Мазмұнға өту

Жаңа

Есеп 1-0. Әзірге...

Бүгінгі таңдағы басты саяси жаңалық? - Украина дағдарысы. Жоқ, қателестіңіз. Арадағы «алтын асықтай» болған Қрым Ресей картасымен бір түске боялғалы бері, Киевтегі жаңа биліктің «жанайқайы» әлемдік таблоидтағы тізгінін бере бастады. АҚШ пен Ресейдің ендігі қарым-қатынасы рейтингтің көш басына шықты.  Қрымды бауырына басқан Кремль өздерінің саяси  ұстанымдарынан айнымайтындықтарынан аңғартты. Енді осы қадам үшін қандай құрбандыққа барғандығын байқасақ. Әрине, әрбір саяси құбылыстың пайдасы я зардабы, ең алдымен, ел  экономикасына  ықпал етеді. Ендеше, славян халқы көшбасшыларының ендгі халі қандай болмақ?

Бірінші жүріс

Әлемдік саясат тақтасындағы атқарар функциясы маңызды болмаса да, ойынның өзгеруіне ықпал ететін фигураны қарайық. Санкциялар.  Путиннің айналасындағы әкімшілік аппаратындағы лауазымды тұлғалар мен кәсіпкерлерге АҚШ пен  ЕО-қа кіруге тыйым салынды, ол елдегі есепшоттары бұғауланып тасталынды. Жалындаған отқа алақанмен су бүркігендей болған қарсылықтың шын мәнінде әсер еткен тұсын айту керек. Санкциялардың екінші  тізімінде «Россия» банкі мен кәсіпкер Геннадий Тимченко да бар. Бірақ ол Gunvor компаниясындағы өз үлесін сатып үлгерді.  Ал «Россия» банкінің шетелдердегі  банктердің есепшотында 40млрд рубльге  жуық қаржысы бар. Тағы 5,6млрд резидент емес банктерге берілген несие, ал резидент емес компанияларға берілген несие -8,3млрд рублді құрайды.  Соңғы түскен мәлімет бойынша 2011 жылы «Россияның» АҚШ-тағы  есептік банктері The Bank of New York Mellon және  JP Morgan, бірақ олардың есепшоттарында қанша қаржы бар екендігі белгісіз. Белгілі бір нәрсе ол есепшоттардың барлығы бұғауланып тасталды. Әрине, америкалық емес өзге елдердің банктері арқылы есеп жүргізуге болады, бірақ ол елдерде тосқауылға тап болмасына кім кепіл? Осыдан бастап, тұтынушылар өзге банктерге ауыса бастамақ.

"Түйенің үлкені нардан құлайды"

Келесі наразылықтың салмағы басымдырақ болды. Visa және  MasterCard төлем жүйелері «Россия» банкін қосқанда Собинбанк, СМП банк және Инвесткапиталбанк клиенттері үшін ескертусіз  карталар операциясын жүргізуді тоқтатты. Яғни бұл карталар арқылы сауда орындарында немесе шетелдегі банкоматтарда операция жүргізуге болмайды. Банктердегі дереккөздің хабарлауынша, карталар арқылы тек жалақы алуға болады, өзге төлемдер жүргізілмейді. Visa және  MasterCard  әлемде алғашқы орындарда тұрған ең ірі төлемақы жүйелері. «Россия» банкінің клиенттері үшін 160 мыңға жуық, СМП банк үшін 4,5 млрд рубль қаржы жинақталған 170 мың және Собибанк тұтынушыларына 60 мыңға жуық пластикалық карталар шығарған. Осындай көрсеткіштен кейін, тез арада ішкі айналымда кедергіге тап болған төлем жүйелерін реттеудің қажеттілігі туады. Сондай-ақ бұл қадам Ресейді өзінің ұлттық төлемақы жүйесін құруға итермелейді. Қаржы мамандары қытайлық UnionPay төлемжүйесімен бірігіп,  «Росткарт» атты патриоттық сипаттағы пластикалық карталардың дүниеге келуі мүмкін екендігін атап өтті. Әбден, мүмкін. Қазір Беларуссия азаматтарының жартысына жуығы отандық «Белкарт» жүйесін пайдаланып отырғандығын атап өтейік. Ресей  Visa және  MasterCard-тың орнын толығымен алмастырып, тұтынушы үшін ең қолайлы ұсыныстар ұсына алатындай төлемақы жүйесін ұсынатын алтерьнатива ойлап тапқанша тығырықтан шығудың бір жолы бар. Ресейліктер әлемдегі ахуалға толықтай тәуелді емес өзге банктер іздеуі керек.

