Перейти к содержимому
Обложка сообщества Qaz

Есею жылдары

Есею жылдары

Шоқан осы қыста аға достар тауып, арналы бiлiм жолына көзi ашыла
есейiп алған. Жылдағы мерзiмiнде ауылдан Тақырбас та пар жегiлген екi қарагердi
ауыздығымен алыстырып Васил ағайдың үйiнен күтiп алды. Шоқан ауылға қайтардан бiр-екi
күн бұрын Костылецқий арқылы танысқан Карл Казимирович Гутковскийдiң үйiне барып,
жазда оқитын бiр-екi кiтап сұрап алды. Бұл кiтап Лермонтовтың, Гогольдiң бiрнеше
шығармалары едi. Әредiк оқығаны болмаса, бұл жазушылардың мына сияқты жинақталып
басылған белгiлi шығармалары қолына бұрын тимеген Шоқан сондай қуанышты едi. Ауылға
ертең жүремiн деп отырғанда Григорий мен Ѕазиз екеуi келдi. Жазғы демалыста әр жаққа
бөлiнетiн достар Шоқанмен қырға жүрер алдында өздерiнше әңгiмелеспек. Шоқан оларға
өзiнiң жазда қалай дем алатынын, ауылда iстейтiн жұмыстарын айтты. Сүйтiп, Гутковскийдiң
үйiнен алған кiтаптарын көрсеттi.

– Шоқан, сен мына кiтабыңның бiреуiн маған бер, менде мұндай кiтаптан
ештеңе жоқ, – деп Григорий жабыса кеттi.

– Жарайды, өле оқығанша, бөле оқылық, бiрақ күтiп ұста, ұятты
кiсiнiң кiтабы, – деп Шоқан Григорий досына Гогольдiң әңгiмелерiн бердi. Ѕазиз кiтап
сұраған жоқ. Ол бiр әредiкте:

– Менiң нағашы ағайым жазда қырғызлар арасына шығып сауда iшли,
мен сонымен бiрге шығып даланы курәм, ағайыма болышам, – дедi.

– Немене, сауданы үйрене алмай қалармын деп асығасың ба? Егер
қырға шығып, ауыл көрем десең, жүр менiмен, бiрге боламыз, – дедi Шоқан.

– Әбиiм рұхсат итми, мең аның саудасына булышырға кирәк, – деп
Ѕазиз Шоқанға ергiсi келмедi.

Достар ол күнi Ертiс бойына барды. Қаланы аралады. Кешке жақын
қош айтысты.

– Ал, Шоқан төре, атты қазақша айдайын ба, жоқ, орысша айдайын
ба? – деп Тақырбас паромнан шыға екi қарагерге делбе қақты.

– Қаладан ұзағанша орысшыла, ел арасына кiре бергенде қазақшыла,
– деп Тақырбастың қылжақ сұрағына Шоқан да әзiлмен жауап айтты. Даланы сағынып
қалған Шоқан қаладан шығысымен формаларын ше-шiп, желпiне, жайлана отырды.

Тақырбастан жазған хатында Шыңғыс: «Шоқанжан, сен бұл жолғы қаладан
қайтқанда Құсмұрынға емес, Сырымбетке әжең ауылының қонысына келесiң. Осы көктемде
бiз де сонда көшiп келдiк. Мына Тақырбасқа жүретiн жолдың жобасын, қайда түсiп,
қайда тоқталуды жазып бердiм», – дептi. Әкесiнiң хатын алғаннан берi Шоқан Сырымбет
өлкесiнiң жайын, тауын, көлiн көз алдына келтiрiп, ой жүгiртуде. Ол бiр әредiкте:

– Тақа, Сырымбетке бiздiң ауылдың, орда маңындағы елдiң бәрi де
келдi ме? – деп сұрады.

– Хан аулының өздерi ғана көшiп келдi. Басқа жергiлiктi елдер
өз қоныстарынан көшкен жоқ.

– Әлiбайдың үйi қайда?

– Олар сол Құсмұрында қалды.

– Мұқандiкi ше?

– Мұқандiкi Сырымбетке көшiп келдi. Олардың төре аулынан басқа
туысы бар ма, – деп Тақырбас өзi бiлген жайын бiртiндеп айтып отырды.

