Перейти к содержимому
Обложка сообщества Qaz

АДАМНАН АЛҒАШҚЫ БЕЛГІЛЕР

Алаңқайдан әрі тағы да орман танабы басталды, олар алдыңғыдай иттерді бұрын жіберіп ап, сүрлеумен жүріп отырды.

Кенет орман ішінен иттердің шабалана кеп үрген үні шықты. Мылтығын оңтайлап жетіп келген жиһанкездер, шамасы, шөлдеп көлге беттеген жерінен иттер тоқтатқан бір үйір жылқыны көрді. Иттер құйрығын қысып ап ызыға үреді кеп, ал жылқылар жолын бөгеген құйтақандай батыл немелерге таңырқап шекеден қарайды.

Тұяғымен жер тарпып осқырғанымен де олардың ілгері жылжуға батылы бармайды.

– Енді не істейміз? Жол жабық, – деп күйгелектенді Костяков.

– Атуға тура келеді, – деп дік етті Горохов.

– Оқпен атпаңдар тек! – деп жалынды Горюнов. Ет әзір жетеді. Мыналардың тұрған тұрысы жаман, жараланса-ақ, айғыры бізге тұра ұмтылып, қалған табын таптап кетеді. Үйрекке деген бытырамен бер жағындағыларын үркітіп көріңдер.

Сүрлеудің жіңішке жолағынан гүрс еткен мылтық үні, алдағы жылқыларға жабысқан бытыра үйірді үйме-жүйме қылды.

Құлындағы даусы құраққа кетіп, аспанға шапшыған жылқылар жалт бұрылып бірін-бірі тапап, екі жағындағы жас шыбықтар мен бұтаны таптап жанталасты. Ақыры бір жерге ұйлыққан үйір жалт бұрылып, кейін қарай жөңкіді.

– Енді алаңсыз жүруге болады, орманнан ештеңе кездеспеуге тиіс, – деді Ордин.

Жабайы жылқылардың жер жаңғыртқан дүбірі жануарлардың ғана емес, құс атаулының да зәресін алса керек, біраз уақыт бәрінің де үні сап тыйылды. Келесі алаңқайға олар еш кідіріссіз келді. Келді де тағы аңтарылып қалды, алаңқайдың дәл ортасында жасыл алқапта оқшаулау қардай аппақ төбе тұр.

– Мәссаған, мынау қандай үлкен күртік! – деп дауыстап жіберді Горохов.

– Еріп үлгермеген сең шығар, – деп түзетті оны Горюнов.

– Қазір сең осынша биік бола ма? – деп сұрады Костяков.

– Жоқ, биік болмайды. Бәлкім, бұл түз қатпарының төңірегіне қатқан қуатты қайнар тұнбасы шығар.

– Сонда бұл не болғаны?

Жасыл алқаптан өткен соң жиһангездер әлгі төбенің кішірек көлдің ортасында тұрғанын байқады, әлгі күртік пе, сең бе деген болжам далада қалды. Жақын жерден төбе бірінің үстіне бірін қойған саты-саты тақта тас сияқтанды, дүрбімен қарап көріп еді, олардан шапшып бу шығып жатыр екен.

Мынау керемет төбеге бәрі таңырқай қарап қалды, оның ұшар басынан шыжылдап, ысқырып шудаланған аппақ бу аралас фонтан атылды, ол он метрдей көтеріліп барып жаңағы сатыларға жаңбыр болып жауды. Бұл қызық құбылыс бір минуттан әріге созылған жоқ, төбе қаз қалпына қайта келіп, сәл мұнарланды да тұрды.

– Енді бәрі түсінікті болды. Бұл геизер – жердің жанартаулы аймағында жиі ұшырасатын мерзімдік ыстық су арасаны, – деді Ордин.

– Сіздікі жөн, ал төбе – атылған судан шығып, ол сатылап аққанша тұрып қалатын кремний тұнбасының қатқан қабаты.

Температурасын өлшеп көріп еді, Цельсий бойынша отыз бес градус, малған қолға ыстықтығы білініп тұр.

– Міне, көлде құс сондығынан да көрінбейді екен-ау, – деді Костяков.

– Зайыры, балық та жоқ, иірім еш жерден білінбейді, – деп құптады оның сөзін Ордин.

Алайда көл мүлдем жәндіксіз емес еді. Оның түбінен қызғылт балдыр кездесіп, арасында ыстық суда өзін жақсы сезінетін шаян тәріздес ұсақ жәндіктер өріп жүрді. Бірақ текті жануарларға бұл аса қолайсыз болса керек, бірер үйрек келіп қонып еді, ізінше барылдап қайта ұшты.

