Мазмұнға өту

Жаңа

Қателікті сүю

Періштелер соғысы

Сол иықтағы періште: Менде екі ұпай.

Оң иықтағы періште: Жоқ, ол қателікке есептелінбейді.

Сол иықтағы періште: Ол бұның күнә екенін біліп тұрып жасап жатыр. Сондықтан менде тағы бір ұпай.

Оң иықтағы періште: Біз әділдіктің иесіміз, біз оның бұл әрекетті достарының итеруімен жасап жатқанын көріп тұрмыз.

Сол иықтағы періште: Ия, біз әділдіктің иесіміз. Әйтседе ол қателікті біле тұра жасап жатыр. Біз оған ескерту жасауымыз керек.

Оң иықтағы періште: Ескерту жасау біздің қызыметімізге кірмейді, достым! Біз тек көргенімізді жазамыз. Біз әділдіктің иесіміз.

Сол иықтағы періште: Мен оның қателігін көріп тұрмын, жаза беремін. Біз әділдіктің иесіміз.

«Jabbawockeez» -ден қуат алу

Ол есінен адасып бара жатыр. Жарқылдаған түрлі -түсті жарықтар оның терісін етінен бөліп ап ұшырып жүр. «Jabbawockeez»-дің артынан ерген қолдар мен аяқтар қақтығысып барады. Jay Z дауысы оның миының терең қатпарларына түсініксіз сөздер жазып жанталасты. Оны оқи алмай қиналған жүрегі біртүрлі күйде қалды. «Jabbawockeez»- ден қуаттанған ол жер бетін сілкіндіріп жатты. Осы сәтте оны тағы да кітап басынан қойып қалды. Ол кеше түнде өмірінде алғаш рет бір кітапты толықтай оқып аяқтады. Оқығандығына өкінетіндігін өкпесіне жасырып қойды. Аяғымен теуіп ашатын есігін бүгін тәңертең қолымен ашқанын тіпті түсіндіре алмайды. Оның жанын кітап өзіне бағындырғысы келетіні туралы шатпақты пенде әлі сезе қоймаған еді. Мас қылған биді тоқтату оның міндеті, ал жалғастыру ауыр қателік екенін жанына сіңіп алған кітап парақтары оған ескертумен болды. Ол «Jabbawockeez» - ден бас тартты.

«Ей, шаршап қалдың ба не?» -деп шуласқан достары оны қанша итермелеседе  орталарына қайта кіргізе алмады. Енді ішу мен тарту басталды. Арада ұшқан ақ ұнтақтар олардың кеудесінен ойларды жұлып ала бастады. Ойсыз домаланып қалған бастар не істерін білмей тәлтіректеп жүр. Әбден құныққан құмарлыққа толып кеткен оның кеудесі бүгін оны соншалықты қыдықтай қоймады. Тамаққа тәбеті жоқ баладай бір бұрышта жалғыз өзі отыра берді. Өзін не тоқтатып тұрғанын түсіне алар емес, бірақ кешегі кітаптың иісі оны бәріне тойдырып тастағандай. Достары оның бұл қылығын күлкіге айналдыра бастады. Ыржиған езулер мен іштегі құмарлықты қылқындырып тастаған қысымға ызасы келіп, ықылассыз құры су жұта берді. Ирелеңдеген ұзын сирақтылардың артынан еріп достары да кете бастады, ал оның әлі ештеңеге құлқы болар емес, жоқ, негізі құлқы жоқ емес еді, оның қысып бара жатқан құмарлығын қылқындырып ұстап алған кітаптағы әріптерге өшігіп кетті. Әдеттегіге салған кез -келген әрекетін қателік етіп есептеп жіберген кітап оның жанын өзіне сіңіріп барады. Еркінен айырыла бастаған ол кітап жасап берген кейіпкерге еріп сыртқа шықты. Ол кейіпкер соққан желден, жерде жыбырлаған құрт құмырсқаның бағытына дейін оң, теріс деп екі дүниеге бөліп алып, өзі аппақ ұлпа қардай мамықтың үстінде ұшып жүретін періште сіпетті сұлу жаратылыс еді. Бұл сұлулық оның жанын жұтып бара жатты.