Шоқан Сырымбетке келгенде төре ауылы бiр ал-қапта түгелге таяу
отыр едi. Өйткенi, Шыңғыстың Көк-шетау округiне аға сұлтан болып тағайындалуына
байланысты Сырымбеттен яки Айғаным қонысынан жаңа орда үйi салына бастаған. Төре
аулының әзiр жайлауға көтерiлмей бiр жерде жиi отыруының түйiнi де осы үй салу жұмысына
байланысты едi. Қаладан алдыр-ған ұсталар үй iргесiн қалайтын жұмысшылар тобы қызу
қимыл үстiнде екен. Шоқанды апасы да, әжесi де қыстай көрмей сағынғанымен, есейген
оқушы бейне-сiнде құрметтей қарсы алды. Шоқанның өзi де бұрын-ғы ойын баласы емес,
ой баласы болып, әрбiр жағдайға ойлана, мән бере қарайтын болып алған. Жүрiс-тұрысы
да қала тәртiбiне бейнеленiп есейген. Жақып та, Мұқан да есейiп бұрынғы ұсақ балалықтан
арылған. Бiрақ не оқу жоқ, не басқа тапқан өнер жоқ, кәдуiлгi ат үстi әурешiлiк
беймазалықта. Шоқанға биылғы жаз-+ға арнап жеке үй тiгiп, өзiне еркiнен жатып, кiтабын
оқитын жағдай жасалған. Оған себеп болған қысқы бiр қалаға қатынағанда, Васил ағайдың,
Гутковскийдiң Шыңғысқа Шоқанның оқытушыларға ұнамды ой салған ерекше талабы мен
алғырлығын мақтана айтуларынан болған.

Шоқан қаладан келгеннен кейiн ауыл қызығына сағынышпен берiлiп,
ән, күй, ат үстi ойын-сауықтарда болды. Одан Қанғожа ағасының қасында болып жаңа
күйлерiн тыңдап, сол кiсiмен серуенге шығып, Сырымбет тауының әдемi жаратылысын,
айнадай көлдерiн, әсем бұлақтарын суретке салды. Сол бiр тауды аралап қайтқан бетiнде
Шоқан қасындағы Тақырбасқа: «Орда үйiнiң салынып жатқан жерiне бара жүрелiк», –
дедi. Ондайда бiр қылжақ сөз таба қоятын Тақырбас:

– Жұмысшылар балшық берiп жiберсе, әпекеңнiн бiр қой, бiр қос
қазысын шығын қыласың ғой, – дедi.

– Ол қайдағы кәде? – деп сұраған Шоқанға.

– Шоқанжан, сен қазақтың көп ырымын, жол-жобасын бiле бермейсiң-ау.
Мысалы, қырыққышылар қасына барған балаға бiр уыс жүн берiп шешесiнен құрт, май
алғызады. Құдық қазғандар қасына келген баланың тақиясына құдық суын құйып берiп
үйiне жiберiп, қымыз, сары май, iрiмшiк алдырады. Сол сияқты мына жұмысшылар сенi
көрген соң сол ырымды iстемей қоймайды. Оларға жас ет, сүр қазы күнде асылып отыр
дейсiң бе? – дедi.

– Жарайды, олай болса барып ырымын алайық, – деп Шоқан тура тартты.

Шоқан келгенде күн батуға таянып қалған. Жұмысшылар кешкi тамаққа
отырып, үйдi-үйiнде екен. Бiр қара күркенiң iшiнен көзi шегiрейiп Мысық шыға келдi.
Ә дегенде Шоқан тосырқап қалған қалыпта:

– Өй, сен Мысықпысың? – дедi.

– Шоқан, – деп ол ат үстiндегi Шоқанға тұра жүгiрдi. Шоқан Мысықпен
атынан түсiп амандасты.

– Сен бұл жерге қайдан келдiң?

– Бiз әкемiз екеумiз мына үйдi салуға келгемiз.

– Немене, мүсiн жасайсың ба?

– Жоқ, мына үй салуға балшық илеймiн, тасимын. Әкем үй қалайды.
Былтыр осы жаққа әкемнiң ағайындарына көшiп келгемiз. Содан осында едiк. Мына жұмысқа
әкем менi де ала келдi.

– Сен менiң қаладан келгенiмдi естiдiң бе?

– Естiгенiм жоқ. Анада сiздiң ауылға барайын, өзiңдi сұрайын деп
бiр ойладым да, тағы бата алмадым.

