АЛҚЫЗЫЛ ЖЕЛКЕНДЕР (ФЕЕРИЯ)
II
ГРЕЙ
Бір кезде Цезарь: «Римде көптің бірі болғанша, ауылда жұрттың алды болғаным артық» депті ғой, Ал Артур Грэй болса, Цезарьдің осы бір әккі сөзін онша құптамаса керек. Ол анадан капитан болып туды, капитан болуды қалады, кейін со мұратына жетті.
Грэй дүниеге келген аумақты үлкең үйдің сырты сәулетті болғанымен іші тұнжырап түнеріп тұрушы еді. Оның алдыңғы жағынан гүлзар бау-бақша басталып кететін. Газонға құбылмалы асыл алқалардан ою-нақыш тартып тастағандай-ақ, раушан гүлдердің күмістей көгіс, көк, қызғылт реңді қара түстері құлпырып көз жауын алар еді. Баудың кәрі ағаштары шағырмақ күндері тікенек бұта қаулай өскен ирек өзек үстіне төніп, маужырап мүлгіп тұрар еді. Қорған-сарайдың қоршауы – иә, бұл шынында қорған-сарай-тын, ара-арасы темір шыбықпен өрнектелген шойын діңгектерден құралған-ды. Әрбір діңгектің ұшы лала гүлдің қауашағы сияқты. Сән-салтанат күндерінде осынау гүл қауыздарына май құйылып, от жағылатын, со сәт алаулаған от тізбегі қараңғы түнді қақ жарып, алыстан «кел мұндалап» тұратын.
Грэйдің әкесі мен шешесі өздерінің бақ-дәулеті мен байлығының, өздері өскен қауым заңдарының құлы еді, өйткені өздерін со қоғаммен егіз санап, «біз» деп атай алатын. Олардың жан жүрегінің бір бөлегін түгелдей асыл текті ата-бабалар галереясы алып жататын, Ал оның екінші бөлігі – әлгі галареяның жалғасы іспеттес – кішкентай Грэйден басталатын, ол өз портретін осы қабырғаға қадау үшін баяғыда жасалып, көпке мәшһүр болған жоспар бойынша ата-аналар атына шық жуытпай, өнегелі өмір сүріп, өлуі керек-ті. Бірақ осы жоспардың болмашы бір ақауы бар-ды: Артур Грэй ата жолын қууға тіпті де зауқы жоқ, сергек жанды елгезек бала болып туып еді.
Баланың осы сергектігі, қаршадайынан қағынып туғаны сегіз жасынан-ақ сезіле бастады: шытырман оқиғаларға жаны кұмар серінің, абыз бен сиқыршының қасиеті, яғни тірліктегі, қисапсыз көп рольдердің ішінен ең бір қатерлі де нәзігін – сәуегей ролін қалап алғаны жасынан-ақ байқалады. Бір күні ол Христосты азаптауды бейнелейтін картинаға қолы жетпей, орындықты қабырғаға тақап қояды да, пайғамбардың қолына қағылған қанды шегені суырып алады, яғни бояушыдан ұрлап алған көгілдір бояумен оны бояп тастайды. Осы бір өзгеше істің қызығына түсіп кеткен бала азапталушының аяғын бояй берген кезде әкесі үстінен кеп түседі. Шал баласын кұлағынан тартып жерге түсіреді де:
– Суретті неге бүлдірдің? – деп сұрайды.
– Бүлдірген жоқпын.
– Бұл атақты суретшінің картинасы ғой.
– Маған бәрібір! – дейді Грэй. – Мен көз алдымда кісінің алақанына шеге қағылып, қан ағып жатқанына төзбеймін. Маған ондайдың керегі жоқ.
Әкесі абайлап қана мұртынан күледі де, баласының жауабынан өзінің жас кезін көріп, оны жазаламайды.
Грэй күн өткен сайын тыным таппай қорған-сарайды зерттеп, керемет жаңалықтар ашты. Мәселенки, ол үй шатырынан батырлардың болат сауыттарын, былғарымен тысталып, темірмен құрсалған кітаптарды, шірігін киімдерді тапты, қаптаған көгершіндерді көрді. Шарап сақталатын жертөледен ол лафит, мадера, херес жөнінен қызық-қызық мәліметтер алды. Ұзынша үшкіл терезелерден көмескі жарық төгілген осы бір тас қоймада үлкенді-кішілі кеспектер тұр: ең үлкен дөңгелек кеспекті бір қабырғаны тұтас үңгіп, жантайта қойған екен. Жүз жылдық қара еменнен жасалған кеспектің тақтайы әбден ысқылап сырлап тастағандай жалтырайды. Кеспектердің ара-арасындағы тоқыма себеттерде бүйірлі келген жасыл, көк шынылар қойылыпты. Тас қабырғалар мен жер еденде әлжуаз сұрғылт саңырауқұлақтар өсіпті. Әбден сызданып, мүк басып кеткен жертөле кісінің тынысын бұзды. Екіндіге таянған күн соңғы шапағымен жертөлеге сығалап бір қараған кезде, сонау түкпірден өрмекшінің торын көрді. Жертөленің бір бұрышына Кромвельдің заманында болған ең таңдаулы шарап – Аликантенің екі кеспегі көміліпті, қаңырап бос жатқан бұрышты мегзеп, жертөлеші Грэйге ішінде қазіргі тірі иттердің талайынан да тірірек өлік жатқан әйгілі мола туралы аңызды қайталап айтып берді. Әңгімені бастай бергенде, ол үлкен кеспектің шүмегін бір байқап көруді ұмытпады, содан көңілі бір демделіп, жаны жай тауып қалғандай болды, өйткені қуанғанынан көзінен еріксіз жасы ытқып, жадырап сала берді.