Кафканың жүрек айнуы

Ол енді кітап кейіпкеріне ұнамайтын кез- келген әрекеттен жүрегі айни бастады. Алақаны қышыды, бұл бұндай уақытта әдетте жігіттерін ертіп алып қараңғы жертөлелерде қанға шомылып қайтатын. Үстінен шыққан сол қызыл түстің иісінен ол шындығында ләзат алатын. Бойындағы құмарлығы қанша тартса да ол бұл әрекетінің кітап заңы бойынша қателік, ауыр күнә екенін есіне алды да тағы тиылып қалды. Қышынған алақандарына қарап тұрып,  оның алғаш рет жүрегі айныды. Жүрек айну сезімі оның жүрегін айнытты.  Әбден секіріп, нәр татпаған ол қарынының ашып қалғанын білді де жақын жерде орналасқан ресторанға кірді. Тамақты аузына апара бергенде кітап парақтары оған тағы да сыбырлады. Алдындағы астың қандай жолмен келгені туралы алғаш рет ойланып қалды. Ой езіп, кеудесі құсып жіберген астан жүрегі айнып кетті.  Жегісі келмей итере салды. Аш қалдырған кітап кейіпкеріне ашуы келді. Сол сәтте осы уақытқа дейін жеп келген астарының бәрінен, соны қортып, бойына сіңірген іш- құрлысының толықтай жүйесінен жүрегі айнып кетті. Өз бойынан, өз тұлғасынан жүрегі айни бастады. Жеркенген сезім оны далаға қарай жүгіртті. Көлігіне отырды да, басы ауған жаққа қарай ұшты. Арттағы бүкіл өмірінен жүрегі айныды. Бірақ ол бұдан басқа өмір сүрудің қандай жолы барын түсіне алмады. Көз ашқанан көрген ортасынан бөлек қандай да бір әлем болатындығына ол өзін сендіре алмай келеді. Қателіктерсіз, күнәларсыз кейіпкердей күн кешу қалай болатынын елестете алар емес.  Кітаптың жолымен тырысып көріп еді, таң атқалы бері бәрінен бас тартып жатыр. Барлық әрекетінен, барлық өмірінен, түгелдей өзінен бас тартып кеткенін енді түсіне бастады. Ол енді өзін өмір сүріп жатқандай сезіне алмай кетті. Жолы бөгеліп қалды. Үймелеген көліктер мен адамдар шуласып жүрген жол оны тоқтатты. Әдетте, өзі көшедегі бұндай оқиғаларға қарамастан, басқаларға жаны ашымастан, кептеліс жасап керігіп өтіп кете беретін еді. Қазір ол тағы ойланып қалды. Жанына сіңіп алған кітап оған тағы бұл әрекетінің қателік тіпті күнә екенін түсіндіріп сыбырлап жатты. Ол кейіпкердің айтқаны бойынша әдеттегі дағдыдан бас тартып басқа бос жатқан жолға түсті. Ол қайда кетіп бара жатқандығын біле алмады. Артында Алматының жарықтары жарқылдап билеген күйі алыстап қала берді. Оны белгісіз күш қала сыртына қарай сүйреп келеді. Періштелер соғысып жатқан майданға бара жатқанын ол әлі елей қоймады. Ол тағы кітап туралы ойға шомды. Сол кітап оны өзінен бас тартқызды. Сол кітап оны қателіктер ішінде адам ретінде өмір сүру мүмкіндігінен алыстата бастады. Ол қателіктерден қатты қорқа түсті. Екі иығындағы періштесі оның әрекеттерін өлшеп әлі дауласып жатты. Бірақ ол ештеңе естімеген еді. Жарқылдаған әлем артында қалып, қараңғылыққа шомып бара жатты. Телефонның шырылы оны терең ойдан оятып алды.

Белгісіз дауыс: Сәлеметсізбе, мен полиция бөлімшесінен хабарласып тұрмын. Сізге айтар суық хабарымыз бар. 001 деген көлік, яғни сіздің жақыныңыз апат болды. Біз сол кісінің ұялы телефонында ең соңғы рет терілген сіздің номерге хабарласып тұрмыз. Ол біраз уақыт дем алып жатқан, сізге қоңырау да шалған, бірақ сіз жауап бермегенсіз.

Ол әрі қарай дауысты естігісі келген жоқ, тұтқаны қоя салды. Оған өзі хабарласты, ол тұтқаны көтермегені рас еді. Ол өзіне айғайлаудан қорықты. Айғайлаудың да қателік болып есептелетінін білгендіктен қоңырауға жауап бергісі келген жоқ еді. Осыдан бірнеше минут бұрын жүріп өтуді қателік санап, бұрылып кеткен көшесінде болып жатқан оқиға туралы ол енді түсінді. Егер кітап оған өз жолымен жүруден бас тартқызбағанда, ол өз жолымен жүріп өзін көргенде, өзін құтқарып қалуға уақыты жетер еді. Ол қателіктен қорықпастан тұтқаны көтергенде ар жағындағы қиналып жатқан өзі оған не айтарын естір еді. Бірақ ол кітаптың кейіпкеріне еріп кетті. Енді оның құлағында өзінің өлгенін естірткен дауыс жаңғырып  тұрды. Ол көлігін артқа бұрды. Жарқылдаған қала шамдары қайта көріне бастады. Ол өзін көргісі келеді. Өзінің өлгеніне сенбеді. Кеудесіне сіңіп алған кітапты көңілі қалдырып бара жатты. Ол өзіне, қателіктер әлеміне асықты. Ол өзінің, адамның кітабін жазуды қайта бастады.