– Сен менiмен бiрге қалаға барасың ба? Оқуға түсесiң. Суретшiлiкке
үйренесiң.

– Әкем жiбермейдi ғой және қаладан қорқам.

– Қалада саған кiм тиедi. Мен де барып оқып жүрмiн, ешкiм тимейдi.

– Шоқан, сен үлкенсiң. Өзiң бiрге боласың ба?

– Бiрге болам. Әкеңнең өзiм сұрап алам.

– Жарайды, онда барам. – Бұдан әрi олар көп сөйлескен жоқ.

– Ертең өзiм келем, ауылға апарам, – деп Шоқан жүрiп кеттi.

Әке алды кiсiден босамайды. Бiр жағынан үкiмет тарапынан тапсырмалар
келiп жатады. Анадағы Гутковскийдiң үйiнен алған кiтабын оқып, өзiнiң сурет салу,
күнделiк жаңалық жазу iсiмен алданып, Шоқан әке маңына да көп бара бермейдi. Үй
салу жұмысына белгiленген үйшiлер, қалаушылар өздерiнiң азығымен, күтушiлермен жұмыс
басында қалды да, төре ауылы жайлауға көтерiлдi. Айғаным бұл жылдарда бұрынғыдай
емес, жүрiс-тұрысы ауырлап, баяуланып шөге бастаған тәрiздi. Сол кiсiнiң жағдайымен
төре ауылы биыл аса алыс жайлауға тартпай, Сырымбет маңының көлдерiне көтерiле
қонды. Шоқан ауыл көшер алдында Мысыққа жолығып, күздi күнi өзi қалаға жүрерде ала
кететiнiн айтты.

Бiр күнi күтпеген жерден бiр топ жолдасымен Мұса келдi. Төре ауылы
сый қонақты құрметпен қарсы алды. Шыңғыс жездесiнiң жаңа округке аға сұлтан болуына
құтты болсын айта келiптi. Бiр жұмыспен барып Омбыдан оралған жолында әдейi бұрыла
жүрген Баянауыл округiнiң аға сұлтаны аса бiр ерекше сәнмен келдi. Өзге қазақ жолдастарынан
бөлек Мұсаның қасында Григорийдiң әкесi Николай Потанин бiрге келдi. Бұл кiсi қазақ
тiлiн мүлтiксiз сөйлейтiн, қазақ әдет-ғұрпын өзiндей бiлетiн аса бiр жатық адам
едi. Сонымен қатар қазақ әңгiмелерiн, ертегi, жыр, ән мен күй шежiрелерiне айырықша
көңiл бөлген адам екен. Ол Шоқанға өзi бұрын көрмеген қазақ даласының көп жайынан
әңгiмелер айтты. Сөз арасында өткен жылы Қарқаралы қаласынан елу шақырымдай жерден
ашылған Қоянды жәрмеңкесiнiң қызықты базары, ел мерекесi болғанын әдемiлеп айтып
бердi.

– Ол жәрмеңке нағашым аулынан алыс па? – деп сұрады Шокан.

– Онша алыс емес, нағашың аулының адамдары сол жәрмеңкеге мал
апарады. Көп ел бас қосады, – дедi Мұсаның қасындағы бiр жолдасы.

– Немене, барып көргiң келе ме, бiр ауылдан келiп, бiр ауылдан
қалаға оралу, көңiлсiз де болар. Онда бiзбен жүр. Өзiм апарып жәрмеңкенi, Қарқаралыны
көрсетем, – дедi Мұса Шоқан ойың қабағынан ұғынып. Анадағы Арыстан ақын Қозы Көрпештi
айтқандағы Қарқаралы тауы жайында әкесiнен сұрағаны есiне түскен Шоқан:

– Нағашы аға, атекеме айтыңыз, мен сiзбен барамын, – дедi.

Бiрнеше күннен кейiн Мұса анадағы уәдесiн орындап Шыңғысқа, Айғанымға
айтып, Шоқанды өзiмен алып кететiн болды. Шоқанның қасында болып, күтушi болуға
Тақырбастың өзiн ерттi.

– Мұса мырза жиенiне жер көрсетiп, ел көрсетiп, бiр мырзалық iстейiн
деген болар, барсын. Бiрақ, шырағым, сабағыңнан кешiгiп қалып жүрме, – деп Шыңғыс
балдызына әзiл, баласына ескерту айтты.

