МЫҢТҮТІН АЛҚАБЫ
Ертеңгі ас үстінде соқыр тұман арасында отырып олар қаншық қасқырларды қалай бірге ала жүру мәселесін талқылады. Біреу оларды кезектесіп көтеруді, біреу өгіз терісінен зембіл жасап соған сап сүйреуді ұсынды. Ең оңай әдісі – оларды өз аяғымен жүгіртіп отыру, ал ол үшін не шынжыр, не сым жоқ, қайыс бауды тісімен қырқып тастайды.
Ақыры қайыстан қарғы жасап, тұмылдырық кигізу еске түсті. Қарғыға қайыс өткізіліп, ол Горохов мылтығының шомполының ұшына байланды. Сөйтіп, қасқырлар кісі қасында жарма киген өгіздей бүкеңдеді де отырды. Бір онкилон жетектеп, екіншісі артынан қуалап келеді. Әуелі азулы аң бұған бағынғысы келмей жатып та алды, содан оларға иттерді қосып еді, бөкседен бір тістеуі мұң екен, құйрығын қысып алып меңтеңдей жөнелді.
Тұман сирей олар терістікке тартты. Өсімдік барған сайын аласарып, қурап қалған көлемі едәуір кәрі тоғай кездесті, алаңқайда селдір шөптің өзі жоғалып кетіп, күнге өңген базальт қана көзге ұрады. Бірнеше шақырымнан кейін жұқа түтін шалқып жатқан жердің жарығына тап болды.
Ордин еңкейіп, қолын жарыққа тығып жіберіп еді, тереңнен шығып жатқан тым ыстық лепке шыдамай іле тартып ала қойды. Әрі жүрген сайын әлгіндей жарықшақтар жиілеп, ауа ыси бастады, жиһангездер жақсы жағылған моншаға кіргендей болды, ал бу дегенің төңіректі түгел тұман торғынымен орап тастағандай. Онкилондар күртесін іле-ақ шешіп, бағанадан бері белуарынан жоғары жалаңаш келеді, жиһангездер де шыдай алмай солардың істегенін істеді. Ең соңында Аннуир де кеудеше-шалбарын шешіп, белдемшемен қалды, онысына едәуір ыңғайсызданып, отты көп жаққан үйдей ыстық болып кетті деп ақталып та жатыр.
Тұманы қалыңырақ тұс айрықша назар аудартты: оның ортасында бір емес бірнеше жарықтан бу атқылап, дем ысқыра шығып жатыр.
– Міне, бұл нағыз фумарол! – деді дауыстап Ордин. Әрірек барған сайын қара лаваның жалаңаш жотасында шұрқ-шұрқ тесік көбейіп кетті. Бүкіл жер тұтасымен бықсып, түтіндеп жатқан сияқты, топырақ қызуы аяқкиім табанынан-ақ сезіле бастады.
Бірер шақырым жер жүріп, дем алу және әр жақ, бер жақты шолу үшін тоқтағанда көз алдарынан көрініс берген бір суретке таңданып, таңырқасып қалды. Төрт құбыладан түгел бу шапшып аспанға тік атылып, самсаған сұр діңгекшелердің жеңіл сәулесіне кемпірқосақ ілініп, дірілдеді де тұрды. Бейнебір көзге көрінбейтін қаланың мың сан мұржасынан аязды аспан кеудесіне тік шаншылып түтін ұшып жатқандай. Осы боз бағандардың арасынан батыста да, терістікте де, шығыста да ойпат аңғарынынң жар-құзы қарауытады, қай жағына барсаң да бес-алты шақырымнан алыс емес. Анда да, мында да күнге шағылып қары жалт-жұлт еткен алашабыр шыңдар. Бір жағынан мынау ақ қар мен ақ баған, екінші жағынан анау қара құз бен қара топырақ ойламаған жерден қойындасып, қарама-қарсы екі түс ілуде бір кездесетін тұтастық түзіп тұр.
