Мазмұнға өту

Жаңа

Бірқатар дөңгелек үстелдер өткізілді

Мемлекет қазіргі кезде мемлекеттік қызметкерлердің имиджің көтеру сұрағына үлкен көңіл бөліп жатыр. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметкерлердің имиджің қалаптастыру және нығайту мемлекеттік жүйені жетілдірудің манызды жолдарының бірі.

Қазақстанның стратегиялық даму жоспарында ұзақ мерзімді басымдылық ретінде кәсіби мемлекетті құру көрсетілген. Жоғары кәсіби мемлекеттік қызметті және басқарудың тиімді жүйесін құру жоспарын орындалуы көбіне мемлекеттік қызметкерлердің жоғары кәсіптілігіне байланысты.

Соттарда және құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықты алдын алу бойынша профилактикалық іс-шаралардың 2016 жылға арналған ведомствоаралық жоспардың 3-тармағын, сондай-ақ Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған қызметті ұйымдастыру жөніндегі 2016 жылға арналған кешенді жоспардың 13-тармағын орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бастамасымен 2016 жылдың 08-19 тамыз аралығында «Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау қызметін жүзеге асырудағы қызметтік этика және жоғары рухани-адамгершілік ахуал» тақырыбындағы ауданаралық бірқатар дөңгелек үстелдер өткізілді.

Барлығы 4 дөңгелек үстел отырыстары өткізілді, олардың ішінде 3 ауданда өткізілді (Щучинск қ., Атбасар қ., Шортанды к.) және облыстық прокуратурада бейнеконференцбайланысы жүйесі бойынша (Көкшетау қ.).

Аталған шарада сот жүйесінің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің, прокуратура органдарының, ішкі істер органдарының, мемлекеттік кірістер, ҰҚК, қорғаныс істері, төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен 17 ауданының және екі облыстық манызы бар қалалардың мемлекеттік қызметкерлері қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғауды іске асыратын қызметшілердің рухани-адамгершілік талаптарын арттыру, олардың қоғамдағы ерекше рөлін түсіндіру, имиджін және оларға азаматтардың сенімін нығайту.

Дөңгелек үстел отырыстарының барысында қазметтік этика мәселелері талқыланды, «Сыбайлас жемқорлық балалар көзімен» ролигі көрсетілді, щараладың қатысушыларына буклеттер түрінде көрнекі оқу құралы және алынған сыйлықтарды тапсыру туралы ескертпелер берілді.

Департамент госслужбы

0
0
543

Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы

А.ж.  16-17 тамызы күндері «Жас Отан» жастар қанаты мен  Ақмола облысы жастар ресурстық орталығының  ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған  «Ақмола жастары - Тәуелсіздік толқынында!»   жастар ақпараттық- насихаттық тобы  (бұдан әрі - ЖАНТ) облыс өңірінің Зеренді және Сандықтау  аудандарына барды.

Ақпараттық- насихаттық топтың мақсаты – облыс жастарын мемлекеттік саясаттың бағыттарымен таныстыру.

Екі күн ішінде облыстың ішкі саясат  және жастар саясаты мәселелері басқармаларының  мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарын  жүзеге асыру аясында  ҚР Мемлекеттік қызметістері министрлігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің өкілімен; Ақмола облысы жастар ресурстық орталығының ақпараттық-талдамалық бөлімінің басшысымен;  «Жас Отан» ЖҚ Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасарымен аудан жастарының кездесулері өтті.

Департаменттің өкілі Сая Беккажанова: «Сіздер мен біздер бірлесе отырып, мемлекет пен қоғамның өзара әрекеттестігі саласындағы қарым-қатынастардың барынша адал болуы керектігін жұртшылықтың санасында қалыптастыруымыз керек», - деп сөзін қорытындылады.

Сонымен қатар, аудан басшылығының, ЖАНТ қатысушыларының, жастар активінің  қатысуымен пленарлық отырыстар өтті. Аталған отырыстарда кездесуге қатысушылар Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсім, Реформалар, Даму» атты Қазақстан халқына Жолдауының орындалған мақсаттары мен міндеттері жөнінде және облыс аумағында жүргізіліп отырған  халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған  жұмыс туралы толық мәлімет алды.
Департамент госслужбы

0
0
463

Майлыаяқ

(әңгіме)

 

Үлкендігі кішігірім тайшадай қара төбет құдайдың құба жонында салдыртып келе жатыр. Қайдан шықты, қайда барады оны иттің өзі білмесе білетін жан жоқ екендігі талассыз.

 

Ара-тұра тоқтай қалып танауын көкке көтеріп кең тыныс алады. Сонан соң сапарын онан әрі жалғайды. Күн көкжиекке жақындап барады. Асығу керек, әйтпесе түнде түртінектеп жүріп..

 

Оны қайдан таппақ. Ит санасында найзағадай жарқ еткен осы оймен қанаттас шегі шұрылдап ас қазаны сағзи жөнелген иесі қайтыс болғаннан кейін мергеннен кетіп қалғаны содан бері оған арнайы сорпа-суан әзірлеген құдайдың құлы болмағаны иттің есіне түскен. Өлмегенге өлі балық дегендей өзі тентіреп барған.

 

Ауылдардағы үйшікте тұратын иттердің тамағына тартып ішіп өзек жалғаумен жүр еді. Сонысында бұл жұрт көп көргендей ме әйелдер жағы қарғап-сілеп, итаяққа бас қойған. Мұны қолдарына түскен әлденелер мен лақтыратын.

 

Олардың жарасы бұған жеңіл еді. Азу тісін ақситып «ыр-р» ете түскен де үйлеріне жып беретін. Ал еркектер болса айыр ала жүгіретін. Бүйіріне айыр қадатып бұл ақымақ па, тамақтан өліп пе, табанын жалтырататын. Келесі бір аулада жылы-жұмсаққа бас қойған күшікті қағып жіберіп, іске кіріскені сол еді.

 

Әлдекім мылтықпен атып қалғаны. Сол сәт көрші үйлерден ата шыққан адамдар мылтық иесіне дүрсе қоя беріскен. Олардың не деп уласып-шуласып жатқанын бұл қайдан ұқсын. Гүрс етіп мылтық атылған сәтте, бұл ауладан ата шығып қара үзген.

 

Сол түні бұл ауылдан аулақ кетіп, биік бір төбенің басына шығып көз жасы көлдей болып ұлыған.Мұнысы шыбын жанын аман сақтаған жаратушы иеге деген алғысы ма, жалбырыну ма кім білсін?!

 

Таң ата жолға шыққан. Содан қос бүйірі қабысып, тілі салақтап салдыртып келе жатқанына екінші күн. Жолда бірде –бір ауылға соқпады.

 

Біріншіден, төрт аяқты бауырларының сорпа –суанына ортақтасам деп итше ырылдасқысы келмесе, екіншіден, жыны түссе, төрт аяқты бұл түгіл екі аяқты бауырларының жоқтауын асырудан тайынбайтын қатыгез адамдардың қаһарынан қорыққан.

 

Іші шұрқырап әкетіп барады. Тамақ тауып жемесе болмайтынын ұғынған ол шілікке бұрылды. Онысы қоян кездесе ме екен деген дәмесі еді. Кездескен күнде оны ұстап алуды кенет оның көзі мұны көріп ініне жып берген үлкен тышқанға түскен.

 

Әп- сәтте-ақ інді қазып, оның ішіндегі тышқандарды жеп, аз-маз тыныстаған ол қырға көтерілді. Айнадай жарқырап жатқан көлді көргенде, тағы да марқұм иесі- иесіне еріп, осы ауылға келгендері өзінің шөлдеп-көлден су ішкені есіне түскен. Қара төбет иесі түскен көл маңындағы төңірегі дәрі сасыған үйді бірден тапты.

 

Тек содан кейін иесінің ат басын бұрған үйін таба алмай көп сандалды. Енді ол жанындағы үйлердің маңайын тұтқасын иіскей бастаған.

 

Шамы сөніп тұрған үйдің ауласынан , ақыры, іздеген иісін тапқандай еді. Жерді иіскеп отырып, сыртқы есігі жоқ бір үйдің дәлізіне келіп кірді. Тұтқаны иіскеп еді іздеген иесі аңқып тұр.

 

Қуанғанынан ол қатты қыңсылап, есікті сояудай тырнақтарымен тырналай бастады. Есік ашқан Аман қаға-маға ішке еніп келе жатқан итті көргенде, Алтыбай кереуетінің астына жып берген. Дірілдеп- қалтырап қорықаннан үні шықпай қалған ол.

 

Қандыбайға жан-жағынан сауал жауып оның аяғына басын қойып құйрығын бұлғаңдатып жатқан қара төбетке қызыға қарап тұрған балаларды көріп, ішін әлдебір беймәлім қызғаныш меңдеген.

 

Балаларға жақын келген ол иттің көзінен еденге тамып жатқан жасты көргенде жаңа ғана таласа –тармаса Қондыбайға сауал қойып жатқан балалардың бір сәтте неге үнсіз қалғанын ұғынды.

 

Қондыбайға көзі түскен ол ойын ерекше толқып тұрғанын аңғарды. Әлден соң Қондыбай тамағын кенеп балалардың назарын өзіне аударды. Сонан соң менің сендерге айтып жүретін Майлыаяғым осы деген баяу үнмен.

 

Майлыаяқтың көкірегін ақыр соңында кіші иесін іздеп тапқанына тек итке ғана тән тасқынды қуаныш меңдеген. Көзінен жас болып тамшылай аққан сол қуаныш еді. Қондыбай болса мұны мойнынан құшақтап:

 

«Майлыаяғым –ау, осыншама ұмыттың ба?»- деп еркелете бастаған. Ал Майлыаяқ үлкен иесінің өзін әлдекімге де қарғы бауынан жетектетіп жібергенін үнемі қолқаны атар әлдебір иістен арылмайтын ол мұны шарбақтың қадасына байлап қойды.