– Мұстапаның сараңдығын көлденең тарта бердiң-ау, өзгеге жол айтпасақ
та, өз жобамызды бiлермiз, – деп Мұса жездесiнiң сөзiндегi астарды шеше сөйледi.
Арада бiрнеше күн жүрiп Мұса Қаракөлде отырған өз ауылдарына келдi. Шоқанның құрметiне
Баян елiнiң жұртшылығы аз жиналған жоқ. Бәрi де Шоқанның жөнiн сұрап, оқып жүрген
жайымен танысып қуаныш етуде. Шоқанның үлкен кiсiлердiң кейбiр сұрақтарына толымды
жауап айтып, кейбiр жайларда олардың өзi түсiнбейтiн жайын ажырата айтқанына iштей
таңдану да жоқ емес. Әлде сынағысы келдi ме екен, жоқ, өзiнiң аңғырт айтқыш әдетi
ме екен, Сәттiбай деген Шорман ауылының белгiлi қожасы:

– Мырза ауылы қаншалық өзiмсiнгенiмен, ата тегi басқа ғой. Қазақта
мақал бар емес пе, «жиен ел болмайды, желке ас болмайды» деген. Бұрынғылар бiлмей
айтты дейсiз бе, – дедi. Қожа сөзiн аяқтап, қасындағы бiр ақсақалды адамға бұрыла
бергенде:

– Қожеке, «жиен неге ел болмасын, малы болса,
желке неге ас болмасын майы болса» дегенi де бар емес пе

сол айтқыштардың, – дедi Шоқан байыпты қабақпен.

– Қожеке, сiз бiздiң Шоқанның үстiндегi кемзалына қарап қазақша
сөзге шорқақ екен деп ойлап қалдыңыз бiлем. Сiрә, сол бала қазақ сөзiн аңғарса
керек, – дедi Мұса Шоқанның тауып айтқан жауабына разы

болып.

Нағашы ауылында бiраз күн болып, Мұса жол жабдығын қамдатып Қоянды
жәрмеңкесiне жүретiн болды. Мұсамен бiрге келген Николай Потанин бiр-екi күннен
кейiн өзiнiң, баратын жұмысына жүрiп кетiптi. Салтанатпен жүрудi әдеттенген аға
сұлтан Мұса Қаракөлден аттанарда ерекше жабдықтатып, алып жүретiн жол шатырын тиетiп,
бiрнеше нөкермен жүрдi. Жолдағы елдiң сый-құрмет қонақасысына бөленiп жәрмеңке басына
таяна келiп шатырын тiккiздi. Арқа бел-деуiнiң көк майса Балқашты өлкесi айдын шалқар,
қара сор көлi, Қояндының қой бұйрат жатық белестерi Шоқанға жаңа көрiнiстер елесiн
сездiредi. Әлi көшелi үлкен үйлер салынбаған, ұйымдасқанына бiр-екi-ақ жыл бол-ған
Қоянды жәрмеңкесi қатарластыра тiгiлген қазақ үйлер тiзбегiмен көше тартыпты. Сонау
Ақмоланың, Қарқаралының сан сұлулары, ақ отауларда қымыз сапырып қонақ аттандырып,
қала кәсiбiне кiрiскен елестер бар. Бiрнеше жерде мал базары, мыңғырған қойлар базары
бiр бөлек, не саңлақтарды ноқталап әкелiп тұрған дала шаруалары жылқы базарында
дуылдатып жүр. Әсiресе, Шоқанға бiр ұнаған нәрсе, сонау иiн тiресе тiгiлген ақ
үйлердегi әншi ақындар даусы дала үнiн шырқатады. Ала тәкиялы өзбек сәудегерлерi,
қара хатипа киген ноғай абзилары балаған тiзбегiн құрып, ұсақ-түйек саудасын жасап
жатыр. Кең алапты көлеңкелi кенеп жаппамен шатырлап тастап, неше түрлi заттарды
жайып салған орыс байларының шай, қант, кездемелерi де телегей теңiз. Мiнеки базар
қызығы. Бұл сияқты базар көрiнiсi Шоқанға алғашқыда думан болып көрiнгенiмен тез
зерiктiрдi. Ол тек, сонау қатарласа тiгiлген қазақ үйлерiнен күмбiрлеген дауыстар,
шыр-қалып айтылған әндер, өлеңдер жағына құлақ қойып, әрбiр сарынын аңғарғысы келедi.
Бiрақ олар арнаулы мәжiлiс жыршысы емес, қымыз қызуындағы ел арасының мырзасымақтарының
шашбауын көтерген мадақшылар тәрiздi сезiлдi.

