Мазмұнға өту

Жаңа

Азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiн алдын алуға бағытталған ұлттық алдын алу тетiгiнің

«Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiнің алдын алуға бағытталған ұлттық алдын алу тетiгiн жасау мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 2 шілдедегі № 111-V Заңына сәйкес, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жанындағы Үйлестіру кеңесі азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiн алдын алуға бағытталған ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушыларын (бұдан әрі - ҰАТҚ) іріктеуді жүзеге асыратын болады.

Осыған байланысты алдағы 2017 жылға ҰАТҚ-на үміткерлердің өтініштерін қабылдау туралы жариялануда.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 2013 жылғы 26 қыркүйектегі № 20 өкімімен бекітілген Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларын іріктеу қағидаларына сәйкес, ҰАТҚ құрамына ену үшін үміткерлер Үйлестіру кеңесіне ерікті нысанда өтініштер ұсынады.

Өтінішке:

1) жеке куәліктің не төлқұжаттың көшірмесі;

2) үміткердің өз қолымен жазылған өмірбаяны;

3) білім туралы аттестаттың, бар болған жағдайда - дипломның көшірмесі;

4) еңбек кітапшасының көшірмесі немесе еңбек қызметін растайтын өзге де құжат;

5) жұмыс орнынан анықтама (жұмысы болған жағдайда);

6) сотталмағандығы туралы анықтама;

7) психоневрологиялық диспансердің анықтамасы;

8) наркологиялық диспансердің анықтамасы;

9) тұратын жерден анықтама;

10) үйдегі, жұмыстағы және ұялы телефондар, сондай-ақ жеке электрондық мекенжай көрсетілген жеке парақ;

11) 3 х 4 екі фотосурет.

12) жоғарыда көрсетілген құжаттарды тігу үшін папка қоса беріледі.

ҰАТҚ әрекет етіп жатқан құрамына іріктелген тұлғалар ҰАТҚ құрамында алдағы 2017 күнтізбелік жылға жұмысын жалғастыруға ниетін білдірген жағдайда Үйлестіру кеңесіне жоғарыда аталған 5)-9)-тармақшаларында көрсетілген құжаттарды ұсынады.

ҰАТҚ-на үміткерлерге талаптар «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерiнің алдын алуға бағытталған ұлттық алдын алу тетiгiн жасау мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 2 шілдедегі № 111-V Заңы мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 2013 жылғы 26 қыркүйектегі № 20 өкімімен бекітілген «Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларын іріктеу қағидаларында баяндалған.

Жоғарыда аталған құжаттар электрондық түрде ombudsman.kz сайтында орналасқан.

Қоса берілген құжаттары бар өтініштер 2016 жылдың 30 қарашаға дейінгі мерзімде келесідей мекен-жай бойынша жолданады: 010000, Астана қ., Орынбор көш., 8 («Министрліктер үйі»), № 15-кіреберіс, 619-кабинет, немесе [email protected] электрондық поштасы арқылы.

0
0
460

ОҚО Тәуелсіздік жылдарындағы ең үлкен рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді

Оңтүстік Қазақстан облысының шаруалары еліміз егемендік алған ширек ғасырда дәнді дақыл жинау бойынша үздік көрсеткішке қол жеткізіп, рекорд орнатты, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының мәліметінше, биыл өңір диқандары 676 мың тонна (өткен жылмен салыстырғанда 95 мың тоннаға көп) өнім жинап, бұрын-соңды болмаған нәтижені беріп отыр. Мұны орташа түсімділікке шақсаңыз, гектарына 26 центнер дәнді дақылдан келеді екен.

Сонымен қатар, биылғы маусым шаруалардың өзге де өнімдерді көптеп өсіріп, жинауда оң жамбасынан келіпті. Мәселен, осы маусымда жиналған көкөніс көлемі 109 мың тн. артып, 963 мың тн. құрса, бақша өнімдері 30 мың тн. артып, 1 млн. 413 мың тн, картоп 22 мың тн. артып, 277 мың тн, жеміс-жидек 64 мың тн артып, 126 мың тн, жүзім 22 мың тн. артып, 63 мың тоннаны көрсетті.

Мұнан бөлек, соңғы үш жылда жерді жаңа әдіспен игеру жұмыстары жүргізілуде. Осы жылы терең қопсыту технологиясы 86 мың га енгізілді. Бұған дейін тәжірибе жүзінде мақтадан орташа есеппен 26–27 ц/га. өнім алынса, терең қопсыту технологиясын енгізген шаруашылықтардан 40–45 цн/га. өнім алынуда. Аталған технологияның катты топырақ ылғалдылығын сақтаудағы тиімділігін ескере отырып, бұл технологияны басқа да дақылдар мен тәлімі жерлерге қолдану ұсынылуда.

Айта кетейік, биыл егін шаруашылығы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 12,8 мың га. артып, 788,6 мың га болды.

Орташа есеппен республика бойынша өндірілген мақтаның - 100 %, жүзімнің - 65 %, бақшаның - 66 %, мақсарының - 40 %, жеміс-жидектің - 31 %, көкөністің - 24 % облыстың еншісінде.

