Мазмұнға өту
Обложка сообщества Разное

Арагогтың өмірбаяны

Арагог (ағылш. Aragog, жуық. 1942 —  1997, 20 сәуір) — Рубеус Хагрид Хогвартста үшінші курс оқып жүргенде бәрінен жасырып өсірген өрмекші-акромантул. Белгілі жағдайлардан кейін Хагрид оны Тыйымды орманға қоя берген. Кейін ол жерде Арагог акромантулдар мекенін құрған. Қартайып өлген.

Өмірбаяны

"Мен алыс жерден келгенмін. Хагрид мені бала кезімде бейтаныс саяхатшыдан алған."  — Арагог


"Қабанбас" трактиріндегі Хагридтің бейтаныспен кездесуі (сурет)

Арагогты Ұлыбританияға жұмыртқа кезінде белгісіз бір саяхатшы, мүмкін аткезші алып келген. Он үш жасар Хагрид кішкентай өрмекшіні Хогсмидта бейтаныс кісіден сатып алған болса керек. Ондай сауда жасауға арналған ең ыңғайлы жер «Қабанбас» трактирі. Ол жерде атам заманнан бері тыйым салынған тауарлар сатып алуға болатын. Арагог жұмыртқадан шыққаннан кейін Хагрид оны сандыққа салып, Хогвартстың жер асты қоймаларында жасырып ұстаған.

Арагог (сурет)

Құпия бөлменің ашылуы

1943 жылы Том Марволо Реддл (кейін Волдеморт деген атпен танымал) Хогвартстағы бүкіл «шалатуғандарды» жою үшін Слизериннің құбыжығы – Василиск деген дәу жыланды бостандыққа шығарады. Оған қоса, Реддл Хагридтің өрмекшісі туралы біліп қояды. Сол арада мектепте Василисктің көзіне қарағаннан Жылаңқы Миртл ажалын табады. Соны пайдаланған Реддл бүкіл кінәні Хагрид пен оның хайуанына жаба салады.

Арагог сонда қашып құтылып, Тыйымды Орманға қоныстанады. Ал Хагрид болса, Хогвартстан қуылып, таяқшасы сындырылады, және одан кейінгі елу жыл бойы жұрт оны осы қылмысқа себепші деп есептеп келген.

"Олар Құпия бөлме деп аталатын жерді мекен ететін құбыжықты мен деп ойлайды." — Арагог

Рубеус мектептен қуылғанымен, Альбус Дамблдордың араша түсуінің арқасында ол Хогвартста орманшы қызметінде қалады.

Бір күні Хагрид Мосаг деген ұрғашы акромантулды ертіп әкеледі, ол Арагогтың жұбы болады. Олардың ұрпақтарының көбейіп кеткені соншалық, Тыйымды орманның акромантулдар мекендейтін бөлігі тым қауіпті болып кетеді. Ол жерге тек Хагрид қана алаңсыз өте алатын, себебі Арагог өзінің аталық билігін пайдаланып, балалары мен шөберелеріне орманшыға тиісуге тыйым салып тастайды.

Гарри мен Рон акромантулдардың жатағында (сурет)

Оқиға қайталануда

"Хагрид Құпия бөлмені ешқашан ашпаған, оның кінәсі жоқ." — Арагогпен сөйлесіп, әрең дегенде аман қалған Гарри Поттер

1993 жылы Салазар Слизериннің Василискі өзінің «борышын» орындау үшін тағы да босатылған болатын. Бірақ, бұл жолы, оның көзіне қарағаннан ешкім өлмеген, оның құрбандары тек тастай қатып қалып жатты. Маглтекті сиқыршыларға жасалған шабуылдарға байланысты әкімшілік тағы да мектепті жаппақ болған. Тағы да барлық кінә Харидке тағылады. Кейбіреуі тіпті оны Слизериннің Мұрагері деп ойлай бастаған. Гарри мен Рон Хагридтің үйінде қонақта отырған сәтте Корнелиус Фадж бастаған Министрліктің қызметкерлері келіп, оны қамауға алып кетеді. Бірақ ол Жасырғыш жамылғыны бүркеніп алған Гарри мен Ронға «өрмекшілердің артынан жүріңдер» деп сыбырлап үлгереді. Гарри мен Рон орманшының айтқанын істейді. Олар жылыжайдағы өрмекшілердің Тыйымды орманға қарай ағылып бара жатқанын байқайды. Балалар лажсыз олардың артынан ериді. Орманның ішінде олар Арагог пен оның отбасының апанына тап болады. Кәрі өрмекші олардың барлық сұрақтарына жауап береді, бірақ аш отбасының алдына өздері келген олжаға шабуыл жасауға кедергі жасамайды. Уизли мырзаның Ұшқыр форды болмаса, балалар Хагридтің кінәсіз екендігін ешкімге де айтып үлгермес еді.