0
0
1050

Мемлекеттік қызметші. Кәсіпкер. Сыбайлас жемқорлық.

А.ж. 1 қарашада «Адал жол-Честный путь» облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес марафонының іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру  шеңберінде аудан әкімдігінде шенеуніктермен және  кәсіпкерлермен  кездесу өтті. Кездесудің басты мақсаты- сыбайлас жемқорлықтың  кез-келген түріне  «мүлдем төзбеушілік»  ахуалын қалыптастыру.

Кездесуде Атбасар аудандық прокуратурасының аға прокуроры – Н.С.Петрова, тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі бөлімнің жетекшісі – Е.В.Карпушина, «Кәсіпкерлік палатасы» БҚ жетекшісі – Е.Т.Каппасов сөз сөйледі. «Асаев» ШҚ – М.А.Асаев, «Мечта» дүкені – Е.Е.Андреева, «Киселев» ШҚ – Н.А.Киселев, «Айгерім» дүкені – К.К.Арынғазин сынды кәсіпкерлер қатысты.

Барлық қатысушылар үшін пікірталас өте пайдалы болды. Барлығы заң бәріне бірдей деген ортақ тоқтамға келді. Мемлекеттік ұйым өкілдері өздерінің  ашық әңгімеге әрдайым дайын екендігін білдірді.

Кездесу барысында   жасырын сауалнама жүргізілді.

Департамент госслужбы

0
0
373

Оңтүстік Кореяның жетекші туроператорлары ЭКСПО-2017 көрмесіне қолдау көрсетеді

Корея Республикасының аса ірі туристік компаниялары ЭКСПО-2017 көрмесіне туристер тартуда жан-жақты көмек көрсететін болады, деп хабарлады Ұлттық компания.

Мұндай келісімге Сеулде «Астана ЭКСПО» Ұлттық компаниясы» АҚ мен Оңтүстік Кореяның «Kim's Travel Service Co., Ltd» және  «KORAIL Tourism Development Co. Ltd.» туроператолары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою барысында белгілі болды.

Іс-шараға «Астана ЭКСПО» ҰК» АҚ Басқармасының Төрағасы Ахметжан Есімов, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Қазақстан-Корея ынтымақтастыққа ықпал ету орталығының директоры Ву Джонг Хи, «Kim's Travel Service Co., Ltd» президенті Ким Чун Чу және «KORAIL Tourism Development Co. Ltd.» президенті  Бэнг Чан Хун қатысты.

Келісім шеңберінде кореялық әріптестер Ұлттық компанияға туризм мәселелері бойынша консультациялық, ақпараттық-сараптамалық және әдістемелік қолдауды қамтамасыз етуде, сонымен қатар, өз елдерінің аумағында қазақстандық турпакеттерді таратуды қамтамасыз етуде көмек көрсетуге ниетті.

«Бүгінгі таңда біздер отандастарымыздың тарапынан Қазақстанға деген және ЭКСПО-2017 көрмесіне үлкен қызығушылықтың барын байқап отырмыз. Сіздердегі туристік пакет, сондай-ақ, Көрменің қызықты мәдени-ойын-сауық бағдарламасы Кореядан мыңдаған туристерді тартатындығына сенімдімін», - деді ВУ Джонг Хи ханым.

Өз кезегінде, Ұлттық компания басшысы Ахметжан Есімов кореялық тарапқа ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбына қызығушылық танытқаны үшін және Көрмеге Кореяның бизнес қауымдастығы тарапынан білдірілген қолдау үшін алғыс айтты.

«Бүгінде Самсунг пен Сигантек сияқты жетекші кореялық компаниялар ЭКСПО-2017 көрмесінің әріптестері болып табылады. Көрменің «Болашақ энергиясы» тақырыбы Кореяда, әсіресе бизнес үшін, өте өзекті деп ойлаймын. Туризмге келетін болсақ, біз көрмеге келушілер ағынында Сіздердің республикаларыңыздан күтеріміз көп. Сеулдан Астанаға және Алматыға тікелей әуе қатынасы арқылы ғана Көрме басталардан 93 күн бұрын 25 мыңдай адам келуі мүмкін. Оның үстіне, біздің мемлекеттеріміз арасында визасыз кіру режимі орнатылған», - деді Ахметжан Есімов.

Іс-шара аяқталғаннан кейін кореялық тараптың бастамасы бойынша және Қазақстан елшілігінің қолдауымен Қазақстан-Корея ынтымақтастыққа ықпал ету орталығының салтанатты ашылуы өтті, бұл орталық сонымен қатар, Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесін ілгерілету орталығына да айналатын болады.