Бұл алдағы уақытта Оңтүстік Қазақстан облысын республика халқын жергілікті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ететін негізгі орталыққа айналдыру әлеуетінің жоғары екендігінің бірден-бір айғағы.

Ақпарат көзі: strategy2050.kz

0
0
463

Н.Назарбаев: Сербия – Қазақстанның Еуропадағы маңызды серіктесі

Нұрсұлтан Назарбаев Сербия Республикасының Премьер-Министрі Александр Вучичпен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі,

Кездесуде Мемлекет басшысының Сербияға биылғы тамыздағы ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу мәселелері талқыланды.

Қазақстан Президенті Сербия біздің республиканың Еуропадағы маңызды серіктесі болып саналатынын және экономикалық қарым-қатынасты дамыту үшін жеткілікті әлеуеттің бар екенін атап өтті.

«Қазақстанда Сербияның 24 кәсіпорны тіркелген, алайда оның қазір тек 15-і жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге, Сербия бизнесінің Қазақстанда табысты жұмыс жүргізіп отырғанының көрсеткіші ретінде метрополитен, кеңселер және банк ғимараттары құрылысына атсалысып отырған компанияны атап айтуға болады. Ең алдымен экономикалық ынтымақтастықты жалғастырып, оны арттыруға мүмкіндіктің бар осыдан-ақ екенін көруге болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан Үкіметімен Сербия тарапының жүргізетін жемісті келіссөздері, бұл елдің алдағы бірлескен бизнес-форумға қатысуы екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға тың серпін беретініне сенім білдірді.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Сербия компанияларын «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық бағдарламасы мен индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруға белсене қатысуға шақырды.

«Сіздер әлемнің үздік оқытушыларының басын қосып, білім берудің жетекші дәстүрлерін ұштастырған Назарбаев Университетінде боласыздар. Университет студенттердің білім алуы үшін заманауи үздік материалдық-техникалық құрылғылармен жабдықталған, оқу орнының ең басты мақсатының бірі – мемлекеттік міндеттерді тиімді іске асыру үшін жоғары деңгейдегі кадрлар даярлау», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сербия Премьер-Министрі қонақжайлық танытқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, еліміз бен Астананы дамытуға оның зор үлесі қосқанын атап өтті.

Бұдан бөлек, А.Вучич экономиканың түрлі саласындағы Қазақстанның даму тәжірибесі Сербия үшін пайдалы екенін айтты.

Ақпарат көзі: strategy2050.kz

0
0
637

Қазақстан мен Сербия Премьер-Министрлері екі елдің ынтымақтастығын талқылады

Бүгін Үкімет Үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Сербия Республикасының Премьер-Министрі Александр Вучичпен сауда-экономикалық, агроөнеркәсіп, көлік-логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері жөнінде келіссөздер жүргізді.

ҚР Премьер-Министрі серб тарапына Қазақстанның халықаралық бастамаларын ілгерілетудегі жәрдеміне, 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақсыз мүшесі лауазымына Қазақстан кандидатурасына Сербияның қолдау көрсеткеніне, сондай-ақ Сербияның ЭКСПО-2017-ге қатысу туралы оң шешіміне алғысын білдірді, деп хабарлады primeminister.kz.

«Біз қазір сіздермен аз құрамда біздің мемлекеттеріміздің басшыларының берген тапсырмалары аясында талқылауға қажетті көптеген мәселелерді қарастырдық. Біздің Мемлекет басшысының Сербияға сапарынан кейінгі тиісті хаттама бар. Шаралар жоспары жасалған және біздің министрліктердегі, ұлттық компаниялардағы әріптестеріміз барлық жүктелген тапсырмаларды орындауда», - деді Б. Сағынтаев.

Өз кезегінде Сербия Премьер-Министрі А. Вучич қабылдауға алғысын білдіріп, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екіжақты қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесін айтып, Қазақстан мен Сербия арасында шынайы достық қарым-қатынас орнағанын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша 2017-2018 жылдарға арналған Қазақстан мен Сербия арасындағы ынтымақтастықты дамыту Жол картасына, сонымен қатар Астана әкімдігі мен Белград мэриясы арасында Ниет туралы хаттамаға қол қойылды.

Кездесуде Бақытжан Сағынтаев Сербия премьер-министрiнiң сапары аясында көптеген маңызды мәселелер талқыланып жатқанын атап өттi.

«Сiзге бiздiң ел ұнағанын байқап отырмыз. Кеше Астана туралы жылы лебiзiңiздi бiлдiрдiңiз. Бүгiн шағын құрамда көптеген мәселелердi талқыладық. Бұл сұрақтарды бiздiң елдердiң мемлекет басшыларының тапсырмасы аясында қарастыру қажет. Қазақстан Президентiнiң Сербияға жасаған сапарынан кейiнгi хаттама бар. Арнайы iс-шаралар жоспары жасалды, министрлiктер мен ұлттық компаниялар барлық тапсырмаларды орындау бойынша жұмыс атқарып жатыр», - дедi Үкiмет басшысы.