Ресейдің газы - АҚШ-тың добы


Кремльдің кеудесін соғып, державамын деп даурығуына себеп бар. Кітап беттерінде парақталатын тарихи сипатынан бөлек, Еуропаны еркіне көндіре алатындай мүмкіндігі  - энергетикалық ресурстарында. Естеріңізде болса, санкциялар пакеті жариялағаннан кейін, Америка    "қара күнге" деп сақтандырылған мұнай қорының 5 млн баррелін нарыққа шығарды. Сарапшылардың айтуынша, шикізаттың мұндай көлемі  биржадағы сауда операцияларына айтарлықтай өзгеріс енгізе алмайды. Алайда, соңғы рет  2011 ж АҚШ пен ЕО біріге отырып, нарыққа 30 млн баррелді шығарды да, мұнай бағасын 6 пайызға төмендетті. Демек, Ресейдің мұнай экспортына келетін қауіп туралы алғашқы ескерту берілді.

Газ. Ресей  Батыс елдеріне осы энергия қорын эспорттаушы бірден-бір ең ірі держава. Американың бұл құралға да қарсы бірден-бір қаруы бар. Сланцты газ. Кәдімгі табиғи газдың бір түрі , бірақ құрамында метан көбірек. 2000 ж бастап АҚШ кең көлемде осы табиғи ресурсты өндіре бастады. 2012 ж АҚШ 681 млрд шаршы метр газ өндірсе, Ресей 656 млрд шаршы метрді нарыққа шығарды. Нәтижесінде, осы жылдың тамызында ресейлік "Газпром" АҚШ-қа газ жіберетін Штокмановск кенішіндегі өндірісті тоқтата тұратындықтарын хабарлаған еді.  Аталған мысалдар дәлел қыла отырсақ, Ақ Үйдің Мәскеудің экономикасына соққы беремін деп сенімді болуына әбден негіз бар.

Америка  зеңбірек атқанда, оғын дайындап тұратын серіктесін ұмытпаңыз. Алайда, ЕО дәл Обама тәрізді Ресейдің санкция тасқынының астында қалдыруға мүдделі емес.

- Deutche Bank мамандарының есептеуінше Франция мен Австрияның  Ресейдегі активтері 75 млрд долларды құрайды.

- Ұлыбританияда 200 мыңға жуық ресейлік тұрады. Бұл дегеніміз королдік қазынасына 150 млрд фунт стерлинг инвестиция  әкеледі екен.

- Ресейлік импорттың 35-37%  Еуропаға  тиесілі (оның 30% -ы еурозонаға, ал қалған 6  пайызы валюта одағына кірмейтін елдердің үлесінде) . Бұл АҚШ соққы жасаймыз деген қаржы нарығына қатысты делік.

- Балтық елдері, Орталық Еуропа оның ішінде Германия және оңтүстіктегі Италия ресейлік газдың тұрақты түрде жеткізіліп тұрғанына мүдделі.

- Financial Times-тің бағалауынша 7 еуропа елі Газпромға толықтай тәуелді, ал Австрия елі пайдаланатын көгілдір отынның 70%-ы осы компанияға тиесілі.

