КӨПІРШІГЕН КӨЛ
Асын еш әбігерсіз ішіп, тынығып алып, көлге апарар деген оймен өзекті жағалай отырып олар әрі жылжыды. Үміт ақталды. Шалғын арасы саз батпақты болғанымен, өзекті жағалап жүріп отыруға жарайды екен, ұзамай жиегі жасыл қамыспен көмкерілген диаметрі жарты шақырымдай ашық айдын шыға келді алдан. Әупілдек гүлінің жалпақ тостағаны су бетінде су жаңғағының (Тгара natans ) ұсақ жапырақ-тарымен аралас орналасқан. Су жаңғағы жер үстінен жоғалып кеткен өсімдік еді, ал мұнда аяқ алып жүргісіз. Балдыр көлегейлеген көл түбі терең тартып барады, су асты өсімдіктерінің арасы толған қоңыз, ерсілі-қарсылы жосып жүрген ұсақ шабақ. Көлдің ортасына таман үйректер мен шағалалар жүзіп жүр, айдынның әр тұсынан шоршып ойнаған ірі балықтар көзге түседі. Бұлтты көктей өтіп сығалаған түскі күн қиық сәулесімен осынау ендікке кереғарлау бейбіт, молшылық өмірдің суреттерін зерлеп тұр.
– Бұлақтар көлге емес, көлден ағады екен ғой өзі! – деп таңырқады Горюнов.
– Бұдан нендей түйін шығады?
– Түйін бе, ол былай. Ойпат суының теңізге құятын бір жолы болуы керек, яғни мынау айнала таулар тізбегі бір жерінен түбіне дейін жарылуы тиіс.
– Жарайды, солай-ақ болсын.
– Соны анықтап алу аса мәнді. Біз сырғанап түскен күртік қарлар жаз бойы еріп аласаруы керек, онда бізге жоғары көтерілуге болмай қалады. Демек, таудың жарығы ғана мына аңғардан шығып кетуге мүмкіндік береді.
– Ал ол жарықтың болмауы да ғажап емес қой, – деді Ордин. Су жер асты каналы арқылы ағып кетуі ықтимал. Лава тасқынында ондай каналдар сирек болмайды. Геология курсынан Гавай аралдарындағы дельфиндерді еске түсіріңізші.
– Ол не? – деп сұрады Костяков.
– Ол – теңіз жағасынан тереңге тартылған лава тасқынындағы ұзын туннель. Су келген кезде ол жердің жарығынан фонтан болып атылады. Аты да осыған орай Дельфин қойылған.
– Дұрыс емес, кит сияқты дельфиндер су атқыламайды, жай ғана шашып ойнайды, – деп қарсы пікір айтты Горюнов.
– Ал біз үшін тауда жарықшақтың болмауы жақсы емес, онда күртік қатуын күтіп, қыстың аяғына дейін қалуға тура келеді.
– Оның несі бар, мүмкіндік туып тұрса, Санников жерінде қыстап қалу жоспарымызға кірген. Ал қазір қыстауға жағдай бары айдан анық.
Осы тұста әңгімені бағанадан бері көлден көз алмай тұрған Гороховтың айғайы үзіп жіберді.
– Қараңдаршы, әне, не болып жатқанына! Бір ғаламат судан шығып келе жатыр.
Айдынның ортасында үлкен төмпе пайда болып, көпіршіп қайнап тұр. Кенет төмпе тарс жарылды да, аппақ бу аспанға атылып, әп-сәтте ауаға жайылды. Сол жердегі бүкіл айдын бетіне толқын жүгіріп өтіп, жүзіп жүрген құстарды тербеп-тербеп кетті.
– Тереңде кит я басқа жануар бар ма екен әлде? – деп топшылаған болды Горохов.
– Кит тұщы суда жүрмес болар, – деді Горюнов. – Бірақ бұл құбылыстың себебі не болды екен?
Ордин қабынан термометрін суырып алып, жалма-жан суға сала қойды. Көлдің астында кім барын білу үшін жасаған мына қарекет тым қолапайсыз көрініп кетіп Горохов күліп жіберді.
– Ойлап көріңдерші, судың жылылығы Цельсий бойынша жиырма бес градус! – деп дауыстады Ордин.
– Мына ендіктің ерте көктемі мен судың жиырма бес градус жылылығы ойға сыймайды екен, – деді Костяков. – Бір жиырма градусқа қателескен жоқсыз ба?
– Сенбесеңіз өзіңіз-ақ өлшеңіз.
– Сонда мұны қалай түсінуге болады?