Өз кезегiнде Сербия премьер-министрi Александр Вучич Қазақстан тарапынан көрсетiлген құрметке алғысын бiлдiрiп, екi елдiң ынтымақтастығы дами түсетiнiне үмiт бiлдiрдi.

«Сербия Қазақстанның ұстанымдарын, Президентiн құрметтейдi. Қазақстан ЮНЕСКО-да бiздiң мәдени мұрамызды сақтауға қолдау көрсеттi. Қазақстан мен Сербия арасында достық қарым-қатынас орнап отыр. Осы ынтымақтастығымыз одан әрi нығая түсетiнiне сенiмдiмiз. Сербия Қазақстанмен шынайы достастықты жоғары  бағалайды», - дедi ол.

Еске сала кетейік, бүгін Астанада 90-нан астам серб компаниясы өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Сербия бизнес форумы өтіп жатыр.

Ақпарат көзі: strategy2050.kz

0
0
507

Биыл Маңғыстау облысында «ЖҚЖК 2020» бағдарламасы шеңберінде 429 әлеуметтік нысан жөнделеді

2016 жылы Маңғыстау облысында «Жұмыспен қамтудың 2020 жол картасы» (бұдан әрі - «ЖҚЖК 2020») бағдарламасының жұмыспен қамтуды, инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту арқылы қарастыратын бірінші бағытын іске асыруға республикалық бюджеттен 2,1 млрд. теңге бөлінді. Осы қаражат есебінен 185 инфрақұрылымдық нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Жөнделетін ғимараттардың 57 – білім беру, 16 – мәдениет, 4 – денсаулық сақтау, 22 – транспорттық инфрақұрылым, 1 – әлеуметтік қорғау, 3 – спорт, 19 – коммуналдық-инженерлік инфрақұрылым, 63 – абаттандыру  нысаны болып табылады.

Бүгінгі күні 184 жобаның іске асырылуы басталды, оның шеңберінде 946 адам жұмысқа тұрды, олардың ішіндегі 686 адам - «ЖҚЖК 2020» бағдарламасына қатысушылар.

2015 жылы «ЖҚЖК 2020» бағдарламасының бірінші бағытын іске асыруға 13,7 млрд. теңге бөлінгенін, жалпы республика бойынша 588 инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып, 8,6 мың адам жұмысқа орналастырылғанын естеріңізге саламыз. 2016 жылы «ЖҚЖК 2020» бағдарламасының бірінші бағытын іске асыруға 80,1 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаражат жобалардың саны ескеріле отырып, жергілікті атқарушы органдардың тапсырыстары негізінде өңірлер арасында бөлінеді.

 
0
0
354

АҚШ-тағы Сайлау мәселесі

АҚШ азаматтары президент сайлауына дауыс бергенде келесі президенттің кім болатынын тікелей анықтамайды. Бұл елдің президенті бүкілхалықтық дауыс беру нәтижесін ескере отырып шешім шығаратын бірнеше сатылы жүйе арқылы сайланады. Қарашаның 8-і күні АҚШ-тың ондаған мың азаматы президент сайлауына түсіп жатқан кандидаттарға дауыс береді. Алайда сайлаудың ресми әрі түпкілікті қорытындысын сайлау алқасындағы 538 таңдаушы дауыс беріп шығарады.Сайлау алқасын 1787 жылы АҚШ конституциясының авторлары құрған. Бұл қадамға олар «АҚШ президенті жалпыхалықтық дауыс беру арқылы сайлануы керек» және «президентті Конгресс (АҚШ парламенті – ред.) таңдауы тиіс» деген дау шыққанда ортадан бір мәміле табу үшін барған. Сайлау алқасының тағы бір міндеті – халқы аз шағын штаттардың таңдауын халық тығыз қоныстанған ірі штаттардың даусы басып кетпеуін қамтамасыз ету. Сондықтан, сайлау алқасындағы әр штаттың өкілдерінің саны олардың Конгрестегі өкілдері санымен бірдей.

http://www.azattyq.org/a/usa_election/28077926.html

Мысалы, халық ең тығыз қоныстанған Калифорния штатының сайлау алқасындағы өкілдерінің саны тұрғындарының үлес салмағына орай – 55; соған сәйкес бұл штаттың Сенатта – 2, Өкілдер палатасында 53 депутаты бар.Халық аз қоныстанған шағын штаттардың сайлау алқасында үш-үштен өкілі бар, яғни олардың Конгресте екі сенаторы, өкілдер палатасында бір депутаты болады.АҚШ астанасы Вашингтон штат болып саналмайды, маңайын қосып, Колумбия округі атайды. Қаланың Сенатта да, Өкілдер палатасында да адамы жоқ. Алайда АҚШ конституциясына енгізілген 23-түзету бойынша Колумбия округінің сайлау алқасында үш өкілі, яғни үш даусы бар.Сайлау алқасындағы таңдаушылар дауыстарын өз штаттарында көпшілік дауыс алған кандидатқа беруге міндетті. Бұл ереже Мэн және Небраска штаттарына ғана жүрмейді. Президент болу үшін кандидатқа сайлау алқасындағы дауыстардың көпшілігін алса жеткілікті. Яғни, сайлау алқасында 270 немесе одан көп дауыс алған үміткер президент болады.