Тайм-аут

Бірақ медальдің екінші жағын да ұмытпау керек. Ресейдің Еуропаға эскпорттайтын газдың транзиті негізінен Украин жері арқылы өтеді. Украинаның көгілдір отынға қаншалықты тәуелді екендігін еуроинтеграция процесіндегі өзгерістер байқатып берді. Бірақ соңғы жылдардың өзінде газ дағдарысына байланысты Киев үкіметі бұл энергия қорын  импорттауды азайтқан. 7-8 жыл бұрынғы 53-54 млрд шаршы метрлі көрсеткіш 2013 ж 26 млрд шаршы метрге азайды. Атап өту керек, әр кез көгілдір отын жеткізетін "артериялардың" уақытша жабылып отыруы Мәскеу тарапынан реттеліп отыратын. Бұл жолғы Украина маңындағы ахуалға байланысты енді  Мәскеу қаламаса да Еуропаға жетпей қалу қаупі туады. Бұл Кремль үшін  санкциядан да қауіптірек жағдай. Ресейлік бюджеттің 55% кірісі осы экспортталатын энергия ресурсынан түсетін табысқа тиесілі.

План "Б"

Осы арада ойынға Ұлы мәртебелі Хань династиясының ұрпағы қосылады. Көптеген сарапшылар санкция алқымынан алған жағдайда Ресейдің ендігі серіктесі ретінде Қытайды көреді. Айналасын көзінің қиығымен  шолып, өзіне қажеттісін күтіп жатқан Шығыс Азиядағы алып айдаһардың Қоңыр аюдың алақанына салатыны бар ма? Жоғарыда Visa және  MasterCard-қа аналог таппақшы болған Ресейдің  қытайлық UnionPay төлем жүйесімен бірікпекші екендігін жаздық. Ал ресейлік биржа  жүйесінің америкалық доллардың филиалы екендігін ұмытпайық. Еуропаға газ беруден бас тартқан күннің өзінде де ол Қытай өндірісі үшін ресурс көзіне айналады.  Ресей көгілдір отынның "тамырларын" Шығысқа бұрған күннің өзінде де батысқа кететін қордың 15%-ы ғана барады екен. Яғни Еуропаға баратын мұнай мен газ экспортының 20%-40%-ға кемиді. Түсер табыс аз. Оның үстінде арада Қытаймен нақты келісім-шарт жасалған емес.

Есеп 1-0. Әзірге...


Сонымен әлемдік саясат тақтасындағы басты фигуралар бір-бірінен алыстамастай болып байланысқан. Біреуіне жүрген "Шах" екіншісі үшін  "Матқа" айналуы мүмкін. "шқандайда сиқыр емес, тек экономикадағы қулық осындай. Әзірге барлығы иық тіресе жүріп ұстазына қарсы шыққан оқушының кейпіндегі   Кремльдің  жазасын алғанын қалайды. Гаагада өткен   Ядролық қауіпсіздік жөніндегі Саммиттегі "Сегіздіктің", кешіріңіздер енді "Жетіліктің" жиналысы осындай шешім шығарды. Ал Қазақстанда қоса алғанда арадағы бітімгер-елдер  санкциялар тасқынына тосқауыл қойып, жағдайдың дипломатиялық жолмен шешілгендігін қалайды.
Санкция енгізді деп  сағы сынған Мәскеу жоқ. Басқаны қойғанда, бұл изоляция ең алдымен Ресей үшін пайдалы болмақ дейді сарапшылар. Шындығында,  позициясынан айнымаймыз деген  Ресейдің қауқары енді байқалмақ. Қазынасы ең бірінші энергетикалық қорына тәуелді  ел,  экономика саясатын сауатты жүргізіп, тауар өндірісі секторын қуаттандырса осы кезеңнен аман өте алмақ.  Елдегі коррупцияны түбірімен жоймаса да, әлдеқайда озып кеткен әріптестерінің алдында сәтті секіріс жасаса, орыстар  шынында, нағыз держава екендіктерін дәлелдемек. АҚШ пен ЕО түпкі ниеттерін аңғартты, ендігі  кезек Ресейде.
2
0
630

Ж.Алдабергенова фристайлдан Еуропа кубогы кезеңінде жеңіске жетті

Ж.Алдабергенова
Италияның Кьеза ин Вальмаленко қалашығында фристайлдан Еуропа кубогының қорытынды кезеңі өтті, деп хабарлады sports.kz.