– Хош, сонымен, – деді Польдишок Грэйге, бос жәшіктің үстіне жайғасып, істік мұрнының желбезегіне темекіні тыққылап жатып, – сен мына бір жерге назар аударшы. Осы арада бар ғой, сұмдық асыл шарап сақтаулы жатыр, оның шағын бір стаканына кез келген маскүнем қиналмай-ақ тілін кесіп бере салар еді. Әрбір кеспекте кісінің жанын жарып, тәнін қамырша илейтін керемет бір құдірет бар. Оның түсі қан шиеден де қошқылдау, ол шыныны төңкерсең де төгілмейді. Қаймақ сияқты қою. Бұ шарап – темірдей берік қара ағаштан жасалған кеспекте. Ал кеспек сыртынан қызыл мыспен қос-қосынан құрсалып тасталған. Құрсауда латын әрпімен: «Мені Грэй жұмаққа барғанда ішеді» деп жазылған. Бұ жазуды әркім әртүрлі түсініп, сан саққа жүгірткен. Сенің әкеңнің атасы аса текті Симеон Грэй деген кісі, жарықтық бір бейкүнә қулық жасап, осы бір жұмбақ сөзді күнделікті өз тірлігіне әкеп телімекші болады, сөйтіп, «Жұмақ» деген саяжай салдырады. Енді соның аяғы немен тынды дейсің ғой? Кеспектің құрсауын босатып жатқанда шарапқұмар шалымыздың жүрегі жарылып қаза табады. Содан бері бұ кеспекке жан баласы жуымайды. Осы бір қасиетті шарап кісіге бақытсыздык әкеледі деген қауесет бар. Шынында да мұндай жұмбақты Мысыр сфинксінің өзі де айтпаған ғой. Рас, ол бір кемеңгер кісіге «Жұртты жегенім сияқты, сені де жеп қоям ба? Шыныңды айт, сонда тірі қаласың?» депті, бірақ соның өзін шындап ойланып барып айтқан ғой.
– Краннан тағы тамшылап тұр ма, қалай? – деді Польдишок, өз сөзін өзі бөліп, сосын қисалаңдай басып, бұрышқа қарай кетті де, кранды бекітіп, бір іс бітіргендей көңілденіп қайтып келді. – Иә. Әбден ойланып-толғанып алғасын, әлгі кемеңгеріміз аспай-саспай тұрып сфинске: «Жүр, бауырым, ішелік, сонда сен бұндай дерттен айығасың» дер еді. «Мені Грэй жұмаққа барғанда ішеді». Мұны қалай түсіну керек? Сонда өлгеннен кейін ішетін болғаны ма? Ғажап. Демек, ол әулие, шарапты да, қарапайым арақты да ішпейді. Ал «жұмақ» дегені бақыт делік. Бірақ мәселе бұлай қойылса, сол бақыт құсы қонған кісі бір күні өзінен-өзі «жұмақ дегеніміз шынымен-ақ осы ма?» деп шүбәланса-ақ болғаны, бақыттың берекесі қашпай ма? Бәленің бәрі осында жатыр. Мұндай кеспектен емін-еркін шарап ішіп, уай, бір сауық-сайран құру үшін, балақай, кісі бір аяғымен жерде, екінші аяғымен көкте тұруы керек. Енді тағы бір, үшінші жорамал бар: Грэй күндердің бір күнінде есінен ауғанша, жұмаққа кеп түскен екем дегенше шарап ішеді де, мына киелі кеспекті босатады делік. Бірақ ол, балам, өсиетті орындау емес, шарапханадағы шатақ болар еді.
Үлкен кеспек кранының аман-саулығын, жай-жапсарын бір тексеріп қайтқан Польдишок осы әңгімесін қабағын түйіп, тұнжырай тәмамдады:
– Бұ кеспектерді сенің арғы аталарынның бірі Джон Грэй деген кісі мың жеті жүз тоқсан үшінші жылы Лиссабоннан «Бигль» кемесімен әкеліпті, шараптың ақысына екі мың алтын пиастр төленіпті. Кеспектегі жазуды Пондишеридегі қару-жарақ шебері Вениамин Эльян жазған дейді. О кеспектерді жерді алты құлаш терең етіп қазып, өртелген жүзім шыбықтарының күлімен көмген. Бұ шарапты өмірде ешкім ішпеген, тіпті дәмін де татып көрмеген, шамасы, енді оны ешкім де татпас.
– Мен оны ішем, – деді Грэй бір күні тепсініп.
– Батыр жігіт бұдан табылды ғой! –деді Польдишок– Сен оны жұмақта ішпексің бе?
– Әрине! Жұмақ, мінеки! Менің қолымда, көрдің бе? – Грэй кішкене қолын тарбитып ашып жіберіп, жайымен сықылықтап күлді. Әрбір бедер, әжім-сызығына дейін ап-анық боп үлбіреген жұмсақ алақан күн нұрымен қызарып сала берді, со кезде бала құшырлана жұдырығын түйді. – Ол, міне, мында!.. Бірде бар да, бірде жоқ...
Осыны айтты да, ол жұдырығын бір түйіп, бір жазды, ақырында өзінің әзіліне өзі мәз боп, бір аттап Польдишоктен озып кетті де, күңгірт басқышпен төменгі қабаттың дәлізіне жүгіріп шықты.