Республикалық партия атынан сайлауға түсіп жатқан Дональд Трамп. Огайо, 21 шілде 2016 жыл.

http://censor.net.ua/resonance/414267/chego_ukraine_jdat_ot_trampa_mneniya_ukrainskih_politikov

Егер сайлау алқасында екі кандидат тең түсіп жатса, екеуінің біреуін Өкілдер палатасы президент етіп тағайындайды. Мұндай жағдай АҚШ тарихында бір-ақ рет болған.Әдетте сайлау алқасындағы таңдаушылар - саяси партиялар өкілдері. АҚШ-та екі-ақ партия, яғни таңдаушының саяси партиясынан да кандидат сайлауға түсіп жатады деген сөз. Сондықтан, сайлау алқасындағы таңдаушы штат халқының дауыс беру нәтижесіне қарамастан өзінің даусын партияласына беріп жіберуі мүмкін деген күдік туады. Сөйте тұра, оларды штат халқының дауыс беру нәтижесіне бағынуға міндеттейтін федералдық заң жоқ. Штат халқының алдында адал болуға міндет арқалаған, бірақ оны орындамаған таңдаушыны «алаяқ» деп атайды. «Алаяқ таңдаушыны» жазалау туралы заң АҚШ-тың 29 штаты мен Колумбия округінде ғана бар. 21 штатта ондай заң жоқ. Мичиган және Миннесота штаттарында алаяқ таңдаушылардың берген даусы іске жарамсыз болып саналады. Сайлау алқасына деген наразылық та жоқ емес. Өйткені, АҚШ сайлаушыларының көпшілік даусын алған кандидат сайлау алқасында жеңіліп қалуы мүмкін.

Демократиялық партия атынан сайлауға түсіп жатқан Хиллари Клинтон. АҚШ, 5 шілде 2016 жыл.

http://www.uznayvse.ru/znamenitosti/biografiya-hillari-klinton.html

Ондай жағдай 2000 жылы болған. Ол жолы республикашылдар партиясының кандидаты Джордж Буш сайлау алқасының көпшілік даусын алды, бірақ қарсыласы Альберт Горға қарапайым сайлаушылар 500 мыңдай артық дауыс берген еді.

http://www.etoday.ru/2007/10/15/algore_georgewbush.jpg

1876 жылы республикашылдар партиясының кандидаты Ратерфорд Хейс президент болып сайланды. Ал оның қарсыласы демократ Сэмюэл Тилден жалпыхалықтық сайлауда азаматтардың жартысынан көбінің даусын алған болатын. Бірақ ол сайлау алқасындағы дауыс беру нәтижесі бойынша жеңіліп қалды. Мұндай жағдай тарихта бір-ақ рет болған. 1824 жылы жікке бөлінген демократиялық-республикалық партия атынан түскен төрт кандидаттың ешқайсысы сайлау алқасында басым дауыс ала алмады. Сондықтан президентті Өкілдер палатасындағы дауыс беру нәтижесі арқылы таңдады: ол жолы АҚШ президенті қызметіне Джон Куинси Адамс келген еді.1800 жылы тарихта жалғыз мәрте сайлау алқасында екі адам- Томас Джефферсон мен оның вице-президент қызметіне ұсынған кандидаты Аарон Бёрр тең түсті. Мұнан соң президент таңдау құзыреті Өкілдер палатасы беріліп, ондағы дауыс беру нәтижесі бойынша Джефферсон президент болған.

Рон Синовитцтің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

мақала мына сілтемеден алынды: http://www.azattyq.org/a/usa_election/28077926.html

 
0
0
890

ҰБТ-ның жаңа форматы

Түлектер, ата-аналар және мұғалімдер, назар аударыңыздар! ҚР Білім және ғылым министрлігінің соңғы брифингінде түлектердің қорытынды аттестациясының өткізілуі және ЖОО-ға түсу принциптері туралы жаңа формат жарияланды. 2017 жылдан бастап түлектер мектептерде емтихандар тапсырып (орта мектеп бітіргені жөнінде аттестат және «Алтын белгі» алу үшін), ЖОО-ға түсу үшін емтихан және мемлекеттік гранттың бөліну жүйесі функциясын атқаратын ҰБТ тапсырады.
Бұл өзгерістер оқушылардың, ата-аналар мен мұғалімдердің ҰБТ-ны ЖОО-ға түсу емтиханы деп қана қабылдайтындары үшін енгізілді. Сондай-ақ бұған түлектердің білімдерін сай бағалай алмайтынымыз, көптеген ата-ана мен мұғалімдердің ҰБТ жадыны жаттықтырғанымен, оқушылардың сапалы білімін анықтай алмайды деген ойлары түрткі болды. 
Қатысушылардың саны ешқашан жүз пайыз болмаған. Жыл сайын ҰБТ-ға қатыспайтындар үлесі 30 пайызға жеткен. Бұл ҰБТ қорытындылары бойынша еліміздегі орта білімнің сапасы туралы тұжырым жасауға болмайтынын білдіреді.