Жер жарығының бірінен естілген гуіл мен қатты ысқырық ұйып тұрған тыныштық қаймағын әлсін-әлсін бұзады.
– Түтіндеген қап-қара шөл! – деп Горюновтың даусы шығып кетті.
– Міне, Мыңтүтін алқабы деген осы! – деді Ордин. Жын-шайтанның мекенжайы! – деді онкилондардың егделеуі.
– Түтіндеп жатқан – жер астындағы солардың оты. Жасақ адамдары осынау сирек суретке әртүрлі сезіммен қарады, ақтары ынтыға үңілсе, қараторылары соқыр сеніммен секем алып, теріс айналуға бейіл. Алдағы аумақтырақ бу бағаны бұларды тағы да баурады. Бу диаметрі небары алты метрдей ғана көлшіктен шығып жатыр, оның суы дәл бір қазандағыдай бұрқ-сарқ қайнайды.
Горюнов қоржынынан бір кесек шикі ет алды да, қайысқа байлап оны суға сала қойды. Шапшып қайнаған су оны батырып жіберіп, әрлі-берлі домалатып, бетіне теуіп әп-сәттің арасында пісіріп шығарды.
– Қоналқаға таптырмайтын жер екен! – деді Ордин. – Отын жоқ, бірақ ас пісіретін әзір қазан бар, шайға да қайнаған суың дайын.
Жол-жөнекей терістікке қарап олар осындай көлдердің ұлылы-кішілі тағы бірнешеуін кездестірді: ең кішісінің диаметрі бір-екі метр ғана, олар беті көпіршіп баяу қайнайды да, ал үлкендері бұрқ-сарқ етіп, шашырай шапшып, беті әлем-тапырық болып жатады. Көлдердің құлама кемері аппақ, қар сияқты бірдеңе жабысып қатқан да қалған. Бірақ қайнап жатқан судың ернеуінде қар қайдан болсын, тырнап алып, ауызға салып көріп еді – тұз, бірақ тым ащы, дәмі де нашар екен оның.
– Тұз бөліп жатса, суы ащы болғаны ғой, яғни шайға жарамайды, – деді Горюнов.
Суын татып көріп еді – аздап көрмек дәмі бар екен, бірақ ішуге әбден жарап жатыр.
Қайнаған көлдер мен түтіндеген тесіктердің арасынан өтіп, ойпат аңғарына таянғанда олар жайпақ үлкен шұңқырға тап болды, диаметрі шамамен екі жүз қадамдай да, тереңдігі он бес-жиырма метрдей бар.
Түбі дөңгелене шұқырайып, алып бір тостағанды көзге елестетеді, бірақ суы жоқ. Буалдыр түтін арасынан үңіліп, шұңқыр жарықшақтарынан ана жерде бір, мына жерде бір көгілдір от жарқылдап шығып жатқанын байқады. Ордин оны жақын барып көрмек оймен төмен түсіп кетіп еді, ізінше аузы-мұрнын басып қайтып келді. Күкірт пен хлордың ауаны пеш жаққандай ысытып жіберген буынан тұншығып қала жаздадым деді ол.
Дүрбімен қарап шұңқырдың қап-қара түбінде күкірт пен мұсатырдың қалың қатпарлары жолақтанып, ақ, сары боп әр тұста жалтырап жатқанын байқауға болатын еді.
– Ал Павел Николаевич, – деді жоғары шығып кең тыныс алған Ордин Костяковқа. – Санников жерінің әлі толық сөніп болмаған жойқын жанартаудың кратері екенін енді сіз де жоққа шығара қоймассыз.
– Әлбетте ғой. Жан-жақтағы анау базальт құз-жарлар, түстіктегі, гейзерлер мен көпіршіген көлдер, терістіктегі, қайнаған көлшіктер мен фумаролдар, мынау улы шұңқыр құйттай да күмән қалдырған жоқ, – деді оның сөзін растап Горюнов.
