Мазмұнға өту

Жаңа

Ақжүрек Таңатаров әлемдік алтынға таласады

Ақжүрек Таңатаров

16 қыркүйектің күні Будапеште (Венгрия) күрес түрлерінен әлем чемпионаты басталады, деп хабарлайды alaman.kz.

Қазақстан еркін күрес құрамасының бас бапкері Руслан Өмірәлиев әлемдік сынға қатысатын балуандардың есімін жариялады. Ал грек-рим күресінен Лондон ойындарының қола жүлдегері Данил Гаджиев құрамаға енбей қалды.

Еркін күрес:
55 кг — Расул Қалиев,
60 кг — Даулет Ниязбеков,
66 кг — Даурен Жұмағазиев,
74 кг — Ақжүрек Таңатаров,
84 кг — Аслан Кахидзе,
96 кг — Таймураз Тигиев,
120 кг — Дәулет Шабанбай.

Грек-рим күресі:
55 кг — Нұрсұлтан Қалмырзаев,
60 кг — Алмат Кебіспаев,
66 кг — Ербол Қоңыратов,
74 кг — Асхат Ділмұхамедов,
84 кг — Нұрсұлтан Тұрсынов,
96 кг — Ерұлан Ысқақов,
120 кг — Нұрмахан Тінәлиев.

Әйелдер күресі:
48 кг — Зульфия Яхъярова,
51 кг — Татьяна Аманжол,
55 кг — Айжан Исмағұлова,
59 кг — Джулия Сәтімбекова,
63 кг — Екатерина Ларионова,
67 кг — Эльмира Сыздықова,
72 кг — Гузель Манюрова.

   

АСТАНА. ҚазАқпарат

 
0
0
585

Озил «Арсеналға» ауысты

Месут Озил

Мадридтік «Реалдың» жартылай қорғаушысы Месут Озил лондондық «Арсенал» сапына ауысты. Бұл туралы «канонирлердің» ресми сайты хабарлап отыр.

Неміс футболшысының трансферлік құны 45 миллион еуроғабағаланған көрінеді. Месут Арсен Венгер командасымен 5 жылдық келісім-шартқа қол қойған. Футболшының жылдық табысы 8,6 миллион еуроны құрап отыр. Ал «корольдік клуб» сапында жартылай қорғаушының жылдық табысы 5 миллион еуроны құрайтын.

Месут Озил «Арсенал» командасының трансферлік тарихындағы ең қымбат футболшылардың көшін бастады. Осыған дейін команданың бұл дәрежедегі қымбат ойыншыларының қатарында Хосе Антонио Рейес (17,6 миллион фунт), Санти Касорла (16,7 миллион фунт), Сильвен Вильтор (15,4 миллион фунт) және Андрей Аршавин (14,5 миллион фунт) болатын. Өз кезегінде Месут Озил:

- Менің «Реал» сапындағы өткізген кездесулерім өзімді кәсіпқой футболшы ретінде қалыптасуыма жол ашты. Негізгі құрам ойыншысы атандым, үш бірдей кубокке қол жеткіздім. Ал енді Арсен Венгердің маған артқан сенімін мен әр кездесуде «Арсенал» үшін барымды салып дәлелдеймін деп ойлаймын. Лондондық ұжыммен бірге талай белестерді бағындырғым келеді.

- Біз өте қуаныштымыз, Месутты өз командамыздың қатарына қосып алғанымызға. Озилдің алаңда өнер көрсетуі өте жоғары деңгейде. Жартылай қорғаушыны командамның сапында ойнауын қалағанымды «Арсенал» басшылығы да қолдады. Енді Озилдың «Арсенал» жейдесін киіп алаңға шығуын ғана күтетін боламыз.

Месут Озил «Арсеналдың» 11-ші нөмірлі жейдесін киеді деп күтілуде. Бұл жаздағы трансфер маусымының соңғы ауысымы болуы әбден ықтимал. Өйткені санаулы минуттардан кейін Еуропада трансфер терезесі жабылады.

 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

 
0
0
325

«Президент Кубогы» мәресіне жетті


Иран командасы

Алматыда ерлер арасында волейболдан өткен «Президент Кубогы» өз мәресіне жетті. Бас жүлде Иран (U-23) жастарына бұйырса, Қазақстан құрамасы үшінші орынды қанағат тұтты.

Ақтық сынға жолдама алған Иран (U-23) жастары Ресей (U-23)жастарын финалдық тартыста 3:0 (28:26, 25:22, 25:15) есебімен жеңіп, алтыннан алқа тақты. Ал үшінші орынды сарапқа салған Қазақстан құрамасы Бахрейннен 3:0 (25:23, 29:27, 25:23) есебімен басым түсіп, қола жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар V орынға таласқан Олег Кузнецов баптайтын Қазақстан-2  командасы түріктерден 1:3 (25:23, 28:30, 19:25, 16:25) есебімен жеңіліп, VI орынды иеленді. Жарысқа қатысқан Катар құрамасы VII орынды, БАӘ VIІІ орынмен доданы қорытындылады.

 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

 
0
0
299

Чемпиондар Лигасының добы таныстырылды

УЕФА добтары

Adidas компаниясы Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасының 2013/2014-маусымына арналған арнаулы доптарды таныстырды, деп хабарлайды УЕФА-ның ресми сайты.

