Қарттарымыз қыздарға неге қырындайды?
Көкшетау, автосапаржай бекеті. Жүргіншілер көп. Ана бір жерде ауылдан келетін автобусты күтіп екі бойжеткен, сірә, студенттер болса керек, қолдарында қытайдың ала сөмкесі, ұялы телефондарымен сөйлесіп тұрған. Аяңдай басып соларға қарай жасы жетпістен асып кеткен, басында ақ тақия, мойнында ақ галстугі бар, ұзын бойлы бір қария барып:
- Айналайындар, ныспыларың кім болады?-деді.
- Чее-е?-деп мырс еткен ана екі қыз қарияның үсті-басын бір шолып шықты.
- Есімдерің кім деймін…
- Оны қайтесіз, балаңызға құда түсейін деп пе едіңіз?!
-Жасым жетпісте, әлі де бір қызды қартайтатын шамам бар. Айына 70 мың пенсия алам, Көкшетаудың орталығында үш бөлмелі үйім бар, бұрын қызметкер болғам, жалғызбастымын, – деп қария сайрап ала жөнелді.
- Рахмет, сіздің пенсияңыздың бізге керегі шамалы, өзіңізге жұмсаңыз, сосын немереңіздей бізден аулақ жүріңіз?!- деп әлгі қыздың біреуі шаңқ етті.
- А-а, кешіріңдер, айналайын,– деді, мүләйімсіп, ұяты оянды ма, әлде көпшіліктің көзінше қаршадай қыздан сөз естіп қалғаны жанына батты ма, әлгі қария аяңдай басып бұрыла берді…
Апыр-ай, заман не болып барады?! Баяғыда аталарымыз қыз-қырқынға көз салып, сөз айтпақ түгілі «қалқам, қарағым, айналайын» деп, қазақи қалыпты сақтап, күмістей аппақ сақалдарын салалап қойып, аталық болмысын ұстай білетін еді. Санамызға басқа ұлттың рухы кірді ме, әлде уақыттың өзгергені ме, әйтеуір қариялардың қадір-қасиетін жоғалтып бара жатқанын жиі көреміз. Ата болып, ақыл айтатын жасқа келгенде беттің арын белбеуге түю масқара ғой.
Ана бір жылдары дүрдей үлкен мекемені басқарып отырған, жасы алпысты алқымдаған ел ағасы, қазақтың өрімдей бір қызын «сені оқуға сырттай түсіремін, бес-алты жылда білдей басқарма бастығы боласың» деп алдап, ақыры сан соқтырып кеткен.
Ал, сол ағамызға, қазір зейнеткерлікте екен, Көкшетаудағы бір жиында жолығып қалдым. «Жастар бұзылып барады, үлкенді сыйламайды» деп әңгіме айтып отыр. Оу, аға, біреудің мәпелеп отырған қызын масқаралап, ол байғұс әділдікке қолы жетпей, ақыры жабулы қазан жабуымен қалған жоқ па еді? Сол кезде неге үлгі-өнеге көрсетпедіңіз?…
Жеңіс Кәріптегі.
