Перейти к содержимому
Обложка сообщества Qaz

БІЗ ИГНОЗИМЕН ҚОШТАСАМЫЗ

XIX тарау

 

БІЗ ИГНОЗИМЕН ҚОШТАСАМЫЗ

 

Біз жер астындағы тас қапастан құтылған әйгілі таңнан соң арада он күн өтті. Луудағы бұрынғы мекенжайымызда жатырмыз. Бір ғажабы, біз соншама азап өткелінен соң, көп ұзамай-ақ қайтадан адам қатарына қосылдық. Оңалып, таралып қалдық. Тек менің қайратты, көкбурыл шашым үңгірден шыққан кезде аппақ қудай болып кеткен екен. Фулатаның өлімінен соң Гуд та мүлде өзгерді.

Бұл трагедияға көпті көрген көненің көзімен қарап, мен соның өзі жақсы болды деген пікірге келдім. Егер қыз өлмесе, екеуі үлкен қиындық алдында қалар еді. Сорлы Фулата қарапайым түземдік қыздың бірі емес, жұрттан асқан ғажайып сұлу әрі өте ақылды жан-тұғын. Алайда ешқандай ақыл, ешқандай көрік оның Гудпен қосылуына себін тигізе алмайтын еді. Қыздың өзі айтқандай, жарық күн мен қараңғы түннің табыспайтыны сияқты, ақ түсті адамның қара түсті әйелмен қосылуы да мүмкін емес-ті.

Сүлеймен қазынасы тығылған қоймаға қайта енуге талап етпегенімізді айтып жатудың өзі артық. Тас қапастан құтылып, аз-маз ес жиған соң (бұған қырық сегіз сағат уақыт кетіпті) біз қайтадан кен қазылған апанға түстік. Өзімізді үңгірден алып шыққан үңгіртау аузындағы інді табамыз ба деп едік, ештеңе өнбеді. Біріншіден, бұл екі ортада жаңбыр жауып, біздің ізіміз өшіп қалған, екіншіден, алып шұңқырдың ішкі беткейі құмырсқа жегіш, шибөрі және басқа аңдардың інінен көрінбейтін. Өзіміздің нақты қай іннен шыққанымызды білу тіпті мүмкін болмады.

Лууға қайтар алдында сталактит үңгірінің ғажайыптарын тағы бір рет тамашаладық, тіпті әлдебір мазасыздық жетегімен, Ажал сарайына да кірдік. Ақ ажалдың жоғары көтерілген найзасының астынан өтіп, бір кезде біздің азат дүниеге шығар жолымызды бөгеген тас қабырғаға қарап ұзақ тұрдық. Бойымызды суреттеп айтып жеткізгісіз ерекше сезім билеген. Әрқайсымыз-ақ осы бітеу жартастың ар жағында жатқан ен қазына, құпия сырлы кәрі мыстан, сүйегі жеті қат жер астында қалған сұлу қыз туралы ойлаған едік.

Мен біз тас қабырғаға қарадық деп отырмын. Шынында да солай. Қанша іздегенімізбен, көтерілме есіктің ізін де, жымын да таба алмағанбыз. Ал оны қозғалысқа келтіретін құпия тетік туралы айтып жатудың өзі артық. Яғни тас қақпа сыры мәңгі бақи ұмытылды. Менің ойымша, бұл құпия тетік сол өзі жасалған заманға сай қарапайым да зор, ерекше бірдеңе болса керек. Дәл мұндай тетік әлемде басқа ешбір жерде қолданылмаған шығар.

Ақыры біз реніш, түңіліс үстінде бұдан арғы әурешілікті тоқтаттық. Тіпті алдымыздағы тас есік кенет көтеріліп ашылған күннің өзінде шелпек бой қалған Гагуланың сүйегін басып өтіп, қоймаға енуге ешқайсымыздың батылымыз жете қоюы неғайбыл еді. Жоқ, сансыз мол асыл тастарға ие болатынымызға анық көз жетіп тұрған күннің өзінде біз есіктен ары аттап баспас едік.