Әйелдер арасында шаңғы акробатикасынан өткен жарыстың алғашқы күнінде ресейлік Александра Орлованың мерейі үстем болды. Екінші орын украиндық спортшы Надежда Мохнацкаяға бұйырса, үздік үштікті қазақстандық спортшы Жанбота Алдабергенова қорытындылады.

Келесі күні әйелдер арасында акробатикалық секіруден жарыс өтті. Бұл күні Ж.Алдабергенова үздік нәтиже көрсетсе, А.Орлова екінші орынға сырғыды. Үшінші орын оның отандасы Любовь Никитинаға бұйырды.

Еуропа кубогының жалпы есебінде  350 рейтингтік ұпай жинаған Жанбота 449 ұпай жинаған А.Орловадан кейінгі орында тұр. Ал Никитина үшінші орында — 263 ұпай.
Фристайл. Еуропа кубогы. Кьеза ин Вальмаленко (Италия),

Әйелдер. Акробатика. Екінші жарыс

1. Жанбота Алдабергенова (Қазақстан) — 80,64.

2. Александра Орлова (Ресей) — 72,50.

3. Любовь Никитина (Ресей) — 69,02.

АСТАНА. ҚазАқпарат - Автор: Марлан Жиембай
 
0
0
355

Хоккей: «Барыс» «Салават Юлаев» командасына есе жіберіп алды

«Барыс» «Салават Юлаев» командасына есе жіберіп алды
ҚХЛ аясында бүгін сырт алаңда астаналық «Барыс» Гагарин Кубогы ойынындағы үшінші кездесуде Уфаның «Салават Юлаев» командасына  есе жіберіп алды.

Бұл кездесуде елордалықтар алаң иелеріне 5:2 есебімен ұтылды. Енді төртінші ойын Уфадағы мұз айдынында 25 наурызда өтеді. Ал 27 наурыздағы бесінші ойында астаналықтар «Салават Юлаевты» өз алаңында қабылдайды. Айта кетейік, плей-оффтың келесі кезеңіне өту үшін, «Барыс» аталған командамен тартыста төрт жеңіске қол жеткізуі тиіс.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 21 және 22 наурыз күндері Астанада өткен екі ойынның қорытындысы бойынша қос команданың сериядағы есебі 1:1 болды. Бірінші кездесуде  уфалықтар 2:3 есебімен ұтса, екіншісінде 5:2 есебімен «Барыс» алға шыққан болатын. Енді астаналықтар бүгінгі кездесуден ұтылғаннан кейін «Салават Юлаев» серияда 2:1 есебімен алда келе жатыр.

АСТАНА. ҚазАқпарат -Автор: Руслан Ғаббасов
 
0
0
253

Көкшетау қаласында баскетболдан әйелдер арасында «А» дивизионы бойынша ҚР Чемпионатының кезекті ойындары өтуде

Бүгін жергілікті Көкшетаудың «Оқжетпес» командасы Астананың «Тигрына» қарымта ойын өткізді. Алма-кезек шабуылмен өткен кездесуде астаналық қыздардың бағы басым болды.

Әсіресе, тартысты ойынның алғашқы кезеңдерінде жақсы ойын өрнегін көрсеткен көкшетаулықтар соңғы сәтте қарсыластарына есе жіберіп алды. Нәтижесінде кездесу қорытындысы 52:61 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. Осылайша, алаң иелері ойламаған жерде қарымта ойында ұпай жоғалтып алды.

Еске сала кетсек, кеше «Оқжетпес» пен «Тигр» Көкшетауда алғашқы кездесуін өткізген болатын. Онда алаң иелері қонақтарға дес бермей, 82:78 есебімен басым түсті. Бүгін қонақтар сол жіберген есені қайтарып алды.

Енді, турнир кестесіне сәйкес наурыздың 29 және 30 күндері «Оқжетпес» өз алаңында Павлодардың «Ертісіне» қарсы қос ойын өткізбек.