Грэйдің асүйге кіруіне қатаң тыйым салынған-ды, бірақ осы бір жалын атқан ошақтар, бу, ыс әлемін, қайнаған, қуырған тағамдардың бұрқ-сарқ еткен, шыжылдаған дыбыстар әлемін, пышақтардың сартылы мен дәмді иістер әлемін бір күні аңдамай ашып қалған бала, енді осы бір аумақты залға жиі-жиі келетін болды. Бағы заманның тақуалары тәрізденіп, үн-түнсіз аспаздар жүреді, қарайып кеткен қабырғалар қасында мұнтаздай ақ қалпақпен жүрген бұлар бейнеттенбей, әлдекімге сән-салтанатпен қызмет етіп, құрмет көрсетіп жүргендей сезіледі. Домаланған жуан-жуан көңілді күтушілер су құйылған кеспектер қасында фарфор, күміс ыдыстарды салдырлатып жуып жатыр. Қаршадай балалар балық, бақашанақ, шаян мен жеміс толтыра салынған ауыр себеттерді мықшыңдап әрең-әрең кіргізіп жүр. Ана бір шетте, ұзын үстел үстінде қызыл-жасыл қырғауылдар, сұр үйректер, шұбар тауықтар жатыр: оған таяу көзін бала сияқты жұмып алған, құйрығы шолтиған тұтас торай еті көрінеді, әрігеректегі шалқан, қырыққабат, жаңғақ, қара мейіз, қызғылт анарлар өз алдына бір төбе.
Асүйге келгенде Грэй бір түрлі именшектеп жүреді: қамал-сарай өмірінің кілтипаны осы жердегі бір құпия тылсым құдіретте деп ойлады ол: мұндағы әрбір дауыс, айқай оған берілген командадай, оқылған дуадай естіледі. Ұзақ жылдар бойы әбден машықтанып қалған дәйекшілер жұмысы оған шын шабыттан туып жатқандай көрінеді. Везувий жанартауы сияқты бұрқылдап жатқан ең үлкен қазанның ішіне үңіліп қарауға Грэй әлі аласа еді, бірақ ол бу қазанды өзгеше құрметтейді: ол екі күтушінің қазанды жайымен қозғап жатқанына таңырқай қарайды; әне, плита үстіне лықсып, көбігі бұрқыраған сорпа төгілді, сол-ақ екен, плита баж етіп, асүй іші будақ-будақ будан көрінбей кетті. Бірде сорпа көбірек төгіліп, күтуші қыздың біреуінің қолын күйдіріп кетті. Терісі табанда қып-қызыл боп қолбырап, тырнағына дейін қызарып сала берді. Бетси байғұс (күтушіні солай атайтын) ағыл-тегіл жылап, күйген жерін маймен сылай бастады. Оның үрейлі дөңгелек жүзін көз жасы жуып жатты,
Грэй сілейіп тұрып қалды. Өзге әйелдер Бетсиді қоршап, әбігерленіп жатқанда, бұл басқа біреудің азабына жаны ашып қиналып тұрды.
– Қалай, қатты ауыра ма? – деді ол.
– Күйдіріп көр қолыңды, сонда білесін, – деді Бетси, ауру қолын алжапқышымен жауып жатып.
Бала қабағын түйіп, биік орындыққа мықшыңдап шықты да, ұзын ожаумен ыстық сорпаны (реті келгенде айта кетелік, бұл қой етінің кеспесі еді) алып, қолының қос басына құя салды. Бұдан алған әсерін, әрине, әлсіз деуге болмас еді, бірақ күйіктен әлсіреген бала тәлтіректеп құлап қала жаздады. Аппақ шөлмектей боп қуарып кеткен Грэй күйген қолын шолақ шалбарының қалтасына салып, Бетсидің қасына келді.
– Меніңше, сенің қолың өте қатты ауыратын сияқты, – деді ол өз тәжірибесін жасырып. – Жүр, Бетси, дәрігерге баралық. Жүр, тезірек!
Басқа күтушілер үйде емдеу жолдарын жамыраса айтып жатқан кезде, Грэй оның юбкасынан тартқылап тұрды. Бірақ күйген қолы солқылдап жанын шығарып бара жатқасын баланың соңынан ерді. Дәрігер қыздың күйген жеріне дәрі жағып байлап, ауруын азайтты. Бетси кеткеннен кейін ол енді дәрігерге өз қолын көрсетті
Осы бір болмашы оқиға жиырма жасар Бетси мен он жастағы Грэйді табыстырып жіберді. Қыз оның қалтасына тәтті бәліштер мен алмаларды сықай салып береді, бұл оған кітаптардан оқыған ертегілері мен аңыздарын айтады. Бір күні ол Бетсидің жылқышы Джимге тұрмысқа шыға алмай жүргенін есітті, өйткені өз алдына түтін түтетуге ақшалары жоқ екен. Грэй со замат шымшуырмен фарфор копилкасын күлпарша сындырып, ішіндегі жүз футтай ақшаны алды. Ертеңіне жасаусыз қалыңдық таңсәріден тұрып асүйге кеткен кезде ол қыздың бөлмесіне барып, тартуын оның сандығына салып, қысқа ғана қағаз қалдырды: «Бетси, бұл сенікі. Қарақшылар қолының бастаушысы Робин Гуд». Бұл оқиға асүйдің астан-кестеңін шығарды, ақырында Грэй бұны өзі жасағанын мойындады. Ол ақшасын қайтып алмады және ондай сөзді естігісі де, білгісі де келмейтінін сездірді.