Әйткенмен де адамзат жаратылғаннан бері бір жерге жинақталған ең мол қазынаның жер астында қалып бара жатқанын ойлағанда, мен ішім ашып, жыларман болдым. Бірақ не шара, қалыңдығы бес фут тұтас жартастан тек динамит қана жол ашуы мүмкін.

Сонымен, біз түк өндіре алмай, үрейлі жерден аулақ кеттік. Бәлки, болашақта, келер ғасырларда әлдебір бақытты адам кездейсоқтан құпия есіктің сырын біліп, “Сезам, ашыл!”1 деген сиқырлы сөздерді айтар да, жер жүзі базарларын асыл тастарға толтырып жіберер. Алайда, менің ойымша, сан миллион фунт стерлингтік мол қазына толтырылған үш жәшік ішіндегі асыл тастар ешқашан жер бетіндегі ешбір сұлудың аппақ мойнына алқа боп тағылмаса керек. Бұл қазына заман ақырға дейін Фулатаның қураған сүйегімен көршілесіп, суық ажал жайлаған үңгірде саудырап жата беруге тиіс.

Өкініш, түңіліс үстінде уһілей дем алысып, келер күні Лууға қайта аттандық. Әйткенмен айта кету керек, мұнымыз үлкен күпіршілік еді. Сірә, оқушымның есінде болар, қоймадан шығар алдында, тәңірі дес беріп, әйтеуір зияны жоқ қой деген оймен мен өзімнің ескі күртемнің бар қалтасын асыл тастарға сықай толтырып алған едім ғой. Біз апан ішінде домалаған кезде бұл тастардың бірталайы түсіп қалыпты. Оның ішінде қалтаның үстіңгі жағына салынған әлгі ірі тастардың көпшілігі кетіпті. Әйткенмен қалғаны да аз емес еді, бұлардың ішінде салмағы отыз караттан жүз каратқа дейінгі аралықтағы он сегіз ірі тас бар. Иә, менің ескі аңшы күртемнің қалтасында біз үшеумізді жұрт асқан миллионер етпегенмен де, өте дәулетті адамдардың санатына енгізерліктей мөлшерде қазына қалыпты. Алмастың біразын ақшаға айналдырғаннан соң да біз Еуропада ешкімде жоқ асыл тастар коллекциясының иесі боп қалмақпыз. Сондықтан жолымыз болмады деп айту қате еді.

Лууға келген соң Игнози бізді жылы жүзбен қуана қарсы алды. Дені сау, көңілі хош. Шаруабасты екен. Өзінің өкімет билігін одан ары нығайту, Тваламен арадағы қанды шайқаста көп шығынға ұшыраған әскерді қайта жасақтап, толықтыру жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді.

Біздің әңгімемізді демін ішіне тарта, қызыға тыңдады. Әйткенмен Гагуланың өлімі баяндалған тұста ойға батып отырып қалған.

 

1 “Сезам, ашыл!” – “Әли-Баба мен қырық қарақшы” атты араб ертегісіндегі ен қазына жиылған үңгірдің құпия есігін ашатын сиқырлы сөз.

 

Аздан соң:

– Бері кел! – деп аулағырақта, біздің әңгімеміз

естілмейтіндей жерде отырған сарай қызметкерлерінің ішінен бір қарт индунаны (ақсақалды) шақырды.

Қарт орнынан тұрып келді де, корольге тағзым етті. Содан соң қасымызға отырды.

– Сен көпті көрген көнесің, – деді Игнози.

– Иә, тақсыр король! Мен сенің әкеңнің әкесімен бір

күнде туыппын.

– Онда айтшы, сен Гагула бақсыны бала кезіңнен бері

білемісің?

– Иә, король ием!

– Сенің бала кезіңде ол да сен сияқты жас па еді?

– Жоқ, король тақсыр! Гагула сол кездің өзінде дәл

қазіргісіндей кәрі, бет-аузы тыржиған, белі бүгілген зұлым құбыжық еді. Менің әкемнің жас кезінде де солай болған екен.

– Гагула енді жоқ. Өлді.

– Онда жөн-ақ, о, король! Біздің ел ұшыраған қарғыстың

уыты қайтты деңіз.
– Бара бер.