– Осы қоналқа жайын ойластырар уақыт жеткен жоқ па?– деп жан-жағына қарады Горюнов.

– Иә, күн ұясына қонуға жақын, ұзақты күн көрген қызық, алған әсеріміз аз болмас, – деп келісті Ордин.

– Жыртқыштардан тасалау бір жер таңдау керек, – деп пікір қосты Костяков.

– Ағаштың басына шығып кетпесек, ондай жер таба қоймаспыз, ал құстар құсап бұтаққа шығып отыру қайдан қолайлы болсын.

– Меніңше, орманда қонбай, ашық алаңқайда түнеу керек, ұйықтағанда кезек-кезек қарауыл қояйық, – деді Горохов.

– Әрине, сөйтеміз, аңдарды жолатпау үшін отты сөндірмеуіміз керек, – деді Горохов.

Көл жағасында отын болмағандықтан одан шығатын бұлақты бойлай отырып, орманның шетіне келіп жалғыз теректің түбіне жайғасты. Күн жарықта бір түнге жететін отын әзірлеп, екі жерден от жақты олар. Кешкі асты ішіп болған соң түнге екі сағаттан кезекшілік белгілеп, екі оттың арасына жатып ұйықтауға кірісті. Бірақ түн онша тыныш болған жоқ: ауық-ауық бірде алыс, бірде жақын әр алуан үндер келіп, маза бермеді, өгіздің мөңірегені, жылқылардың кісінегені, мүйізтұмсықтардың гүжілдегені, жапалақтардың қиқылдағаны естілсе-ақ, екі ит ол дауысқа шабалана үріп жауап береді.

Түн ортасы ауа тұман түсіп, алаңқайды орап алып, ай жарығы өлеусіреп әрең жетті. Бірте-бірте тұман түстікке қарай ысырылып, ара-арасында ай сәулесі жарқ етіп, алаңқайды жап-жарық етіп жібереді де, көл ортасындағы төбені сүт теңізінде жүзіп жүргендей көрсетеді. Оның жиырма минутта бір атылуы, шырылдап, ысқыруы мен құлаған судың шуылы тыныштықты бұзады.

Таң атқасын терістіктен әжептәуір күшті жел тұрып, тұманды ілезде ыдыратты. Аңғардың шығыс жиегіндегі басында алашабыр қар жатқан найза тіс шыңдардан жоғары көтерілген күн жиһанкездерді жұмысқа сақадай сай тұрған үстінен басты. Бұл күні олар шығысты бетке алып аңғардың шетіне шейін барып, оны жиектей отырып, күртіктің қасындағы қосқа оралмақ еді. Никифоровтың амандығын біліп, оған мұнда мүйізтұмсықтар мен аюлар бар екенін айтып, оларды атпа деп сақтандырмақ болды.

Ұзамай олар алаңқайдан бірнеше шақырым созылып, барған сайын аласара беретін орман арқылы шығысқа апаратын жалғызаяқ сүрлеу тауып алып жүріп кетті. Бірнеше шіл мен бір үлкен құр атып алды. Құрды иттер қуалап, ағаштың басына айдап сап, ол иттерге аңтарыла қарап тұр еді, оқ қалпақтай ұшырды. Орманнан кейін кездескен алаң саздауыт екен, ортасы кәдімгі мүкті қорыс, шамасы, бұрынғы көлдің орны болса керек.

Оны орман жиегімен айналып өтуге тура келді. Ойламаған жерден иттер орманнан бір бұғыны айдап шықты.

– Демек, бұлан да бар екен-ау! – деп қуанып кетті Горохов.

Бұл бұлан емес, бойы сондай үлкен бұғы еді. Әсем көтерілген әдемі басын бұлан мен маралдың (киелі бұғының) мүйіздерінің ең тәуір қасиеттерін жинақтаған әшекейлі мүйізі тіпті келістіріп жіберген. Маралдың мүйізіне оның аумағы келеді де, бұландікіне иректеліп біткен жалпақ ұшы ұқсайды. Осынау керемет жануар аңшылардың аранын ашып жіберді де, итке бөгелген ол жарықшақ оқтан жалп етті.

– Бұланға ұқсайды да, ұқсамайды да өзі, – деді Горохов.

– Сонда нендей аң бұл, сіз білмейсіз бе, Матвей Иванович?