Чемпиондар Лигасы (Finale 13) мен Еуропа Лигасының доптары турнир логотипімен сәнделген және топтық кезеңнен бастап қолданыла бастамақ.

 
0
0
1007

Бэйл: «Менің арманым орындалды»

Гарет Бэйл «Сантьяго Бернабеуде» салтанатты түрде танысу кешін өткізді. Алаңға жиналған жанкүйерлер жартылай қорғаушының «Реал» сапын толықтырғанына бек қуанышты.

«Тоттенхэм» командасынан ауысып келген Гарет Бэйл өткен маусымда ағылшын премьер-лигасының үздік футболшысы атанған болатын. Жартылай қорғаушының «корольдік клубта» медициналық тексеруденөткенін осыған дейін хабарлаған едік. Енді валийлік футболшының таныстыру кеші де сәтті аяқталды. Өз кезегінде Гарет Бэйл:

- Мен бақыттымын, менің арманым орындалды! Мен «корольдік клубқа» оныншы рет Чемпиондар Лигасын жеңуіне өз үлесімді қосамын деп ойлаймын. Спорттық мансабымның үлкен дәуірі енді басталғандай. Аз-кем испан тілінде айтар болсам: Осылай жылы қарсы алғандарыңызға рақмет! Алға Мадрид! Үлкен рақмет!

 
0
0
430

«Сәләф және Сәләфилік ұғымдары арасындағы айырмашылықтар» атты мақаласы

«Ислам және өркениет» діни-танымдық газеті. ҚР Дін істері агенттігінің Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының жетекші ғылыми қызметкері С. Көкенайдің «Сәләф және Сәләфилік ұғымдары арасындағы айырмашылықтар» атты мақаласы

Тарихта терең іздері болмаса да, қазіргі таңда көптеген ағымдар және идеалистер өздеріне көпшіліктің назарын аудартуда. Олар, модернистер, реформистер, құраншылар, құран мағынасын оқушылар десек, исламды саф негізінде ұстауды алға тартқан сәләфилер бұлардың алдынғы қатарында.

Діни сауатсыздық және дұрыс пен бұрыс мидай араласқан қазіргі жағдайда бұл ағымдар, ниеттері дұрыс мұсылмандардың адасуына, теріс жолға түсуіне себепкер болуда.

Сәләфилік XIII-ғасырдан бастау алған ағымдардың бірі. Бұл ағымның көзқарастары, жетекшілері, оларға тағылған сындар өз алдына бөлек тақырыптар. Біз бұл мақалада оның негізгі ұғым-терминдеріне тоқталып, қысқа түрде тұжырымдамалар береміз.

Кімдер сәләф деп аталады?

Бұхари мен Мүслимнің «Cахих» деп аталатын жинақтарында риуаят етілген хадис шәріпте; Мұхаммед пайғамбар «Ең қайырлы буын менің кезеңімде өмір сүргендер. Кейін олардың соңынан ергендер, одан кейін олардың артынан жүргендер» [1, 278 б.] деген хадисіндегі «ең қайырлы буын» деген атқа ие болған алғашқы үш буынды арабша «сәләф» деп атайды. Яғни «сәләф» сөзі араб тілінде «бұрынғы», «алғашқы» деген мағыналарды білдіреді. Жоғарыдағы хадисте ислам діні даму сатысының ең биік шыңына жеткен үш буынына сілтеме берген.

Сол алғашқы үш буынды қатарымен айтар болсақ олар сахабалар, табиғиндер (сахабаларды көргендер) және табаға табиғиндер (табиғиндерді көргендер) яғни исламның алғашқы үш ғасырында өмір сүргендер. Бұлар иманда, ілімде және амалда бүтін мұсылмандарға үлгі-өнеге болған буындар.

Мұхаммед пайғамбар қайтыс болғаннан кейін сахбалар исламның алғашқы өкілдері болды, Хижаз аймағында және ислам әлеміне қосылған жаңа аймақтарға исламды дұрыс уағыздап жеткізіп, көптеген шәкірттер жетістірді. Құран кәрімді, хадис шәріптерді және ислами жораларды сол кездегі мұсылмандар сахабалар арқылы үйренді. Сондықтан тарихқа көз жүгіртсек сахабалардың әрбірі ілімге үлес қосумен қатар иман, амал, әдеп, зуһд, тақуалық және көркем мінез-құлықта  өз үлестерін қосқан.

Олардан кейінгі келген буынды табиғиндер дейді. Табиғиндер сахабалардың көзінің алдында жетісіп, иманды, ілімді және амалды солардан үйренді. Бұл буынның табиғиндер деп аталуының себебі, мәселеге атүсті қарамай, сахабалардың артынан жүруде көрсеткен табандылықтары мен сүйіспеншіліктері.

Сахабалардың мәртебесінің жоғары болуы, Құранда жақсылықтың жаршысы ретінде мадақталуы, Мұхаммед пайғамбардың көзінің алдында жетісіп өкілдері болуы, сонымен қатар исламды ең дұрыс бойларына сіңіріп өмір сүрулерімен қатар қара қылды қақ жарған әділеттіліктерінде жатыр. Ал табиғиндердің шоқтықтарының биік болуы мына екі негізде жатса керек.