– Нағашы аға, бiз Қарқаралы қаласына қашан барамыз? – дедi Шоқан
екi-үш күн өткеннен кейiн.

– Немене, жәрмеңке думаны ұнамады ма, жалықтың ба? – дедi Мұса
Шоқанға жымия қарап.

– Сауда iстемеймiн, сатар малым жоқ, ел билiгiне де қатынасым
жоқ, жалықпай қайтемiн, – дедi Шоқан.

– Иә, Шоқанжан, саған мына дуылдақ көңiлсiз-ақ болар. Ендi бiр
күнге шыда. Осында бiр Семейден келетiн ұлықтың бас қосуын күтiп отырмыз. Сол келiсiмен
округтер шекарасы жайлы сөздi шешiп алып жүрiп кетемiз, – деп Мұса Шоқанға жүрiс
жайын ұғындырды.

Айтқанындай екi күннен кейiн Мұса күткен ұлығына жолығып, тосқан
мәселесiн шештi де, жүруге әзiрлендi.

Ертеңiне Мұса Қарқаралыға жүрдi. Бұрынғы жолдастарының үстiне
Қарқаралы елiнiң кiсiлерiнен бiрнеше кiсi ере шықты. Анадағы Арыстаннан естуiнен
берi құмартқан Қарқаралы тауының сұлу жаратылысына сүйсiне қарағаны болмаса, Шоқан
әлi тау жайынан ешбiр әңгiме естiген жоқ. Қарқаралының қаласы да ондай үлкен қала
емес, шағын ағаш үйлерден бiрне-ше көше тартқан округ орталығы. Сонау Қоянды басынан
Мұсаға ерiп шыққан бiр бай сәудегер ноғай өз үйiне әкелiп түсiрiп, барынша құрмет
етiп жатыр. Тек сол ноғайдың айтуынан тау үстiндегi «Шайтанды көл»

жайындағы аңыз ертегiнi естiп, Шоқан соны көруге құмартты.

Тауға шығуға бой сақтап Мұса бармады Басшы алып салт атпен Шоқан,
Тақырбас екеуi барып қайтты. Жатын жердегi қаншама көлдi көргенiмен, мына сияқты
тау жотасындағы сынысқан қарағай алқабына бiткен мөлдiр көлдi көргенi жоқ едi.
Әсiресе, күнбатыс оңтүстiгiндегi тұңғиыққа үңiле бiткен жартас көл тұңғиығымен сырласып
тұрғандай аса бiр ерекше жаратылыс сымбаты болып көрiндi. Шығыс солтүстiк бетiндегi
кiшкене қуыстағы орысша жазулар, аса iлгерiде жазылмаған. Тек кейбiр тақтай тастар
бетiнде ескiше таңбалар бар. Оларды Шоқан ажыратып тани алған жоқ. Шоқан ойындағы
Баян Қарқарасынан белгiлi аңыз бол-ған ешнәрсе кездеспедi. Мүмкiн, бұл күнде оны
бiлетiн кiсi де жоқ шығар.

Суыт жүрiп елге оралған Мұса Шоқанды өзiнiң пәуескесiмен ауылына
қайтарды. Бұрын көрмеген бiраз жерлердi аралап, бейтаныс елдердi көрген Шоқан өз
ауылына бiрнеше жаңа ойлармен оралды.

Ол ауылға келiсiмен Қарқаралы тауының тау басындағы әсем көлдiң
көрiнiсiнен бiрнеше суреттер салды. Бiрақ ол суреттерi өзiне ұнаған жоқ. Арада бiрнеше
күн өткендiктен бе, кейбiр көрiнiс елестерi көмескiленiп қалыпты.