– Куум! Құп болады, о, кәрі төбетті1 тамақтап өлтірген Қара Күшік! Куум!

– Міне, көрдіңдер ме, бауырларым, – деді Игнози. – Бұл бір құпия сырлы кемпір еді. Ақыры өлгеніне қуанам. Ол сендерді ажалға байлап, тас қабырға ішіне қамап кетті. Егер сендердің көздеріңді жойып, өзі аман шықса, кім біледі, Тваланы таққа отырғызу үшін бір кезде әкемді өлтіргеніндей, күндердің күнінде мені өлтірудің де бір амалын табар еді. Ал әңгімелеріңді одан ары жалғас- тырыңдар. Мұндай ғажайып хикаяны бұрын-соңды тірі жан иесі естіп көрмеген шығар.

Төніп келген ажал тырнағынан қалай құтылғанымыз жайын хикаялап біттім де, реті келіп тұрған соң, сэр Генри, Гуд үшеуміз алдын ала келісіп алған жөнмен, өзіміздің Кукуанстаннан кетпек ойымыз туралы айттым.

 

1 Тваланы айтады.

 

– Ал енді, Игнози, сенімен қоштасатын, өз елімізге жету үшін қиын жолға аттанатын уақытымыз жеткен тәрізді. Сөзімізге құлақ сал, Игнози! Сен бұл елге бізбен бірге қызметші кебінде келіп едің, енді ата тағын алып, құдіретті король болдың. Егер бізге алғыс айтқың келсе, жақсылықты жақсылықпен өтегің келсе, өзіңнің уәдеңді ұмытпа. Еліңді әділетпен биле, әдет-салтты, заңды сыйла, қылмыссыз нақақ жанды өлтірме. Ертең таң бозында, Игнози, сен бізге таудан асуға көмек ететін біраз әскер бересің. Солай емес пе, о, король?

Игнози қолымен бетін басып, бірталай уақ үнсіз, қимылсыз отырды.

– Бауырым езіліп барады, – деді ол ақырында. – Сендердің сөздерің жүрегімді қақ айырды. Мені тастап өз жөндеріңе кететіндей сонша не жазып ем? Инкубу, Макумазан, Бугван, сен үшеуің менің көңіліме қайғы салдың. Басыма бұлт төнген қиын күндерде, күрес кезінде, ұрыс кезінде тайсалмай қасымда болдыңдар, енді жеңіс күні, бақыт күні туғанда қалайша мені тастап кетпексіңдер? Көңілдерің не қалайды? Сұлу әйел керек пе? Біздің елден таңдаған қыздарыңды алыңдар. Жайлы қоныс керек пе? Қараңдар да иелене беріңдер, бүкіл ел сендердің әмірлеріңде. Ақ адамдар тұратындай еңселі үй керек пе? Жөн көрсетіңдер, қызметшілер қалап береді. Сүтін ішіп, етін жейтін мал керек пе? Қанша тілейсіңдер, соншасын салып берейін алдарыңа. Аулауға аң керек пе? Тоғай толы піл, қамыс толы гиппопотам, аң деген жыртылып айрылады біздің елде. Әлде ұрыс-соғыс тілеймісіңдер. Менің бар әскерім әзір, жарлық етіңдер де бастай беріңдер. Не тілейсіңдер? Қалағандарыңды алыңдар. Айтқандарың орындалады.

– Жоқ, Игнози, мұның бәрінің де бізге керегі жоқ, – дедім мен. – Біз өз үйімізге жеткіміз келеді.

– Онда, – деді Игнози күйініп, көздері жарқ-жұрқ етіп, – ана жылтырақ тастарды өздеріңнің достарың – мына менен гөрі артығырақ бағалайтын болдыңдар ғой. Қазір сендердің тастарың бар. Натальға жетесіңдер де, толқып жатқан ұшан суды кесіп өтіп, тастарды сатасыңдар. Сөйтіп байисыңдар. Ал ақ адам атаулының бар арманы – тек баю ғана. Сендерді осындай еткен асыл тас атаулыны қарғыс атсын! Сондай тас іздеген адамдарды қарғыс атсын! Бұдан былай байлық іздеп Мәйіттер Үңгіріне енген кісілердің барлығы да өлімге кесілсін! Мен айтарымды айттым, ақ адамдар. Жүре беріңдер.