- Олар исламды сахаба буынынан, яғни, дін амалдарын дұрыс түсініп іске асырған жандардан үйренді.

- Сахабалар кезеңінде кездеспеген, кейіннен ортаға шыққан исламға жат бейтаныс идеялар, мәдениеттер, наным-сенімдермен алғаш рет олар бетпе-бет келді.

Философиялық ағымдармен қатар, философиялық ойдан өрбіген Мұғтәзила, Жәбрия, Мүржия секілді жаңа шыққан ағымдар және түрлі мәдениеттер мен наным-сенімдер алғаш рет табиғиндер кезеңінде ислам қоғамына еніп, түрлі көзқарастардың және ақидалық мәселелердің   туындауына түрткі болды.

Табиғиндер буынынан болған ғалымдар, аталмыш ағымдармен күрес жүргізіп, сахабалардан мирас болып қалған таза ислам түсінігін, кемшіліксіз таралуына және келешек ұрпақтарға дұрыс жетуіне көпір болып, көптеген қызметтер атқарды. Міне, сондықтан ислам негізіне жат келетін әртүрлі жаңалықтарға көзқарасымыздың қандай болатындығын табиғиндер буынынан үлгі алып бағдарымызды белгілеуіміз қажет.

Табиғиндер кезеңі фиқһи мазһабтардың негізі қаланған және жеке мазһабтардың ортаға шыға бастаған дәуір ретінде де өте маңызды. Сол дәуірде өмір сүрген Хасан Басри, Суфиян Сәури, Ибраһим Ән-Наһаий, Шағбий секілді көптеген ұлы тұлғалардың әрбірі мұжтәһид болып, жеке мазһабқа ие болды. Ханафи мазһабының имамы Әбу Ханифа да осы кезеңде өмір сүрген табиғиндер буынынан.

Табиғиндерден кейін келген, олардың шәкірттері болғандарға «табаға табиғиндер» дейді. Бұл кезең ғылыми салалардың қалыптасып кең етек жайған, хадистердің жеке кітаптар халінде жинақталып, ақидалық және фиқһи мазһабтардың кемелденіп  тармақталған шағы болады.

Сонымен, жоғарыда баяндалған үш буын, Құран мен сүннетте ардақталып, таза ислам түсінігінің бізге дейін кіршіксіз жетуіне жауапкершілікті өз мойындарына алып орындады. Сондықтан аталмыш үш буынның діни наным-сенімдері, діни шешімдері мен ұстанымдары ең сенімді әрі дұрыс пен бұрыстың өлшемі болып табылады.

Фиқһтағы (ислам құқығындағы) төрт мазхабтың жетекші имамдары Имам Әбу Ханифа (80-150 һ.ж.), Имам Малик (94-179 һ.ж.), Имам Шафиғий (150-204 һ.ж.), Имам Ахмад ибн Ханбал (164-241 һ.ж ) ислам дінінің алғашқы дәуірлерінде өмір сүрген. Сондықтан төртеуін де «сәләф» имамдар дейміз. Исламның алғашқы дәуірлерінен бері бұл төрт мазһаб, Мұхаммед пайғамбар мен оның саңлақ сахабаларының ұстанымдарына негізделгендіктен «әһлу сунна уал-жамағат» деп танылған.

Тарихқа қарасақ, ислам қоғамында қандай да бір толқулар туындаған сәтте бұл үш буынның үлгі-өнегесіне қайта оралу нәтижесінде мәмілеге келіп тұрақтылық жүзеге асырылған. Сондықтан «Сәләфу салихин» ислам үмбетіне бас тартуға болмайтын даңғыл жол және әділ таразысы есепті.

Сәләфилік дегеніміз не?

Сәләфилік – жоғарыда баяндағанымыздай исламды сәләфу салихинның түсінгеніндей етіп түсіну керектігін алға тартатын ағым. Алғаш рет XVIII-ғасырда өмір сүрген, қазіргі Сауд Арабияның шекарасының ішінде қалған Нәжид аймағында ортаға шыққан. Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың жүргізген «Уаһһабилік» қозғалысы да кейіннен «сәләфилік» делінген.

Сол сияқты Мысырда Жәмаледдин Ауғани, шәкірті Мұхаммед Абдух тарапынан бастау алған «Исламдық реформа» қозғалысының мақсаты дінді бұрынғылардың түсінігі бойынша іске асыру, негізгі қайнар көзге оралу, мұсылмандардың мәдени, саяси ұстанымдарын реформалау және батыс отаршыларна қарсы тұру идологиялары кейіннен сәләфилік атымен аталатын ағымның ортаға шығуына себепкер болған.

Бұл екі қозғалыстың негізінде түпкілікті түсінбеушіліктер жоқ, бірақ мына мәселелерде айырмашылықтар кездеседі.

- Ақидада Уаһһабилер кәлам мазһабтарын қабыл етпейді. Әһли сүннеттің екі атақты кәлам ғалымы Әбу Мансур әл-Матуриди мен Әбул Хасан әл-Әшғариді саф ислам ақидасын кәлами дәлелдер қолдану арқылы және ақылды нақылдан (Құран, сүннет) үстем тұтуымен негізін бұзған деп айыптайды. Сонымен қатар Мұташабих (астарлы) аяттар мен хадистерді Алла тағаланың ұлылығына сай жорамалдануына қарсы шыққан Уаһһабилер тасаууфқа да қарсы екендіктерін ашық айтады.