Шоқан келгеннен кейiн ауылдағы жайлаудан серпi-лiп күзек қонысқа
келiп қонды. Шоқанның оқуға жүрер кезi де таянғаң. Өзiне арналып тiгiлген ақ үйде
оңаша жататын әдетiмен сәске түс кезiнде тұрып, далаға шықты. Ауылдың күндегi өмiрi,
бiреулер келiп, бiреулер кетiп жатады. Шоқанның бүгiнгi көзiне түскенi бiр топ жаяу
жалба киiмдi адамдар. Олар күндегi келiп кететiн салтанатты жұртқа ұқсамайды. Олардың
ешкiмнiң үйiне кiрмей ұйлыға отырысы да өзгеше. Бiрақ Шоқан ол топ-қа айрықша көңiл
бөле қойған жоқ. Шоқан тамағын iшiп әке үйiне сәлем бере кiрдi, Шыңғыстың қасында
отырған қарын сау Ықылас бидi көрiп сәлем бердi. Ықылас белгiлi жорғалығына салып:

– Ө, бәрекелдi, «атадан бала туса игi, ата жолын
қуса игi» деген қандай жақсы айтылған. Шыңғысжан, мына Шоқаныңыз, дәл, өзiңнiң Омбыда
оқығандағы түрiң болыпты да қалыпты. Тек өмiрлi бол, шырағым, төре бала, бiз сияқты
шал атаңа сәлем бере жүрсең болғаны, – деп Шоқанға өзiн тапсыра сөйледi. Ықылас
бидiң неге осынша жорғалай сөйлегенiн Шоқан ажырата қойған

жоқ. Ол өзiнiң белгiлi жорғалығы ғой, – деп ойлады.

Қымыз сапырылып мәжiлiс бiраз жай сөздермен,
әзiл қалжыңмен аяқтала бергенде Шыңғыс:

– Ықа, сiз бiр қарбаластау кезде келiп қалдыңыз.
Мына Шоқанжан оқуына жүруге әзiрленiп, соның жол жабдығы дегендей... – деп тоқтала
бергенде:

– Иә, хан ие, балақтағы бит басқа өрмелеп мына
бiр уақтың қара сирақ қаныпезерлерi, тапа тал түсте, көлiме қолын салып, басынғандық
iстеп, мезгiлсiз атқа мiнгiздi. Тiптi келе қоямын деген ойым жоқ едi, сiз, әне бiр
балаларды шақыртты деген соң, қой бет көрсе жүз ұялады деген, өзiм барайын деп келе
қалғаным. Атамыз қазақ «iстiң түйiнiн шешудегi кемшiлiк төрешiден болмайды. Айтушы
өзi аяқсытып алады» деушi едi ғой. Ана балалар шалалық етiп, сөзiн жеткiзiп айта
алмас деп келдiм, – деп Ықылас дауының айналасына қорған соға сөйледi. Ықылас сөзiн
үнсiз тыңдап отырған Шоқан әлгiбiр сыртта отырған жалаңаш-жалпы топтың осы сөзге
байланысты екенiн аңғарды.

– Иә, Ықа, тексере көремiз ғой. Қазан бұзар тентектердi
бетiмен жiбермеймiз, – деп, Шыңғыс өзiнiң баяу ойлы көзiмен Ықыласқа қарады. Ықыластың
барбиған жалпақ бетiнде, жағымпаздана мөлтеңдеген көз құбылысында сайрап тұрған
сұрқиялық бар едi.

– Онда бiз кеңсе үйге барайық. Әлгi ұры балықшылар сонда әкелiнсiн,
– деп Шыңғыс ишарат бiлдiр-генде-ақ Бейсен үйден шыға жөнелдi.

Шыңғыс бастап кеңсе үйiне келген кiсiлер мен Шоқан да бiрге
келдi. Аға сұлтан өзiне арналған орындыққа отырып, iс тексеруге кiрiстi. Бағанағы
топтанып отырған жыртық киiмдiлердiң бiр-екеуiн ғана үйге кiр-гiздi. Қалғандары
iркiлiп кеңсе сыртында қалып қойды.

– Мына Ықаңды бiлесiң бе? – деп бастады сөзiн Шыңғыс жаңағы кедейлердiң
ортасынан келген сиректеу көк бурыл сақалды, арықтау ақсары кiсiге қарап.

– Иә, алдияр, бұл кiсiнi танымағанда кiмдi танимыз. Арқамызда
қамшысы ойнаса, ауылымызға екi күннiң бiрiнде ақыр заман орнатса, – деп үлкен отты
көзi қанталай ширыға сөйледi әлгi адам.