– Менің ойымша, бұл ежелгі бұғы, – деп жауап берді аңды әрі-бері қараған Горюнов. – Се rvus euryce ros, мамонттың тұрғыласы.

– Бірақ онша ірі емес, жасырағы шығар, – деп сөз қосты Ордин.

– Жоқ, бұл қарт бұғы, мүйізінің түбіндегі сырғасына қарағанда он бес жаста болар, – деді Горохов.

– Зады, азып бара жатқан тұқым болды ғой, – деп топшылады Костяков.

– Және де сирек тұқым, тасқа айналған басқа тірі жануарларды көп көрдік, ал мынау алғаш ұшырасып тұр.

– Демек, мұның тұрқын өлшеп, бас сүйегі мен мүйізін ала жүру керек, – деді Горюнов.

– Мүйізі тым ауыр әрі сақтауы қиын, көктемгі ғой жарықтық, жұп-жұмсақ, қаны шығып тұр, – деп Костяков шындығын айтты.

– Қап! Бірақ, әйтеуір суреті болады. Жаңа иттермеи арпалысып жүргенде түсіріп алғанмын, – деді Ордин.

Уақыт өткізбей бұғы денесін өлшеп алып, етімен иттерді азықтандырды да, мүйізін шауып тастап, басын базада зерттеу үшін өздерімен ала жүрді.

– Кешкі асқа миы мен тілін алайық. Бұдан тәтті тағам табылмайды, – деп тамсанды Горохов етік жамау ұшін бұғының жонынан таспа тіліп алып жатып.

Алаңқайдан әрі бара-бара сиреп аласара беретін орман танабы тағы да басталып, таулардың тік жарына шейін созылып жатты. Соңғы орманның айналасы қалың мүк. Мүктің бауырдай жасылы мен бұғы жейтін ақшылы ойпаң жерге жастықтай жайыла төселіп, құлама жардан домалаған тастарлы көрсетпей жауып жатыр.

– Бұғыға жайлы-ақ жер екен! Шіркін, жазда осында айдап әкеп тастаса ғой, – деп күрсінді Горохов.

– Санников жерінде саз бен көлдің көптігіне қарамай шыбын-шіркей жоқ екенін аңдадыңдар ма? – деп сауал қойды Горюнов.

– Иә, айтқандай, не сәйгел, не бөгелек, не шіркей жоқ, тіпті масаның өзі аз, – деп құптады Ордин.

– Бір сөзбен айтқанда, жұмақ! Жаз шыбын-шіркейі өмірден түңілдіретін біздің елден мүлдем бөлек, – деп қостады Горохов.

– Таяуда ғана сағым мен сайтан туралы не айтқаныңыз есіңізде ме, Никита. – деп күлді Горюнов.

– Бәлкім, біздің көріп келе жатқанымыздың бәрі алдамшы елес шығар? – деп сұрады Костяков.

Горохов ұяла жымиып, басын шайқады. Рас, екі күн бойы көргенінің бәрі ғаламат, бірақ елеске еш ұқсамайды.

– Казачьеге аман-есен оралайық, мұның елес екенін, елес емес екенін сонда айтармын, – деп әккі якут жол тауып жалтарып кетті.

Мүкті алқапта жайылып жүрген бірнеше солтүстік бұғысын көрді бұлар, кісіні көре сала олар да жалт беріп, бұта арасына сіңіп жоқ болды.

Тік жардың тура етегіне тақағанда олар төбеден құлап тұрып қалған жартас тасасында көзге бұрын түспеген таутекелерге тап болды. Олар жар жағалап зырлай жөнелді де, сонан соң көз ілеспес шапшаңдықпен жақпарды жиектеп, тастар ұшыраспай қалған тұста жеп-жеңіл қарғып кетіп, жүз метрдей биіктікке барып текше-тасқа сіңіп ғайып болды.

Қынаның қызыл-күрең бояуы мен таңбасы түскен қап-қара қабырғасы түксиіп сатылап биіктей беретін жар-құз осынау тамаша аңғарды тұтас көмкеріп тастаған базальттан тұрады. Оның етегінде өсімдік атаулы жоқ, қынасы жалбырап бейберекет шашылған құз сынықтары, әредік арасындағы шұңқырлардан қар жалтырайды. Төбеден тиіп тұрған жартас жиһангездердің назарын айрықша аударды. Ол тас сынықтарынан ада бірнеше шаршы метрлік алаңды жауын-шашыннан қорғап тұрады екен. Алаңды бірақ таутекелер тұяғы шиырлап, топырағын шығарып тастапты. Оның түкпірінде табиғи үйшік бар сияқты, онан Гороховтың өткір жанары түтін табын бірден шалды.