Ал, Ауғани мен Абдухтың жолы болса ақида саласында кәлам ғалымдарының қолданған әдістемелерін қолдап, философия, логика және кәлам секілді ғылымдарға қарсы шықпайды, мұташабих аяттар мен хадистердің, Алла тағала мен мақұлұқаттарының арасында ұқсастық болмауы үшін тәуил (астарлы мағнасын түсіндірілуін) етілуін қолдайды.

- Уаһһабилер, фиқһи (құқықтық) мазһаб ретінде Ибн Таймия мен оның шәкірті Ибнул Қаийымның жолымен жүреді. Әһли сүннет мазһабтары истихсан, истислах, мәсалихи мурсәл және т.б. құқықи дәлелдерді қолданғандары үшін бидғат (жаңашылдық) енгізді деп айыптайды.

Ал, Ауғани мен Абдух жолы болса, бір мазһабпен ғана жүруді қабыл етпейді. Барлық фиқһи мазһабтарды бірлестіру жолын қарастырады.

Сонымен, араларындағы айырмашылықтарды қысқа түрде түсіндіргеніміздей, бұл екі ағым уақыт өте келе бір-біріне жақындасып «Сәләфилік» деп атала басталды. Ортаға шыққан кезеңнен қазіргі таңға дейін сәләфилік ағымына басқа көзқарастағылар да қосылды. Сондықтан «Сәләфилік» деген кезде ойымызға келетін әр тұлғаның бір түсінікте бір формада қалыптасқан топ емес, төменде баяндайтын көзқарастарды бойларына сіңірген топты көруге болады.

Сәләфилердің көзқарастары

1) Мұташабих аяттармен хадистер жайлы

Сәләфилердің ең айқын сипаттарының бірі, мұташабих (астарлы) аяттар мен хадистерді сөздік мағынасын негізге ала отырып, айтылғанындай қабыл ету керектігін алға тартады. Сондықтан Құранда және хадис кітаптарында Алла тағала жайында айтылған «қол, жүз, келу, отыру, түсу, арышқа истуа ету, ашулану, күлу...» [2, 127-172 бб.].  сияқты сипаттар, мақлұқаттарға қалай айтылған болса, олардың көзқарасы бойынша, Алла тағала хақында да дәл солай қолданылуы керек. Олай болса Құран кәрімнің көптеген аяттары бұл сипаттардың Алланың жаратқандарының сипаттарына ұқсатудың дұрыс болмағандығын айтады.

Әр ғылым саласында, сол саланың білікті мамандарының айтқандарына жүгінілетіндігі ақиқат. Осы қағидаға сәйкес тәпсір саласында, мүфассирлер, хадис саласында мұхаддистер, фиқһ саласында фақиһтар, ақида саласында кәлам/ ақайд ғалымдары не деген болса соған жүгінілуі қажет. Барша ғұмырын фиқһ ғылымының терең мәселелеріне жұмсаған бір ғалымның, ақайд саласында айтқандарын, ақайд саласы ғалымының айтқандарымен бір таразыға тартуға келмейді. Сондай-ақ қаншама жылын тәпсір саласында өткізген бір ғалымның, хадис ғылымының тереңдігі мен айырмаларын хадис ғалымы сияқты білуін күту мүмкін емес.

2) Тасаууф (сопылық) жайлы

Ислам әлемінде кейбір аймақтарда тасаууф атымен ортаға шыққан бұрыс әрекеттер, сәләфилердің тасаууфқа дұшпан болуларына негіз болды. Әһли сүннетпен бірге қайнасқан шынайы тасаууфты, Батинилік, Хурафилік секілді адасқан топтармен бірге қарастыруға болмайды. Әһли сүннет жолының дұрыс сақталып таралуына үлес қосқан шынайы тасаууф, мұсылмандардың ішкі жан дүниесімен рухани өмірінің жаңғыруына, көркем мінез-құлықтың әсемделуіне және парасатты тұлғалардың жетісуіне ықпал етті. Сахабалар кезеңінен бастау алған тақуалық жолды үлгі тұтқан тұлғалардың шыңдана түсуіне де айырықша рөл атқарды. Ақайд саласында болсын, амал саласында болсын тасаууф ғалымдарының еңбектері және көзқарастары нақты білдірілген.

3) Тақлид (құр ілесушілік, еліктеушілік) жайлы

Кейбір сәләфилер, фиқһ мәселелерінде мұжтаһид имамдардың тақлид етілуіне қарсы шығып, бұның адамдарды шіркке, діннен шығаруға апаратын жол екендігін алға тартады. Бұл айтқандарын дәлелдеу үшін көптеген аяттар мен хадистерді дәлел ретінде қолданады.

Олардың тақлидтің харамдығын дәлел ретінде алға тартқан аяттар мен хадистерге терең үңіліп қарағанда бұрмалап жорамалдау арқылы қол жеткізгендіктерін көреміз. Яғни, аят-хадистерден тақлидтің харамдығын күштеп шығарғалары келетіндігін байқаймыз. Олар тәуәссул мәселесінде қателескендері сияқты, тақлидтің харамдығы мәселесінде де үмбет ғалымдарының дәлелдеріне қарсы шыққан.