Оның шешесі өмірді даяр қалыпқа құйып шығара беруге болатын нәрсе деп білетін әйелдердің бірі еді. Не қаласа, соның бәрі алдына әзір болғасын, қарадүрсін саңылаусыз жан еш нәрседен қамсыз, ұйқылы-ояу күн кешіп жатты; сол себептен де ол тігінші әйелдермен, дәрігер дәйекшімен кеңескеннен басқа ештеңе бітірмейтін. Бірақ қиямпұрыс баласына деген соқыр сүйіспеншілік бар жігерінен, еркінен айырылып, енжар тірлік кешкен, күллі тәрбие мен тағдыр тандырын кептіріп тастаған ана сезімі нәр алып тыныстайтын бір бастау еді. Осынау асыл текті әйел аққудың көгілдірін басып шығарған тауыс тәрізді еді. Ол баласының өзгеше жаратылған ақылды пенде екенін жанымен сезінетін. Күнделікті тірліктің дағдылы әдет-ғұрпына, салт-санасына жаттығып қалған тілінен гөрі оның жүрегі басқаша сөйлейтін, ол баласын құшырлана көкірегіне қысқан кезде өн бойын махаббат, мұң, жабығу, иба сияқты бір қат-қабат сезім билеп, елжіреп кететін. Кейде сұрша бұлт кіреукесінен шашырай тараған күн шұғыласы қазына үйін үйреншікті түр-түсінен айырып, жаңа бір қырынан танытады, оны көз көргенмен, көңіл танымай қалады, сөйтсе жарықтың тылсым нұрынан кеспірсіз үйдің өзі үйлесімді жарастық табады екен.
Осынау бақ-дәулеті асқан әйелдің күллі кескін-кейпіне қарағанда, ол өмірдің отты ләззатына салқын қарап, үнсіз өте беретін тәрізді, оның нәзік сұлулығы кісіні тартпайды, қайта безіндіре түскендей. Өйткені онда әйелге тән қылықтан гөрі қайсар тәкаппарлық басым тәрізді. Бірақ Лилиан Грэй баласымен оңаша қалғанда, қағазға жазуға келе бермейтін небір жылы-жылы жүрек сөзін ақ көңілмен мейірлене отырып айтатын қарапайым ана қалпына түсер еді: мұндай сөздердің күші со сөздердің өзінде емес, айтушының ыстық сезімінде ғой. Ол баласының бетіне жел болып тимейді. Не істесе де: асханаға баратынын да, сабақты жек көретінін де, тіл алмайтынын да және басқа толып жатқан ерке тентектігін де жөнді-жөнсіз кешіре береді.
Егер ол ағаштың басын тегістеп қырықпаңдар десе, оған ешкім маңайламайды: егер ол біреудің әбестігін кешіріп, сыйлап жібер десе, кінәлі кісі солай болатынын айтқызбай-ақ сезеді, ол кез келген атпен серуенге шығып, сарай ішіне қалаған итін ертіп кіргізеді, ол кітапхананы ақтарып, далада жалаңаяқ, жалаңбас жүгіріп, көңілі не қаласа, соны ішіп-жеп жүре береді.
Әкесі біраз уақыт бұған қарсы тұрып, қасарысып көріп еді, ақырында ол өз ойынан таймаса да, әйелінің өтінішіне құлақ асты. Бірақ ол күтуші-дәйекшілердің бар баласын қорған-сарайдан қудырды, өйткені қара қауымның ықпалымен баланың қиямпұрыс еркелігі бойына сіңіп, кейін құтыла алмайтын әдетке айналып кетер деп қауіптенді. Жалпы алғанда, ол ата-бабадан мирас боп қалған дау-шарлардан-ақ қолы тимейтін, ал бұ дау-шарлар, шамасы, қағаз фабрикасы пайда болған кезде туыпты да, күллі өсекшілер мен өтірікшілер кұрып бітпей, таусылатын көрінбейді. Мұның үстіне мемлекет істері, үй-жайдың әрекет тірлігі өмірбаянын айтып тұрып хатшыға жазғызу, сән-салтанатпен саят құру, газеттерді оқу, хат-қағаз жазу – осының бәрі оны үй ішінен аулақтатып, біраз суытып жіберген. Ол баласын ілуде бір-ақ көреді, кейде тіпті оның неше жасқа шыққанын да ұмытып қалады.
Сонымен, Грэй өз әлемінде өзімен-өзі әуре боп жүре берді. Ол, әдетте, қорған-сарайдың бір кезде соғыстық мәні болған сыртқы ауласында оңаша ойнайды. Терең-терең орлары, шөп басып кеткен тас қамалдары бар осынау аумақты алаңда алабота, қурай, қалақай мен кәлуен, ошаған тағы басқа толып жатқан түз гүлдері қаулай өседі. Көртышқандардың інін аңдып, алаботамен айқасып, көбелек қуалап, тас пен қыш сынығынан қорғандар салып, оны таяқпен, таспен атқылап, Грэй осы маңда ұзақ уақыт ойнайды.
Ол он екіге шыққанда жан жүрегінің күллі нышандары, ой-санасының әр алуан қырлары мен сырлары бір арнаға бұрқырап келіп құйды да, бір тиянақты талап-тілекке айналды. Әлемдегі сан жетпейтін бөгде бау-бақшаның ішінен ол осы уакытқа дейін тек өз бағының жеке мүйістерін ғана – жарық пен көлеңкені, гүлді, қою жапырақты-қомақты ағашты ғана көріпті. Ал енді ол ойламаған жерден осынау бір-бірімен үндесіп, үйлесіп жатқан жарқын дүниені тұп-тұтас айқын көргендей.