 

Ара-тұра тамақ беретін. Бұрынғы иесін, сахара төсін сағынған бұл түн баласы жақ жаппай ұлумен шығатын. Мұндайда бірде үй иесі, бірде әйелі үйден ата шығып, әлденелерді айғалай айтып кейде тіптен ала жүгіретін. Салып -салып қалып, жат деп үйге енетін.

 

Сол түні де бұл қатты ұлыған. Қолына таяқ түспеді ме, мұны қысқа шыбықпен ұра берген де бұл оған бүгіле атылған. Әйел шар етіп шалқасынан түскен. Ерлі-зайыпты екеуі бұдан әрірек тұрып, бірімен бірі айғайласып қатты ұрысты.

 

Қой өрер сәтте әйел екі- үш кішкентай баласын ертіп үй алдындағы қырға беттеп бара жатты. Үй иесі бұған жақындай беріп, шарбақтың ішіне қарғып түскен. Ұратын болар. Азу тісін ақситып ыр-ыр еткен мұнан үрейі ұшты ма кім білсін.

 

Үй иесі қолындағы қамшысын жерге тастай беріп, аяқ қолы дірілдеп мұны байлаған жіпті шеше алмады. Кенет мойнын бұрғызбай қимылдаса-қылғындырып тынысын әбден тарылтып тұрған жіптің босаң ен бастағанын сезген.

 

Атыла жұлқынғаны соншалық -түбі шірік қазық опырылып кеткен. Шарбақтың бір бөлігі жалп етіп құлап, үй иесі қорқыныштан қалтырап –дірілдеп көңге аунап, әлденелерді айтып жер сабалап жатқан шақта алды-артына қарамай тайып отырған.

 

Түс әлетінде иесінің үйіне келіп жеткен. Бұрын қойдың шарбағы құрылатын жер бос жатыр. Үйден әрірек жайылып жүретін ақсақ-тоқсақ қозы- қойлар да көрінбейді.

 

Ең бастысы, есік алдында екі иінінен дем алып, түтіні будақтап тұратын сары самаурын да ізім-қайым, жан-жағына жіті көз салып аз-маз іркілген қара төбеттің құлағы үй ішінен әлдекімнің қыстыға жөтелген дыбысын естіген.

 

Сол сәт әйнектен төсек үстінде сүйегіне ілініп отырған шалға көзі түсті. Бір басып, екі басып әйнекке жақындаған ол әлден соң жаңағы шалдың өзінің иесі екенін таныған.

 

Сол сәт өз еркінен тыс арс-арс етіп үріп жіберген. Үйден жүгіре шыққан қыз мұны көре сала: «Майлыаяқ, Майлыаяқ келді»,- деп ауылды басына көтерді. Кемпір шалды сүймелеп далаға шығарды.

 

Мұны көргенде шал мұң шағып: «Халім осы, Майлыаяғым»,- деген даусы дірілдеп. Мұны сипалай тұрып: «Опыр-ай, қалай жүдеп кеткенсің, ит-ай, қыр соңымнан қалмай қойған соң, сені амалсыз беріп едім».

 

Кемпір шалының сәт санап әлсіреп бара жатқанын сезіп: «Майлыаяғым, сен мені екі рет, бірде маған атылған арланды алқымнан ала кетіп, екіншіде, ала тұмсығы батпайтын ну орманда адасып әлім құрып енді өлдім-ау дегенде көк шолақ ат екеуің аман-есен алып-шығып екі рет ажалдан құтқарған едіңдер. Енді міне ...

 

Оның не айтып, не қойғанын бұл ұққан жоқ. Әрине, әйтсе де шалдың еті қашқан әлсіз саусақтарының болар-болмас жылуы өн бойына таралып тек иттерге ғана тән мерейін асқақтатқан. Күнде таң ата шалдың терезенің алдында көлденең жатып иесінің әр қимылын үнсіз бақылаумен болатын.

 

Әлдекімдер бетін жауып жатқанын байқады. Ауылдан жырақтау зиратта жерленген иесінің басында бұл табан аудармай бірнеше күн болып, ол ауылға қайтатын шығар деп күткен.

 

Көп ұзамай үй ішінен жылаған адамдардың дауыстарын естіді. Оның ойын бөлмеге сырттан кірген әлдекімнің ренішті даусы бөлді:

-Мен сендерден бұл тағы қандай бейбастық?- деп сұрап тұрмын ғой.

 

-Қондыбайды жоғалып кеткен иті іздеп келді, мұғалім.

-Шығарыңдар кәне, тез шығарыңдар. Ешкім орындарынан қозғала қоймады. Майлаяқ есікке беттеп бара жатты. Қондыбай соңынан ілескен.

-Кәне, балалар, дем алыңдар,- деген Рахаң өзгелер шешіне бастағанда, Рахаңды төңіректеп қала берген.

 

- Сен неғып тұрсың селтиіп?

-Мұғалім! – деді,- анау сізді ана иті құрғыр қауып ала ма деп.

-Жатайын деп жатқан балалар ду күлді. Рахаң бір түрлі қолайсызданып:

 

- Сен өзі неткен жағымпазсың !. Жат, кәне ,орныңа,- деп жекіп тастады. Қондыбай сол түні көз ілмей шықты. Қайта –қайта далаға шығып, Майлыаяқты еркелетіп, құшақтау мен болған. Шіркін-ай, үйге апамдарға салып берсем ғой.

 

Үйдегілер қандай қуанар еді. Әсіресе Майлыаяқты кішкентай күшік күнінде тауып әкелген Нүрпән қандай қуанар еді. Бұл есейгенге дейін Майлыаяққа сол иелік етті ғой. Қазір ол бойжеткен қыз. Қазір олар бұрынғы тұрған жерлерінен көшіп кеткен. Содан ғой Майлыаяқтың таба алмай жүргені. Қанша ойласа да Майлыаяқты ауылына қалай жеткізудің жолын таба алмады.

 

Қалжырап барып көзі ілінген. Таң ата-ақ үлкен ауылдың Майлыаяққа бейтаныс тірлігі басталып кетті.. Абыр-сабыр біреулері малдарын өріске айдап бара жатса, енді біреулері қолына ұстаған балаларын жетектеп кеше түнде өзі айнала тұтқасын иіскелеп шыр айналған үйге қарай алып бара жатыр.

 

Мұның кіші иесі де мұңлы мойынан құшақтап сәл- пәл еркелеткен соң, солардың соңынан ілескен жол үстінде состиып тұрып қалған мұны көрген бала жетектеген бір әйел көшені басына көтере әңгірлеп бұған тас лақтырды. Бұл да қарап қалмай, әлгі әйелге сояудай азу тісін ақсита «ыр-р» еткен. Сол-ақ екен.

 

Жұрт бұған назар аударып әркім әр түрлі сес көрсеткен. Тас, көшеде домалап жатқан бос бөтелкелермен ата бастады. Бұл олардан қашып құтылып, көл жағасына жақын орналасқан құлаған үйдің ішіне зып берген. Осы арадан кіші иесі кіріп кеткен еңселі үйдің есігін бағумен болған. Ақыры, оның қарасы көрінді.

 

-Мені күтіп жүрсің бе? Қазір ішке кірген ол әлден соң көнетоз тегешке буы бұрқыраған тамақ құйып әкеліп мұның алдына қойды. Иісі танау жаратын ыстық сорпаны бұл құныға жалады. Бұл оның иесі де білген жоқ еді. Майлыаяқ иесінің өзімен ауылдағыдай дала кезіп, тауға шығып асыр салып ойнау түгіл аз да болса бірге болуға мұршасы жоқ екенін байқаған.

 

Тіпті әлдеқалай сытылып шықанның өзінде сол түні иесінің бөлмесінде кездескен үлкен кісі іле артынан іздеп шығып, алдына салып алып кететін. Мұнымен қатар ауыл адамдары мұны әлдеқалай көре қалса жындарын көргендей әлдене деп әкіреңдеп кет- кеттің астына алатын.

 

Бұған ауыл иттерін айтақтайтын. Мұның тісі батқан иттер қыңсылап безе қашқанда, олардың көпшілігі бұған жұдырықтарын түйіп, көшеден тас, таяқ іздей бастайтын. Тіпті кейбірі мұны трактормен, машинамен тұра қуатын. Мұндайда бұл ашық алаңға шықпай үй-үйдің қора-қораның арасымен зытып құтылатын.

 

Ақыр соңында, бұл жердің өзіне қоныс болмасын сезген ол қырға беттеген. Ертеңгісінде Қондыбай Майлыаяқты көре алмай дал болды. Кешке қарай келіп қалар деп үміттенді. Бірақ Майлыаяқ бұл күдер үзбей қанша іздесе де, күтседе, қара көрсетпей кеткен. Бір күні кешке қарай бұл жататын бөлмеге асыға енгген бөлме Рахаң:

 

-Қондыбай, сенің итің қара жырада...Осылай қарай шығатын жолдың жиегіне өліп қалыпты. Кеше табынан бөлініп қалған тайшамды іздеп барғанда көрдім.

 

Сенімен қоштасып кетуге келген екен. Кім біліпті...- деді мұная тіл қатып. Бөлмее ішін көңілсіздік меңдеді. Балалардың бірі: «Атам жақсы ит жемтігін көрсетпейді деуші еді, рас екен-ау»,- деді ол жанары жасқа толы Қондыбайға күбір етіп.Оның көкірегі қарс айрылып бара жатқандай еді.