Ақпарат көзі: strategy2050.kz

0
0
584

Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі америкалық павильонын ұйымдастырушы компанияның аты белгілі болды

Вашингтон қаласындағы Қазақстан Республикасының Елшілігінде АҚШ Мемлекеттік департаментінің Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесінде америкалық павильонын ұйымдастырушы компаниясын таңдау жөніндегі тендерінің қорытындылары жарияланды, деп хабарлады СІМ.

Мемлекеттік департамент «APCO Worldwide» консалтинг компаниясын бұл лауазымға таңдады.

Іс-шара барысында АҚШ  Энергетика министрі Эрнест Мониз, АҚШ Мемлекеттік хатшының Оңтүстік және Орталық Азия мәселелері жөніндегі көмекшісі Ниша Бисвал, Америка-Қазақстандық іскерлік ассоциацияның атқарушы директоры Сара Фриз сөз сөйлеп, америкалық іскерлік және ресми топтарының, қоғамдық ұйымдарының және БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шараның тікелей эфир трансляциясы Мемлекеттік департаменті, Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі және Америка-Қазақстандық іскер ассоциацияның Твиттер мен Фэйсбук аккаунттары арқылы таратылды

Мемлекеттік хатшының көмекшісі Бисвал Қазақстан мен АҚШ қатынастарының одан әрі дамуындағы ЭКСПО-ның басты ролін және оның америкалық компанияларға болашақ энергиясын пайдаланудағы технологиялық жаңалықтарын көрсетуге мүмкіндік беретіндігін атап өтті. АҚШ Америкалық павильонын ұйымдастырушы компаниясын анықтап, Астанадағы ЭКСПО көрмесіне қатысуға белсенді атсалыса бастады. Америкалық дипломат сөзі бойынша, бұл Қазақстанмен ынтымақтасуға мүдделі жекеменшік компаниялардың қаржылай көмегінің арқасында мүмкін болды.

Министр Мониз энергетика, ядролық қауіпсіздік және таратпау салаларындағы екіжақты стратегиялық әріптестікті жоғары бағалап, Қазақстан осы салаларда АҚШ-тың маңызды әріптестікті деп атап өтті. Ол өзінің сәуір айындағы Астанаға сапарын жылы лебізбен еске алып, Қазақстанды «әйгілі қонақжайлылығы» мен дүниежүзі процестерінің болашағын анық көруі үшін алғысын білдірді. Инновациялар дамуының жаһанды трендіне назар аударып, Э.Мониз Казақстандық көрменің инновациялық бағытын және «ЭКСПО-2017» «Болашақ энергиясы» тақырыбының өзектілігін қанағатпен атап өтті. Энергетика министрі АҚШ ұлттық павильонын онда америка ғылыми-техникалық лабораториялардың жаңа өнімдерін көрсету арқылы қолдауға дайындығын жария етті.

«APCO Worldwide» компаниясының жеңімпаз атануынан кейін оның басшысы Марджери Краус: «Ұлттық павильонды ұйымдастыру құрметті миссиясын атқаруға тағайындалуымыз біз үшін үлкен абырой» деді. Ол болашақ павильонның тұжырымдамасын сын жасау, тәжірибелі әріптестерді тарту бойынша атқарылған жұмыс пен құлшыныспен жұмысқа кірісуге дайын персоналы туралы сөз қозғады. Сол күні  болашақ павильонның аты белгілі болды – «The source of infinite energy» («Таусылмас қуат қайнар көзі»).

Жақын арада Мемлекеттік хатшының саяси мәселелер бойынша орынбасары Томас Шэнон бастаған делегация Астанада сапармен болып, Америкаға арналған павильонды қарап шықты. Дипломат сөзі бойынша, «бұл павильон үшін керемет ғимарат», және америкалық тарап көрмеге дайындығын бастау үшін бюрократиялық рәсімдерді тездетеді.

«ЭКСПО-201» көрмесі Астана қ. 2017 жылы 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін өтеді, оған 100-ге жуық қатысушы мемлекеттер мен 10-ға таман халықаралық ұйымдар қатысады де күтілуде. 2017 жылғы дүниежүзілік мамандандырылған көрмеде қатысушы-мемлекеттер сарқылмайтын энергия көздерін пайдалану саласындағы жетістіктерін және экологиялық тазалық, арзандық және қоршаған орта үшін залалсыздық секілді артықшылықтарын көрсетеді. Қазақстан үшін «ЭКСПО-2017» маңызды оқиға болмақ: осы тектес халықаралық көрме Орталық Азия және ТМД өңірінде бұрын-соңды өтпеген болатын.