– Бәлкім, көлдің астында жылы судың немесе жаңағы біз көрген будың көзі бар шығар. Олай болса, бұл менің ойпат ескі жанартау кратерінің түбі деген болжамымды дұрысқа шығарады. Оның түбінде ауық-ауық жер жарығы арқылы сыртқа шығарып тұратын жылуы әлі жеткілікті болғаны бұл.
– Әлгі құбылыс қайта қайталанбас па екен, күте тұралық,– деді Горюнов.
– Күтелік. Әзір менің айтарым: осындай көлдері көп болса, Санников жерінің жылылығының да бір себебі сол.
Шеңбер-шеңбер толқындары сап тыйылып, көл қайтадан айнаша жарқырады. Жиһангездердің бәрі оған бірдеңе күтіп телміре қалған. Горюновтың қолында сағат.
Отыз екі минут өткен соң көл қайта көпіршіп, екі метр биіктігі бар төмпе пайда болды да, ол тарс жарылып, бу атқылай жөнелді.
– Шамасы, сіздің айтқаныңыздың жаны бар, – деді Горюнов.
– Жер астынан ыстық су немесе бу мезгіл-мезгіл бөлініп, көл арқылы бүкіл аңғарды жылытып тұратын болса керек.
– Аңғарды биіктен де, жиектен де қарап біз мұндай көлдердің талайын көрдік.
– Қалай дегенмен де, өз басым, су атқылап жатқан кит деп ойлаймын, – деді жанартау құбылысына тіпті миы жетпей қойған Горохов.
– Никита-ау, кит сонда көлге қалай келді деп ойлайсың. Ол, сірә тау асып түскен жоқ қой.
– Олай болса мүйізтұмсықтар, өгіздер мен жылқылар мұнда қалай келген, заңғар биік жардан олар да қарғып өте алмайды ғой, – деп Костяков қитықты.
– Сіз Новосибирь аралдарының геологиялық тарихын нашар білесіз, – деді оған Ордин. – Жер дамуының төртінші дәуірінің басында бұл аралдар Сібір құрлығының құрамдас бөлегі болатын; мына жанартау онда сөнген шығар да, жануарлар келіп мекендеген шығар, содан бөлшектену басталып, біраз алаң теңіз астына түсіп, қалғаны аралдарға айналуы әбден мүмкін. Жануарлардың құрлыққа өтер жолы көсіліп, ауа райының қытымырлығына орай басқа аралдағыларының бәрі қырылып, жылылығына қарай осы Санников жерінде ғана сақталса керек.
– Әлгі алапат жануарлардың мына шұңқырға кеп қалай түскенін мұныңыз дәлелдей алмайды.
– Біріншіден, ол кезде кратер қабырғасының жарықшағы қазіргіден кең болып, кейін жан-жағы опырылып тарылуы ықтимал. Екіншіден, біз ойпаттың шеткі пұшпағының ғана біраз жерін көрдік, әрі қарай ендеп кірсек, терістік жақтан қолайлы үлкен қақпа кездесуі кәдік емес.
– Бұл арадан әлі де тың да қызықты дүниелер ашылатындығына менің күмәнім жоқ, – деді Горюнов. – Және қарт академик құрғақ сөзге сеніп, ұстата салған ақшаның далаға кетпей, ғылымнан жойылып кеткен жануарлардың өсіп-өнер орны сияқты қымбат сыйлыққа ие болғалы тұрғанына қуанамын.
– Адамдар мекенін және айтыңыз, – деп қосып қойды Ордин.
–Экспедициямыздың ғылыми зерттеулерге азырақ әзірленгені ғана өкінішті. Біз, әрине, тәжірибелі оқымыстыларды алмастыра алмаймыз, сондықтан біраз нәрсені аңғара бермеуіміз мүмкін.
– Енді не амал бар! Біз осынау жұмбақ жерге бірінші болып жол аштық. Әрине, академия әр мамандықтағы оқымыстылардан үлкен экспедиция жарақтар да, біз оларға жолбасшы болып келерміз.
Әңгімелесіп отырған кезде көл ортасында тағы да төмпе пайда болып, алдындағысы дәлме-дәл қайталанды.
– Осы жолы уақытын анық байқадым! – деді Ордин. Арасы тұп-тура отыз үш минут.
– Сонда осы ыстық суда балықтар мен құстар қалай тіршілік құрып жүр? – деп сұрады Горохов.
– Сіз байқадыңыз ба, құстар көлдің ортасына қарай жоламайды. Демек, ортада су тым ыссы да, арасан маңынан аулақ қашып құстар жағаны ғана сағалайды.