 

Сүлеймен Баязитов

1
0
648

Соқыр ат соғысқа қатысқан ба?

(әңгіме)

 

-Саған осы атты лайық көрдік, Жолдыбай. Өзгелерден бойың да, жасың да кіші екен. Алас ұрып тұрған асау атқа ие бола алмассың. Жолдыбай бригадир меңзеген атқа жүген сала тұрып, аттың бір көзінің жоқ екеніне, қабырғалары арса-арса, мейлінше жүдеулігіне, ең бастысы, арқасындағы ошақтай жауырынынан тамшылап ағып тұрған қанды іріңге назар аударған.

 

Өздеріне тиісті аттарын жүгендеп алып, көңілдері тау бұлағындай тасқындап тұрған балалардың бірі.

 

-Опыр-ай, мына Жолдыбайдың асығы алшысынан түсуін қара, соқыр десең соқыр, жауыр десең жауыр. Мына атқа мінгенде, біздің Жолдыбай әлгі кім еді, диірменмен соғысатын?

 

-Е-е, ол жазушы Сервантестің Дон Кихоты ғой. Санчодан аумай қалатын болды тегі,- деп тұрғандарды қыран күлкіге бөлеген. Жолдыбай ел қатарлы атын ерттемек болғанда, қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсіңнің кері келіп, соқыр ат ер салғызбай мөңкіп тулап, әлек-шәлегін шығарған. Өлдім-талдым дегенде ерді салып, айылын тарта бастағаны сол еді, аспанға шапшып, тебініп, шайнап ала жаздаған.Мұны көрген шөпші балалар:

 

-Мынаның қасында Алпамыс Тайшық ханның темір үйін талқандап шығатын Байшұбары сір,ә аяқ артуға тұрмайтын тулақ шығар. Ха-ха, ө-өхе-хе айтпа деймін.

 

Жануардың тұяғы тиген жерін опырып жіберетін болар.

 

-Әй, әрірек тұрыңдар, «жалғанның жазымы көп» деген тұяғы тиіп кетіп, жазым болмаңдар. Балалар мұнан әрі де мазақтай берер ме еді. Үлкендердің бірі:

 

-Қойыңдар кәне,- деп тыйып тастады. Мұны қолтығынан демеп, соқыр атқа мінгізген. Бұл ерге қонған сәтте ошақтай жарасына ер батса керек, ышқына мөңкіп, айдалаға ала жөнелген. Тырнауышқа жегілген қос өгіздің қапталына соқыр атты жеге тұрып, балалардың мазағы ойына оралған Жолдыбай терең күрсінді.

 

Опыр-ай осылай жалғаса берсе...сол сәт сабасына түскен ол жұмысқа кірісіп кетті. Тырнаушының соңында қалып бара жатқан тақтаға түскен шөпті қос өгіз бен соқыр аттың тырнауышты тізе қосып сүйреп келе жатқанын көргенде, көңіліңдегі күдік сейіліп, әлдебір үміт оты ұшқындағандай еді. Әлденеден соқыр атқа қарата «көрерміз» деген.

 

Ол өзінен сәл әріректе шөп шауып, шөмелей салып, шөп сырып жүрген шөпшілердің көліктерін доғарып жатқанын көріп, түс болғанын оңғарды. Өгіздерін доғарып, соқыр атқа ер салуға беттеген.

 

Таңертеңгідей емес соқыр ат ер салып жатқан мұны тебуге де, тістеуге де ұмтылмаған. Басын салбыратып, бей-жай қалып танытты.

 

Өзара қызу әңгімеге берілген үлкендердің көзін ала беріп, Төкен «бас қамшыны» деп суырылып алға түсе берді. Балалар ғана емес, жастар жағы да соқыр атқа қамшы басты. Алғашқы да тепіректеп шапқан сынай танытқан соқыр ат, барым осы дегендей әлден соң кібіртіктеп аяңға көшті.

 

Бұл қосқа таянғанда балалардың алды шайларын ішіп болып, көлеңкеде тыныстап отыр еді. Жырқ- жырқ күліп, әлдене деп әжуалай қарсы алған еді. Оларды Жолдыбайдың тыңдауға құлқы да, тіпті уақытты да жоқ болатын.

 

Бір-екі кесе шайын асыға ұрттап, есікке беттеген шөпшілер аттарына қонып жатыр еді. Кешке қарай ауылға жұрттың соңын ала кешігіп оралған мұны күш-көліктерін бағатын Бейсенбай қарт:

 

-Қарағым, мен сені күтіп тұрмын, атыңның ерін алып табынға қос, ат дейді ғой тулақты,- деп күңк еткен. Жолдыбай жылқыға қосар тұста күні бойғы ашуы сыртқа тепті ме кім білсін соқыр атты босата беріп қолындағы жүгенімен бастан салып-салып қалып «қартаң шірігір» деді кіжініп.

 

Сол сәт Бейсенбай қартты: «Әй, жақсының баласы, мұның білгендік емес енді. Әкең марқұм жылқыны басқа ұрма обал болады деп сан ескерткен болар. Тек құйма құлаққа айтсаң, құйып алады, ақпа құлаққа айтсаң...». Бұл Бейсенбай қарттың сөзін аяғына дейін тыңдамай, қосқа қарай жүгіре жөнелген.

 

Түскі шайын ішіп отырған мұны шөпші балалардың бірі: «Сені Бейсенбай ата шақырады»,- деп сыртқа алып шықты. Бұл сөзімді аяғына дейін тыңдамай кеттің деп ұрсатын болар деп бір түрлі қауіптеніп келген.

 

Бейсенбайдың: «Уай, жақсының баласы»,- деп, жайдары қарсы алғанына бір түрлі таңданулы еді.

 

-Атыңның ерін ал кәне. Енді сәл әрірек тұр,- деп атқа жақындаған ол аттың арқасындағы ошақтай жараны қос қолымен қысып іріңін ағызды, жара орнына өзімен бірге ала келген әлдебір дәріні септі. Сонан соң бұған қарап: «Шипасы Алладан, енді бірер рет сепсек, жараның ізі де қалмайды»,- деген жымия күліп.

 

Таңға жақын ол жұрттың шулаған үні мен абыр-сабыр жүргенінен оянған далаға шықса, баданадай ақ бұршақ қыр төсін жауып-ақ тастаған екен.

 

Төбеден тамған тамшы, қос еденінен ішке кіре бастаған су тізеден жоғары көтеріліп, шөпшілердің төсек орындары су үстінде қалқып жүр еді.

 

-Апыр-ай, мұндай лайсаңды кім көрген? Бір-ақ сәтте суға кетіп қала жаздадық-ау! Бейсенбай қарт күш көлігін қосқа қарай беттеті ме екен?

 

-Аға! - деген балалардың бірі бригадирдің сөзін бөліп, -күш көліктері әне қосқа жақындап келеді.

 

-Жер дегдігенше аттарыңды ерттеп ауылдарыңа беттеңдер. Күн әлі де бір жауып, бір ашылып тұрған. Бұл таза бұлаққа келгенде, неге екені белгісіз Жапар ата бағатын колхоз қойы әлі де шарбақта қамаулы тұр еді.

 

Аттан түсіп жатқан мұны Жапар атаның кішкене немересі:

 

-Аға, сізді атам шақырады, тез келсін,- дейді деген соң Жапакеңнің балағанына бас сұққан еді. Үнемі түнеріп, айналасына ызбар шашып жүретін Жапар атасы бұған мән-жайды баяндап: «Аттан құлап, аяғымды сындырып алдым.

 

Сен қойды шығарып дөңгелете тұр. Апаң атқа мініп, ауыл орталығына хабарлауға кеткен. Сен қойды өз атыңмен баға тұр». Шарбақтың аузын ашқан сәтте, отар далаға лап берді. Сәл ересектеу балалардың бірі ат үстіндегі мұның қолына атасының мылтығын ұсынған. Ала бергені сол еді, соқыр ат осқырына үркіп , қанша тартса да болар емес.

 

Жайшылықта қадамын санап басатын соқыр аттың құйындай ағыза жөнеліп, тебіне жан ұшыра шұрқырай кісінеді. Жолдыбайдың төбе шашын тік тұрғызған қолындағы мылтық сусып жерге түсіп бара жатты. Сонда ғана соқыр ат мөңкіді де, жан ұшыра кісінеуді де қойып, қалыпты аяңға көшкен. Бұл жай балалар түгіл үлкендердің назарынан тыс қалмаған.

 

Қабыш сақалын салалай отырып: «Қалай десеңдер де бұл жай емес, жануар әлде соғысқа қатысты ма екен? Бәлкім, соғыста көзіне оқ тиген болар»,- деп бір бұлыңғыр әңгіменің ұшын шығарды.

 

Бірі болса болар десе, екіншісі қой әрі Украина қайда, біздің Таза бұлақ қайда. Сол жылдары жылқы баққандардың біразы біле алмадық десті. Ақыры мектептегі тарихшы ағайға дейін әңгімеге тартылды.

 

-Әбден мүмкін. Соғыс жылдарында Совет армиясы құрамында атты әскер болды ғой. Ал сол атты әскерді жасақтауға біздің өңірден жылқы алынды ма деген сауалға ол: «Тайбурыл, Байшұбар шыққан қазақ жеріне соғысқа ат алынды ма деп сұрауларыңның өзі надандық емес пе?!»- деп бір-ақ қайырды.

 

Бір таңқаларлығы, Жолдыбай «Соқыр ат соғысқа қатысты ма?» деген таласқа араласпады. Әркім өзінің сөзін дәлелдеуге тырысып жақ-жақ болып, қаншама айтысса да, тиянақ табуы екіталай. Алып- қашпа әңгімеге бас ауыртуды артық санаған болар.