Ақпарат көзі: strategy2050.kz

0
0
417

Қазақстан өнерпаздары Италияда өнер көрсетеді

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығы мен Италиядағы Қазақстанның мәдениет күндері аясында Италия қалаларында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы әртістері мен шығармашылық ұжымдарының гастрольдік кештері өтеді, деп хабарлады МСМ.

Қазақстан өнер шеберлерінің концерттері Италияның атақты концерт залдары – Миландағы Piccolo Teatro Studio (12 қараша) және Римдегі Academia di Santa Cecilia (14 қараша) залдарында өтеді.

«Қазақконцерт» басшысы Салтанат Сейдімбек айтып кеткендей, қазақстандық әртістердің Италия сахнасында өнер көрсетуі бүкіл әлемге Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық тарихында қол жеткізген табыстары мен жетістіктерін паш етуге мүмкіндік береді.

«Тәуелсіздігіміздің 25 жылы ішінде Елбасымыздың бастамасымен мемлекетіміз зор табыстарға қол жеткізіп, талай биіктіктергі жетті. Қазақстандық әртістер шетелдегі концерттерімен еліміздің, бай, көптүрлі мәдениетіміздің, ұлттық өнеріміздің бірегейлігінің танымалдығын арттырып келеді. Бұл өнер көрсету де екі дос мемлекетіміздің арасындағы мәдени ынтымақтастықтың нығаюына зор үлес қосады деген сенімдемін», - деп пікірімен бөлісті Салтанат Сейдімбек.

Бағдарлама қазақтың дәстүрлі музыка мәдениетінің сан-алуандығы мен орасан зор байлығын барынша паш ету мақсатымен құрылды.

Концертке «Ұлы Дала Сазы» атты прологы өзіндік түркі әлемінің атмосферасын қалыптастырады. «Қазақконцерт» фольклорлық-этнографиялық ансамблі және «Арлан» ұлттық киімдер театрының актер-батырлары бірге орындайтын қазақ халық әуендерін тыңдау арқылы көрермендер сонау алыс тарихқа көз жүгіртіп, өздерін сол көне дәуірлердің куәгерлері ретінде сезіне алады.

Концерттік бағдарламаға дәстүрлі ән өнерінің жарқын өкілі Ерлан Рысқали, «Шолпан» би тобы, әнші Әсел Қарсыбаеваның  және тағы басқа өнер майталмандары қатысады.

Сонымен қатар итальяндық көрермен қазақ ұлттық аспаптарының әуендерін тыңдап, олармен танысуға керемет мүмкіндігіне ие болады. Аян Омаров көне екі ішекті, ыспaлы музыкалық аспап қыл-қобызда Қорқыт бабаның «Қоңыр» күйін орындаса, Анар Мұздаханова, Бекайдар Қалиев және «Серпер» ансамблі кеш қонақтарын танымал қазақ музыкалық туындыларды домбырада орындаумен қуантады. Концертте өзге көне қазақ ұлттық аспаптарға да орын болады: көне көп ішекті шертпелі аспабы жетігенде «Аңшының жыры» кюй-аңызын орындаса, Мира Тастенова тыңдармандарды саз сырнайдың үнімен таныстырады.

Ал академиялық бағыттағы керемет әншілер Әйгерім Алтынбек пен Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов (баритон) өз өнерін көрермендерге сыйлай отырып, қазақстандық композиторлардың туындыларымен қатар итальяндық вокалдық музыка жауһарларын орындайды.

Кеш көрермендері мен қонақтары қазақтың ұлттық тағамдары мен тәттілерінен ауыз тиіп, тіл үйірер бауырсақтан дәм тата алады.

Ақпарат көзі: strategy2050.kz

0
0
1150

Иненің үстінде отырады

Тәуелсіздік алғалы бері ширек ғасыр өтсе де әлі күнге дейін оралмандар жайы қоғамның түйткілді мәселелердің бірі болып келеді. 25 жылда тазға да шаш шығатын уақыт болса да біздегі заң тоң боп қатқан беймарал күйінен айығар емес.  Айықтырар күш деп сенгеніміз заң болса, қандастарымыздың  айы оңынан тууы неғайбыл. Себебі, біздегі заң басқа, істеліп жатқан істің жөні бір басқа. Сырттан қарағанда қой терісін жамылған қасқыр дерсіз. Үнсіз отты көздерін қадап, мүлгіп тұрады. Тексеріс келсе қаншыққа таласқан аш қасқырдай отанына оралған ағайындарымыздың қанын теспей сорады. Сорудағы басты проблема - қолдарында нақты құжаттың болмауы. Тіркеу, жұмыс,  баспана деп қанша шапқылағанымен нәтиже сол қалпы. Сонымен қандастарымыздың халі қайтсек жақсармақ?