Хадис ғалымдарының арасында бір мәмілеге келген мәселелер бар. Хадис ғалымдары ижтиһад (аят-хадистерде берілмеген мәселелерді ақылға сүйеніп шешу) ете отырып, барлығы бір ауыздан хадистерді дәрежесі жағынан сахих, хасан және дағиф деп үш топқа бөлген. Демек, хадистерді бұлайша бөлу сол ғалымдардың ижтиһадтарына сүйенеді. Сондықтан, кейінгі ғалымдар олардың кітаптарындағы хадистерді дәлел ретінде қолданарда хадистердің дәрежесін білу үшін олардың көзқарастарын ұстанып оларға «тақлид» жасаған, яғни еліктеген.

Қазіргі таңда біздер үшін осыдан бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген хадис рауилерінің сипаттарын (дұрыстығын немесе бұрыстығын) білудің бір ғана жолы бар. Ол – хадис ғұламаларының бұл мәселеде айтқан пікірлері мен жазып қалдырған еңбектеріне сүйену. Біздің қандай да бір хадистің сенімділігі мен дұрыстығына көз жеткізу жолындағы іс-әрекетіміз толығымен сол ғалымдардың ижтиһадтарына негізделіп отыр. Әрі бұл еліктеудің (тақлидтің) нақ өзі. Әр мәселеде сәләфтің жолын қуамыз деген сәләфилердің өзі хадис ғалымдарының соңынан ерген еліктеушілер (муқаллид) болып есептеледі.

Түйінделік, егер қандай да бір ғалымның ой тұжырымын, дәлелін білместен қабыл ету тақлид ретінде харам болса, бұл харамды сәләфилердің өздері де істеп жүргендігі болады. Егер хадис ғалымдарының хадистердің дәрежелері жайындағы қанағаттарын тақлид ету дұрыс болса, мұжтәһид имамдардың фиқһ жайындағы ижтиһадтарын тақлид ету не үшін харам болсын? Тіпті өздерін салаф деп атап жүрген бауырларымыздың өзі де тақлид істеп жүргендерін білмей ме?

4) Қияс жайлы

Ислам құқығында шариғаттың қайнар көзі ретінде құран, хадис, ижма және қиясты дәлел етіп белгілген. Сөз етіліп отырған сәләфилер деп аталатын топтардың арасында қиясты ислам құқығының дәлелі ретінде қабылдамайтындар бар. Олар, қиясты «Алланың дініне өз көзқарасы бойынша үкім беру» деп түсінеді.

Фиқһ әдістемесі кітаптарында егжей-тегжейлі баяндалған мәселелер Құран аяттарында және Мұхаммед пайғамбар хадистерінде жалпыламалы түрде айтылған, сол сияқты адамзаттың бетпе-бет келген тіршілік мәселелері үкімінің барлығы аяттар мен хадистерде егжей-тегжейлі баяндалмаған. Құран мен сүннеттен біраз мағлұматы бар адамдар бұл үкімді қабыл етіп мақұлдайды.

Олай болса, үкімі Құран мен хадисте айтылмаған мәселелер жайында алдымызға екі таңдау шығады. Біріншісі – бұл  мәселелер жайында ислам діні ешқандай да бір үкім бермегендігін айту, екіншісі – бетпе-бет келген мәселенің дәл өзін болмаса да, оған ұқсас үкімдер жайлы Құран мен хадисте орын алған үкімдерді, араларындағы ұқсастығына байланысты жаңадан туындаған мәселеге де қолдану керек.

Бұл екі таңдаудың біріншісінің дұрыс екендігін айту, ислам дінінің жаһандығына, жершарының әр тарапындағы адамдардың әр уақыт мәселелелеріне шешімін таба алатындығын жоққа шығару болып табылады. Қиясты ислам құқығының дәлелі ретінде қабыл етпеген Ибн Хазм тарихта күлкілі жағдайға тап болған. Мысалы: Құран мен сүннетте шошқа етінің харам екендігі айтылған. Бірақ майының харамдығы жайлы ешқандай үкім берілмеген. Міне осы мәселеге байланысты Ибн Хазм шошқа майының халал екендігін айтқан. Қиясты фиқһи дәлел ретінде қабыл етпеу нәтижесінде туындаған күлкілі жағдай.

Әһли сүннет не дейді?

Жоғарыда тұжырымдағанымыздай, сәләфилер «сәләфу салихин» дін үлгі тұтқандарын алға тартса да,  бұл тек қана құрғақ сөз екендігін айтқымыз келеді. Шынтуайтына келгенде, имам Ағзам Әбу Ханифа да сәләфилерден болады. Сондықтан оның ақидаға байланысты және фиқһи көзқарастарын қабылдау нақты сәләфилік болып табылады. Бұл айтылғандар басқа да шоқтығы биік ғалымдар үшін де тиесілі.