Бұ ғажайып оқиға кітапханада болған еді. Оның жоғарғы жағына бұлдыр әйнек салынған биік есігі әдетте жабық тұратын, бірақ құлпы бостау еді, егер қолмен қаттырақ итерсе, есік қозғалып, құлып қарысып барып ашылып кететін. Төңірегін зерттеп, әр немені білу қызығына түсіп кеткен Грэй шаң-тозаңды сәулеге қайран қалды, оның бір ерекшелігі, терезе әйнегінің жоғарғы жағын түрлі түске бояп, құбылтып жібереді екен. Иесіз бөлмеде тымырсық тыныштық қара судай тұнып қалыпты. Қатар-қатар қойылған кітап шкафтарының кейбіреулері терезелерді жартылай жауып, қарауытып тұр: шкафтардың ара-арасына кісі жүретін өткелек салдырылыпты, бірақ оның өзінде кітаптар үйіліп жатыр. Ана жерде де, мына жерде де ішкі беттері сусып түсіп қалған ашулы альбомдар, шиыршықтап орап, белінен алтын жіппен тартып тастаған қағаздар, түсі суық құшақ-құшақ қара кітаптар: қат-қабаттап жиналған жуан-жуан қолжазбалар, ашып жібергенде ағаштың қабығындай үгітіліп тұрған шағын-шағын томдар. Бұ жерден сызықтар мен кестелер де, қатар-қатар сап түзеген жаңа кітаптар да, карталар да кездеседі: мұқабаның түрпідей қаттысы мен түбіттей жұмсағы да, қарасы, аласы, көгі, сұры, қалыңы мен жұқасы да, бедерлісі мен тегісі де, қойшы, әйтеуір, алуан түрі табылады. Шкафтарда кітаптар иін тіресіп тұр. Олардың ішінде өзгеше бір өмір, тірлік қайнап жатқан сияқты. Шкафтардың әйнегінен күңгірттеніп екінші шкафтардың бейнесі көрінеді. Экватор мен меридианның айқастыра салынған мыс білезіктеріне орнатылған үлкен глобус дөңгелек үстел үстіне қойылыпты.
Есікке қарай қайта бұрылғанда ол жоғарыдан керемет бір үлкен суретті көрді, кітапхананың мүлгіген қапас әлемін жандандырып тұрған да осы сурет сияқты. Онда теңіздің асау толқынының жалына атқып шыққан кеме бейнеленіпті. Ақ шулан теңіз көпіршіп, кемені бүйірінен жалай ағып қалып жатыр. Кеме таудай толқын үстіне ұшып шығып, со күйі көрерменге қарай зулап келе жатқандай. Жоғары шапшыған бушприт діңгектің түп жағын тасалап тастаған. Кеменің тұмсығы тілген тентек толқынның жалы самұрықтың қанаты тәрізді. Буырқанған ақ көбік аспанға шапшиды. Бакборттың сыртында, бушприттен биігірек жерден бұлдырап көрініп тұрған – желкен долдана соққан дауылдан шалқайып кейін құлап барады, енді бір сәтте, толқынды тіліп өткеннен кейін, ол ылдиға қарай қайта еңкейді де, кемені келесі толқынға қарай айдайды. Жырым-жырым бұлттар үйіріліп, шудаланып теңіз бетін сызады. Күңгірт жарық тұнжырап төніп келе жатқан түң қараңғылығымен арпалысады. Суреттегі ең ғажап көрініс бақ үстінде көрерменге теріс қарап тұрған кісінің бейнесі еді, ол күллі жәй-жағдайды тіпті со бір қатерлі сәттің бар сипатын айқындап тұрғандай. Кісінің мына тұрысынан (ол аяғын нық басып, қолын сермеп тұр) оның немен шұғылданып тұрғанын білу қиын, бірақ палубадағы көрермен назарынан тыс бірдеңеге дызақтай қарап тұрғаны кәміл. Кафтанының белдігіне кыстырған етегі тынымсыз желбірейді. Жалбыраған ақ шашы мен қара шпагасын жел жұлып әкететіндей: қымбат костюміне қарағанда, ол капитан сияқты, толқынның ырғағына қарай өзі де билеп тұрғандай. Қалпақсыз жалаң бас тұрып, қауіпті бір сәтте қапысыз дәл басқан ол әлдене деп айқайлағандай, бірақ не дейтінін кім білген? Бәлкім, ол борттан суға мұрттай ұшқан адамды көрген шығар, бәлкім, кеме бағытын өзгерт деді ме, әлде құтырған желге қарамай, айқайлап боцманды шақырып жатыр ма? Кім білген? Картинаға қарап тұрғанда Грэйдің басына осындай бір ойлар, ой емес-ау, ойдың көлеңкесі кеп оралғандай болды. Кенет оның сол жағынан көзге көрінбейтін белгісіз біреу келіп тұра қалғандай сезілді: басын бұрып қараса болғаны – осы бір ғажайып сезім ізім-қайым жоқ болар еді. Грэй мұны жақсы біледі. Бірақ ол қиялын қимай, оның үніне құлағын тосты. Бір үнсіз дауыс малай жұртының тілі сияқты түсініксіз бір сөздерді айқайлап айтып жатыр. Тау құлағандай дүние күңіренеді, жаңғырық пен азынаған жел кітапхана ішін кернейді. Осы ғаламаттың бәрі Грэйдің өз ішінде. Ол төңірегіне көз тастады, жым-жырт тыныштық заматта қиялын сейілтіп жіберді, жан дауылы да өшті.