 

Жоқ, әлде Бейсенбай қарттың: «Әкең марқұм сөзге жоқ, ісіне мығым адам еді. Жарықтық, жан-жануарға, әсіресе жылқы малына ерекше құрметпен қарайтын. Астына мінген Торшолағын мәпелеп күтіп, қанатым менің»,- деп отыратын деген сөзі ой салды ма...

 

Соқыр атты мезгілінде суарып, азды- көпті жем беріп, Бейсенбай қарттың көмегімен арқасындағы жарасын емдеп жазуға ден қойған.

 

Ақыры, оқуға аттанар тұс та келіп жетті. Жолдыбай әдеттегідей соқыр аттың жалын тарай тұрып:

 

-Сен мені қамшымен бас- көзге сабағанымды, басыңнан жүгенмен салып қалғанымды кешір, жануарым ,бір білместік болды,- деді мойнынан құшақтап. Үнінде өткенге өкініш лебі бар еді.

 

Сүлеймен Баязитов

0
0
1112

Малайсары — (Поэма) Соңы

 

 

Елшілік

 

– Боранбай, бүгін түнде аттанасың,

Бұл сапар саған да– сын, маған да– сын.

Қоңтайшысына жоңғардың қолға түскен,

Қолбасшының хатын апарасың.

Елшісің біздің жұрттан соны ұмытпа,

Қоңтайшыдан жауап ап қайт жуықта.

Осылай деп ойланып тұрды-дағы:

– Жалпақтама жауларға, жүз жылытпа.

Ал мына хат– оларға менің шартым,

Жауыз жоңғар, –деді де, – қыссын артын.

Бұлтақтаса, інісінің  басын алам,

Елшіліктің сақтамай дәстүр-салтын.

Қол көтерсе, тұтқынның қырам бәрін,

Тігіп отыр дегейсің саған кәрін.

Үш жүзден іріктелді тоғыз жігіт,

Басқаратын– өзіңсің соның бәрін.

Боранбайлар сол түні жолға шықты,

Емші,  жолбастаушы, тілмаш мықты...

Енді біз емшіге сәл тоқталайық,

Малайсары емші деп топқа лайық

Жаужарғанның есімін атаған-ды.

Борекең «әйел адам» дей беріп ед,

– Сөзді қой, – деп ескертті бейберекет.

– Бореке, өзгелерге көз салайық,

Шетелдің елшілері қасында емшілері

Демеңіз мұны тегін, –

Деп оның сөзін бөлді Малайсары.

Уәж айтар оған қарсы бар ма амалы?..

Алыс жол ыстық түсе ат шалдырып,

Алмақ боп адамдарын демалдырып.

Жайғасқан бір ағаштың түбіне кеп,

Көңілі елшілердің емен-жарқын.

Мұндайда айтылатын әңгіме көп,

Шешендер келтіреді сөздің парқын.

Дуылдап отырғанда ызың қаққан,

Әлдене олай-бұлай ұшып жүрген,

Сол пәле Боранбайды келіп шаққан.

Ынтығып әңгімеге құлақ түрген,

Боранбай білегінің іскенін де

Тіптен де алғашқыда аңдамаған.

Сезген тек қызуы арта түскенінде,

Әлден соң жатып қалды сандырақтап.

Жаужарған өзгелерді кері сырып,

Ісікке әлденені жақты аппақ.

Әлден соң жеңіл шатыр құрғыздырып,

Емін әрі толассыз жалғастырған.

Сол түні көзі тіптен ілінбеген,

Бір сәтте:

– Шыр-пыр боп сенен қорқып  кетті, антұрған, –

Деп баяу көзін ашып күлімдеген,

Сонан соң қатқыл үнмен: «Отыр бері,

Қолымды серпер болсаң, менің тегі,

Бұл қорлық– Боранбайдың өлген жері.

Мен саған сүйем-күйем  дей алмаймын.

Әйел ғып алам сені,

Ұнатасың, пәтшағар, сен де мені, –

Дегенде Боранбай ер тына қалған.

Демеңіз бұл сөзімді менің жалған,

Көнеден ел аузында аңыз қалған...

Қызыл қан, қызыл оттың ортасында

Қос жүрек махаббаты от боп жанған.

Ұлы өмір арсыз ажал арасында

Махаббат шамшырағы сөнбей жанған,

Бұл үлгі ұрпақтарға мирас қалған.

Содан ба,

Борекеңнің кетті ме мысы басып,

Жоқ әлде қалды ма екен болып ғашық?..

Жаужарған жанарына жас іркіліп,

– Арман не, өтсем сізбен қол ұстасып, –

Дегенде,

– Қарағым, құтты болсын қадамың! – деп

Өзі жоқ болса-дағы бұл маңайда

Құлағына Түй әулие даусы келген.

Сол түні бұл екеуі қол алысқан.

Махаббат ойламаңыз ертегі деп,

Сіз оны іздемеңіз тіпті алыстан,

Шын сүйіп, табысқанның ертеңі көп.

Осылай тағдырлары табысқанда,

Белшеден бейнет кешіп, қызық көрген.

Жастық шақ бірте-бірте алыс қалды,

Артынан екеуінің ұрпақ өрген...

«Қазақтан елші келед» деген хабар

Дүрліктірді жоңғардағы бар ұлықты.

Қоңтайшы қарсы алса да түйіп қабақ,

Ә дегеннен Борекең сөзбен сабап,

Менменсіген немені сабасына түсірді.

– Кеуделенбе, сен бізге аса шалқалап,

Шалқаласаң, шалқаңнан түсіремін,

Ала алмайды ешкімде арашалап.

Тұтқындағы ініңнің басын алып,

Ерегессең, тарттырам саған табақ, –

Дегенінде қоңтайшы иілген-ді,

Уәзірлері шуласып күйінген-ді.

Дескен еді: «Тағыңды төңкереміз,

Ал ордаңның қалады үйіндісі».

Содан болар әп-сәтте жүзі жылып,

Қарт қоңтайшы танытты тосын қылық.

– Малайсары жіберген шартты әкел, – деп,

– Қажет дейсің, –деп қойды, – кімге бүлік?

Өлгендердің соғыста құнын төлеп,

Айдап кеткен мал басты одан бөлек.

Қолға түскен жастарды қайтарғанда,

Азап кешкен сол жастар тұрды еңіреп.

Боранбайлар шыққанда елге беттеп,

Елшілерді қоңтайшы құрметтеп,

Шығарып сап, келетін күнін айтқан,

– Кемдік болса, сол жерде түзелед, – деп.

Шекарада

 

 

Үш жүздің іріктісі, біліктісі

Атқа қонды «Алла» деп, жылып түсі.

Жүз  қаралы қазақтың жақсыларын

Қорғап келеді жігіттің жіліктісі.

Абылай сұлтан, төре, би, батырлары

Көз көрімнен көз тартып шатырлары.

Салтанатын даланың арттырғандай,

Келгендей-ақ орнына ақыр бәрі.

Ізгі үміттің оятып жұрттың бір сәт,

Көңіл құсы ұшқандай көкке шырқап.

Тұтқындарға шұбырған айдаудағы,

Бала біткен көз салып тұр таңырқап.

Сап түзеп үш жүздің сарбаздары,

Қарсысында жоңғарлар тұрды сабы.

Шыжғырып тұр аптап күн дала төсін,

Қоңтайшыға дұшпанның сынған сағы,

Сияқтанып көрінед Алла кәрі.

Көзін жұмып, бір сәтке ойға шомған,

«Жоңғарларды құтқарам қайтсем сордан»,

Деген оймен

Қырғи тектес қазаққа шүйлігіп ед,

Қазақ торғай сытылып кетті тордан.

– Мына, есуас, япыр-ау, жынданған ба?

Күйме ауып кетсе ше ана жарға?

Ұлы мәртебелім, мерт болса, қайтер едік?

– Ей, малғұн, оттамай, сөзіңді аңда! –

Сарайдағы мінездері қалмаған,

Бірін-бірі айдаһардай жалмаған

Жағымпаздар. Дәл осы сәт

Төбесінен қаңқылдаған қаздар өтті самғаған.

Сол құстарға мұңын шаққандай бір уақ,

Қарт қоңтайшы

Мазасыз ойдан тыным ап,

Бейберекет қапталына көз тіккен-ді.

Жүре берді өне бойы шымырлап,

Мың кісіден асатындай қарамы.

Тұтқыннан қайтқан қазақтар өтіп

Барады.

Іштерінде қаусаған қарт,

Жауынгерлер жаралы

Қаптаған әйел, кейбіреуі балалы.

Қыз-келіншек жетеді, жігіт-желең де.

Көтеріле беріп кезекті бір белеңге,

Көтеріп көкке желбіретті дерсің байрағын.

Жоңғарлық сарбаз қол соза алмасын беренге,

Сенгені анық.

– Япыр-ау, сонда байрақты қайда сақтаған?

Күзетшілер тінткенде қалай таппаған?

Әлдебір сазды әуенді тербеп, аяқтарын нық басад,

Аспанның өзі болар ма иттерді  мына жақтаған?..

Байрағы желмен  желбіреп,

Тұтқыннан қайтқан ержүрек

Жандардан жаны шошыды.

Көз алдына келеді мына сурет:

Сұрапыл соғыс. Қырылған жанда есеп жоқ.

Қара шаңнан мұнартып тұрды жер мен көк.

Шаңды жарып, айғай салып:

«Жекпе-жек, –  деп, –жекпе-жек».

Таныс дауыс шыға келді, батыр алып,

Таныс тұлға тұр ортада өктемдеп.

– Апыр-ау, мынау– Шарыш па?

Кеткен даңқы алысқа.

Ескерткен еді-ау анасы,

Болғайсың деп панасы.