Мен корольдің қолынан ұстадым.

– Игнози, – дедім, – айтшы қане, алдымен Зұлыс

Елінде, содан соң Натальда, ақ адамдар арасында жүрген шағыңда сенің жүрегің анаң армандай әңгімелеген өз еліңді аңсай соқпады ма? Сен алғаш жарық дүниеге келген, алғаш бала боп ойнаған елді сағындың ба? Өз отаның болып есептейтін елді аңсадың ба?

– Иә, айтқаныңның бәрі жөн, Макумазан.

– Міне, сол сияқты біздің жүрегіміз де өз елімізге, өз

туған мекенжайымызға оралғысы келеді.

Игнози біраз уақ үнсіздіктен соң ғана сөйледі. Дауыс әуені

жаңағыдан өзгеше.

– Мен сенің сөздеріңнің мәнін түсіндім, Макумазан.

Әдеттегідей дана, әдеттегідей байсалды сөздер мұның бәрі. Қанатымен көкке ұшып үйренген жан бауырымен жерге жорғалай алмайды. Ақ түсті адам қара түсті адамдарша ғұмыр кеше алмайды. Иә, сендер кетуге тиіссіңдер, бірақ менің жүрегім мұңға толды, өйткені сендер барған елден бұл елге ешқашан менің достарым туралы хабар жетпек емес. Көзден біржола тасаланасыңдар. Бірақ тыңдап алыңдар. Менің айтқан сөзім барлық ақ адамдардың құлағына жетсін. Бүгінгі күннен бастап ақ адам атаулыға таудағы асу жабық. Ол араға шөлден өтіп жеткен күннің өзінде бері өткізілмейді. Мен олардың мылтық сататын, жынды су сататын саудагерлерінің елді аралап кәсіп құруына тыйым салам. Менің халқым бұдан былай да тек найзамен ғана соғысады, тек таза суды ғана ішеді. Ата жолынан таймаймыз. Уағыздаушылардың жұрт жүрегіне өлім туралы қорқынышты ойларды ұялатуына жол бермеймін. Менің халқым өз королін сыйлайтын болады. Ақ адамдарға қызмет етпейді. Оларға жол салып бермейді. Өйткені жол салынса, сол жолмен қаптап келген ақ адамдар да ел ішін кеулеп алады. Егер әлдебір ақ адам біздің елдің табалдырығын аттаса, мен оны кері қайырам. Егер жүз ақ адам келсе, оларды қайта айдап тастаймын. Егер тұтас армия келсе, оған қарсы өзімде бар әскерді тегіс жауып жіберем, қырамыз, жоямыз, ел ішіне өткізбейміз. Бұдан былай біздің елге бірде-бір адам жалтыр тас іздеп келмейтін болады, егер келсе, мейлі ол қалың қол болсын, мен өзімнің әскерімді жіберіп кен орнын көмдірем, бағандарды қиратып, үңгір есігін бекіттірем. Тірі жан сендер айтқан құпия есіктің маңынан жүре алмайтын болады. Бірақ Инкубу, Макумазан, Бугван, сен үшеуің біздің елге қашан келсеңдер де құшақ жая қарсы аламыз, өйткені жер басып жүрген тірі пенделердің ішінде менің жүрегіме дәл сендер сияқты жақын ешкім жоқ. Ал қазір бізден кетулеріңе рұқсат берем. Менің әкемнің інісі Инфадус сендерді бүкіл полкімен ел шетіне шығарып салады. Менің естіп білуімше, таудан асар тағы бір жол бар. Инфадус сендерге сол жолды көрсетеді. Хош болыңдар, бауырларым, жаужүрек ақ адамдар. Бұдан соң менімен кездеспей-ақ қойыңдар, айрылысу азабына шыдай алмаспын. Құлақ салыңдар сөзіме! Мен жарлық шығарам, оны жаршылар төңіректің төрт бұрышына тегіс мәлімдеп, бүкіл елімізге хабарлайды. Бұдан былай кукуан халқы сендердің аттарыңды біздің өлген корольдеріміздің атымен пара-пар құрметтейді, сендердің есімдеріңді ауызға алған адам өлім жазасына тартылады1. Сөйтіп, сендердің