ЖОО-на түсуге ниетті оқушылар үшін

Мектептерде қорытынды аттестация 5 пән бойынша өтеді: 
1. Ана тілі және әдебиеті (эссе жазу); 
2. Қазақ тілінде білім беретін мектептерде – орыс тілінен, ал орыс, өзбек, тәжік, ұйғыр мектептерінде – қазақ тілінен (тест түрінде); 
3. Қазақстан тарихы (ауызша емтихан); 
4. Алгебра және анализ бастамалары (жазбаша); 
5. Таңдалған пән бойынша (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет, информатика, шет тілі (ағылшын, француз, неміс) – тест тапсырылады. 

Жазбаша және ауызша емтихандар, сонымен қатар, тесттің жауап парақтары мектептердегі пән бойынша емтихан комиссиясы дұрыс жауаптар кодтары арқылы тексеріліп, бағалайды. 
Барлық емтихан оқу орнында – мектептерде өтеді. Аттестацияның қорытынды мерзімі министрліктің «2016-2017 оқу жылын аяқтау туралы» (2017 жылдың 30 сәуіріне дейін) бұйрығы арқылы белгіленеді – шамамен 2017 жылдың 29 мамыры мен 9 маусым аралығы. Түлектердің мектеп бітіру кештері 2017 жылдың 15 маусымына дейін өткізілмек. 
Аттестацияның қорытындылары туралы барлық материалдарды Ұлттық тестілеу орталығы білім басқармаларына жеткізеді. Білім басқармалары, өз кезегінде, құжаттарды мектептерге дейін жеткізеді.

ҰБТ жаңа форматы 2 блоктан тұрады: 3 міндетті пән (математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы (қорыта білу, салыстыра білу, т.б. «Қазақстан тарихы») бойынша 20 тапсырма және 2 бейінді пәннен («Математика» + «Физика», «Математика» + «География», «Биология» + «Химия», «Биология» + «География», «Шет тілі» + «Тарих», оқыту тілі (қазақ немесе орыс) және әдебиет + «Тарих», «География» + «Шет тілі», «Химия» + «Физика», «Тарих» + «Адам.Қоғам.Заң», шығармашылық экзамен) – 30 тапсырма.

Сауаттылық бойынша тапсырма оқу арқылы талапкердің жалпылау, салыстыру, тұжырымдау және т.б. дағдыларын тексеруге бағытталған. Сауаттылықты тексеруге арналған тапсырмалардың ҰБТ-ге енгізілу себебі – студенттік оқуда түрлі ақпарат көздерімен жұмыс істеп, оларды сараптауға, сол көздерден алынған ақпараттарды салыстыруға және тұжырымдауға тура келеді. Демек, бұл дағдылар мектеп түлегінің алдағы білім алу барысында өте қажет болады. 
Бейінді пәндер бойынша тапсырмалар ұсынылған бес жауаптың ішінен тек жалғыз дұрыс жауабы бар 20 сұрақтан, сондай-ақ, көп жауаптың ішінен бірнеше дұрыс жауаптары бар 10 сұрақтан құралады. Бейінді пәндер бойынша тестілеу барысында бірнеше дұрыс жауаптары бар сұрақтарды енгізу арқылы талапкерлердің нақты тақырыпты қаншалықты меңгергендері анық көрінеді. Сонымен қатар, бірнеше жауап варианттары бар тесттер жауаптарды тек жаттап алып, немесе болжау арқылы беруге тосқауыл болады.

Жалпы 120 сұрақ қойылады. Тестілеуге бөлінген уақыт 3 сағат 30 минутты құрайды. ЖОО-на түсу үшін бағаның ең төменгі шегі өзгеріссіз – 50 балл деңгейінде қалдырылды. Ең жоғары көрсеткіш – 140 балл (бейінді пәндер бойынша берілген дұрыс жауаптар есебінен). Тестілеуге қатысуға ниет білдіргендердің өтінімдері 10 наурыздан 10 мамырға дейін қабылданады. ҰБТ өткізілу мерзімі – 20 маусымнан 1 шілдеге дейінгі аралық. ҰБТ-ді ақылы негізде тапсыру мүмкіндіктері де сақталып отыр – олар 2017 жылдың тамыз айы мен 2018 жылдың қаңтарында өткізіледі. ҰБТ барысында сыналатын барлық пәндер бойынша тапсырмалар үлгілері желтоқсан айында Ұлттық тестілеу орталығы мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің сайттарында жарияланады.

«Алтын белгі» иегерлері, жалпы білімдік пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадаларының, сондай-ақ ғылыми жобалардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары ҰБТ жалпыға бірдей негізде тапсырады. Алайда, тапсырған ест нәтижелері аталған жетістіктері жоқ талапкерлердің көрсеткіштерімен бірдей болған жағдайда, гранттарды бөлу кезінде олар басымдыққа ие болады. Жалпы білімдік пәндер бойынша 5 халықаралық олимпиадаларының жүлдегерлері мен жеңімпаздарына ранайы гранттар бөлінеді.