Бұл тек журналистердің, не үкімет басындағылардың ғана ойлар шаруасы емес. Ұлт болып бір мәмілеге келер, сілікініс артынан мамыражай күнге жеткізер тұжырым жасалуы керек сәт жетті.  Тау сілеміндей қатқан заңның тек құжат жүзінде емес, нақты талаппен орындалуын қадағалануы басты жайт екенін ескерген жөн. Ойлы адамға уайым көп ойлай берсең дегендей бір қарағанда олар иненің үстінде отырады. Қалт-құлт етіп, қашан бірқалыпты өмірге көшкенше өлместің күйін кешеді

2
0
430

Дэвид Йейтс: Джоан Роулинг — қазіргі заманның Диккенсі

Жақында прокатқа «Таңғажайып xайуанаттар және олардың мекендеу жерлері»  атты фильм шығайын деп жатыр. "Кинопоиск" порталы ол фильм мен поттериананың соңғы төрт бөлімін қойған режиссерден алған сұxбатты жариялайды.


«Таңғажайып xайуанаттар және олардың мекендеу жерлері» Гарри Поттер франшизасының спин-оффы болып табылады. Хогвартс оқулығының еркін түсіндірмесі негізінде жасалған кинотуындының тұсаукесері Қазақ елінде 17 қарашада болмақ. Туындының желісі магизоолог Ньют Скамандердің сиқырлы xайуандарға толы шабадан арқалап, 1926 жылы Жаңа Йоркке сапар шегіп келгендегі басынан кешкендерін сипаттайды. Сценариін Джоан Роулинг өзі жазған, және франшизаның қалған фильмдерінікін де өз қолына алмақ.

Кинопоисктің тілшісі фильм режиссері Дэвид Йейтспен алдыңғы жылы Ливсден студиясындағы қойылым алаңында жүздескен. Ол кезде түсірілім нағыз қызып жатқан мезгіл болатын, сондықтан режиссер артық әңгіме айтып қоймас үшін біздің үстімізден студияның церберлері бақылап отырды. Бірақ тіпті соның өзінде режиссер бізге американдық сиқыршылар, керемет кидалттар және қазіргі заманның Чарльз Диккенсі туралы біраз қызықтар айтып берді.

- Гарри Поттер кітаптары мен фильмдерінде жас сиқыршыларға арналған жабық оқу мекемесі сипатталады, сондықтан бұл нағыз ағылшын дәстүріндегі оқиға болып табылады. Сіздер сиқырлы әлемді Америкаға аударғаннан кейін ол қаншалықты өзгеріске ұшырады?

- Қатты өзгеріске ұшырады, бірақ бұл оған пайдалы болды. Бұ жердегі ең басты мәселе оқиға желісінің орны ғана емес, уақыты да ауысқандығында. Өйткені біздің көз алдымызда қазіргі заман емес, біздің алдымызда жарқыраған жиырмасыншы жылдар. Бұл дегеніміз джаз-клубтар мен Құрғақ заңның дүркіреп тұрған кезеңі. Фильмде Гарри Поттер кітаптарының руxы анық сақталған, сонымен қатар  Джоан Роулингтің шексіз қиялы мен лингвистикалық тапқырлығы да бар. Бірақ басқа уақыт пен басқа жер сиқыршылар әлемінің біз тіпті ойламаған жаңа қырларын ашады. Фильмде МАКУСА деген ұйым туралы баяндалады, ол британдық Сиқыр министрлігінің американдық сыңары. Алайда, олардың әлемінің біздің әлеммен жанасуы үйреншікті Гарри Поттер кітаптары мен фильмдерінде сипатталғаннан мүлде ерекше. Біз сиқыршылар әлемі туралы бәрін зерттеп үлгердік, таңғалатын нәрсе қалмады деп ойлағанбыз, сөйтсек олай емес екен. Бұл материал біз үшін тіптен жаңа мүмкіндіктер ашты.

- Ендеше сізге қазір промокампания барысында жаңа франшизаның ескіден қатты ерекшеленетінін дәлелдеу керек болатын сияқты ғой.

- Және бұның еш қиындығы болмайды. «Таңғажайып xайуанаттар» жаңа әрі таңсық көрінеді. Бұл костюмді фэнтези, мұнда балалар жоқ. Бұ жерде үлкендерге арналған тақырыптар мен үлкендерге арналған мәселелер көтеріледі. Әрине, Поттер туралы фильмдерде де бұның бәрі бар, бірақ онда басты кейіпкерлер жасөспірімдер болғандықтан, оқиға серпіні де мүлдем бөлек. Бұл франшиза үшін Джо тамаша кейіпкерлер ойлап шығарды. Олар бір жағынан айтарлықтай арxетипті болып көрінуі мүмкін, бірақ екінші жағынан біз олардың кез келгенін өзімізбен салыстыра алатындықтан, бұл көрерменнің көңілінен шығуы тиіс. Қайтсе де, Роулингтің сүйкімді кейіпкерлер жасау қабілеті таңғалдырады, өйткені сіз олар үшін кәдімгідей уайымдай аласыз. Сонымен, мұнда шынымен де мектеп те жоқ, Англия да жоқ. Бұл өте американдық оқиға, және біз оның ортасына бір-ақ ағылшынды орналастырамыз - Ньют Скамандерді. Бұл аласапыран жасау үшін әбден жеткілікті.