 
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Автор: Аслан Оспанов
 
0
0
397

«Ертіс» хоккейден ҚР чемпионатының алғашқы плей-офф финалисі болды

«Ертіс» хоккейден ҚР чемпионатының алғашқы плей-офф финалисі болды

Хоккейден ҚР чемпионатының жартылай финалдық плей-офф сериясы матчында павлодарлық «Ертіс» Теміртаудың «Арыстан» командасын 4:1 есебімен ұтып, турнирдің алғашқы финалисі болды, деп хабарлады sports.kz.

Жеңімпаздар құрамында Томаш Вак, Михал Грман (дубль) және Мартин Хьюс гол салуда көзге түсті. Теміртаулықтардың бірден-бір шайбасын Томаш Кан салды.

«Ертіс» — Арыстан  4:1 (2:0, 1:1, 1:0)

Серия есебі: 4:1 (3:2 О.Т, 4:0, 4:3, 2:3, 4:1).

   

АСТАНА. ҚазАқпарат

 
0
0
305

Хоккей: Әлем чемипонатына қатысатын Қазақстан әйелдер құрамасының алдын ала құрамы жасақталды

хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы
6-12 сәуір күні Латвияда Әлем чемипонатына қатысатын хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасының алдын ала құрамы жасақталды, деп хабарлайды sports.kz сайты.

Вентспилс қаласында өтетін әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы «И» дивизионында өнер көрсетеді.

Сонымен, ұлттық құраманың алдын ала құрамы мынадай:

Қақпашылар: Татьяна Можаева (ОРМБЖМ), Айжан Раушанова («Айсұлу»).

Қорғаушылар: Ажар Хамимулдинова («Томирис»), Ольга Конышева, Дария Молдабай, Ләззат Мыңжасарова, Виктория Сазонова, Екатерина Скобелкина, Асем Тулеубаева (барлығы «Айсұлу» командасынан).

Шабуылшылар: Валерия Каменская («Устинка»), Карина Фельзинк, Надежда Филимонова, Алёна Фукс, Любовь Ибрагимова, Айя Қалиола, Татьяна Королёва, Татьяна Лихаус, Галия Нұрғалиева, Меруерт Рыспек, Арай Шегебаева, Зарина Тухтиева, Салтанат Үрпекбаева (Барлығы «Айсұлу» командасынан).

Бас бапкер: Александр Мальцев.

Қазақстан құрамасының ойын кестесі:

6 сәуір
16:00 Қазақстан — Солтүстік Корея

7 сәуір
16:00 Нидерланды — Қазақстан

9 сәуір
23:00 Латвия — Қазақстан

10 сәуір
19:30 Қытай — Қазақстан

12 сәуір
19:30 Қазақстан — Венгрия.

     
АСТАНА. ҚазАқпарат - Автор: Жасұлан Жолдыбаев
 
0
0
464

Қарттарымыз қыздарға неге қырындайды?

Көкшетау, автосапаржай бекеті. Жүргіншілер көп. Ана бір жерде ауылдан келетін автобусты күтіп екі бойжеткен, сірә, студенттер болса керек, қолдарында қытайдың ала сөмкесі, ұялы телефондарымен сөйлесіп тұрған. Аяңдай басып соларға қарай жасы жетпістен асып кеткен, басында ақ тақия, мойнында ақ галстугі бар, ұзын бойлы бір қария барып:

- Айналайындар, ныспыларың кім болады?-деді.

- Чее-е?-деп мырс еткен ана екі қыз қарияның үсті-басын бір шолып шықты.

- Есімдерің кім деймін…

- Оны қайтесіз, балаңызға құда түсейін деп пе едіңіз?!

-Жасым жетпісте, әлі де бір қызды қартайтатын шамам бар. Айына 70 мың пенсия алам, Көкшетаудың орталығында үш бөлмелі үйім бар, бұрын қызметкер болғам, жалғызбастымын, – деп қария сайрап ала жөнелді.

- Рахмет, сіздің пенсияңыздың бізге керегі шамалы, өзіңізге жұмсаңыз, сосын немереңіздей бізден аулақ жүріңіз?!- деп әлгі қыздың біреуі шаңқ етті.