«Әһли сүннет уал жамағат» ақидасы ретінде жоғарыда баяндалғандар жайлы имам Ағзам Әбу Ханифа мен имам Шафий арасында ешқандайда бір пікір қайшылығы жоқ. Бұл екі имам ғана емес, имам Малик, Әузағи, Зуһри, Ахмад ибн Ханбал, Суфиян әс-Саури, Яхия ибн Мағин, Әбу Юусуф, Мухаммед ибн Хасан секілді т.б. көптеген ғұламалар Хижаз, Шам, Ирак имамдары Хорасан және Мауерауннәһир имамдары, Әһли рай және Әһли хадистің барлығы, олардан бұрын өмір сүрген Сахаба, табиғин, табаға табиғиндер де бұл мәселеде бір пікірде. Әһли рай мен Әһли хадис арасында бұл тақырыптар бойынша қандай да бір дау, жанжал болмағандығын тексергісі келетіндер, Әбу Ханифаның кәлам саласында жазған «Китабул Алим (уал муғаллим)», «Әл-Фиқһул Акбар» және «әл-Уасия» атты еңбектеріне қарасын. Сонымен қатар имам Шафиидің де жазған еңбектеріне қараса екі мазһаб арасында қандай да бір айырмашылықтың болмағандығының куәгері болады.

Жоғарыдағы айтылғандар бізге мынаны дәлелдеуде Сәләфилердің «сәләф» көзқарасы мен шынайы сәләф арасында үлкен айырмашылық бар. Сондықтан сәләфилік деген ағым, сәләфтік түсінікті және тәжірибені негізге алғандығын ілгері тартса да, шынтуайтына келгенде, сәләфилік түсінік пен тәжірибеге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын көзқарастарды ұстанады. Олардың өшпенділік, менсінбеушілік, қатал және тек менікі ғана дұрыс деген ұстанымдары бұрынғы сәләф ғалымдарында кездеспейді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. İmam Nevevi. Riyazü’s-Salihin. – İstanbul, Erkam yayınları. 607 s.  III c. 2005 s.

2. Мұташабих аяттар мен хадистер жайлы кең мағлұматты, Қайрат Жолдыбайұлы. Дін мен діл. – Алматы, 288 б. 2010 ж.

   
0
0
854

«Бизнес тірегі» жобасын іске асыру барысы туралы

http://prokuror.gov.kz/kaz/baspasoz/akparaty/biznes-tiregi-zhobasyn-iske-asyru-barysy-turaly

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жұмысын тұрақты негізде жүргізуде.

Ағымдағы жылдың 8 айында кәсіпкерлерден «Бизнес тірегі» порталына мемлекеттік бақылаушы органдардың тарапынан болған бұзушылықтар туралы 358 ақпараттық хабарлама келіп түскен.

 
0
0
454

Естеліктер

Мейрамхан Жәпек

журналист,

Тұрар Рысқұлов публицистикасын зерттеуші

Тұрар, Нығмет және Мәскеу мұрағаттары

1.Бастау

Қазан айының аяғына қарай үш айға ғылыми іссапарға аттандым. Осынау ғылыми іссапардың бір айға жуық уақыты Мәскеу қаласында Мемлекеттік мұрағаттарда өтуі менің әу бастағы ғылыми жұмысымды ары қарай жалғастыруға мүмкіндік берді.

Сонымен, бұл жолы қазақ баспасөзінің тарихына қатысты қаншама құнды дүниелерді бауырына басып жатқан Ресей мемлекетіне, оның жүрегі Мәскеуге сапар шектім. Әлихан, Тұрар, Нығмет, Сұлтанбек, Жаһанша, Нәзірлердің қызмет атқарған, олардың соқтықпалы соқпақты өмір жолдарына, тар жол, тайғақ кешулерінің куәсі болған маңғаз қалаға жетуге асықтым. Жол бойындағы станциялардан өткен сайын діттеген арманыма бір табан жақындап келе жатқандай сенім салмағы арта берді. Шекарадан Қазақстандық жеке куәлігіммен жеңіл-ақ өткенде одан бетер қуандым.

Міне, барқыт көйлек киген алып таулар, Орал таулары анадайдан қол бұлғап сапарыма сәттілік тілегендей. Мен «әлей болсын!» айтып жатырмын оларға іштей. Жанымдағы серіктестерім Мәскеу түбіндегі Шатура қаласының тұрғыны Люда, Пенза облысына қоныс аударған Вероника апай Қазақстан туралы ауыздарының суы құрып айтып келеді. Әсіресе, Қарағандыны әлі де туған жері санайтын Люданың «адам қай жерде туса, сол жерден жырақ кетпеуі керек» деген сөзі жүрек тербетті. Екі жерлесім де Қарағандыға деген сағынышпен жыл сайын келіп тұрады екен. Сағыныш. Қазақстанға деген сағыныш...