– Қара, көлiме басып қонып, бал татыған балығымды жалмауыздай
жалмап отырып, – деп Ықылас бетiмен кие жөнелiп едi, Шыңғыс:

– Ықа, аз сабыр етiңiз. Ол кiсi жауабын айтып болсын, – дедi де:

– Сiздiң атыңыз кiм? – дедi.

– Иә, алдияр, менiң атым Әбiл болады. Мына бұқбаның солтүстiгiндегi
аз ауыл алтын боламыз, – деп елiн де айта кеттi.

– Сiздердiң бiреудiң көлiне келiп сүзекi салатын қандай еншiлестiгiңiз
бар?

– Иә, алдияр, бас кеспек бар, бiрақ тiл кеспек жоқ қой. Өзiңiздiң
алдыңызды көрiп, арманымызды бiр айт-сақ деп жүрушi едiк. Соған қолымыз жеттi. Айыпқа
бұйырмаңыз, мен аз ауылының мұңын айтайын.

– Айтыңыз, айтыңыз, – деп Шыңғыс жауап күтiп қозғалып қойды. Шыңғыстың
«айтыңыз» деген сөзiнiң өзi көңiлiндегi бар есесiн алып беретiндей болған Әбiл.

– Тақсыр, өзiңiз рұқсат еттiңiз, ұрыс-жанжалдың неден туғанын
түгел айтып көрейiн. Мына сiздiң оң тiзеңiздi баса отырған Ықылас бидiң аталары,
Қарауылдың қара көк қасқа жайсаңы ғой. Бiздiң атамыз, өзiңiзге мәлiм хан панасына
келген көп төленгүттiң бiрi. Бiзде ата қоныс арнаулы жер еншiмiз болмайды. Сонан
сiздiң қасиеттi атаңыз Уәлихан төренiң рақымы түсiп, «Ақсұрақ биiгiне Ақкөлдi қосып
белгiлеп берген екен. Суы балық, қыры киiк, бiз сияқты жарлы-жақыбайға күнелтер
қоныс болыпты. Жазы-қысы Ақкөлдiң балығымен жан сақтап жүрушi едiк. Мына Ықылас
би сiз бұйырып бердi деп, бiздiң көлiмiздi өзiмiзге билетпей, екi жылдан берi, басымызға
сырық, малымызға құрық ойнатып, күн көрсетпей қойды. Кедей жұрт бас-қа кәсiбi жоқ,
Ақкөлдiң балығына сүзекi салып ара-тұра балық алушы едiк. Осы жуырда екi балықшымызды
соққыға жығып, сүзекiмiздi тартып алып, зорлық етiп отыр. Сiзге айтқан арызымызбен
шақыртқан соң, шұбап келiп отырмыз. Қызыл қарын жас баланың қамы үшiн күйзелiп келiп
отырмыз. Ендiгi мархабат өзiңiзде, – деп Әбiл қарт жыламсырап тоқтады. Шыңғыстың
«сөз тосыңыз» деген тыйымынан кейiн тырсиып отырып қалған Ықылас Әбiлдiң арғы түбiнен
ала сөйлеген сөзiне терiсiне сыймай отырған-ды. Сiз не дейсiз дегендей Шыңғыс ендi
Ықыласқа бұрылды.

– Алдияр аға сұлтан, сiз тыйым салған соң, ауыз басып отырмыз.
Мына алшынның қужақ даугерi менен тағы қоныс даулайтын түрi бар ғой, – деп ызғарлана
сөз бастады. Ақсұрақ, Ақкөл бiздiң ата қонысымыз болатын. Сiздiң атаңыз Уәлиекең
бiздiң аталарымызға: «Мына аз ғана ауыл алшынды қайда қаңғыртамыз. Сендерге еншiлес
етем. Көлдерiңнен балық аулап, күн көрсiн», – деп қоңсылыққа берген екен. Сонан
бiздiң маңымызда қарақшы болып отыратын. Кедей көрiп көлiмiздiң балығын аулауға
бетiн қақпай малшы болып жүретiн едi. Кейiнгi жылдары өз жерiмiздi өзiмiзден қорып,
бауыр басып сөз көтердi. Атам баласы өсiп, әлденеше ауыл болды, бәрiне де қоныс
керек. Ендi жөнiңдi тап дегенiмiз рас. Жай айтқанға, оңға қанiпе-зерленiп көнбеген
соң, қол жұмсап, сүзекiсiн балалар алса керек. Әсiресе бiздiң Бұзаубақ деген ақсақалға
тiлдерi тигенi өтiп кеттi. «Балақтағы бит басқа шапты» деген осы да, – деп дау десе
даусы сөнбейтiн қарынсау Ықылас бәрiн мөлдiреттi де бердi.