"Кетейік? Мен олай ойламаймын. Менің балаларым Хагридке тиіспейді, менің бұйрығым бойынша. Бірақ олардың алдыларына өздері-ақ келіп тұрған балғын еттен бас тартыңдар деп айта алмаймын. Қош бол, Хагридтің досы." — Арагог

Ұшқыр Форд "Англия" (сурет)

Өлімі

"Хош бол, Арагог, өрмекшілер патшасы. Сені білгендер сенің ұзақ әрі адал достығыңды ұмытпайды. Денең топыраққа айналса да, рухың сенің ормандағы үйіңнің жайлы өрмектерінде өмір сүре береді".Гораций Слагхорнның Арагогтың қабірінде айтқан сөзі


Хагрид, Профессор Слагхорн және Гарри Арагогты жерлеуде (сурет)

1996 жылы Гарри мен Рон Долорес Амбриджді Тыйымды ормандағы торуылға алдап әкеліп түсіру мақсатында Арагогтың мекеніне қарай беттеген жәйт орын алған. Бірақ олардың бақытына орай, жолдарынан ашулы кентаврлар шығып, бөгет қылады.

Сол жылы Арагог белгісіз дертке ұшырап, көздері көрмей қалады. Хагрид оны баптап, барынша емдеуге тырысады, бірақ қарттың уақыты келген болса керек. Ақсақал өрмекшінің өлімінен кейін оның ұрпақтарының адамдарға деген ғадауаты өрши түседі. Хагрид Арагогты лайықты түрде жерлеу үшін денесін зорға дегенде алып шығады: әдетте акромантулдар өздерінің өліктерін де жеп тастайтын. Хагрид оны келесі күні үйінің маңында терең шұңқыр қазып, жерлейді. Жерлеуге Гарри мен Гораций Слагхорн келеді. Профессор мүмкіндікті пайдаланып, акромантулдың уын иеленіп алады. Ол тіпті жерлеуге де сол үшін ғана келген болса керек.

1998 жылы акромантулдар Тыйымды ормандағы мекендерін тастап кетуге мәжбүр болады. Себебі Волдеморт ол жерде өз әскерінің лагерін ұйымдастырып қояды. Сонымен қатар, өрмекшілер Қара сиқыршының жағына өтуге келісімін береді. Дегенмен, олар тек қамал қорғаушыларына ғана емес, Өлім жұтқыштардың өзіне де шабуыл жасай береді. Акромантулдардың шайқастан кейінгі тағдыры белгісіз.

Тұлғасы мен мінезі

Арагог пен Хагрид арасында жақын достық болған. Әуелгіде ол Хагридке шабуыл жасамақ болған дейді, бірақ оның қамқорлығы мен мейірімділігін көріп, ойын өзгерткен. Ол ұрпақтарына да Хагридке тиіспеуді бұйрық еткен, алайда бұл бірден-бір ерекше жағдай болып табылады. Арагогтың жас кезінде де Хагрид оған адамдарға шабуыл жасауға тыйым салып, әйтпесе мүлдем тамақсыз қалдырамын деп қорқытатын. Арагог, барлық өрмекшілер сияқты, Василисктен қорқады. Сиқыршылар Волдеморттың есімін атауға қалай қорықса, Арагог та солай Василисктің есімін атауға дәті бармайды.

Этимологиясы

Арагог есімінің бірінші түбірі «ara» - «arachnid», яғни «өрмекші тәрізді» деген сөзден шыққан. Екінші түбірінің шығуның екі нұсқасы бар: 1) гректің «agogue» сөзінен – «жетекші». 2) Гог және Магог – Библияда кездесетін есімдер.

 

Мақаланың түпнұсқасы келесі сілтемеде: http://harrypotter.wikia.com/wiki/Aragog

 
2
0
2675

Осы тақырып бойынша

Арагогтың өмірбаяны - Yvision.kz