Қазір келем деп кетіп,

Бүлдіргенін қарашы.

Күңіреніп тұрды сол сәт байтақ қазақ даласы.

«Абылайлап» ат ойнатқан әлдекім

Ағызып шықты жақындай берді арасы.

Батыр Шарыш атына қамшы басқан-ды,

Ақырған даусы шайқады шыңды, асқарды.

Опасыз, шірік, дүние-ай!

Қас-қағым сәтте үміті жер жастанды.

Жау батыры іліп алып найзасының ұшына,

Көтеріп тербеп, лақтырып жерге тастады.

Сол сұмырай Абылай сұлтан бүгінгі,

«Ақыры, менің құртпаса жарар түбімді».

Әлдекімдер ерткен назарына ілінді.

Абылай сұлтан, Малайсары қолтықтап,

Тірсекті түсіріп жатты, құрметтеп күймеден.

– Арсыз, неме-ай,

Өңменіне найза түйреген!

Жаулармен ауыз жаласып,

Тұтқыннан тіпті барады қайтып сыйменен. –

Дәл осы сәт соңынан ерген бірталай,

Нөкерлері алды-артына қарамай:

– Мәртебелім, Ұлы мәртебелім! – деп шуласып,

Жарыса шапқан жан жүрегін жаралай.

Есінен танған Қоңтайшыға

Дәрі иіскеткен,

Емшіден әбден ес кеткен.

– Қоңтайшының халі нашар! – деп

Бас уәзірге ескерткен...

Әлден соң басын көтеріп:

– Бөгелмей енді жетелік, –

Дегенде бас уәзір:

– Мәртебелім, сәл-пәл сабыр етелік,

Қазақтар әлі Тірсекті шығарып салып болған жоқ,

Келді хабар осы жерден күтсін деп.

Бас уәзір:

– Ой, Алла –ай,

–Құрыдық енді, біттік, –деп,

Бұған кеңес бере бастаған:

–Сөйлегенде жөн болар аса асып- таспаған.

– Бітімге қолды бұлтақтамай қойыңыз,

Ең бастысы –алып шығу басты аман. –

Дәуренінің Қоңтайшы сезген өткенін

Алтын тақта тербелгенде осы ма барлық жеткені?!

Күйінгенмен енді ұшпаққа шықпасын сезеді,

«Аһ» ұрғанда, өртеніп жатты өзегі.

Емесін іштей сезеді Қоңтайшы бұл тегін,

Бұл емес еді-ау, бұл емес еді-ау күткені,

Көз алдында  көлбеңдеп  түтіні сөнген білтенің...

 

Түйін

 

Сонан бері өте шықты үш ғасыр,

Өтті өмірден сан данышпан, сан тасыр.

Содан бері қаншама қан төгілді,

Бояп қанға байтақ жерді жап- жасыл.

Ұмыттырып ата-салтты, ғұрыпты,

«Елім!» деген ерлердің тіліне салып құлыпты,

Түрмелерге тығыпты.

Тасқа жазар тарихыңды,

Әман жоққа шығарып.

Бұл мешел ел, бұл ғаріп

Дегеніне көнбегенді

Тамырынан жұлыпты.

Қазақ надан, қараңғы ел

Аш бөрідей күні-түні ұлыпты.

Хандар мен батырлардың

Ел жадында аты қалды.

Атын айтқан анық еді,

Сол сәтінде аталарын.

Әйтсе де ел ұмытпаған,

Абылай хан, Малайсары,

Қанжығалы Бөгенбайды.

Айбыны да асқақ ары

Қаракерей Қабанбайды,

Өткен талай жырау, ақын

Атай алмай ерлер атын

Құрсауында саясаттың

Илеуінде өгей, жаттың.

Атып таңы Тәуелсіздік,

Еңсемізді тіктеп бізді.

Үңілдік ескі шежіреге,

Бабалардан қалған ізге.

Кезі жетіп түстік біз де,

Сенің ізің жатыр екен,

Мұрағаттарда сандаған.

Тарихшылар көз майын сарқып ақтарған,

Шет елдерде сары майдай сақталған.

Көне тарих сыңғыр-сыңғыр тіл қатты,

Маңдай тері іздеушінің ақталған.

Туған елге том-том болып оралған,

Баба тарих кітап болып басылды.

Сөйтіп, іске асты  ұлы арман,

Торлаған бұлт тарихымда ашылды.

Нұрекеңнің бастамасы еді бұл,

Небір дүлдүл ел тарихын еткен жыр.

Ұрпағымен кітап болып тілдесті,

Қасиет қонған әулие менен әмбие

Тарихын танып, ой санасы бірге өсті.

Ал ұрпағы шадыман-шатты күй кешті,

Батырлардың жөні бөлек әманда

Ел  қорғаған, байтақ жерді сақтаған.

Ұлт намысын таптатпаған табанға,

Замандарда шұбырынды ақтабан.

Соның бірі Малайсары тархан-ды

Күрескен жоңғарлармен елі үшін,

Болған елдің – ар намысы, қалқаны.

Жорық жолын Абылаймен бірге өткен,

Ата жауды тізе қосып күйреткен.

Шығарар жай ма бұл естен?!

Малайсары – Абылайдың бас батыры,

Десе-дағы шындықтан

Аттадың деп айталар кім?

Елін сүйген хас батырға

Туған жерге келді, ақыры, қайтар күн.

     

Тито Сыздықовқа.


 

Арғымағын хас батырдың ерттеген,

Тито мырза, мың бір алғыс өзіңе!

Іс тындырдың тіршілікте көптеген,

Ал бұл ісің түсті халық көзіне.

Алла сенің бақытыңды еселер,

Сол халқыңның жадында мәңгі сақталар.

Мазасыз күннің өтесі төккен теріңнің,

Батасы мен елдің ақталар.

Алғысымен байтақ жеріңнің,

Ал ескерткіш жүздеген  жыл сақталар.

Соншама жыл аталар сенің есімің,

Атыңды атап сан ұрпақ әлі мақтанар,

Тарихта қалар ерлікке тән шешімің!

 

Сүлеймен Баязитов

 
0
0
784

Малайсары (Поэма) Жалғасы

 

 

Барымташы Боранбай

 

Қу жанын барымтада отқа салған,

Қарымтада құрыстап қары талған.

Алты ай жаз, алты ай қыста тақым кеппей,

Боранбай барымташы ұры атанған.

Басыбайлы жар да жоқ,

Бала да жоқ,

Кешкені – өмір бойы қып-қызыл шоқ.

Қалындық әперем деп күрсінетін,

Бай сөзін тұтатұғын көңілге тоқ.

Жұт жылы үзіп оның бал арманын,

Өрт шалып, үміт атты қара орманын.

Керексіз байға, биге бейшарадай

Маңына жолай алмай Ақ орданың.

Қалған ед бір-ақ сәтте шетке шығып,

Қырылып жылқы атаулы кеткен ығып.

Айрылған төрт түліктен бір-ақ сәтте,

Қалған байлар қырдағы қасқырша ұлып.

Мұны көрген Боранбай атқа қонып,

Ақ тазысын қасына етіп серік,

Аң аулаған қыс бойы елден жырақ.

Аң да сирек дегенмен күнелтерлік,

Тауып азық көктемге іліккен-ді,

Көктем туа қалың ел дүрліккен-ді.

Жоңғар шауып қазақтың ауылдарын,

Ұйпа-тұйпа әп-сәтте түріп берді.

Қарсы тұрар қазақта күштің жоғын,

Қанға бояп шаңдатқан қазақ көгін.

Көрген тұста Боранбай қаны тасып,

Алмақ болған қалайда қазақ кегін.

Кегін алмақ,

Бірақ қалай?

Келген еді басына сан ой талай.

Бұл уақытта қазақтар қаша көшіп,

Асқан еді сай-сала, белден талай.

Ырыс болған қазаққа, қайран дала-ай,

Жау адасқан төсіңде сенің талай.

Аязыңда ақырған үсіп өліп,

Аптабыңда қырылған су таба алмай.

Сүйсінген ед даланың кеңдігіне,

Сол далада қырғын сап енді міне.

Жоңғар мынау жасауда жойқын апат,

Елдігіне, қазақтың ерлігіне.

Пысқырып та қарайтын емес тіптен,

Ойын бөліп, бір сәтке көзін тіккен.

Жоңғар қолы барады желе жортып,

Қалған сәт ед күн тақап екіндікке.

Тартып берді бұл- дағы алдын орап,

Бұл жердегі әр соқпақ  таныс сорап.

Боранбайдың есебі дәл шыққан ед,

Қотыр қи белінде бүгіп қонад.

Осы маңда бекініп жүрген талай,

Өзекте өскен бар еді шоқ қарағай.

Екі жағын қоршаған биік шоқы

Жасырынған адамды абайламай,

Жүргіншілер қасынан өтер еді,

Атын байлап тазысын жетеледі.

Табанында жайғасқан қалың жоңғар,

Бір-біріне дауысын көтереді.

Түн ортасы тыйылды дауыс тіптен,

Осы сәтті Боранбай көптен күткен.

Тазысын жетелеген атын ертіп,

Арасына аттардың кіріп кеткен.

Матаулы аттар тұр еді бір-біріне,

Уақыт жоқ кідіріп іркілуге.

Шылбырларды маталған қиып  сәтте

Тазысына «айт» деген бұл дүрліге.

Ұшқан құс боп дабылдап сұңқылдаған,

Ал тазы

Өткір тісін арс етіп, шоқап салған.

Аттар үркіп, быт-шыт боп жөнелгенде,

Арқырастап айқайсқа түсіп алдан.

Ат біткендер соңына еріп берген,

Ұйқы – дұшпан,

Ұйқыға ерік берген.