ЖОО-на түсетін Техникалық және кәсіби білім орындарын бітірушілерге 
Білімдерін ЖОО-да жалғастыру үшін техникалық және кәсіби білім орындарын бітірушілер тапсыратын ТКТ (талапкерлерді кешенді тестілеу) талаптары де өзгерді. Бұған дейін колледж түлектері тестті мектеп білімі негізінде тапсырса, ТКТ-дің жаңа форматында колледждерде алынған білім ескеріледі. Кешенді тестілеу барысында талапкерлер 60 сұраққа жауап береді: 20 тасырма – жалпы бейінді пән бойынша (бұл тапсырмалар арқылы базалық пән ойынша алынған академиялық білім деңгейі тексеріледі) және 40 тапсырма – бейінді пәндер бойынша (бұл тапсырмалар тереңдетілген академиялық білім дегейін, сондай-ақ, практикалық дағды мен ептіліктерін анықтауға бағытталған). 60 тапсырманы орындауға 100 минут уақыт бөлінеді. 

Жалпы бейінді пән – белгілі бір мамандықтар тобына арналған жалпы пән. Мысалы, барлық педагогикалық мамандықтар үшін жалпы бейінді пән – «Педагогика және психология негіздері», заңгерлік мамандықтар үшін – «Мемлекет және заң негіздері», ауыл шаруашылығы мамандықтары үшін – «Биология», т. с.с. 
Бейінді пән – нақты мамандықты игеруге қажетті пән. Мысал үшін, болашақ математика мұғалимі үшін бейінді пән – «Математика», құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін – «Қылмыстық құқық», мал дәрігерлері үшін – «Жануарлардың анатомиясы және физиологиясы» т.с.с.

0
0
2035

Арагогтың өмірбаяны

Арагог (ағылш. Aragog, жуық. 1942 —  1997, 20 сәуір) — Рубеус Хагрид Хогвартста үшінші курс оқып жүргенде бәрінен жасырып өсірген өрмекші-акромантул. Белгілі жағдайлардан кейін Хагрид оны Тыйымды орманға қоя берген. Кейін ол жерде Арагог акромантулдар мекенін құрған. Қартайып өлген.

Өмірбаяны

"Мен алыс жерден келгенмін. Хагрид мені бала кезімде бейтаныс саяхатшыдан алған."  — Арагог


"Қабанбас" трактиріндегі Хагридтің бейтаныспен кездесуі (сурет)

Арагогты Ұлыбританияға жұмыртқа кезінде белгісіз бір саяхатшы, мүмкін аткезші алып келген. Он үш жасар Хагрид кішкентай өрмекшіні Хогсмидта бейтаныс кісіден сатып алған болса керек. Ондай сауда жасауға арналған ең ыңғайлы жер «Қабанбас» трактирі. Ол жерде атам заманнан бері тыйым салынған тауарлар сатып алуға болатын. Арагог жұмыртқадан шыққаннан кейін Хагрид оны сандыққа салып, Хогвартстың жер асты қоймаларында жасырып ұстаған.

Арагог (сурет)

Құпия бөлменің ашылуы

1943 жылы Том Марволо Реддл (кейін Волдеморт деген атпен танымал) Хогвартстағы бүкіл «шалатуғандарды» жою үшін Слизериннің құбыжығы – Василиск деген дәу жыланды бостандыққа шығарады. Оған қоса, Реддл Хагридтің өрмекшісі туралы біліп қояды. Сол арада мектепте Василисктің көзіне қарағаннан Жылаңқы Миртл ажалын табады. Соны пайдаланған Реддл бүкіл кінәні Хагрид пен оның хайуанына жаба салады.

Арагог сонда қашып құтылып, Тыйымды Орманға қоныстанады. Ал Хагрид болса, Хогвартстан қуылып, таяқшасы сындырылады, және одан кейінгі елу жыл бойы жұрт оны осы қылмысқа себепші деп есептеп келген.

"Олар Құпия бөлме деп аталатын жерді мекен ететін құбыжықты мен деп ойлайды." — Арагог

Рубеус мектептен қуылғанымен, Альбус Дамблдордың араша түсуінің арқасында ол Хогвартста орманшы қызметінде қалады.

Бір күні Хагрид Мосаг деген ұрғашы акромантулды ертіп әкеледі, ол Арагогтың жұбы болады. Олардың ұрпақтарының көбейіп кеткені соншалық, Тыйымды орманның акромантулдар мекендейтін бөлігі тым қауіпті болып кетеді. Ол жерге тек Хагрид қана алаңсыз өте алатын, себебі Арагог өзінің аталық билігін пайдаланып, балалары мен шөберелеріне орманшыға тиісуге тыйым салып тастайды.