– Ой, мынада адамдар болған! – деп ол дауыстап жіберді.

– Таутекелерді бағып жүрген бе екен? – деп мыр ете түсті Костяков.

Барлығы үйшіктің маңына үймелей қалды, оның түкпірінде бірнеше шала, көмір, күл, күйген сүйек жаты Алаңды аралап жүріп шақпақ тастан тым тұрпайы жасалған қаруларды кездестірді.

– Тас дәуірдің адамдары! – деді Ордин. – Қаруларының тұрпайылығына қарағанда тіпті неолит емес, палеолит дәуірінің адамдары.

– Олар мұнда қашан тіршілік құрған? Бәлкім, мың жыл бұрын болар? – деп іліп әкетті Костяков.

– Жоқ, оты жақындағы ғана сияқты. Бетіне құз сынықтары түспеген, тек таутекелер тұяғынан ұшқан шаң ғана жапқан.

–Демек, Санников жерінің бір тұсынан тас дәуірінің адамдарын, кәдімгі кісі жегіштерді кездестіреміз бе? – деп сұрады Костяков.

– Күйген сүйектер кісінікі сияқты, – деп мақұлдады Горохов.

– Осы сіздің онкилондарыңыз болып жүрмесе, игі ғой,– деп Костяков кінәлағандай Горюновқа тесіле қарады.

– Онкилондардың Сібірден кеткеніне бірнеше жүз жил. Ол кезде терістіктің халқы тас дәуірі адамдары емес-ті, темірді қолдана білетін.

– Иә, онда біздің ата-бабалар кен қазып, темірден пышақ, үзеңгі, сақина, қармақ соға білетін, – деп оның сөзін Горохов беркіте түсті.

– Ал темірге қоса олар мүйізден, сүйектен, тастан жасалған бұйымдарды да кең қолданған. Ол бұйымдарды жаңа мәдениеттен жырақ шалғайда жатқан, ауыр темір заттар зордың күшімен там-тұмдап қана жететін тұз халқы ғана жөндеп жасайды. Алайда мына бұйымдардың жасалуы және әрленуі палеолит емес, неолит дәуіріндегілерімен ғана салыстырарлықтай, – деп ежіктеді Горюнов.

– Яғни бұл от онкилондардікі емес қой.

– Әрине, онкилондардікі емес. Зайыры, бұл арада мамонттардың үңгір аюларының, мұз басу дәуірінің соңындағы басқа да жануарлардың замандасы, көне тас дәуір адамдары да сақталған секілді.

– Жануарларының сақталғанын көрдік емес пе, ендеше, адамдары да аман, – деп қойды Ордин.

– Әлгі жабайыларға қарағанда мәдениеті жоғары онкилондар қырып салмаса, ол адамдар сақталуы да ықтимал– деді Горюнов.

– Отқа қарағанда, олар бертін болған немесе әлі бар, жалғыз-жарым болса да кездесуі керек, – деген пікір білдірді Ордин.

– Тас дәуірдің тағы адамдарын көру қызықтың көкесі болар, – деп қостады Костяков. – Олар, шамасы, аңғардың шетіндегі үңгірлерде тұруы керек, сондықтан кісі жейтін жабайылармен кездесу қатерлі екенін Никифоровқа ескертіп қою керек.

Шоқтың бауырына қайтып оралып, жиһангездер оны жағалай отырып түстік-батысты бетке алып, кешқұрым өз базасына жақындады .

Ақ күртіктерге тақау қалғанда, төзімі таусылған Горохов көздеп тұрып жақпар таста ыңғайлы тұрған бір таутекені басып салды.

Оған жауап ретінде база жақтан да мылтық атылып, Пеструханы ертіп Никифоров оларға қарсы шықты. Иті құйрығын бұлғаңдатып, Крот пен Белуханы иіскелеп, ауыз жаласты да қалды.

Никифоров осының алдында ғана бір өгіздің етін алып келіп, күндіз бір таутекені атып түсіріп, отын әкеліп алған екен. Ол күртіктен өзіне қамба да қазып, ішіне шатырын тігіп те үлгеріпті, оның аузына тақта-тақта мұз үйіп, бір кісі әреңсиярлық қана жол қалдырыпты. Оны да түнде мұзбен бітеп, Пеструханы серік етіп, өзін -қатерден ада сезінсе керек.

0
0
756

Еще по теме