- А-а, кешіріңдер, айналайын,– деді, мүләйімсіп, ұяты оянды ма, әлде көпшіліктің көзінше қаршадай қыздан сөз естіп қалғаны жанына батты ма, әлгі қария аяңдай басып бұрыла берді…

Апыр-ай, заман не болып барады?! Баяғыда аталарымыз қыз-қырқынға көз салып, сөз айтпақ түгілі «қалқам, қарағым, айналайын» деп, қазақи қалыпты сақтап, күмістей аппақ сақалдарын салалап қойып, аталық болмысын ұстай білетін еді. Санамызға басқа ұлттың рухы кірді ме, әлде уақыттың өзгергені ме, әйтеуір қариялардың қадір-қасиетін жоғалтып бара жатқанын жиі көреміз. Ата болып, ақыл айтатын жасқа келгенде беттің арын белбеуге түю масқара ғой.

Ана бір жылдары дүрдей үлкен мекемені басқарып отырған, жасы алпысты алқымдаған ел ағасы, қазақтың өрімдей бір қызын «сені оқуға сырттай түсіремін, бес-алты жылда білдей басқарма бастығы боласың» деп алдап, ақыры сан соқтырып кеткен.

Ал, сол ағамызға, қазір зейнеткерлікте екен, Көкшетаудағы бір жиында жолығып қалдым. «Жастар бұзылып барады, үлкенді сыйламайды» деп әңгіме айтып отыр. Оу, аға, біреудің мәпелеп отырған қызын масқаралап, ол байғұс әділдікке қолы жетпей, ақыры жабулы қазан жабуымен қалған жоқ па еді? Сол кезде неге үлгі-өнеге көрсетпедіңіз?…

 

Жеңіс Кәріптегі.

0
0
666

Қазақ, үй салсаң панельден сал!

«Елімізде құрылысқа қажетті материалдардың құны қаншалықты қымбат?» деген сауалға жауап іздеп, осындай дүкендер мен базарлардағы бағасымен таныстық. Баға әр базарда әртүрлі. Ағаштың текше метрі – 38-45 мың теңге аралығында. Тақтайды талдап, даналап сатып алсаңыз да болады. Өзбекстаннан және Қытайдан ағаш тасымалдау КеденОдағына кіргелі бері тоқтатылған. 50 келілік қапқа салынған цемент 1 мың теңгенің маңайында. Көтере сатып алсаңыз, саудагерлер 900 теңгеден төмен түсірмейді. Тоннасы көтерме саудада – 18 мың. Бір қызығы, кейбір өнімнің қайдан келгенін, сапасы қандай екендігін сатушылар айта алмады. Сатып алушылар «Өскеменцемент» пен «Жамбылцементтің» өнімін құп көреді екен. Сатушылардың «келіден жейтіндері» көп екенін байқадық…

Төбе жабындысы бағасы оның қалыңдығы мен ұзындығына байланысты. Мұнда да көтерме бағадан 35-40 пайызға қымбат. Айталық, 6 метрлік жабындының ең арзаны – 2500 теңге. Бұл негізінен қытайлық өнімдер. Қарағанды мен Қапшағайда жасалған жабынды бағасы 4-5 мың теңге төңірегінде. Мысалы, сізге 11Х13 метр үй салу үшін шамамен 30 жабынды қажет, сонда ең арзаны 75 мың теңгеге түседі.

Ал арматура негізінен Қытайдан тасымалданады. 16 диаметрлік арматураның метрі – 145 теңге, ал 6 диаметрлігі – 30 теңге. Пластик терезелердің құны да әр жерде әртүрлі. Негізінен – Қытай, Ресей, Түркияның өнімдері. Терезе жақтаулары да жалпы санына, көлеміне байланысты бағаланады.

Үй салуға ең қажетті заттың бірі – кірпіш. Данасы – 22 теңге. Жеткізуімен 24-25 теңге. Жылыту батареясының әр бөлігін сатушылар 1300 теңгеге бағалап отыр. Алматыда 25 тонналық бір «Камаз» тас – 30 мың теңге. Құм мен шағыл да тастың құнынан кем емес.