Білесіз бе, маған сценариді алғаш рет таныс болу үшін жібергенде қатты алаңдадым. Өйткені бір жағынан бұл ғаламат франшизаның спин-оффы, ал мен ол франшизаға өзімнің кішкентай болса да үлесімді қосқаным бар. Сондықтан бір суға екі рет сүңгіп, аяқталып қойған нәрсеге қайтып оралғым келмеді. Маған ары қарай, және мүмкіндігімше мүлдем басқа бағытта қозғалу керек болатын. Ал өткенге қайтып оралу үшін маңызды себеп қажет еді.

Сценарий түріндегі себеп қомақты дәлел болып шықты. Өйткені бұл бір орында тапталып тұру емес, бұл мүлдем жаңа бастамаға ұсыныс болды. "Гарри Поттердің" түсірілім тобындағы қоюшы суретші Стьюарт Крейгтен бастап бейнелік эффектілер маманы Тим Бёркке дейінгі көптеген кісілер осы үшін бұл жобаға менімен қайта қосылды - яғни, ескі әрі бәрі сүйетін нәрсенің негізінде жаңа туынды жасау үшін. Біз бұны ешқандай ребут немесе парафраз деп есептемейміз. Тура сол сиқырлы әлем, бірақ оның мүлдем басқа, белгісіз бөлігі.

- Дегенмен, бұл фильмге «Гарри Поттердің» барлық жанкүйерлері барады, ал ол отбасылық киноның үлгісі болатын. "Таңғажайып xайуанаттарда" бала кейіпкерлердің болмауы оның отбасылық кино емес екендігін білдіре ме?

- «Қарип теңізінің қарақшыларында» да балалар жоқ, дегенмен бұл жәйт ол франшизаның дәл отбасылық көрермендер арасында танымал болуына кедергі жасамады. «Таңғажайып xайуанаттар» - бұл да үлкен саяxат. Мұнда бәрі бар - көңіл де, әзіл де, қорқыныш та, романтика да, әсерлілік те. Сонымен қатар фильмнің көңілділігіне қарамастан, онда адамды ренжіту, оны құлақ аспау, қол жұмсау мәселесі көтеріледі. Оқшаулық, жалғыздық, қоғаммен және өз-өзіңмен байланыс орнату әрекеттері сипатталады. Сондықтан мұнда әртүрлі, терең мәселелер айтылып, көбінесе еуропалық тақырыптар көтеріледі десе де болады. Бірақ мұның бәрі барлық жастағы көрермендерге арналған әдемі голливудтық кино қапшығында ұсынылады. Мен кино түсіріп жатқан кезде оны нарықта қалай өткізетіні, отбасылық көрермендерді тарту-тартпауы туралы ойламаймын. Әрине, біз әркімге қуаныштымыз, келіп көре беріңіздер, бірақ мен әлденендей жарлықтар тақпаймын да, таға алмаймын да.

- Эдди Редмэйн мұндай үлкен жобадағы басты рөлін қалай атқаруда? Әрине, ол Оскар жүлдегері, қабілеті мол, бірақ бұл жерде жауапкершілік деңгейі мүлдем басқа емес пе?

- Ол керемет дарынды әртіс, және Ньюттің бейнесін тамаша сомдап шықты. Эддиде нәзіктік, күш және ауқымдылық ғажап үйлескен. Оған қоса ол әзілкеш. Және тағы айтарым - ол бұған ренжімес деп үміттенем, бірақ айтпасқа амал жоқ - Эдди егжей-тегжейлерге беріліп кеткен, ол саxнаға дайындалған кезде әрбір соңғы ұсақ-түйекке дейін білгісі келеді. Және бұның бәрі Ньюттің мінезіне келеді. Жалпы «Таңғажайып xайуанаттардағы» жасөспірімдерге оралатын болсақ, басты төрт кейіпкер ересек болғанымен, түбінде балалар сияқты. Олар пәк әрі таза, оларда өрескелдік пен цинизм жоқ, бұл Джоан Роулинг кейіпкерлеріне өте тән ерекшелік. Мен тіпті бұл рөлдерге әртістер таңдаған кезде көбінесе бала тәрізді сүйкімді кидалттарды іздедім. Маған Ньют, Тина, Куини және Джейкобтың мінездеріндегі ұнайтыны олардың тартымды балалық өзінділіктері ересек қиындықтардың астында қалып қалған жоқ.