 

1 Адамға айрықша құрмет көрсетудің мұндай ғажайып түрі Африка халықтарының арасында кең тараған. “Хлопипа” деп аталатын бұл салт бойынша, ерекше қасиет тұтылған адамға басқа ат қойылады да (әдетте өлген соң), ол келер ұрпақтардың жадында осы жаңа есімімен сақталады ізгі істерің, асыл есімдерің біздің халқымыздың жүрегінде мәңгі-бақи сақталады. Ал енді, мен қатын құсап көзімнен сорамды ағызбай тұрғанда барыңдар. Арада қаншама уақыт өткен соң, бойларыңнан қуат тайып, күн қызуын місе тұтпай, от басында жылынып отырған кезде, біздің бәріміздің қанды қырғында тізе қоса, иық түйістіре қалай шайқасқанымызды еске аларсыңдар. Ұрыс тағдырын сенің сәулелі сөздерің шешіп еді, Макумазан. Тваланы қос қанаттан қысқан мүйіздің ұшы болып едің, Бугван. Ал сен, Инкубу, сайыпқыран Сұр сарбаздардың бел ортасында жүріп едің. Сенің қарсы алдыңа келген дұшпан атаулы шалғы жүзіне ілінген шөптей жапырылып түсіп жатып еді. Дүлей күшті тағы буйвол Тваланың кеудесін басып едің, айбалтаңмен оның мойнына алтын шығыршық киілген асау басын доптай қағып түсіріп ең. Осының бәрін еске аларсыңдар. Хош енді, мәңгі хош болыңдар, Инкубу, Макумазан, Бугван, менің бауырларым, әміршілерім, достарым. Хош!

Игнози сөзін тәмамдап, орнынан көтерілді. Бірнеше минут бойы терең ойға батып, үн-түнсіз бізге қарады да тұрды. Содан соң бізден жүзін жасырғысы келгендей, үстіндегі қабылан жақының бір жақ етегімен бетін бүркеді.

Біз үн-түнсіз шығып кеттік.

Ертеңіне таң қылаң бере Луудан аттандық. Қосшы ретінде

Буйволдар полкі және көне көз досымыз Инфадус жүрді. Бізбен айрылысу қарт жауынгердің де жанына қатты батқан.

Өте ерте болса да, шаһардың орталық көшелерінің ұзына бойы тізіле қаптаған халықтан көрінбейді. Сап түзген полктің басында жүріп отырған біздер тұстарынан өтіп бара жатқанда еркек атаулы құрмет көрсете “Куум!” деп айқайлаумен болды, ал әйелдер аяғымыздың астына гүл лақтырып, елді Тваладан азат еткеніміз үшін алғыс айтып жатты. Осының бәрі көңіл толқытпай қоймаған. Бұл – әдетте өзіміз түземдіктер арасында көріп жүрген рәсімінен мүлде өзгеше, жақсы жоралғы еді.

Әйткенмен сол күні бір қызық оқиғаға куә болдық. Осының нәтижесінде көңіліміз көтеріліп, мәз боп қалғамыз.

Біз шаһар қақпасынан шығуға тақаған кезде топ ішінен бір әдемі, жас қыз жүгіріп шықты. Қолында бірнеше тал лала гүлі бар. Сонысын Гудқа әкеп берді (неге екенін кім білсін, Гуд бұл елдегі әйел атаулыға тегіс ұнады, менің ойымша, жалтыраған шыны көзбен жарты сақал капитанның өңіне елден ерек романтикалық әсем кейіп берсе керек). Содан соң бойжеткен өзінің үлкен өтініші барын білдірді.

– Айта ғой, – деді Гуд.