– Бірақ онкилондар бұл арада төрт жүз жыл, ал анау жабайы адамдар мен жануарлар одан да көп өмір сүріп жатыр. Мұның түстік жартысында өсімдік тіптен көп, демек, жанартау баяғыда сөнген емес пе! – деп Костяков пікір таластырды.
– Онда күмән жоқ, алайда жанартау оз әрекетін түстіктен терістікке қарай аударып, бірте-бірте доғарғаны да айқын болса керек, оның белгілері бұл жақта әлі көп. Бәлкім, вампулар түстік жақта тұрғанда мұнда лава атқылап жатқан шығар.
– Онкилондар оны көре алмай қалған, – деп Ордин бұл пікірді нақтылай түсті. – Сондықтан олар қайдағы жоқ «жерасты рухының» түтінін ғана біледі.
– Ал осы жанартауың күндердің күнінде ұзақ ұйқысынан оянып, апат әкеп жүрмей ме? – деп сұрады Горюнов.
– Ол әбден мүмкін. Шын мәнінде сөнген жанартау деп тұтас бір геологиялық дәуір бойы қозғалмай, бірте-бірте қирай бастағанын айтады. Ал қалғандары жөнінде кепілдік беруге болмайды, ең дұрысы, оларды ұйықтап жатқан деу орынды, ұйқыдағының оянып кетуі ықтимал ғой. Біз сөнді деп жүрген жанартаулардың кенеттен атқылап қоя берген мысалдарын білеміз. Кратерінде қалың орман өсіп, кезінде оған бас көтерген құлдардын көсемі Спартак бой тасалаған Везувийді еске түсіріңдерші. Ол тауды жаңартау деп ешкім санамаған,о жөнінде аңыз-ертегі, де жоқ. Кенет біздің дәуірдің жетпіс тоғызыншы жылы ол оянып кетіп, Геркуланум мен Помпеяны жермен-жексен етіп жіберген жоқ па және содан бері ол бір тыншыған емес.
– Ал Мартиникадағы Қасқатау ше! – деп Горюнов және бір оқиғаны есіне түсірді. – Он сегізінші ғасырдың ортасына дейін ол ұйықтап жатқан, оның бұрынғы қылығы жайында жергілікті түз тұрғындары түк те білмеген. Содан ол бірте-бірте қимылдай бастаған, ал оянуының өзі бір жарым ғасырға созылған, ақыры жиырмасыншы ғасырдың басында ғана дүр сілкініп, тұтас бір қала Сен-Пьер мен отыз мың адамның өмірін бірнеше минуттың ішінде-ақ жалмап жіберген.
– Мұндай мысалдарды екі Америкадан да, Зонд аралдарынан да, Камчаткадан да көптеп келтіруге болады,
– деп тағы сөз қосты Ордин.
Мына жанартаудың оянуы онкилондарға апат болады ғой, – деді Костяков.
– Ол жанартаудың қай тұстан қайта атқылауына байланысты ғой. Егер ол қазірдің өзінде қу тақыр әрі елсіз ойпаттың терістік бөлегімен ғана шектеліп, дүмпуі аз болса, онкилондар жанартаудың жанында тыныш өмір сүре береді. Ал дүмпу түстік жақтан басталса, әрине, оңдырмайды.
– Маған мынау фумаролдардың, қайнаған көлдердің, гейзерлердің көптігі жанартау дүмпуі осы ойпатта бүгін-ертең емес, кез келген сәтте басталып кететіндей көрінеді де тұрады,
– деді Ордин. – Онкилондардың осындай жағдай ойпатта жүздеген жыл созылып келеді дегені жай сөз. Олар бұл маңға айында бір, жылында бір келе ме, жоқ па – ендеше, айтқандарыңа да сенуге болмайды. Бұл арада дұрыс барлау, бақылау қажет.
– Жарайды, біз тұрғанда Санников жерінде түк те болмайды, тас боп қатқан тіршілік иелерімен ол жүздеген жыл жасай берсін деп тілейік те, – деп көңіл аулаған болды Горюнов.