Грэй бұл картинаны талай рет келіп көрді. Кісі жаны өмірмен тілдескенде аса қажетті киелі бір сөз керек, әйтпесе, адамның өзін-өзі түсінуі қиын, оның киелі сөзі осы сурет болды. Сөйтіп, қаршадай баланың кеудесіне бірте-бірте шалқар теңіз кеп ұялады. Кітапхананы ақтарып, алтын қақпасының ар жағынан жалтырап көгілдір мұхит көрінетін кітаптарды түртінектеп тауып алып, оқи жүріп, ол осы арманымен ауыл үй қонып алды. Сол арман мұхитында, артында ақ көбік із қалдырып, кемелер зымырайды. Олардың кейбіреуі желкен діңгегінен айырылып, толқынға тұншығып, көздері шырадай жанатын балықтары быжынаған мылқау тұңғиық тереңіне шым батып кетеді: ал енді біреулері бұрқ-сарқ қайнап жататын иірімдер тартып, су астындағы серек тастарға барып арандайды; қайтқан толқыннан кеменің қаңқасы қалтылдап, жан ұшыра шайқалақтайды; қашан жаңа дауыл көтеріліп, оны жартасқа соғып күлпаршасын шығарғанша, кісілері кетіп, арқан-жіптері үзілген жетім кеме сары аурудай сарғайып ұзақ тұрады. Бұ кезде үшінші кемелер бір порттан жүкті сықай тиеп, екінші портқа апарып түсіреді; көңілді экипаж шарапханада отырып, саяхат-серуенін жыр ғып айтып, арақ-шарапты құмарлана ішеді. Онда діңгегіне қара байрақ байлаған, лекет пышақтарын жалаңдатқан қорқынышты командасы бар қарақшы-кемелер де, төңірегіне көгілдір сәуле тартып, жүрген жеріне ажал сеуіп кететін аруақ-кемелер де болады; солдатты, зеңбіректі, музыкалы соғыс кемелері де, жанартауларды, өсімдіктер мен хайуанаттарды зерттейтін ғылыми кемелер де, тылсым сырымен, бұзақы бүлігімен аты шыққан кемелер де, жаңалық ашатын, қызықты хикаяларды басынан өткеретін кемелер де кездеседі.
Осынау дүниеде, әрине, жұрттың бәрінен де капитанның тұлғасы биік тұрады. Капитан – кеменің тағдыры, жаны мен ақыл есі. Оның мінез-құлқына қарай команданың жұмысы мен тынысы белгіленеді. Команданы оның өзі ғана таңдап, талғап алады және ол соның ырқына, ықыласына сай кеп жатады. Ол кемедегі әрбір матростың әдетін, ойын, үй-ішінің жай-күйін біледі. Қарауындағы кісілер алдында оның сиқырлы бір құдіреті болады, соның арқасында ол шетсіз-шексіз мұхиттан жол тауып, мәселенки, Лиссабоннан Шанхайға емін-еркін бара береді. Ол күрделі бір жүйелі шаралар қолданып, дауыл пәтіне төтеп береді, қысқа да қаһарлы әмірімен үрей қамап дүрліккен команданы су сепкендей басады. Ол қалаған кезінде жүзеді, қалаған кезінде тұрады, ол кеменің кетуіне, жүк тиеуіне, жөнделуіне, тынығуына жарлық береді. Тынымсыз қимылдан, әрекеттен тұратын осындай жанды іске одан артық ақылды билік жүргізетін кісіні табу қиын. Осындай нағыз тұйық та томырық, толық билік тек Орфейде ғана болған шығар.
Капитан жайлы осылай ойлау, оның бейнесі, өмірден алатын шын орны жан тебіренісіне түскен Грэйдің албырт санасынан мәңгі орын тепті. Осыдан басқа ешбір кәсіп, ешбір мамандық тірліктің бар қазынасын саф алтындай тұп-тұтас етіп құя салмас еді, сонда ол әрбір жеке бақыттың өрнек-бояуын қаз қалпында сақтайды. Қауіп-қатер, нартәуекел, табиғат тауқыметі, алыс елдердің нұры, ғажайып бір беймәлім жәйттер, дидарласқанда, айырылысқанда, жалт етіп бір көрініп жоқ болатын ұшпа махаббат, кездесудің, адамдар мен оқиғалардың абыр-сабыр әбігері, қимас ыстық сәттер – бәр-бәрі өз ерекшелігімен, ою нақышымен өтіп жатады; сенің каютаң аяулы Отаныңның кітаптарына, суреттеріне, хаттарына, өр кеудеңе тағып алған бойтұмар ішіндегі жібек шашпен орай салған семген гүлге толы болса да, өмірдің сан алуан құбылыстарына, аспан күмбезінің түпсіз биігіндегі Есекқырған, Жетіқарақшы сияқты жұлдыздарға, күллі құрлықтарға қыран көзбен қызықтай қарайсың.
Он бес жасқа шыққан жылы күзде Артур Грэй үйінен жасырын кетіп қалып, теңіздің алтын қақпасын ашты. Ұзамай Дубельт портынан Марсельге қарай «Ансельм» атты шхуна шықты, оның ішінде сыртқы түрі балаша киініп алған кішкентай қыз сияқты нәуетек жас теңізші кетіп бара жатты. Бұл теңізшіміз жұқа саквояждың, жып-жылтыр етік пен тәждің суреті кестеленіп салынған бәтес ішкиімдердің иесі Грэй болатын.