– Әмірші ием қызметші күңіне өзінің сүйріктей сұлу аппақ

аяғын көрсетсе екен. Бұл өмір бойы оның есінде қалар еді, кейін өзінің балаларына, қартайған шақта немерелеріне хикаялап әңгімелеп отырар еді. Әмірші иесінің абырой-даңқы ел ішінде кеңінен тараған аппақ аяғын көру үшін қызметшісі осында төрт күн бойы жаяу жүріп әрең жетті.

– Осы арада шайтан-сапалақ соғып кетсе де аяғымды көрсетпеспін, – деді Гуд ашуланып.

– Қойыңыз, қойыңыз, қымбатты достым, – деді сэр Генри. – Ледидің өтінішін орындамағаныңыз әдепке жата ма?

– Көрсетпеймін, – деді Гуд қасарысып. – Бұл – өте әбес іс.
Әйткенмен ақыр түбінде біздің өтінішімізді орындады.

Шалбарының балағын тізесіне дейін қайырып, жамиғатқа аппақ балтырын көрсетті. Әйел атаулы тегіс, оның ішінде әсіресе жаңағы қыз шегін тарта таңырқап, мәз-мейрам болған. Қала шетіне шыққанша Гудтың түрулі балақпен жүруіне тура келді.

Гудтың сирағының осыншалық қадір-құрмет көруінің ақыр соңы осы ма деп қауіптенем. Ел ішінде капитанның аппақ аяғының беделі көтерілгені сондай, бұл кезде жұрт оның алып-салмалы тісі мен шыны көзіне де бұрынғыдай таңырқап қарамайтын.

Жолай Инфадус бізге таудан өтетін тағы бір асу барын айтты. Қақ ортасында Сау-ханша тауының қос шоқысы асқақтап тұрған жартасты қырқадан асып түсуте мүмкіндік беретін бұл төте соқпақ Сүлеймен патшаның Даңғыл Жолы тірелетін, бұрын біз өткен асудың солтүстік бетінде көрінеді.

Осыдан екі жылдай бұрын бір топ кукуан аңшысы осы жолмен таудан асып, түйеқұс аулауға шөлге шығыпты. (Бұл елде түйеқұс қауырсыны әскери бас киімге қадалатыны, сондықтан өте жоғары бағаланатыны оқушыма мәлім.). Аң қызығымен шөл ішіне бойлай еніп кеткен аңшылар қатты қаталаса керек. Сол шақта алыс көкжиектен әлденендей ағаштардың сұлбасын көздері шалады. Шаршап-шалдығып жетсе, отты, сулы, топырағы құнарлы, аумағы әлденеше мильдік жазира екен. Инфадустың шамалауы бойынша, біз қайтар жолда осы жазираны басып өтуте тиіспіз.

Бұл жоспарды біз толығымен қабылдадық. Таудан асып түсу азабынан құтыламыз. Оның үстіне әлгі аңшылардың бірнешеуі бізді сол жазираға бастап апаруға тиіс. Өздерінің айтуынша, олар шөлде, алыс көкжиекте дәл осындай тағы бірнеше жазира барын аңдаған көрінеді1.

Біз баппен жүріп отырып, төртінші қонақта Кукуан Елін бетпақ шөлден бөліп тұрған тау жотасына келіп жеттік. Аяғымыздың асты көз жетер көкжиекке дейін жал-жал, толқын-толқын бетпақ құм дариясы.

Ертеңіне таң қылаң бере жолбасшылар бізді шөлге тіке түсер, биіктігі екі мың футтық асуға бастап әкелді.

Осы арада біз өзіміздің адал досымыз, қайтпас кәрі қолбасы Инфадуспен айрылыстық. Ол бізбен салтанатты түрде хош айтысты, жолымыздың сәтті болуына, бақытқа жетуімізге тілектестігін білдірді. Көзіне келген жасын әрең іркіп тұр.