– Онда балық та жоқ, оларға көлдің өзге тұсы жетіп жатыр. – Көлді мейілі білгенше бақылап болғасын, олар орман бауырын сағалай алаңқайды айналып әрі жөнелді. Бір жерде бағана тоқтаған тұстан шапқылап өткен мүйіз-тұмсықтардың үйіріне тап болды; әкесі мен енесі мойнын созып, жас шалғынды құйрығын бұлғап қойып құныға таусап тұр да, баласы біресе шөп үзіп, біресе ебедейсіз секіріп ойнақ салады; сырт қарағанға ол тек күлкі үшін аяқ қадай қойған бір дәу кеспек сияқты. Бұта арасында жасырынып жатып жиһангездер оларды ұзақ қызықтап, ақырын суретке түсіріп алды. Бұл үйірдің бейбіт өміріне жалғыз Горохов қана немқұрайды қарайды; мүйізтұмсық баласының қорбаңдап секіргеніне күлгенімен, ол осынау «кеспектен» неше пұт май түсетіні, оның жон терісінен нартаға тағар қанша қайыс тіліп алуға болатынын ойлап тұр еді.
Ойын жүзеге асыру үшін шаруақор жазған мылтығын оңтайлай беріп еді. Горюнов оны тоқтатып үлгерді.
– Ақылыңнан алжасқансың ба, Никита! Баласын атсаң, анау ата-енесі таптап тастамай ма бізді. Бұл жануарлармен ерегесу жаман, – деп сыбырлады ол.
Орман ішімен мүйізтұмсықтарды абайлап орап, олар келесі шоқты кесіп өтетін жолға түсті, мұнда ағаштардың биіктігі он метрге жетіп, самсай өскен жас шыбықтары қиналмай сыбдыр-шусыз жүруге мүмкіндік бермеді. Сүрлеу жолдың тағы бір қатері бар: үлкен бір аңмен бетпе-бет келіп қалуға болады, мылтығын әзір ұстап, солтүстік Сібірдің тұлдырсыз тундрасына үйренген, ал мына орманда адамдардан жырылып кетуге жүрегі дауаламайтын Кротты алға салды.
Тіршілік дегенің орманда көп екен. Әр алуан ұсақ құстардан басқа бұтақта сайрап отырған шілдерді, біріне-бірі ысқырып дыбыс берген шұбар шымшықтарды, бір ағаштан бір ағашқа ұшып-қонып жағы сембей шықылықтаған сауысқандарды көрді, сарторғай сияқты әнші құстардың үнін есітті. Бұта арасындағы сыбдыр басқа да кішігірім сүтқоректілер бар екенін байқатып тұр. Сүрлеу тік жолға тартатын бір бұрылыстан олар алпамсадай бір ірі жыртқыштың тұрқын шалып қалды, жер иіскеп, жай басып бұл қарсы келе жатқан, шамасы, аю болуы керек.
– Зады, мұнда сенделіп жүрген аюлар аз емес-ау деймін,– деп бір қойды Горюнов.
– Тек өздері жүрексіздеу ме қалай!? – деді Костяков.
– Қандайына тап болатыныңа байланысты ғой бәрі, ашы кез келсе, адамға да шабады.
– Сақтықта қорлық жоқ, мылтықтардың жартысын жарқыншақ оқпен оқтауды ереже есебінде ұстауымыз керек,
– деп ұсыныс айтты Горюнов.
Бұл жолы орман танабы екі шақырымға созылды, одан әрі жағасы биік теректермен, үйеңкілермен, мойыл, долана, итмұрын бұталарымен көмкерілген жылғасы бар тағы бір алаңқай кездесті, ағаштарда сайраған сан-алуан құс үні төңіректі тербеп тұр.
– Мынау көл де көпіршір ме екен, білсек қой, – деп ынтықты Ордин.
– Тізе бүгіп тыныға тұрайық, қалғанын көре жатармыз. Ширек сағат отырып, әр жердің құстарына қарады, көл беті жыбыр-жыбыр етіп, балығының молдығын білдіріп жатыр.
– Мұнда өмір емес, рахат қой бір! – деп тамсанды Горохов. – Біздің қу тақыр тундрадай емес, құсың-балығың ит-ырғын.
– Мұхиттың қары мен мұзына қарамай жыл құстарының неліктен осылай қарай тартатыны енді түсінікті болды, – деді Горюнов.
– Бір ғажабы, жыл құстарының бәрі бірдей бұнда келмей, дені терістік тундрада қалып қояды.
– Ұшқан кезде құстарды ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатқан инстинкт қана билейді, – деп түсіндірді оның себебін Горюнов. – Мұнда тек осы арада туғандары ғана келеді. Ал тундрада туғандары басқа құстар терістікке қарай кетіп жатқанын көре тұра әрі ұшпай сонда қалады.