«Ансельм» Францияға, Америка мен Испанияға барған алғашқы бір жылда Грэй бұйымдарының көбін сатып жіберді
– өткен күндерін еске алып, бірсыпыра заттарын тәтті тоқашқа жұмсады, ал қалғанын бүгінгі және болашақ тірлігіне қажет болар деп картаға ұтқызды. Ол қайтсе де көкжал теңізші болғысы келді. Тұншығып бара жатса да, сыр бермей арақ ішті, шырқау биіктен жүрегі лүпілдеп, басын төмен беріп суға секірді. Ол бірте-бірте өзінің ең басты қасиеті – кереметтей сергек, елгезек жанынан өзге ерекшеліктерінің бәрінен айырылды; ол әлжуаз баладан бұлшықеті бұлт-бұлт ойнайтын сүйекті жас жігітке айналды, ақ жүзі күн мен жел қағып қоңырқай тартты, бұрын сәнмен, баппен қимылдайтын бипаз қол енді нені болса да дәл соғатын бейнеткеш, мерген қолға айналды, оның ойлы көзінде енді отқа қарайтын адамның жанары сияқты өткір бір жарқыл пайда болды. Оның бұрынғы әрі паңдаңа, әрі ұяла сөйлейтін сөз мәнері қалып, ағынды айдыннан күміс шабақты қағып кететін шағаланың шалт қимылындай, кесіп-кесіп, қысқа да айқын сөйлейтін болды.
«Ансельмнің» капитаны қатал теңізші болғанмен, қайырымды кісі еді, ол кемеге кейін бір реті келгенде ермек етіп, мазақтап күлемін ғой деп баланы ала салған. Грэйдің теңізге құштарлығын, дарқан өскен баланың өткінші бір шолжаң еркелігі ғана деп ұққан, сол себепті де енді бір-екі айдан кейін бетіме тура қараудан тайсалып, Грэй маған мынадай бір сөздерді айтады ғой деп күн ілгері іштей мәз боп жүрген: «Капитан Гоп, мен мына арқандармен жоғары өрмелеймін деп жүріп, қолымды шиедей жаралап алдым, екі бүйірім, арқам сіресіп қозғалтпайды, саусақтарым домбығып илікпейді, басым зырқылдап ауырады, тілерсегім дірілдеп тұра алмаймын. Мына бір әрқайсысы екі пұт келетін ылғал қанаттар қолыма ауыр соқты; осынау леер, вент, брашпиль, темір арқан, стеньгтер мен салленгтер мендей әлжуаздың сорына бола жасалған екен. Мен үйге, мамама қайтқым келеді». Осындай сөзді ойша тыңдаған капитан Гоп бұған іштей былай деп жауап беретін: «Балапаным, қайда барам десеңіз де еркіңіз білсін. Егер сіздің сезімтал нәзік қауырсыныңызға қара май жабысып қалса, оны үйіңізге барғасын «Роза-мимоза» әтірімен сүртіп тазартасыз ғой». Ойынан шығарған осы бір әтірге капитан Гоп кәдімгідей мәз болып, сөзін аяқтағасын жұртқа естірте: «Иә, «Роза-мимозаңызға» жөнеліңіз» дейтін қайталап.
Бірақ жүре келе капитан осы бір салмақты сөзін өте сирек айтатын болды, өйткені Грэй көздеген мақсатына өліктей қуарып, қасарыса тістеніп, қайтсе де жетпек болды. Ол тынымсыз ауыр бейнетке қайсар жігері мен еркін қарсы қойды, кеменің қатал тәртібі қабырғасын қайыстырып, ағза-ағзасына әдет болып сіңген сайын ол бойы жеңіліп, еңсесі көтеріле түсетінін сезді, шалағай шартықтан кәнігі теңізшіге айналатынын білді. Кейде зәкір шынжырының ілмегі толғай соғып, палубаға жалпасынан түсіреді, кнехтке шалынбаған қанат қолдан сусып, алақанын сойып кетеді, долы жел ышқынып кеп, желкеннің темір шығыршық тағылған дымқыл шетімен құлаштап бетке ұрады, не керек, әйтеуір жұмыс біткеннің бәрі ұдайы сақ жүруді талап ететін таусылмайтын бір азап пен тозақ; бірақ ол екі иінінен демалып, белін жаза алмай жатса да, миығынан күліп, сыр бермейді. Жаңа ортада қашан «өзіміздің жігіт» атанғанша ол жұрттың мазақтап күлгенін, кемсіте қорлағанын, боқтап-боралағанын ескермей үнсіз жүре берді, ал әбден бойы үйреніп алғасын ол арына тиетін әрбір сөзге бокспен жауап қайтаратын болды.
Бір күні капитан Гоп оның желкенді рейге қолы-қолына жұқпай шебер байлап жатқанын көріп, іштей өзіне-өзі «Сен мені жеңдің-ау, қу бала» деді. Грэй палубаға түскесін Гоп оны каютасына шақырып алып, умаждалып қалған бір көне кітапты ашып тастады да:
– Ал енді мені мұқият тыңда! Темекіні таста! Кеменің күшігін капитанға айналдыру ісін бастаймыз, – деді ол.
