Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Қазақ, үй салсаң панельден сал!

«Елімізде құрылысқа қажетті материалдардың құны қаншалықты қымбат?» деген сауалға жауап іздеп, осындай дүкендер мен базарлардағы бағасымен таныстық. Баға әр базарда әртүрлі. Ағаштың текше метрі – 38-45 мың теңге аралығында. Тақтайды талдап, даналап сатып алсаңыз да болады. Өзбекстаннан және Қытайдан ағаш тасымалдау КеденОдағына кіргелі бері тоқтатылған. 50 келілік қапқа салынған цемент 1 мың теңгенің маңайында. Көтере сатып алсаңыз, саудагерлер 900 теңгеден төмен түсірмейді. Тоннасы көтерме саудада – 18 мың. Бір қызығы, кейбір өнімнің қайдан келгенін, сапасы қандай екендігін сатушылар айта алмады. Сатып алушылар «Өскеменцемент» пен «Жамбылцементтің» өнімін құп көреді екен. Сатушылардың «келіден жейтіндері» көп екенін байқадық…

Төбе жабындысы бағасы оның қалыңдығы мен ұзындығына байланысты. Мұнда да көтерме бағадан 35-40 пайызға қымбат. Айталық, 6 метрлік жабындының ең арзаны – 2500 теңге. Бұл негізінен қытайлық өнімдер. Қарағанды мен Қапшағайда жасалған жабынды бағасы 4-5 мың теңге төңірегінде. Мысалы, сізге 11Х13 метр үй салу үшін шамамен 30 жабынды қажет, сонда ең арзаны 75 мың теңгеге түседі.

Ал арматура негізінен Қытайдан тасымалданады. 16 диаметрлік арматураның метрі – 145 теңге, ал 6 диаметрлігі – 30 теңге. Пластик терезелердің құны да әр жерде әртүрлі. Негізінен – Қытай, Ресей, Түркияның өнімдері. Терезе жақтаулары да жалпы санына, көлеміне байланысты бағаланады.

Үй салуға ең қажетті заттың бірі – кірпіш. Данасы – 22 теңге. Жеткізуімен 24-25 теңге. Жылыту батареясының әр бөлігін сатушылар 1300 теңгеге бағалап отыр. Алматыда 25 тонналық бір «Камаз» тас – 30 мың теңге. Құм мен шағыл да тастың құнынан кем емес.

Жалпы, бүгінгі күні қарапайым, орташа аумақтағы үй салуға кемінде қанша қаражат жұмсалады? Үй салып жатқан адамнан сұрайық.

-Мен, аумағы 100 шаршы метрге жуық үй салып жатырмын. Іргетасына 200 қапшық цемент кетті. Көтерме бағада – 1000 теңгеден алғанда цементтің өзіне – 200 мың теңге, тас, құм, шағыл әкеп төккенім үшін – тағы 200 мың, ағашқа – 300 мың теңге шығындадым. Сатып алған ағашым үй құрылысына толық жете ме, жетпей ме, әлі белгісіз. Мұның сыртында – 22 мың қызыл кірпішке 500 мың теңгені санап бердім. Жабындыға – 120 мың, ал арматураға 130 мың теңге жұмсалды. Мұның өзі үнемдегенде. Қазір үйдің тағанын кәдімгі қара топырақпен толтырудың өзі ақша ғой. Әр тоннасы 7-8 мың теңге болғанда, кем дегенде 5-6 «Камаз» топырақ керек. Есік пен терезенің бағасы да арзан емес. Сыртқы, ішкі есіктерді және 8 терезені қосқанда құны – 500 мың теңгеге шықты. Ұққаным, құрылыс материалдарын қыста алып қою керек. Әйтпесе, құрылыс маусымының қызған шағында жинап-терген азын-аулақ ақшаң жетпейді. Айтарым, егер үй салмақ ойың болса, қалтаңда кем дегенде 2 млн. теңге ақшаң болуы керек, бұл құрылысшылардың жұмысын қоспағандақажет қаражат.

Дегенмен, базардағы баға дүкендегіден әлдеқайда арзан. Мұнда 50 келілік цемент 1300 теңге, кірпіш – 28-32 теңге. Сыртқы есік 70 мыңнан басталады. Терезе жақталарының шаршы метрі 100 доллардан кем емес. Бұдан бөлек –бояу, түсқағаз, ламинат, линолеум, паркет, кафель сияқты үйдің ішкі әрлеуіне аса қажетті бұйымдар базардан 30-40 пайызға қымбат.

Осы арада мынадай сауал туындайды. Бәлкім, дәстүрлі құрылыс бұйымдарынан бөлек материал іздестірген жөн шығар. Құрылысшы Сәрсенбай Әлімовтың айтуынша, қазір Жапония, АҚШ, Канадада SP қабырғалық панель жиі қолданылады. Сол арқылы үйді кез келген маусымда әрі тез салып бітіруге болады. Қалыңдығы – 60-240, ені – 610, биіктігі 2700-3000 миллиметрге тең панель – дыбыс, су өткізбейтін ерекшелігінен бөлек, іші-сыртына сылақ жүргізуді қажет етпейді. Дегенмен, аталмыш панельдер біздің табиғатқа бейімделіп жасалғанымен, ел арасында үлкен сұранысқа ие бола алмай отыр. Жер алып, үй тұрғызатындардың көпшілігі әлі де болса кірпішті жөн көреді. ■

Есет Көшебе, Алматы қаласы.

0
0
1343

Осы тақырып бойынша

Қазақ, үй салсаң панельден сал! - Yvision.kz