Гарри мен Рон акромантулдардың жатағында (сурет)

Оқиға қайталануда

"Хагрид Құпия бөлмені ешқашан ашпаған, оның кінәсі жоқ." — Арагогпен сөйлесіп, әрең дегенде аман қалған Гарри Поттер

1993 жылы Салазар Слизериннің Василискі өзінің «борышын» орындау үшін тағы да босатылған болатын. Бірақ, бұл жолы, оның көзіне қарағаннан ешкім өлмеген, оның құрбандары тек тастай қатып қалып жатты. Маглтекті сиқыршыларға жасалған шабуылдарға байланысты әкімшілік тағы да мектепті жаппақ болған. Тағы да барлық кінә Харидке тағылады. Кейбіреуі тіпті оны Слизериннің Мұрагері деп ойлай бастаған. Гарри мен Рон Хагридтің үйінде қонақта отырған сәтте Корнелиус Фадж бастаған Министрліктің қызметкерлері келіп, оны қамауға алып кетеді. Бірақ ол Жасырғыш жамылғыны бүркеніп алған Гарри мен Ронға «өрмекшілердің артынан жүріңдер» деп сыбырлап үлгереді. Гарри мен Рон орманшының айтқанын істейді. Олар жылыжайдағы өрмекшілердің Тыйымды орманға қарай ағылып бара жатқанын байқайды. Балалар лажсыз олардың артынан ериді. Орманның ішінде олар Арагог пен оның отбасының апанына тап болады. Кәрі өрмекші олардың барлық сұрақтарына жауап береді, бірақ аш отбасының алдына өздері келген олжаға шабуыл жасауға кедергі жасамайды. Уизли мырзаның Ұшқыр форды болмаса, балалар Хагридтің кінәсіз екендігін ешкімге де айтып үлгермес еді.

"Кетейік? Мен олай ойламаймын. Менің балаларым Хагридке тиіспейді, менің бұйрығым бойынша. Бірақ олардың алдыларына өздері-ақ келіп тұрған балғын еттен бас тартыңдар деп айта алмаймын. Қош бол, Хагридтің досы." — Арагог

Ұшқыр Форд "Англия" (сурет)

Өлімі

"Хош бол, Арагог, өрмекшілер патшасы. Сені білгендер сенің ұзақ әрі адал достығыңды ұмытпайды. Денең топыраққа айналса да, рухың сенің ормандағы үйіңнің жайлы өрмектерінде өмір сүре береді". — Гораций Слагхорнның Арагогтың қабірінде айтқан сөзі


Хагрид, Профессор Слагхорн және Гарри Арагогты жерлеуде (сурет)

1996 жылы Гарри мен Рон Долорес Амбриджді Тыйымды ормандағы торуылға алдап әкеліп түсіру мақсатында Арагогтың мекеніне қарай беттеген жәйт орын алған. Бірақ олардың бақытына орай, жолдарынан ашулы кентаврлар шығып, бөгет қылады.

Сол жылы Арагог белгісіз дертке ұшырап, көздері көрмей қалады. Хагрид оны баптап, барынша емдеуге тырысады, бірақ қарттың уақыты келген болса керек. Ақсақал өрмекшінің өлімінен кейін оның ұрпақтарының адамдарға деген ғадауаты өрши түседі. Хагрид Арагогты лайықты түрде жерлеу үшін денесін зорға дегенде алып шығады: әдетте акромантулдар өздерінің өліктерін де жеп тастайтын. Хагрид оны келесі күні үйінің маңында терең шұңқыр қазып, жерлейді. Жерлеуге Гарри мен Гораций Слагхорн келеді. Профессор мүмкіндікті пайдаланып, акромантулдың уын иеленіп алады. Ол тіпті жерлеуге де сол үшін ғана келген болса керек.

1998 жылы акромантулдар Тыйымды ормандағы мекендерін тастап кетуге мәжбүр болады. Себебі Волдеморт ол жерде өз әскерінің лагерін ұйымдастырып қояды. Сонымен қатар, өрмекшілер Қара сиқыршының жағына өтуге келісімін береді. Дегенмен, олар тек қамал қорғаушыларына ғана емес, Өлім жұтқыштардың өзіне де шабуыл жасай береді. Акромантулдардың шайқастан кейінгі тағдыры белгісіз.

Тұлғасы мен мінезі

Арагог пен Хагрид арасында жақын достық болған. Әуелгіде ол Хагридке шабуыл жасамақ болған дейді, бірақ оның қамқорлығы мен мейірімділігін көріп, ойын өзгерткен. Ол ұрпақтарына да Хагридке тиіспеуді бұйрық еткен, алайда бұл бірден-бір ерекше жағдай болып табылады. Арагогтың жас кезінде де Хагрид оған адамдарға шабуыл жасауға тыйым салып, әйтпесе мүлдем тамақсыз қалдырамын деп қорқытатын. Арагог, барлық өрмекшілер сияқты, Василисктен қорқады. Сиқыршылар Волдеморттың есімін атауға қалай қорықса, Арагог та солай Василисктің есімін атауға дәті бармайды.

Этимологиясы

Арагог есімінің бірінші түбірі «ara» - «arachnid», яғни «өрмекші тәрізді» деген сөзден шыққан. Екінші түбірінің шығуның екі нұсқасы бар: 1) гректің «agogue» сөзінен – «жетекші». 2) Гог және Магог – Библияда кездесетін есімдер.