– Жауынгер деп сендерге сеніп келген,

Мен ақымақ, –деді де қолбасшысы

Үш-төртеуін турады ақ беренмен.

Деп ақырды,  – барамыз атсыз қайда? –

Ақыр, жұлын жоқ еді одан пайда.

Жоңғарларды қалдырып осы арада,

Сөз қозғаған жөн болар Боран жайлы.

Құс қанатты жануар жылқы деген,

Асқан еді бұл шақта сан белеңнен.

Қырдың таңы атқанда қиядағы,

Қалың шаңға барлаушы еткен елең.

Хабар берген Батырға қосындағы,

Атқа қонған жасақтар осындағы.

Малайсары аңысын аңдаңдар,

Шатырында бір хабар тосып қалды.

Қуып келген жылқыны барымташы

Отыздарда секілді жас шамасы.

– Бізге жөнін айтпады сәті түссе,

Өзіңізге болып тұр жолықпақшы. –

Малайсары орнынан түрегеліп,

Боранбайды қарсы алды сәлем беріп.

Оның жайын тыңдаған Батырекең:

– Сендей ерлер барында– халық аман! –

Кеткен еді толқып бір, тебіреніп.

Жоңғарлардың  қай жерде қалғандығын,

Сұрай келіп жүз қаралы жігітті ертті  мығым.

Іріктеп ап, аттанып кеткен еді,

Тұтқындасақ аса көп бермей шығын.

Болса да әскер бастар жоқ өнері,

Қоңтайшы– қолбасшысының бар сенері.

Сарайдың сенім  артқан кемеңгері,

Басқарған әскерінің бір ғажабы

Жуық ед қан майданда төрден көрі.

Әскерін жаяу-жалпы алға бастап,

Қояды арагідік ұран тастап:

– Қырыңдар, қазақтарды аямаңдар,

Қылыңдар ел шошырдай қанды қасап! –

Дей беріп өз-өзінен іркілген-ді.

Әлдекім: «Қазақтар!» –  деп күңкілдеді.

Көргенде қоршап алған қазақтарды,

Қалған ед зәресі ұшып, құр сүлдері.

Әп-сәтте бейшараның өңі қашып,

Жасақтың қоршап алған мысы басып.

Қаруын қолындағы серпе салып:

– Жеңбейміз біз бұларды қарсыласып,

Тастаңдар қаруды, берілеміз.

– Қалайша, соғыспай ма?!

– Елірмеңіз! –

Деп ақырып жүзбасын қалды салып.

– Тірі қалсақ, қазақты көріне біз

Тықпақ үшін табармыз әлі негіз.

Сөз тыйылып тастаған қаруларын.

Малайсары әскері мұның бәрін

Сырт бақылап тұр еді қолбасшысы.

– Малайсарыға тізерлеп бағынамын, –

Дегенінде ет жүрек елжіреді,

Жеңіс туы бір сәтке желбіреді.

–Жанымызды, – дегенде, – қия көргін.

Деді батыр:

«Ал мұны ел біледі,

Бейбіт жатқан алдыңдар жерін жаулап.

Өртке оранды қаншама ауыл-аймақ,

Елім деген талай ер опат болды.

Жастарды құл сен күң қылып кеттің айдап,

Сандаған жыл қазаққа маза бермей,

Маған салса тап қазір ойланбастан

Тастар  едім сендерді тірі жерлей.

Тұтқындарды айдаңдар алға салып,

Құныкерін көзімен көрсін халық.

Жүзбасылар мынаған ат мінгізіп,

Жан-жағынан айдаңдар алға салып, –

Дегенінде

Әлдекім жауыр керді

Алдына тартқан еді. Енді мінем дегенде

Сұлай кеткен.

Жатқан жерден

Жұрт жабылып, тұрғызды әрең еппен.

Ақыры аяқ артқан еді,

Шоқ басқандай шошынып, ала қашып,

Іркілгенде қара басып құлаған.

Кеткен ед бет-аузын шөгір жырып,

Әрең тұрып, орнынан қалған жасып.

Жау басшысын кейбіреу мазақ қылып,

Қарқ-қарқ етіп табалап тұрды күліп.

Қол астында болғандар кіжінулі,

Тепсініп тұр «жібер» деп білек түріп.

Соғыста жеңе білу – асқан өнер,

Келтіретін қисынын тәңір шебер.

Адам болып, күні ертең қала алар ма,

У-шу болған парықсыз аш бөрілер?!

Сөздеріне бір сәтте құлақ түрген,

– Адам болу екіталай екен-ау мына түрмен,

Қарап тұрмыз, несіне өлтірейін?

Жоқ,

Дүре соғып, тәубасына келтірейін.

– Құйрығына асаудың байлайық та.

– Мұны айтқан қайсың,

Қайсың Айбалық па?

Қолбасшының  даусы зілді шыққан.

Талайлары тайсақтап қорқып ыққан.

– Халық зардап шеккен зұлымдықтан,

Байқауымша, бірің жоқ соны ұққан.

Сондықтан да ескертем бәріңізге.

Қол салғандар мынаған – маған дұшпан! –

Деген сәтте

Сәйгүлікке мінгізіп Тірсек ерді,

Қалың жасақ қозғалып жүре берді.

Жаушылардың хабарын естіген жұрт,

«Әне келді» деумен тұр «міне, келді».

Қара құрттай қаптаған тұтқындарды

Тәуба десіп, көрген жұрт бір таң қалды.

Қалай шыдар екен-ау есерсоқтар?

– Қырыңдар, –деп, – бұларды! –айғай салды.

Ұмтылғандар есіріп, «өлтірем» деп,

Тұтқындарға тұс-тұстан қару сермеп.

Малайсары айбатты тежеген ед.

– Жеңілген жау– қатынға, балаға ермек,

Батыр болсаң, қан майдан даласында

Алпарысып көріңдер, қылыш сермеп!..

   

Емші қосында

 

Дәл осы сәт қасынан өте берген,

Арбалыны тұрғандар бәрі көрген.

Арба үстінде баланы сұлап жатқан,

Жаңа ғана шыққан ед десе көрден.

Көргендердің талайы сөзсіз сеніп,

Ажал жетіп, бейбақты қалған өліп,

Салбыратып сүйегін сүйреп келед,

Өлген жерде қайтер ед кетсе көміп.

Ал өгізді жетектеп келе жатқан

Танығандар: «Адам»,  –деп, – Тәңір атқан».

– Алжыған ба? – дескені анық еді.

– Келе жатыр, апыр-ау, бұл қай жақтан?

– Қайыпқан залым еді аты мәлім,

Қартайғанда үптеген жұрттың малын.

Баласына он жасар ағаш құлап,

Аяқ-қолдың паршалап кеткен бәрін,

Кеудесінде шықпаған шыбын жаны.

Сүйектері терісін тесіп шығып,

Тоқтамастан келеді ағып қаны.

Ата шығып Жаужарған қарсы алдынан,

Арбаны тоқтаттырып сырқатқа көзін салған.

Көзге түспес Ақ жылан қасында еді,

Иретіліп үнсіз қалған.

«Өзіңе-өзіңе сен» деген еді,

Бұрынғыдай жөн айтып жебемеді.

– Қосқа кәне көтеріп кіргізіңдер,

Бір Алланың болар да дегені енді. –

Кіріскенде білегін түре салып,

Жатқан ауру ес-тұссыз жатқан талып.

Өңі кіріп біртіндеп сала берді,

Әлденең соң кеңінен тыныс алып.

Орны-орнына күл болған сүйектерін,

Салған еді Жаужарған төгіп терін.

Түй әулие есіктен ене берген,

«Қолдай гөр!» – деп дауыстап, – пәдуа керім,

Жақындап кеп, сырқатқа көзін салған.

– Өмір оты лауласын, жаным, алдан.

Жаужарғанға батасын бере тұрып,

Кірген шалға үстіне етіп қалбаң.

– Балаң тірі қалады бара бергін, –

Даусын кенеп, дүрдитіп үстіңгі ернін:

– Шідертіні ап жатыр жылқым менің,

Әлгі байы қазақтың мен боламын... –

Қазақ осы түбінде тұрып көрдің

Кеуде қағып масайрап мақтанатын

Болмашыға балаша шаттанатын.

Түй әулие көңіліңе түйіп қалған:

«Жан екен деп мынау бір сақтанатын».

Осы сәтте Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шақшақұлы Жәнібек,

Қожа, молда – бәрі бек,

Үш жүздің жақсы, жайсаңы

Жиналған елге ой салды.

Түй әулие келгенде,

Қаз тұрып бәрі қарсы алды.

–Апырай, –деді Қабанбай, –

Сізді де көрдік, ақыры,

–Түй әулие, – деп қойды,

–Бауырым мені қатырды,

Жағаласып  жауменен,

Жараланған сан өрен.

Шарапатыңыздан жазылды,

Мұны, сірә, аз демен, –

Деген еді Бөгенбай.

–Жаужарғанды әйтсе де

Малайсарыға жібердің.

Сауықтырды жасақты,

Жаныды қазақ жігерін.

Қиын сәтте қолдаған,

Қазақтың қалың пірі едің,–

Дегенде батыр Жәнібек

Барлығы басын шұлғыды.

Түс ауа бәйге басталып,

Шырқады қазақ бұлбұлы.

Ертеңгісін ас берілді,

Опат болған жер-жерлерде,

Соғыста өлген ерлерге.

–Қия алмай байтақ қырыңды,

Ата жаумен бұрынғы,

Қасқыр мінез қаскөймен

Сан жұлқысқан жырыңды,

Тағы да, халқым, кез келдім.

Ала жібін өзге елдің,

Аттамаған, ардағым,

Қиянат көріп зарладың,

Жоңғардың қалың қолынан.