- Мұнда балалар жоқ болса да, біз американдық Хогвартс болып табылатын Ильвермони мектебіне арналған реквизитті байқадық.

- Фильмде сол мектептің оқушыларын МАКУСАда экскурсияда жүргенін көрсететін өте қысқа сахна бар. Бұны алаңсыз мектеп өміріне деген оммаж деп айтса болады, бірақ американдық шынайылық арқылы көрсетілген. Кереметтей бір маңызды үзінді деп айта алмаймын, әрине, бірақ бұл Гарри Поттер табынушыларына деген шағын құрметіміз. «Таңғажайып xайуанаттар» кез келген көрерменнің көңілінен шыға алады деп ойлаймын, және ол үшін бүкіл «Гарри Поттерді» қарау міндетті емес. Дегенмен, табынушылар үшін біз көптеген жақсы сілтемелер дайындап қойғанбыз.

- Сіз Джоан Роулингті жаңа Джордж Лукас деп айта аласыз ба? Өйткені ол да, Джордж Лукас тәрізді, өз әлемі мен жанама кейіпкерлерін оп-оңай толықтырып, кеңейте береді.

- Ха-ха, меніңше, Джо – өзінің өткір қиялының тұтқыны сияқты. Қиялы қайда барса, Джо да оның артынан екі етпей, елпілдеп кете береді. Кім өйтпес еді, айтыңызшы? Бұл үлкен, шексіз, бай әлем. Оны кеңейтудің өзі бір ғанибет. Бірнеше ай бұрын, түсірілім басталмай тұрып, Роулинг маған «Бұл Америкадағы сиқырдың қысқаша тарихы, жәй ғана шағын жазбалар, саған жұмыс істегенге ыңғайлырақ болу үшін. Мен бұны кеше кешке ғана жаза бастадым, сондықтан ойларымның бәрі шашыраңқы болса, айып етпе» деген сөздермен бір қызықты мәтін жіберді. Кеше кешке дейді! Ананы оқып отырсаңыз, әр парақ сайын тұтастай монграфия, ұсақ-түйегіне дейін ойластырылған, оған қоса Джоның өзіне тән еліктіргіш мәнерінде жазылған. Шашыраңқы ойлар дейді! Қайдағы! Ана жерде үш фильм түсіруге болатын материал жатыр. Ол сиқырлы әлемді терең біледі, оған бірегей көзбен қарайды, және ең ғажабы - ол әлемнің басым бөлігі оның миында өмір сүреді.

Роулингті жаңа Джордж Лукас дейсіз бе? Хм, оны тіпті қазіргі заманның Чарльз Диккенсі деп айтсам да артық болмайды деп ойлаймын.

- Warner студиясы бірнеше жыл бұрын ауқымды әдеби түпнұсқаның барынша кеңейтілген нұсқасы болатын осыған ұқсас жоба жасаған еді. Ол Питер Джексонның «Хоббиті». Сіз үшін оның мысалы қандай да бір көрсеткіш болды ма?

- Дегенмен, «Хоббит» - кейіпкерлері дайын, жетілген әлемі бар толыққанды кітап. Иә, Питер Джексон оларға көптеген байланыстар мен желілер жалғады, бірақ, қайтсе де, оның негізінде әдеби түпнұсқа болды. Ал біздің жағдайымыз басқа: біз бәрін кәдімгдей тазадан жазу керек болдық. Ньют - Джоның жұқа хогвартс оқулығы үшін жасаған кейіпкері. Онда трилогия тұрмақ, қысқа метражды фильм үшін де материал жетпейді. Сондықтан, біздің жобада жаңағы әдеби түпнұсқадан қалғаны тек осы кейіпкер және оның сүйікті ғажайып әрі қоқынышты хайуандары. Бұдан басқаның бәрін Роулинг арнайы кино үшін құрастырған мүлдем жаңа оқиға. Бұл оның алғашқы киносценариі, және дебютант үшін бұл өте керемет бастама. Енді оған қолына тағы қалам алып, франшизаның келесі екі фильміне сценарий жазып тастау керек. Кемінде тағы екеу, ары қарай көре жатармыз (осыдан екі апта бұрын студия бес фильм түсіруді жоспарлап отырғаны белгілі болды – Ред.ескертуі).

Автор: Заира Озова

Аударған: Максат Маликов

Сұхбаттың түпнұсқасына сілтеме: https://www.kinopoisk.ru/interview/2835032/?utm_source=email&utm_medium=digest08112016&utm_campaign=red3&utm_content=more

3
1
1178