Жалпы, бүгінгі күні қарапайым, орташа аумақтағы үй салуға кемінде қанша қаражат жұмсалады? Үй салып жатқан адамнан сұрайық.

-Мен, аумағы 100 шаршы метрге жуық үй салып жатырмын. Іргетасына 200 қапшық цемент кетті. Көтерме бағада – 1000 теңгеден алғанда цементтің өзіне – 200 мың теңге, тас, құм, шағыл әкеп төккенім үшін – тағы 200 мың, ағашқа – 300 мың теңге шығындадым. Сатып алған ағашым үй құрылысына толық жете ме, жетпей ме, әлі белгісіз. Мұның сыртында – 22 мың қызыл кірпішке 500 мың теңгені санап бердім. Жабындыға – 120 мың, ал арматураға 130 мың теңге жұмсалды. Мұның өзі үнемдегенде. Қазір үйдің тағанын кәдімгі қара топырақпен толтырудың өзі ақша ғой. Әр тоннасы 7-8 мың теңге болғанда, кем дегенде 5-6 «Камаз» топырақ керек. Есік пен терезенің бағасы да арзан емес. Сыртқы, ішкі есіктерді және 8 терезені қосқанда құны – 500 мың теңгеге шықты. Ұққаным, құрылыс материалдарын қыста алып қою керек. Әйтпесе, құрылыс маусымының қызған шағында жинап-терген азын-аулақ ақшаң жетпейді. Айтарым, егер үй салмақ ойың болса, қалтаңда кем дегенде 2 млн. теңге ақшаң болуы керек, бұл құрылысшылардың жұмысын қоспағандақажет қаражат.

Дегенмен, базардағы баға дүкендегіден әлдеқайда арзан. Мұнда 50 келілік цемент 1300 теңге, кірпіш – 28-32 теңге. Сыртқы есік 70 мыңнан басталады. Терезе жақталарының шаршы метрі 100 доллардан кем емес. Бұдан бөлек –бояу, түсқағаз, ламинат, линолеум, паркет, кафель сияқты үйдің ішкі әрлеуіне аса қажетті бұйымдар базардан 30-40 пайызға қымбат.

Осы арада мынадай сауал туындайды. Бәлкім, дәстүрлі құрылыс бұйымдарынан бөлек материал іздестірген жөн шығар. Құрылысшы Сәрсенбай Әлімовтың айтуынша, қазір Жапония, АҚШ, Канадада SP қабырғалық панель жиі қолданылады. Сол арқылы үйді кез келген маусымда әрі тез салып бітіруге болады. Қалыңдығы – 60-240, ені – 610, биіктігі 2700-3000 миллиметрге тең панель – дыбыс, су өткізбейтін ерекшелігінен бөлек, іші-сыртына сылақ жүргізуді қажет етпейді. Дегенмен, аталмыш панельдер біздің табиғатқа бейімделіп жасалғанымен, ел арасында үлкен сұранысқа ие бола алмай отыр. Жер алып, үй тұрғызатындардың көпшілігі әлі де болса кірпішті жөн көреді. ■

Есет Көшебе, Алматы қаласы.

0
0
1387

Бүгін «Барыс» сырт алаңда «Салават Юлаевқа» қарсы ойынын жалғастырады

ҚХЛ аясында бүгін сырт алаңда астаналық «Барыс» Уфаның «Салават Юлаев» командасына қарсы плей-офф сериясындағы үшінші ойынын өткізеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 21 және 22 наурыз күндері Астанада өткен екі ойынның қорытынсы бойынша қос команданың сериядағы есебі 1:1 болды. Бірінші кездесуде  уфалықтар 2:3 есебімен ұтса, екіншісінде 5:2 есебімен «Барыс» алға шыққан болатын.

Сонымен қатар 25 наурызда Уфадағы мұз айдынында екі команданың төртінші кездесуі өтеді. Ал бесінші ойында астаналықтар өз алаңында «Салават Юлаевты» қарсы алады. Айта кетейік, плей-оффтың келесі кезеңіне өту үшін, «Барыс» аталған командамен тартыста төрт жеңіске қол жеткізуі тиіс.

 
0
0
241