– Әмірші иелерім, – деді ол, – менің кәрі көздерім енді ешқашан да сендер сияқты абзал азаматтарды көрмек емес. Инкубу жау қолын қалай жапырды! Балтамен бір-ақ салып,

 

1 Бізге Игнозидің анасының кішкене баласын арқалап жүріп таудан асуы, шөлден өтуі мүмкін еместей көрінген. Ер-азамат біз әрең өткен өткелектерден олар қалай өтпек. Енді ойлап тұрсам, Игнозидің анасы шөлде саяхаттаған Агарь құсап, осы екінші жолмен жүрсе керек. Егер бұлай болса, олардың аман қалуы таңырқарлықтай іс емес. Игнозидің өзі айтқандай, бұларға түйеқұс аулайтын әлдебір аңшылар кездесіп, шөлдегі жазираға апарып тастауы мүмкін. Одан ары көгалдан көгал қуа отырып, бірте-бірте Зұлуленге жету қиын емес. – Л.Қ.

 

Тваланың басын қағып түсіргенін айтсаңшы! Қандай сұлу, қандай тамаша көрініс еді. Қарудың мұндай жойқын күшпен сілтенуін мен енді түсімде болмаса, өңімде көрмеймін.

Қарт жауынгермен айрылысу бізге де ауыр тиді. Көңілі босап кеткені сондай, Гуд оған ескерткішке көзіндегі моноклін алып берді (кейін білдік, капитанның қапшығында басы артық тағы бір монокль бар екен). Инфадус мәз-мейрам болды. Мұндай асыл нәрсеге иелік ету ел арасындағы беделін көтерері күмәнсіз еді. Біраз әуреленіп, ақыр аяғында монокльді көзіне киіп те алды. Мен өмірімде мұншама ұнасымсыз нәрсе көрмеген едім. Көзіне ілген монокль айбынды қарт жауынгерге соншалық оғаш кейіп беретін. Қабылан терісінен тігілген жарғақ жақы, түйеқұстың қап-қара қауырсыны қадалған бөрік бұл оғаштықты айқындай түскендей.

Қосшыларымыздың ас-суды жеткілікті мөлшерде алған- алмағанын тағы бір тексердік те, Буйволдардың жер күңіренте, қошеметпен айтқан ең соңғы сәлемінен соң біз қарт жауынгермен қол қысып қоштастық.

Еңіске қарай түсе бастадық. Бұл оншалықты оңай шаруа болмай шықты. Әйткенмен сол күні кешқұрым аман-есен тау етегіне де жеткен едік.

– Байқаймысыздар, – деді кешіне біз төбеден төне қарауытқан құз жартастардың астында от жағып, дем алып отырғанда сэр Генри, – қалай дегенмен де Кукуанстан көп елден артық сияқты. Мен өмірімде ешқандай қиыншылық көрмеген адаммын, әйткенмен өзімді сондағы бір-екі ай ішіндегімен салыстырғанда әлдеқайда бақытсыз сезінген сәттерді талай рет басымнан өткердім. Сендер қалай ойлайсыңдар, достарым?

– Мен бұл елден кеткеніме өкінетін сияқтымын, – деді Гуд күрсініп.

Ал мен үндемедім. Біткен істің бәрі жақсы. Қауіп-қатерге толы ұзақ өмірімнің ішінде ешқашан да дәл осы соңғы екі айдағыдай қиындық көргем жоқ, дәл осы екі айдағыдай ажал аранына соншама мәрте жақын барғам жоқ. Өзім қатысқан қанды ұрысты есіме алсам болды, төбе құйқам шымырлап кетеді. Ал қазыналы қойма ішінде басымыздан өткен хикметтер туралы айтып жатудың өзі артық.

Ертеңіне ертемен біз өзіміздің шөл арқылы өтуге тиіс ауыр сапарымызға аттандық. Бізге жолбасшылыққа бөлінген бес аңшы жеткілікті мөлшерде үлкен ыдыстарға құйылған таза су алып жүрді.

Түнді ашық аспан астында өткіздік. Таң қылаң бере қайтадан жолға шықтық.

Сапарымыздың үшінші күні талма түс шағында жолбасшыларымыз айтқан жазираның ағаш өскен сұлбасын көзіміз шалды.

Екінді кезінде сылдырап су аққан көкмайсаға да жеткен едік.

 
0
0
885

Еще по теме

БІЗ ИГНОЗИМЕН ҚОШТАСАМЫЗ - Yvision.kz