Тымырсық шұңқырды айналып өтіп, баяғы бір базальттан тіп-тік не текше-текше болып көтерілген құз қабырғалы ойпаттың терістік аңғарына да келді, сырт көзге мұның биіктігі мың метрден аласа сияқты емес. Өсімдік атаулының ең ақыры қынаның да жоқтығынан жап-жалаңаш құз қабырғалары көңілді құлазытып жіберді. Айналаға қарап тұрып барлаушылар тағы бір таңғажайып суретке тап болды: қара құздың етегінен онша қашық емес бу бағандары тұтасып, Мыңтүтін алқабының аппақ қабырғасы созылып жатыр, бұл міз бақпас бірдеңе емес, ұдайы толқып, теңселіп, жалында аласа күннің алау нұрын ойнатып, бір орыннан екіншіге ауысып шұғыла шашып тұр.Бір жерде қара құздың етегіндегі аппақ жолақ жолаушылардың көзіне түсті.
– Қызық, мынау жоғарыдан құлаған қар болды ма екен?– деп таңырқады Горюнов.
– Жоқ, бұл қар емес, жер бетіне шығып қалған ақ тау жынысы болуға тиіс, – деді Ордин дүрбімен қарап. – Және өзі біреу шұқып жегендей түгел шұрқ-шұрқ тесік, вампуларыңыз шақпақ тасты осы арадан алып жүрмесін?
Бәрі сол араға ұмтылды. Бақса, базальт мұнда ойпаттың түбінен үш-төрт метр жер үстіне шығып, екі жүз – үш жүз метрдей созылып жатқан жұмсақ мәрмәрдің үстінде жатады екен. Мәрмәрда кейде бөлек, кейде ұясымен, кейде қабатымен орналасқан шақпақ тастар бар екен, соны аламыз деп вампулар найзаның сүңгісімен, қырғышпен мәрмәр бетінің дал-дұлын шығарыпты.
– Міне, керек болса жаңалық! Жанартаудың пайда болуын анықтауымызға керегінің өзі осы ғой, – деп қуанып кетті ақ қабырғаны тексеріп шыққан Ордин. – Мен жаман-жәутік болса да мынаның жоғарғы бор қабаты екенін дәлелдейтін тасқа айналған жәндіктер тәрізді бірдеңелер таптым. Оларға қарағанда бұл жанартау Солтүстік Сібірдің әр тұсында мына базальттар балқыған жер дамуының үшінші дәуірінен бұрын пайда болмаған сияқты. Мұнан да тәуір деректер табылып қалар – іздеу керек.
Осыны айтып Ордин құздың бір тереңірек қуысына кіріп, балғамен жұмыс істей бастады, қалғандары етектегі, ақ құмның арасын қазуға кірісті, тасқа айналған ұлу сауытын тауып алып көрсеткенде және не екенін түсіндіргенде оны іздеуге тіпті онкилондар да атсалысты. Міне, балғасының тоқылдауы басылып, қуыстан Ордин сөйлей шықты.
– Тереңде жойқын жұмыс жүріп жатыр, Сәл тыныштық сақтап, жарға құлақ төсеп, тыңдаңыздаршы. Әсіре мен шыққан қуыстан бәрінен де жақсы естіліп тұр.
Горюнов пен Костяков қуысқа кіріп, қабырғаға құлақ төсеп еді, түу тереңнен кейде келте қайырылған, кейде ұзаққа созылған дүмпуді есітті, бейнебір алыста жер астында алып бір ұста жұмыс істеп, ауыр балғамен жұмсақ бірдеңеге солқ-солқ ұрып жатқандай. Тау жынысы сәл дірілдеп, ақ қабырғадан мәрмәр түзейтін әк шпатының кристалдары ауық-ауық сырғып түсіп жатты.
– Сонау тереңде тәуір-ақ жұмыс жасалып жатыр! – деді қуыстан шыға берген Горюнов.