Осы кезде менің есіме мына оқиға оралды. Сонау бір жылы Қырымда Таврия университетінің ұйымдастыруымен әлемдік ғылыми симпозиум өткен-тін. Әлемнің жүзге жуық елінен келген ғалымдар бас қосқан жиынға Қазақстан ғана емес ТМД-ның Орта Азиядағы республикаларынан жалғыз екенімді білгенімде жүрегім дүрсілдегені әлі есімде. Партенит (Атақты «Артек» лагері қасында орналасқан. М.Ж.) санаторийінің қонақ үйіне жайғастық. Қонақ үйдің қызметкері, тіркеуші қыз «Сіздің жаныңызға Львов университетінен келген Екатерина Куськоны өзінің сұрауы бойынша орналастырсақ, ренжімейсіз бе?» деп сұрады. Мен: «Жарайды, жарайды» деп келісімімді бердім. «Амансыз ба?» деп қазақша амандасты әлгі апай. Менің таңырқағанымды сезгендей: «Өткен айда іріктеу сынынан өткен ғылыми мақалалар қатарында Қазақстаннан біреу бар ма деп қарасам, Сіздің аты жөніңіз тұр екен. Содан бері дегбірім қашып, күн санаумен болдым. Білесіз бе, менің жасым қазір алпыстан асты. Бірақ күн өткен сайын бала күнгі сағынышым зорайып бара жатқандай. Қазақстанды сағындым! Жарайды, алтыным, алдымен орналасып алайық. Сосын әңгімеге де кезек келер» деді.

...Бұл сонау 1942 жыл еді. Батыс Украинадан Қазақстанға, Қостанай облысына Меңдіқара ауданына эвакуациялады бізді. Ауыл шетіндегі қоржын тамға орналастық. Көршіміз жақсы адам екен, есіктен кіре ыстық нанды ортаға қойды. Таныстық, Сарқыт-есімін әлі күнге ұмытқаным жоқ. Анам ертеңінде зауытқа жұмысқа тұрды.

Мен үйдің кенжесімін, жасым жетіде. Бойым аласа, өзім ілмиген сарымын. Аға- апаларым кезектесіп, мектепке сөмкемді көтеріп барады. Үйге қайтқанша шаршап, сілем қатып ұйықтап қалатынмын. Бірінші мамыр қарсаңында облыстан тексеру келетін болып сынып жетекшім мектеп киімін киіп келуімді қатаң тапсырды. Анама бұл жағдай қиын тиді білем: «Қайдан табам, қалай жеткізем» деп, соғысқа, фашистерге лағынет айтып жылады. Алтаумыз үнсіз жұбаттық. Жексенбі күні анам Украинадан көтеріп келген чемодан түбіндегі түйіншекті алып, мені ертіп орталықтағы базарға бардық. Түйіншектің ішіндегі су жаңа костюм шалбарды анам жіпке ілгенде жүрегім дір етті. Ақыры костюм шалбарды ешкім алған жоқ. Сұрап келушілер де болмады.

Үйге қайтып келе жатқанымызда көрші Сарқыт тәте: «Әй Надия, анау костюм шалбарды бойы ұзын, иықты адам алмаса, мыжырайған шалдарға келмейді. Сол жағалауда тұратын Тортановтың әйелімен сөйлессеңші» деп ақыл айтты. Аупартком басшысы жұмыстан келмепті. Әйелі костюм шалбарды қарап: «Су жаңа екен. Қалдырып кет. Шақ болса алар» деді. Анамның қуанышында шек жоқ. Кешкі асты даярлап, енді дастархан басына жиналғанымыз сол еді. Аупартком басшысының әйелі ентігіп кіріп келді. «Надя, кешір мені. Қазақта жоқ салтты көрсеттім мен, бейбақ» деп отыра кетті. Анам одан мән-жайды сұрады. Сөйтсе, күйеуі мәселенің мәнісіне қанық болған соң дүрсе қоя береді. «Сен білесің бе, оның күйеуі соғыста өлімнің ортасында жүр. Оның бақандай алты баласы бар. Мен сияқты машина мініп, кердеңдеп жүрген жоқ. Әрі беріден соң оның орнында жап-жас, бір де бір баласы жоқ мен болуым керек еді. Бұл оның соғыс алдында алған кебіні шығар. Біреудің кебінін қалайша маған кигізбексің? Одан да бала шағасына талғажу болатын тамақ пен жиған терген кездемелеріңнің ең тәуірін мына ақшамен қосып апарып бер» деді. Бастықтың әйелі анамды құшақтады.

Біз балалар не істерімізді білмей абдырап қалдық. Анамның ісмерлігі бар еді, көк атластан маған мектеп көйлек тігіп берді... Сол жылдары барлығымыз қазақша сөйлейтінбіз. Шындығында, аупартком басшысы айтқандай әкем соғыстан аман оралды. Біз 1946 жылы Львовқа қайттық. Қазақстаннан кеткенімізбен ылғи да есімізге алып отыратынбыз. Сонда армандайтынмын: «қазақтардың бізге жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпау үшін бір керемет сыйлық жасасам». «Қазақстан әлі-ақ менімен мақтанатын болады» деп түйгенмін жүрегіме. Қазақстанға, қазақ халқына алғысым шексіз. Сонда барып жансақтамағанда мұндай дәрежеге жетер ме едім. Қазір осындағы университетте қосымша қызмет атқарамын, құдайдың мұнысына да шүкіршілік» деп сөзін аяқтады Екатерина Кусько.

Қазақша ән біледі екен. «Гүлдер-айым» ды бірге айттық. Ертеңінде симпозиумның ашылу салтанатында бір-ақ білдім. Менің жанымдағы Екатерина Яковлевна Украина Ұлттық Ғылым Академиясының толық корреспондент мүшесі екен. «Қазағым, елім-ай» дегенде құйқаң шымырлайды». Осынау естелікті айтып болып қарасам, жанымдағы екі апам егіліп отыр. Асау тұлпардай жүйткіген поезд Пенза облысына да таяп қалыпты. Вероникамен қимай қоштастық. Люда екеуміз Қазан вокзалына бірге келдік. «Қазақстанда, Қарағандыда кездескенше» деді...