 

Мақаланың түпнұсқасы келесі сілтемеде: http://harrypotter.wikia.com/wiki/Aragog

 
2
0
2758

Саяси көзбояушылық

Қазақстандағы саяси партиялар жайлы не білесіз деген сұраққа жауап алып, өзімше сараптауға бел будым.  Әрине, көпшілігінен Нұр Отанды жиі естідім. Бір жағынан таң қаларлықтай дәнеңе жоқ. Бірқатары Ауыл, Ақ жол дегенің ескерсек те, түйін біреу. Жұрт партия ретінде Нұр Отанды ғана біледі.  Шыңына келер болсақ өзімнің де партиялар жайлы білімім асқақтап тұрған жоқ. Партиялардың қандай жұмыс атқаратындығынан да бейхабармын. Әйтеуір, концерт немесе қайырымдылық кешінің ұйымдастырылуы мынандай партияның көмегімен деген сөзді құлағымыз шалып қалатын жайымыз бар. Біздікілер басқаларын шала білсе де, Нұр Отанды білмеулері мүмкін емес. Көшеде жарнамадан, үйде теледидардан, ұялы телефоннан, арасында интернеттен көзімізге шалынантын бірдең- бір партия  Нұр Отан. Шыңдықты айту шырық бұзу емес. Дегенмен, жұрттың Нұр Отаннан басқа партиялардан хабарсыз екені жалған емес. Демек, өзге партиялардың Нұр Отанның көлеңкесінде қалып қойғаны дәлелдеуді қажет етпейді. Қазіргі уақытта билік көкжиегінде жалпы таңымал бес партияны атап шығуға болады. Олар: Нұр Отан, Ақжол, Ауыл, Бірлік, Коммунистер. Барлығы саяси көзбояушылық. Жасанды көппартиялық жүйе. Парламент қатарында үш партия болғанымен, билік құрылымында  азшылықтың көпшілікке бағынатыны айдан анық. Өмір қағидасы да осы ережеден алшақ емес.

 
0
0
1421

Қ.Мәми: Жаңа АПК елдің құқықтық алаңын айтарлықтай жақсартты

Жоғарғы Сот судьялардың VII съезі қарсаңында Азаматтық процестік кодекстің комментарийін таныстыру рәсімін өткізді, деп хабарлады Жоғарғы сот.

«Президент ел өміріндегі зор маңызға ие жаңа Кодекске алғаш рет жариялы түрде  қол қойғанын атап өтті. Бұл тұрғындарға заңның мән-маңызын неғұрлым дұрыс жеткізуге мүмкіндік береді», - деді таныстыру рәсіміне келген қатысушыларға сөйлеген құттықтау сөзінде Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми.

Мемлекет басшысы тарапынан берілген мұндай жоғары баға ақталды. Бүгінде жаңа Кодекс еліміздің құқықтық кеңістігін түбегейлі жақсартты деп нық сеніммен айтуға болады.

Жаңа Кодекс күшіне енгеннен кейін шығарылған сот актілеріне жүргізілген талдау азаматтардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мен қалпына келтіруде өзінің зор тиімділігін көрсетті. Егер де сот төрелігінің ескі жүйесінде істердің жекелеген санаттары бір жарым жылға дейін қаралса, бүгінде олар ең көп дегенде 8 айдың ішінде шешімін табуда.

Азаматтық істердің 82 пайыздан астамы бір сот отырысында, ал 58 пайызы – жеңілдетілген іс жүргізу тәртібінде қаралады. Дауды шешудің баламалы тәсілдерін қолдана отырып аяқталған істердің саны 70 пайызға артса, медиацияны қолдана отырып аяқталған істер саны 3 есе артты. Азаматтық процестік кодекске енгізілген нормалар электронды сот ісін жүргізуді жетілдіруге мүмкіндік берді. «Сот кабинеті» сервисі арқылы ағымдағы жылы 600 мыңнан астам электронды құжат келіп түсті.

Қ.Мәми іс-шараға қатысушыларға Ұлт Жоспарында Жоғарғы Сотқа бекітілген барлық қадамдардың сәтті орындалғанын мәлімдеді.

Қ.Мәми ағымдағы жылғы 14 қарашадағы жағдай бойынша республикадағы барлық сот отырысы залдарының аудиобейнетіркеу жүйесімен 100 пайызға жарақтандырылғанын айрықша атап өтті. Бұл жұмыс барынша қысқа мерзімде әрі тиісті деңгейде жүргізілді. Бұл сот төрелігінің айқындығын арттырудың тікелей шаралары және Ұлт Жоспарының 20 қадамын орындаудың іс жүзінде аяқталғанын білдіреді.

Жүргізілген реформалар құқықтық қатынас субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғауға, сондай-ақ тұрғындардың сот жүйесіне деген сенім деңгейін арттыруға барынша ықпал етеді. Нәтижесінде, неғұрлым маңызды халықаралық рейтингтердегі Қазақстанның көрсеткіштері жақсарды. Мәселен, ағымдағы жылы Бүкіләлемдік банктің бизнесті жүргізу және инвестициялық ахуалды жақсарту рейтингісінде Қазақстан 190 елдің ішінде 9 орынды иеленді. Қазақстан Бәсекеге қабілеттіліктің ғаламдық индексінде өз көрсеткішін 4 позицияға (72-ден 68-ге дейін) жақсартты. Бұл Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосудағы сот жүйесінің қомақты үлесі болып табылады.

Ақпарат көзі: strategy2050.kz

0
0
250