Сосын ол теңіздің ескі сөздерін бір кітаптан судыратып оқи бастады, оқыды деген дұрыс болмас, айқайлап айта бастады. Бұл Грэйдің алғашқы сабағы еді. Жыл он екі ай ұдайы ол навигациямен, практикамен, кеме құрылысымен, теңіз заңымен, лоция және бухгалтериямен танысты. Капитан Гоп оған қолын ұсынып, «Біз» деп сөйлейтін болды.
Ванкуверге келгенде Грэйдің алдынан шешесінің ағыл-тегіл жасқа толы, үрейлі хаты шықты. Ол шешесіне былай деп жауап жазды: «Бәрін де білем. Бірақ сен дүниені мен сияқты көрсең: бәріне менің көзіммен қарап көрші. Егер сен дүниені мен сияқты естісең ғой, құлағыңа бақашанақты тосшы – онда мәңгі толқынның шуылы бар. Егер сен күллі ғаламды мен сияқты жақсы көрсең ғой, онда мен сенің хатыңнан өзің мен махаббатыңа қоса, ұяң күлкіні де табар едім».
Әлқисса, ол сонымен «Ансельм» қашан Дубельтке жүк әкелгенше теңізші боп жүре берді: содан осы арада аз күн аялдайтын болғасын, со кезде жиырма жасқа шыққан Грэй қорған-сарайға қарай бет алды.
Төңіректің бәрі бұрынғыша: осыдан бес жыл бұрынғы сияқты әрбір зат жеке алғанда да, жалпы алғанда да қаз қалпында тұрған тәрізді, тек жас талдардың жапырағы жамырап, қалыңдай түсіпті; оның үй алдындағы өрнегі өсіп, жайылып кетіпті.
Дәйекшілер жан-жақтан жүгіріп келіп, жамыраса қуанып, абыр-сабыр болды да қалды, сосын Грэйді тап бір күн кеше ғана қарсы алғандай-ақ құрмет тұтып үндемей қалысты. Оған шешесінің қайда отырғанын айтты; ол биік үйге кіріп, есікті сәл ашып, қара көйлек ақ шашты әйелге қарап үнсіз тұрып қалды. Ол распятиенің алдында тұр екен; оның ыстық ықыласпен сыбырлай оқыған дұғасы лүпілдей соққан жүректей әуезді естіледі. «Теңізшілерге, жолаушыларға, ауруларға, қасірет шегушілер мен тұтқындарға» деген сөздерді есітті тынысын тартып тұрған Грэй. Сосын барып «Менің ұлыма да...» деген сөздер қосылды. Со замат ол жай ғана: «Мен...» деді. Басқа сөзді айтуға әлі жетпеді. Шешесі артына жалт қарады. Өзі жүдеп кетіпті; тәкаппар ашаң жүзіне жастық шағы қайта оралғандай бір нұрлы шырай кіріпті. Ол дереу баласының қасына жетіп келді, қысқа ғана бір күліп, даусы еріксіз шығып кетті де, көзі мөлтілдеп жасқа толды, бар болғаны сол. Бірақ ол өмір бойы тап осы бір сәттегідей бақыт-қуанышқа кенеліп көрмеп еді: «Мен сені бірден таныдым, жарығым, жалғызым сол!» Сол-ақ екен, Грэй табанда сәби қалпына қайта түскендей болды. Ол әкесінің қайтыс болғанын есітті, сосын өзі бастан кешірген хикаяларын сөз етті. Шешесі соның бәрін ләм деместен, баласына өкпе артпай, кінәламай үнсіз отырып тыңдады, бірақ өзінше, іштей ұлының өмір тірлігінің өзегіне айналған өнерін – баласына ермек болып жүрген ойыншықтай көріп отырды. Тіпті құрлықтар мен мұхиттар да, кемелер де оған сондай ойыншық болып көрінді.
Грэй қамал-сарайда жеті күн болды, сегізінші күні ол қойны-қонышына ақшаны сықай салып, Дубельтке келіп, капитан Гопқа сөз тастады: «Сізге алғыс айтам. Сіз маған жақсы жолдас болдыңыз. Қош, ақылшы дос!». Сөзінің шын мәнін сездіру үшін ол капитанның қолын құшырлана қысты.
– Енді мен өз кемеммен бөлек жүзем». Гоптың беті ду етіп, қолын жұлып алды да, жерге бір түкіріп, жүріп кетті, бірақ Грэй оны қуып жетіп, иығынан құшақтай алды. Сосын бұлардың бәрі командадағы жиырма төрт адам бас қосып, мейманханадан шықпай, күні-түні ішіп, у да шу болып, ән-өлең айтысып, буфет пен асханадағы арақ-шарап пен ас атаулыны түгел тауысқанша тарқамады.
Арада аз уақыт өткеннен кейін Дубельт портында қарауытып көрінген жаңа діңгек үстінде кешкі жұлдыз жымыңдап тұрды. Бұл Грэй сатып алған «Құпия» кемесі еді, ол екі жүз алпыс тонналық үш мачталы галиот болатын. Сонымен өз кемесінің капитаны және иесі ретінде Артур Грэй тағы да төрт жыл жүзді, ақырында тағдыр айдап, ол Лисске келді. Бірақ ол үйіне келгенде, шешесінің өзін жүрек күйіндей боп естілген қысқа ғана ұяң күлкімен қарсы алғаны жігіттің есінде мәңгі сақталып қалып еді, сол себепті де ол жылына екі рет қамал-сарайға соғып кетеді, келген сайын күміс шашты әйелдің жарым көңіліне медеу боларлық бір ойды: осындай үлкен бала ойыншықтарын қалайда уысынан шығармайтын шығар деген көмескі үміт ұшқынын тастап кетеді.