Шыңғыс бiраз ойланып отырды да:

– Иә, алшынның ақсақалы, сiздерге атекем бiржо-лата
жер белгiлеп бермептi ғой. Мына Ықаңдардың атасына еншiлес қарашы қылып берiптi.
Жер иесi, көл иесi Қарауыл атаңның баласы ғой. Рұқсат етсе, ағайындық етсе, сыйысып
отырасыздар. Егер iшi тарлық етсе, бұл кiсiлердiң ата қонысына кiм зорлық етедi,
– деп сөзiн аяқтады. Алшынның Әбiл қарты жер шұқып көзiнен жасы сорғалап отырып
қалды. Әбiлге ере келген екi-үш кiсi де жер болып орындарынан әрең тұрды.

Екi жағының сөзiн де, әке кесiмiн де тыңдап отырған
Шоқан қайта-қайта Әбiл қартқа жалтаңдап қарап, әкесiне наразылана көз тастады. Бiрақ
әке үкiмiне қарсы келудiң, көпе-көрiнеу Әбiлдердiң, анау жаяу-жалпылы шұбап келген
кедейлердiң көрiп отырған теңсiздiгiне ара түсер есебiн таба алмады. Оның бар ойы
мынау жерсiз, сусыз, қоныссыз кедейлер қайда барып күн көредi, бұларға кiм көмектеседi?!
– деп ойлады. Ол осындай өзi шеше алмаған жұмбақ ойымен сыртқа шықты. Сүйретiлiп
өздерiнiң жаяу-жалаңаш тобына барған Әбiл қарт пен жолдастарының сандала басқан
аяқ алыстарына Шоқан сырттай бақылап қарап тұрды.

Ауыл жайлаудан серпiлiп, күзек қонысқа келiп
қонды. Шоқанның қалаға оралар кезi де таянған.

Анадағы Мысыққа айтқан уәдесi есiне түсiп, Шоқан
әкесiне сол туралы бұрын да бiр айтқан-ды. Онда Шыңғыс:

– Мысықтың әкесi көнсе, ол тiптi жақсы болар
едi. Ол бала өнерлi, – деп Шоқан ойын қуаттаған. Сол ойын келiп тағы да әкесiне
айтты.

– Мен, мен Мысықтың әкесiне шақыртып алып айтқамын.
Ол баласын сенiмен жiберуге ықтияр бол-ған. Бiрақ өзiңе бiр әурелiк болмай ма. Оны
орналастыру керек. Бұрынғыдай Сергей ағайың да жоқ, – деп Шыңғыс аса көңiлдi бола
қоймады.

– Қандай әурелiгi болса да өзiм көрем, тек маған өзiңiз қағазын
жөндеп, әкесiнен сұрап алып берiңiз, – дедi Шоқан батылдана сөйлеп.

– Жарайды, Шоқанжан, – деп Шыңғыс Бейсендi жiберiп, Мысықтың
әкесiн де, өзiн де аулына алғызды.

– Мына Шоқанжан Омбыдағы ұстаздарымен сөй-лесiп, мына балаңды
интернатқа орналастыруға келiсiп келiптi. Шоқанға серiк болсын, әрi оқысын, қалай
дейсiң? – дедi Мысықтың әкесiне. Батылы барып бiрден жауап айта алмай, Мысықтың
әкесi:

– Алдияр, мен не айтайын. Шоқанжан қасына алам десе, қидым. Мұнда
жүргенде не көредi, – деп көзiнiң жасын сүрттi.

– Сен, сен өзiң жыламай айт. Балаң оқу оқиды, бiлiм алады, адам
болады. Мен балаңның барлық қағазын жаздырам. Кейiн бiр нәрсе деп жүрме, – дедi.

– Алдияр, ықтиярыңыз, мен сөз етпеймiн, – дедi.

0
0
3441

Еще по теме

Есею жылдары - Yvision.kz