам кіріп, жоғары өрмелеуі екіталай. Әр тұста бейнебір құбыжықтың тырсиған бүйіріндей алып тастар оғаш шығып, үстінен тамшылап су ағып тұр. Бір жерде жүз метрлік биіктегі, тік жардың бір жарықшағынан шың басында еріген қар суы атқылап, жан-жақтағы тау жыныстарына шашырап жатыр. Қайда көз салсаң да сол баяғы балқып қатқан бірде тығыз, бірде көпіршіген, бірде коқыс базальт, әредік түрлі-түсті тастардың соған жабысқан бездері жалтырайды. Қыз-келіншектердің әшекейі, қару-жарақтың тетігі ретінде онкилондардың аса бағалайтыны да осы без тастар.
Бір жерге келгенде екі жүз метр биікте қаннен-қаперсіз жақпар тас жиегінде төмендегі екі аяқтылардан еш күдік алмай, емін-еркін жүрген таутекені Гороховтың көзі шалып қалды.
– Жауынгерлеріңнің қайсысы анау таутекеге тигізе алады жебесін? – деп сұрады іле Горохов.
– Жебеміз оған жетпейді! – деп басын шайқады Амнундак.
– Ал біздің жай оғымыз жетеді, кешкі асқа сол таутекені атып түсірейін бе?
Амнундак жақпар тас пен екі ортаны көзімен өлшеп көріп, тағы да басын шайқады.
– Ал, Никита, мақтануын мақтандың, енді онкилондар алдында масқара болып, мазаққа қалып жүрме! – деді Горюнов оған ескертіп.
Горохов мылтығын оқтап алып, тізерлеп отыра кетті де, қозғалмас үшін құлаған бұтаны таяныш етіп, нысанаға кішкентай қоңыр дақ болып түсіп тұрған таутекеге кезенді. Амнундак пен жауынгерлер атқышты алқалай қоршап алды. Якут ұзақ көздеп басып қалды, гүрс еткен үн жаңғырығып, төңіректі тітіркентті. Қоңыр дақ шайқала түсіп, ілгері ұмтылды да, төмен құлдырады. Оқшау шыққан тастарға мүйізімен соғылып, допша секіріп, бүгілген аяғы мен аппақ таңы әр жерден бір жарқ етіп, ақыры таутеке құз етегіне келіп гүрс етті. Онкилондар қиқулап олжаға қарай тұра-ақ ұшты.
– Ақ адамдардың нажағайы қияндағыны қағып түсіреді, онан ешкім де құтыла алмайды, – деп мойындады Амнундак.
– Онкилондарда осындай он нажағай болса, қыста күн көрінбей кеткенге дейін жер үстінде бірде-бір вампу қалмас еді.
Жол-жөнекей жауынгерлер жасағы бірінен соң бірі бөлініп, ормандағы өз тұрақтарына бұрылды да, соңғыларымен қоштасып, таутекенің басын беру үшін бақсы лашығына соққан жиһангездер жатағы тұрған алаңқайға шықты. Күні бойы бірге жүрген Аннуир алаңқайға шыға-ақ тайпасының ғұрпы бойынша күйеуін өз үйінің табалдырығында басқа әйелдермен қатар тұрып қарсы алу үшін тұра жүгірді.