Шайналды сан бармағың,

Қызыл қан суша төгілді,

Бұлт торлады көгіңді.

Қайратыңды таныттың,

Қорлатпай ата тегіңді,

Тектілігіңді таныттың,

Сан ұтылдың, сан ұттың.

Тәуба қылам ішімнен,

Опат болған, қыршындар,

Бір емес, сендер, мыңсыңдар!

Аллаға ғана құлсыңдар!

Жазым еткен сендерді

Жауыздардан биік тұрсыңдар.

Иншалла, шейіт аталған,

Ата-анадан бата алған,

Сендерге иман бұйырмақ.

Бауырыңнан айрылдың,

Ұланыңды жоқтап қайғырдың.

Тумай өшкен ай-күнін,

Сәбиіңді аңсадың,

Түсінем бәрін, түсінем.

Жалмады соғыс күшіген,

Бәріне көңіл айтамын.

Жақсы менен жайсаңым,

Даладай дарқан, байтағым,

Жаудың қаққан сайтанын.

Сонан соңғы айтарым,

Алла сүймес асқанды,

Алла сүймес қашқанды,

Елің айтар мұндайды,

Қор боп туған тастанды.

Зор боп туған ерлердің

Қорғаған туған жерлерін,

Шалқытар Алла нұрларын,

Болмасын ешбір күмәнің, –

Дей келіп Түй әулие

Соғыста өлген ерлерді,

Сүйегін тегіс жерлеуді

Өтіне келіп жұртына

Батасын қысқа қайырды.

Тыныштық орнап төрінде,

Мәуелі байтақ жерінде

Алланың нұры төгіліп,

Әлдекім

Деп сұрады: «Кім жеңеді?»

Бұл сауал сан көкіректі тербеген-ді.

Әулие:

– Аллаға сенесің бе, сен? – деген-ді.

Шыр айналған дүние дөңгелегі,

Қанқұмарды жаншиды мәңгіліке,

Соғысқұмар жол таппай сенделеді.

Жапа шеккен жазықсыз жауыздықтан,

Жағдайы бейбіт елдің жөнделеді.

Мұнан соң заман туар алмағайып,

Жеңімпаз жұрт сол тұста табан тайып.

Сан сүрінер айрылар сан арыстан,

Орнын басар олардың сан данышпан.

Олар-дағы тайынбас арпалыстан,

Толқынында ғасырлар болмас ғайып,

Тәңір қолдар тағдыры – таңғажайып,

Әумин! – деп сонан соң жайды қолын,

Қоршаған жұрт  қол жайды оңы-солын.

Шаттық ойнап жүзінде қалың жұрттың,

Келер күнге бастады ұлы сенім.

 

Сүлеймен Баязитов

 

Жалғасы бар...

0
0
957

Малайсары — (Поэма) үзінді

 

Қарамерген

 

Басына құт береке аялдамай,

Бұл қырды қырсық шалған

Талай-талай.

Дегізген «жеті жұттың бәрі – бізде»

Қазаққа қырын келген замандар-ай.

Өткен ед сол жылы да нәубат бастан,

Жұт жайлап,

Тігер тұяқ қырылды аштан.

Жарымай ішер асқа отырғанда,

Жау қолы жеті жақтан келіп басқан.

Аяусыз сар далада қырғын салған,

Қиылған қыршынан үзілді арман.

Тұяғы жау атының жетпеген ел,

Қашпақ боп,

Жан ұшырып жүгін салған.

Солардың бірі, міне, сайды өрлеп,

Келеді көбі жаяу шаршап-терлеп.

Ішінде бір қарт кісі жан-жағына

Келеді көзін тігіп өте сергек.

Кенет ол жарқ-жұрқ еткен әлденені

Байқап қап, секем алып, ойға шомған.

Құс емес шағылысқан қару сынды,

Байламға тұяқ тіреп, ойын нақтап.

Ешкімге сырын ашпай,

Келініне  Аппақ:

– Сен, қарғам, көшті алға бастай бергін,

Келем мен аман қалсам, Алла сақтап, –

Деген де сайға қарай беттеген-ді.

Тасалау бір ойпаңға жеткенде енді,

Көрінген жау қарасы күткеніндей

Көшті көріп қиқулап өктемденді.

Қиқулап, аттарына қамшы басып,

Елірген жанды көріп, жаны жасып.

Шулаған қатын-қалаш, бала-шаға,

Кемпір-шал естен танған қаны тасып.

Кенеттен қолды бастап келе жатқан

Қолбасшы ұшып түсті мұрттай аттан.

Көбінің құты қашып сала берген,

– Әй, мұны тасаланып кім, –деп, – атқан?

Ілескен жандай шабы қасындағы,

Оны да жебе жұлып сырғыды аттан.

Сол сәтте қалғанының құты қашып,

Әңгірлеп бір-біріне айғайласып,

Аттарынан кейбірі ата түсіп,

Абдырап қалған еді жаман сасып.

Екеуін жайратқан соң Қарамерген,

Сырғыды тасаланған әлгі жерден.

Кенеттен «өлтір,өлтір!» деген ұран

Еріксіз ақсақалдың көңілін бөлген.

Келеді бір топ ұлан таудан құлап,

Айқай-шу. Атыс-шабыс. Тұнды құлақ,

– Апыр-ау, «Өлтір!» деген қазақтар ғой,

Көзіне жылы ұшырап шапан тымақ,

Жоңғардың бірталайы аттан құлап,

Кейбірі артқа қарай қашты тұра.

Әлгі топ әлдегенше-ақ,

Елжіреп Қаракеңнің қарт көңілі,

Жайпады жоңғар қолын бейне құрақ.

Жалынды бір Аллаға медет сұрап,

Қаракең аяңдады көшке қарай,

Ыспар ер қан соғысты көрген талай.

Кәрілік жетсе-дағы, сұр жебесін,

Садағын сақтаған ед, қисын қалай?

Сонысы абырой болды десе-дағы,

Күш қайтқан, бұлдыраған шамшырағы.

Құйылған көшке қарай сарбаздарды

Көргенде көзінен жас тамшылады.

Сарбаздар мұнан бұрын көшке жеткен,

Көрісті құшақтасып ақ ниетпен.

Әлдекім қос жебені көрсетіп тұр,

«Жауларды кім болды, – деп, –жазым еткен?»

Келіні Аппақ шығып, жебені алды,

Жебеге әрлі-берлі көзін салды.

– Тәңірім-ау, Қаракеңнің жебесі ғой,

Сіз  менің көрдіңіз бе қайнағамды?

Тірі ме, тірі ме? –деп еңіреді,

Сол сәтте күңіренді төңірегі.

– Тірімін, айналайын, тірімін мен,

Тұрғанда басталғалы өмір енді.

Жөн болмас томпайтқаным қара жерді,

Шырағым, осы жағын ойладың ба?

Еркебұлан, жарығым, әйел алса,

Тәңірім нәсіп етсе, тойлайын да, –

Дегенде қыран-топан жұрт ду күлді,

Себебін Малайсары кештеу білді.

Сәби ед Еркебұлан үш-төрттегі

Ертерек әкесінің солған гүлі.

Мергенге Малайсары сәлем берген,

Көзіме жылы ұшырап көрген жерден.

Тұрған соң деді мерген: «Әй, батырым,

Азырақ тілдесейік, жүрші бермен».

Мергеннің қолын созып садағына:

– Көз тартар ерек екен сағағы да.

Жасырақ кезімде бір көрген едім...

Апырай, кім болды екен бала мына?

Садақты қоя  тұрғын...

Атың сенің? –

Дегенде. – Малайсары атым менің.

Құшақтап Қарамерген еңіреді:

– Сардарым, Тоқтауылдың көзі ме едің?

Естуші ем, жайыңа едім сырттан қанық.

Шықтың ба қан майданға шамырқанып?

Жарығым, тұра тұршы, тұра тұршы,

Қарайын өр тұлғаңа мейірім қанып.

Осылай Малайсарыны құшағына ап,

Тарқады қарт батырдың бір құмары.

– Жоңғарды жеңбейінше атар таң жоқ.

Алады бейбіт елдің шырқын әлі,

Сондықтан, –деді сардар, – ата саған

Қырғыннан қалсын десең халқың аман

Жастарды мергендікке үйрет, –деген,

– Аттанып кетерімде қолқа салам.

Сардардың мына сөзін естіген жұрт,

Үндемей қалай қалсын болып жым-жырт.

– Қареке, қорға бізді! – деп шулады,

Мұң басқан жүректерде оянды үміт.

Сол түні ісмерлер істі қолға ап,

Көп садақ дайындады атар толғап.

Қаракең батырларды жиып алып,

Бастады жаттығуды тәңір қолдап.

Садақты жатып ату, тұрып ату,

Үстінен шапқан аттың оқ самғату,

Қашқан жауды түсірсе баудай қырып сап,

Бұрылып атып қуғанын һәм жамсату.

Айтқанын кей талапкер қағып алып,

Сұр мерген екендігін танытты анық.

Біразы Малайсары қолына еріп,

Тәсілін шайқасудың алды танып.

   

Жаужарған

 

Жоңғарлар ә дегеннен қатты алданды,

Қайтпақшы ед елді қырып, айдап малды.

Айдарлыны құл қылып,

Шашпаулысын күң қылып.

Ата қырды күн шуақ,

Мұнартқан қара түн қылып.

«Байлығымды арттырам, шалықтаймын»

Деген неме

Басы тасқа соғылған балықтайын.

Келген сәтте аһ ұрды жеме-жемге:

– Бұл жеңіс пе, жоқ әлде жеңіліс пе?..