– Әрине, құс ақылды болып кетсе, біздің тундрада өмір сүруіміз қиындар еді. Жыл құсы мен түлеген қаздар балық аз ауланып, аңнан пайда түспеген жылдары бізді аштықтан құтқарып қалып жүр, – деп шынын айтты Горохов.
– Япырай, құстар кейде тіке ұшпай қажеті жоқ шеңбер жасап ұшушы еді, сонда ата-бабаларының салған жолынан аумайды екен ғой. Арасынан ағашы кесілген ну ормандар мен мұз басқан орындарға тынығуға түспей, ата-бабалары да осылай айналып ұшқаны ма сонда.
Осы кезде көл беті екі жерден біртіндей көтеріле бастады. Ара қашықтығы едәуір екі төмпе де көтеріліп барып жарылды да, аппақ бу аспанға атылып, қайтадан басылды.
– Ара мерзімін білу үшін тағы да күте тұралық, – деп ұсыныс жасады Ордин.
– Күтсек күтейік. Оған дейін шай қайнатып ішейік. Ынғайлы орын таңдап алып, от тұтатып, мосыға құман ілді. Қосауыз мылтықты алып, Горохов жағаға тақау жүзіп жүрген бір ұя үйрекке жасырынып жақындай берді. Мылтық гүрс етті, үйректер дүр көтерілген кезде көл бетінде екеуі қалып қойды. Мылтық даусы ізінше тағы да шығып, іле-шала Гороховтың айғайы естілді.
– Келіңдер тез, көмектесіңдер!
Үшеуі де мылтығын ұстай-ұстай жүгіріп, бұта мен шілікке сүріне-қабына дауыс шыққан жерге жетсе, Горохов етпеттеп, жаңа ғана шолп еткен бір заттың ізімен шеңберленген иірімнің қасында жатыр.
– Бұл не? Не болып қалды?
– Ой, айналайындар-ай, кешіктіңдер-ау! – деді өкініш өзегін өртеген Горохов аяғына тік тұрып жатып. – Кетіп қалды.
– Ол не? Балық па?
– Итбалық. Нағыз итбалық.
– Мүмкін емес! – деп кесіп айтты Костяков. – Тұщы суда итбалық болмайды. Бәлкім, оның өзен камшаты шығар.
– Тағы да не айтасыңдар! – деп шамдануға айналды якут. – Мен осы ғұмырымда итбалықты аз ұстаппын ба?
– Қане, қайда жүр еді ол?
– Мына томарлардың арасында жүр екен. Мен үйректерді атып қалған сәтте, есі шығып маған мойнын созып қарайды. Аяйын ба, оны да бір бастым. Ол теріс айналып түсті, мен баса қап сендерге айқай салдым. Сендер жүгіріп жеткенше қолымнан жылп етіп шықты да кетті – ұстар түгі жоқ жып-жылтыр неме ғой.
– Қалай, үлкен бе еді өзі?
– Жоқ, біздің жақтағылардан кішірек, бәлкім, жасы болар.
– Итбалық көлге қайдан келеді? – деді әлі таң-тамаша Костяков. – Миыма кірмейді, сенімсіздеу.
– Сіз қателесесіз, Павел Николаевич, – деді оған Ордин
– Еске түсіріңдерші, суы тұщы Байкалда да итбалықтың айрықша түрі Рһоса sibirica Орон көлінде де бар дейді.
– Болсын-ақ онда, ал мына кіп-кішкене көлге қайдан келді олар?
– Бұл Санников жеріндегі көлдің әуелде үлкен болғандығын, теңізбен ашық байланыста тұрғанын дәлелдейді. Итбалық мұнда сол тұста келген, бәлкім, осы араның бәрі теңіз шығанағы болып, ащы сумен толған шығар, сонан бірте-бірте бөлініп, шығанақ көлге айналып, тұщы суға бейімделіп кетуі кәміл.
Қайнап жатқан құманға қайтып келіп, жиһангездер көлдің қайта көтерілгенінің куәсі болды. Ара мерзімі қырық минут болып шықты.
Шайдан кейін көл жағалап ілгері тартқан жиһанкездердің Горохов сөзінің шындығына көзі жетті.
Бір жерден олар судан басын қылтитып дөп-дөңгелек жұмсақ жанарын кісілерге жаудыратып тұрған итбалықтарды көрді. Иттер еті дәмді таныс аңын көріп, абалап тұра ұмтылғанда әлгілер тыжырына бір пысқырып, суға сүңгіп кетті.
– Сөзіңіз шын екен, Никита, көргеніңіз, әрине, итбалық,– деп мойындады Костяков.