– Есен-сауымызда осы арадан тайып тұрсақ қайтеді? – деп сұрады үрей аралас үнмен Костяков.
– Сіз мұны жанартаудың жақында атқылауының белгісі деп ойлайсыз ба? – деп күлді Ордин. – Егер біз бұл арада бұрын да болып мына үнді есітпесек, шынында да мұны жерасты дүмпуінің белгісі деп ойлауға болар еді. Тіпті сондай белгі болғанның өзінде үрей шақырар түк те жоқ – жанартаудың оянуы аптаға, айға, жылға да созылуы мүмкін.
– Тіптен Қасқатаудағы сияқты жүздеген жылға созылуы да ықтимал, – деп қостап қойды Горюнов.
Жателдіктердің не жайында айтып тұрғанын білген соң онкилондар қуысқа кезек-кезек кіріп, қосүрей боп шығып жатты. Бүгін олар жер астында жын-шайтан бар дегенге қай күндегісінен де қатты иланды. Мына дүмпулер, қабырғаның шайқалуы, шұңқырдағы жылтыраған от, мыңтүтін, қайнаған көлдер, өсімдік дегеннің атымен жоқтығы – бәрі-бәрі жиналып келіп, зәре-құтын қашырып, олар осынау қатерлі жерден шапшаң кетейікші деп сұрап тұрып алды.
Күн кеш еді. Терістіктің биік құздарының тасасына күн жасырынысымен ойпаттың бұл бөлегін ымырт басты. Оның үстіне батыстан қара бұлт шығып, тұманның қалың болатынынан хабар бергендей. Тұман мен қараңғыда жолдан оп-оңай адасып, шұңқырға не қайнаған көлдердің біріне қойып кету де кәдік.
Шынында да, жардан бір шақырым шығып үлгертпей, аспанды бұлт торлап, сіркіреп жаңбыр жауды, жауынмен суыған қалың бу тұманға айналып, төңіректі түгел құндақтап алды, көзге түртсе көргісіз қараңғылық лажсыздан бағанағы қарғыс атқан шұңқырдың басына қонуға мәжбүр етті, бір жақсысы, ет пісіріп, шай ішуге отын іздетпейтін қайнап жатқан суы бар. Жателдіктердің саспас сабырлылығы онкилондарға да әсер етіп, олар да көл жағасына жата қап найзаның ұшына шаншып не қайысқа байлап, қайнап жатқан суға ет пісірді, бірақ әлденеден үрейленіп, өзара сыбырласып сөйлесті. Горохов тіпті сорпа пісіріп те ішті, етке тұз салып, суға сәл ұн сеуіп, котелогін суға ортан белінен салып қойып еді, адам айтар емес ас боп шықты. Бәрінен бұрын көлге жеке салғанға қарағанда котелоктегі ет тұзы татып, тым-ақ дәмді болды, шай да мейір қанып ішерлік дәрежеге жетті.
Кешкі астан кейін қарауыл қойып онкилондар жаңбырдан қорғанып, үстіне қалқандарын ұстап бір жерге ұйлығып жатып ұйықтады. Жатар алдында олар жерге найза қадап, үстіне өгіз терісін жауып жат елдіктерге күрке жасап берді. Алайда жиһангездердің түнде күндізгі көгілдір отты көргісі келді де, ешкімді оятпай ақырын басып шұңқырға қарай тартты. Тереңнен сыздықтап шығып жатқан жылудың арқасында ойпаңды тұман басқан жоқ еді, сондықтан ол түбінде айқыш-ұйқыш өрілген көгілдір оттары бар дәу қара шұңқыр болып көрінді. Оттар да біресе сөніп, біресе лапылдап, бір орыннан ілезде екінші жерге көшіп керемет қызық суреттерді көз алдыңа келтіреді.
Оны жақсырақ көру үшін төртеуі де шұңқырдың ернеуіне жата қалып еді – кенет астынан бірдеңе дүмпігендей болды
– жер шайқалып кетті.