Сауалды осы қоймаған кемде-кемде,

Тіл тістеумен келеміз сен де, мен де.

– Жеңіс болса, жау қайда сағы сынған,

Жеңімпаздар жеңісін қылған думан?

Бірі де жоқ, сар дала мидай жазық,

Сол далада қалың жау аңдып тұрған.

Жеңіс қалай болмақшы жауды шаппай,

Шабар едік, қаламыз ізін таппай.

Екі жоңғар сырласып ат үстінде

Келе жатып, іркіліп, қалды тоқтай:

–Жеңсек-тағы жоңғардың болып жолы,

Мал-мүлікті, қапшықты алтын толы,

Нояндар бізге бермес құл мен күңді,

Көп ойланып ақыры ұқтым соны.

– Барлаңдар! – деп жіберед, – төңіректі

Талайлардың тұтқында өмірі өтті

Ессіздіктен.

Батырайық біз енді қарамызды

Сүйеді өмір  епті.

– Сонда, сонда барамыз біздер қайда?

Соғыс бітед, мен білсем, бірнеше айда.

Оған дейін тығылып, күн көрейік,

Көріп тұрсың ел жоғын бұл маңайда.

Аң мен құс жыртылып айырылады.

Алдағыны ақымақ қайғырады.

Ұшыраса қаңғырған қазақ-мазақ...

Аты жүйрік, кіл семіз айғырлары.

Жаһаннамға жіберсек шыбын жанын,

Сені менен емес пе менің малым.

Ай маңдайлы қазақтың аруларын

Қалың бермей... –дегенде әлгі залым

Қопалақтап ерінде бұлай деді:

– Дәл айтасың біз үшін осы жөні,

Көрген жоқпын сені мен, сен де мені,

Байлықты аңсап бейшара кепкен көні.

Қош деуге де жарамай жолдасына,

Алды-артына қарамай ол да асыға,

Беттесе бірі шілікке,

Енді бірі жоқ болды қыр асты да.

Желмен баяу тербелген қалың шілік,

Арасында жалтақтап келед шірік.

Әр тұсынан секеңдеп қоян қашып,

Құр ұшады, мұндағы бар тіршілік.

Сірә, осымен дей тұра шектеледі,

«Мендей батыр деймісің текке өледі».

Жалғыз жарым қазақтың көшін тонап,

Ат артына аруын бөктереді.

«Аһ» ұрғызып алтынын сапырады,

Құл, күңдерге жоңғарша ақырғаны.

Аңыз болар күні ертең қоңтайшыны,

Әйел алған тойына шақырғаны.

Кеткен екен қиялға беріліп-ақ,

Ойын бөлді сылдыры сері бұлақ.

Жатқан сұлу сол суға бетін жуып,

Аңдаған жоқ әзірше мұны бірақ.

Қарғып түсті атынан көңілі тасып,

Мауқын баспақ, әйелмен құшақтасып.

Арам ойын жүзеге асырмақ боп,

Жақындады әйелге алшаң басып.

Айқалауға әйелдің үні шықпай,

Қозғалуға шама жоқ қара басып.

Кенет, кенет әлдекім сыбыр етті,

Үні сондай ызбарлы, құдіретті.

– Кездігіңді ал деймін, кездігіңді,

Күлім қағып, көрсетіп құрметті.

Тұрғандай боп аш оған құшағыңды,

Байқа, байқа аңдатпа пышағыңды.-

Күлімсіреп тұрғаның мұның көріп,

Бейшараның көңілі майша еріп.

Үстіндегі лыпасын жұлып тастап,

Лақтыра сап қаруын еткен серік.

Көз қанталап басталған ұлы желік,

Құшағына әйелдің енді келіп.

Жіберген ед кездікпен қарнын осып,

Аяғына сылқ етті жоңғар өліп.

«Шошыма» деп әлдекім әмір берген,

Осы сәтте әлдене сәулеленіп,

Көрінген ед есіктен төрдей жерден.

Қария шал қолында асасы бар,

Жүрген сайын асасы төгеді зар.

Сол зарында жүректі елжіретер,

Естімеген бұл бұрын бір қуат бар.

Келеді оны бұлаққа бастап алып,

– Жуын, – деді сонан соң аз демалып,

– Алыс жолға алаңсыз аттанасың,

Алдың ашық, қарағым, жолың жарық.

– Ата, балам... –

Ол үшін болма алаң, –

Деп ыс етіп, тым баяу ысқырды да:

– Өгіз арбаң– мінекей, әне– балаң...

– Қалмап па еді, апырай, өгіз өліп?

Халсіз жатқан баламды таңмын көріп, –

Дей бергенде ақсақал сөзін бөліп:

Бізде емес, жарығым, Аллада– ерік,

Түй әулие атайды былайғы жұрт.

Әне, –деген, –шырағым, сен сөзді ұмыт.

Түй емшінің шәкірті едім дерсің,

Үкідейін мәпелеп күткен үміт.

Малайсары батырға кезіккенде,

Қалай емші болам деп сезіктенбе.

Сеніменен ақ жылан аттанады,

Ақ жылан аманында орның– төрде, –

Деді- дағы ойланып қалды тұнып.

– Өмір, – деді, – бұлақтай емес тұнық,

Жазықсыздан көп жанға шеккен едің,

Сондықтан да көрінед жүзің сынық.

Еңсені езген уайымнан айығасың,

Кім  дос, кім қас екенін  айырарсың.

Құныкер деп

Жарыңды  еткен майып,

Қанмен жуып, кегіңді қайырасың.

Көкірегіңді меңдеген сауалға осы айтарым,

Аттанарда атаңның осы сөзі.

Әй, ақ жылан, көрінер келді кезің,

Мұның аты –  «Жаужарған», иең– осы.

 

Сүлеймен Баязитов

Жалғасы бар...


0
0
1164

Мақтарал ауданында жалпы мемлекеттік қызметтер бойынша 2501 адам жұмыссыздар тіркеуіне алынған – Айдар Тыныбеков

Бүгін Мақтарал ауданы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік көмек секторы «Халықты жұмыспен қамту саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер» тақырыбында семинар-тренинг өткізді.

«Әлеуметтік көмек көрсету және халықты жұмыспен қамту бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы» өз баяндамасында Халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкері Джанибеков Нұрмұхамед 2016 жылы 6 сәуірде қабылданған «Халықты жұмыспен қамту» Заңы туралы және Халықты жұмыспен қамту орталығының ережелері жайлы қатысушыларға толық түсіндіріп берді. Сонымен қатар, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік секторы меңгерушісі Айдарбек Тыныбеков: «Қазіргі таңға дейін Мақтарал ауданында жалпы мемлекеттік қызметтер бойынша 2501 адам жұмыссыздар тіркеуіне алынған, оның ішінде екінші мемлекеттік қызмет сәйкес ақылы қоғамдық жұмыстарға 234 адам, дерек қордағы бос жұмыс орындарына 855 адам, жастар тәжірибесі аясында ашылған жұмыстарға 506 адам, әлеуметтік жұмыстарға 790 адам, инфра құрылымдық жобаларды іске асыру барысында құрылған жұмыстарға 71 адам, қайта даярлау курстарына 45 адам жолданған» - деген ақпаратты жеткізді.


(с) Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 
1
0
947

«Жемқорлыққа қарсы күрес» тақырыбында кездесу өтті

2016 ж. 16 тамызда Ақмола облысы Қорғалжын ауданының орталық кітапханасында  «Адал жол – Честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафоны аясында  «Жемқорлыққа қарсы күрес» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Ардагерлер кеңесінің төрағасы Т. Мұқанов, Кеңес мүшелері М.Ақпаров, А. Төлеубаев,  ішкі саясат бөлімінің басшысы С. Нүркенова, аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері және аудандық  БАҚ өкілдері қатысты.

Қатысушылар отырыс барысында 5 институционалдық реформа бойынша «100 нақты қадамдағы» мемлекеттік басқару жүйесінің реформалануы, сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл мен оның алдын алу шаралы туралы мәселелерді талқылады

Т. Мұқанов 2020 жылға дейінгі жастар саясаты мәселелері туралы сөз қозғады және жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастарудағы рөлінің маңыздылығын атап өтті.

Іс-шара соңында қатысушыларға жадынамалар таратылып, слайд көрсетілді.Департамент госслужбы

0
0
481

Осылай жасап көріңдерші достарым?!

Кеше қызық болды. Сол жағалаудағы Apple town-ның ауласында 4-5 бала шүлдірлеп орысша сөйлесіп, доп тебісіп жүрген. Жанынан өте берген ағайымыз «Әй, балалар, қазақша сөйлесіңдер» дей берген ед, аналардың біреуі «агай, он дунган, не понимает по казахский» демесі бар ма. Сонда ағамыз да саспастан «Дүнген қайдан жүр-ей мұнда, оған қазақша үйретіндер» деп кете берді. Байқасам,әрі қарай тарқасқан балалар қазақша сөйлесіп жүре берді. Айтқанын екі еткізбеген ана ағайға ішім жылып қалды. Негізі бар ғой, бар бәле өзімізден, біз талап етсек қазақшамыздың да қанаты қатайып, өз тілімізді ардақтайтындар саны артады. Әуелі өзіміз бастап, дүкенде, кинода, дәріханада қазақша жауап беруді талап етсек, соған сай жауабын да аламыз. Бұрындары БАқ қазақ тілін үйрететін бағдарламалар көп еді,қазір жоқтың қасы. Бірақ 24 сағат қазақша эфир тарататын Ұлттық Арна таңнан кешке дейін қосылып тұрса, соның өзі төл тілімізді меңгеруге жетеді. Солай жасап көріңдерші достарым, нәтижесін бірге талқылайық сосын осында.

0
0
419