Қарағанды - Мәскеу

2010 жыл

Жалғасы бар

4
0
2176

Ұлттық қорғаныс университетіндегі Білім күні

Еліміздегі әскери білім ордаларында жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты іс-шаралар болып өтті.

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов әскери білімнің қара шаңырағы Ұлттық қорғаныс университетінде болды. Бас штаб бастығы тыңдаушылар алдында «Қазақстан Республикасының қауіпсіздік жүйесіндегі Қарулы Күштердің рөлі мен орны» тақырыбында дәріс оқыды.

Генерал-полковник С. Жасұзақов өз дәрісінде Қарулы Күштерді қолданудың негізгі бағыттары, ҚР ҚК дамуының негізгі бағыттары және жауынгерлік тапсырмаларды шешудегі командирлердің дербес шешім қабылдауы сияқты мәселелерге тоқталып өтті.

– Әскери мамандар – армияның болашағы, – деп атап өтті ҚР ҚК Бас штабының бастығы. – Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың қойып отырған талабы бойынша әскеріміз саны жағынан аз, ұтқыр, жоғары кәсіи, қазіргі заманғы қару-жарақ пен әскери техникамен жарақтануы керек. Қазір Қорғаныс министрлігінде кәсіби армияға көшудің тұжырымдамасы жасалды. Біз 2014 жылдан бастап Қарулы Күштерді негізі офицерлік және сержанттық құрамнан тұратын кәсіби армияға толықтай көшіруді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, Қорғаныс министрлігінің басшылығы офицерлердің жан-жақты интелектуальды білім алуы үшін ғылыми және білім базасын құрып, дамытуға барынша мән беріп отыр.

ҚР ҚМ Баспасөз қызметі

0
0
308

НАТО сарапшылары қазақстандық әскерилерді жоғары бағалады

Іле полигонында «Дала қыраны – 2013» халықаралық бітімгерлік жаттығуы аяқталды. Әлемнің 12 елінен келген әскери қызметшілер екі апта бойы бірлескен бітімгерлік операцияларды өткізудің қыр-сырларын меңгерді.

«Қазбаттың» жауынгерлері әскери дайындықтарының жоғары деңгейде екендіктерін көрсетті. Шетелдік әріптестер қазақстандық әскери қызметшілердің үздік нәтижелерін атап өтті. «Қазбаттың» патрульдік десантты шабуылдаушы бригадасы елді мекенді тазарту, миналарды залалсыздандыру, жаралыларды тікұшақпен тасымалдау және гуманитарлық жүктерді алып жүру сияқты шараларды жүзеге асыруға қатысты. Сонымен бірге қазақстандық бітімгерлер «Дала қыраны – 2013» халықаралық бітімгерлік жаттығуына қатысушы елдер қарулы күштерінің өкілдерімен бірге блок-постқа жасалған шартты түрдегі содырлардың шабуылын  тойтара білді. Бір атап өтетін жәйт полигондағы ахуал шынайылыққа пара-пар жағдайда болғандығы.
АҚШ, Италия, Ұлыбритания және басқа да жаттығуға қатысушы елдердің әскери командирлері, Қазақстан армиясының бітімгерлік миссияны орындауда зор әлеуетке ие болып отырғандығын және «Қазбат» БҰҰ шеңберінде кез келген мемлекетте басқа елдердің қарулы күштерімен бірлесіп әрекет етуге дайын екенің атап өтті.
Жаттығуға қатысқан НАТО сарапшылары «Қазбаттың» іс-қимылының жоғары деңгейде екендігіне таңданды.
НАТО-ның ресми сайтында «NАTO assists Kazakhstan Peace Keeping Battalion with Extrcise Steppe Eagle» («НАТО қазақстандық бітімгерлік батальонға «Дала қыраны» жаттығуын өткізуге көмектеседі» атты мақала орналастырылды. Мақалада НАТО әскери серіктестік Басқармасы үйлестіру және интеграциялау дивизионының Директоры генерал Бардхил Колчаку (Colonel Bardhyl Kollcaku): - «Мен ынтымақтастықтың деңгейіне, ақпарат алмасудағы ынта мен құлшынысқа таңдандым, бұл дегеніңіз Қазбаттың бітімгерлік операцияларды еркін жүргізе алатындығын дәлелдейді» деп атап көрсетті. «Дала қыраны -2013» жаттығуы «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасы шеңберінде НАТО мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың маңызды кезеңіне айналды.
НАТО сарапшылары мақалада сондай-ақ, қазақстандық батальонның бітімгерлік міндеттерді орындауда тәжірибесінің бар екендігі айтылған. Әңгіме Қазақстан әскери қызметшілерінің 2003-2008 жылдар кезеңінде Иракқа жәрдемі жөнінде болып отыр. «Қазбат» Иракта оқ-дәрілерді  залалсыздандыру, пайдалануға жарамды су көздерін табу және медициналық мекемелердің құрылысын салу жұмыстарын жүзеге асырды.

ҚР ҚМ Баспасөз қызметі

0
0
316