– Жер сілкінді! – деп дауыстап Костяков атып тұрды. Алайда оның қайта жатуына тура келді, өйткені жер теңселіп, тік тұруға мүмкіндік бқлмады. Құлақка қатты гуіл келді, ойпаңдағы оттар дірілдеп, жалп етіп сөніп, жалт етіп қайта лапылдап тұрды. Ойпат аңғары жағынан гүрс еткен үн естілді, әр тұстан алып тастар сынып, құлап жатыр. Қараңғы ымырт, қалың тұмандағы осынау үндер үлкен үрей туғызды.
Жүз қадамдай ғана жерде тұрған қосын жақтан дүбірлеген аяқ дүбірі, үрейленген айғай-шу шықты, ояна келіп қасында Ордин мен өзге ақ адамдардың жоқ екенін көрген Аннуир зарлап қоя берді. Онкилондар бұларды қасақана қауіп-қатерге тастап, ақ сиқыршылар тайып отырған екен деп ойлады. Кісілердің ыза-шуына үн қосып иттер мен қасқырлар қосыла ұлыды. Соқыр сенімдегі сорлылар әбден абыржып, не істеп, не қоярын білмей, дал болды.
Жердің сілкінісі сәл саябырлап, аяқпен тұрып-жүруге жарағанда жиһангездер жеті қараңғыда дабыра шуымен-ақ оңай табылатын қосынға қарай тұра жүгірді. Ақ адамдардың келуі бәрін бірден тыныштандырды да, Горюнов қайда барып келгенін айтқанда онкилондар сәл ұялып қалды. Аннуир жалма-жан Ординнің мойнына асылып, жасты жүзін оның кеудесіне басты. Осы оқиға барлығының ұйқысын шайдай ашты. Сол сәтті пайдаланып Горюнов онкилондардан бұрын бұндай жер сілкіну болып па еді деп сұрады. Бақса, бұл құбылыс оларға бұрыннан таныс көрінеді, кейде әсіресе, қыс күндері жер сәл дірілдеп, жертөле бөренелері сықырлап, төбеден топырақ түседі екен.
– Міне, қазір де дәл солай болды, – деді Горюнов.
– Жоқ, бұл тіпті бөлек! – деп қарсы дау айтты онкилондар.
– Аяқ басып тұра алмайтын болып жердің бұлай шайқалуын бұрын көрген емеспіз. Сондықтан зәре-құтымыз қалмай, оның үстіне сендердің жоқ боп кеткендеріңді көріп, қатерлі жерге әдейі әкеп тастаған ғой, енді жерді шайқап тұрған жын-шайтан жарылған тұста шыға кеп бізді жер асты патшалығына ертіп әкетеді екен ғой деп қатты қорықтық – деді олар.
Жердің сілкінуі қайтып қайталанған жоқ, жиһангездер өз күркесіне оралды. Бірақ оны да жөндеп алуға тура келді: алғашқы дүмпуде-ақ найзалар қисайып қалып, тері Аннуирдің18үстіне жалп етіп, шошытып оятқан еді. Онкилондар енді жатып ұйықтауға батпады, оттың болмауы жоқка нанатын олардың үрейін алып, ол аз дегендей ойпаттың түстік бетінде күн күркіреп, тіпті берекесін кетірді. Жалпы, күн күркіреу деген Санников жерінде тым сирек құбылыс, ал бұл жолы бұлт бұрқ-сарқ етіп қана қоймай, нажағай әлсін-әлсін шатырлап, биік құздың басын жарқ-жұрқ еткізіп, жалтылдады да тұрды. Небір айқастан тайлықпаған өжет жауынгерлер біріне-бірі жабысып, қашан таң атып, жел қуып аспан тұманнан айыққанша ұйлығып тұрды да қойды. Сөйтіп олар таң атқанда барып бір-ақ ұйықтады.
