Бейтаныс адам
«Адамдар мына жол бойында тізіле орналасқан ғимараттарға ұқсайды. Сырт бейнесін көріп тұрмыз, бірақ ішкі жағдайы бізге беймәлім.»

Суық ызғар табанымнан өтіп барады. Аялдамада тұрғаныма көп болды. Асығыс жолға қарай жүріп, тоқтаусыз жүйткіп жатқан көліктердің біріне қол көтердім. Жүргізушімен амандасып, баратын мекен-жайымды айтып, көліктің артқы жағына жайғастым. Іші салқындау екен. Көзіме бірден жүргізушінің бас киімі мен үстіне киген қалың күртешесі түсті. Радиода беріліп жатқан әсем әуенге құлақ түріп, көлікті асықпай айдап келеді. Терезеге ұзақ қарап отырдым. Бір сәтте:
- Қызым, құлағыңдағы сырға күміс пе? – деген жуан дауыс ойымды бөліп жіберді.
Темекі түтінін бұрқырата, жүргізушінің айнадан маған қадала қараған қатал, сұр көзін байқадым.
- Күміс емес, жай сұрадыңыз ба?
- Жаңа сенің алдыңда бір үнді жігіт мінген еді. Қалтасында ақша болмай, маған мына сырғаны күміс деп тастап кеткен. Мә, көрші өзің! – деп жасыл түсті сырғаны қолыма берді. Сырғаны әрі-бері төңкеріп қарап шықтым.
- Қателесуім мүмкін, бірақ бұл күміс емес.
- Әбден мақтап кетіп еді, мақұл, бере сал өзіме. Кейін сатып жіберермін.
- Мұны сатпай-ақ, әйеліңізге сыйлыққа бермедіңіз бе?! Бір мәз болып қалатын еді.
- Мақұл, қызым, солай жасайын, - деп жүргізуші көзілдірігін түзеп койды да, ойын ары қарай жалғастырды:
- Бұл таксиге неше түрлі адамдар мінеді. Кейде түріне қарап, жақсы көзқарас қалыптасқан адамдардың өзі алдап кетіп жатады. Ең болмаса үлкен кісі деп, сыйластық танытса болады ғой. Міне сондай адамдардан соңғы кездері көңілім қалып жүр.
Асыға жүйткіген көліктер енді қатарласа кептелісте тұр. Көліктің іші жылынғандай сезілді. Радиодағы әуен де ырғағын тездеткен. Жүргізуші әннің ырғағына ілесе, барабанды ұрғандай рульді екі қолымен кезектесе ұрып, терезеден көзін алмайды.
- Білесің бе, қызым, мен мына үйлерді адамдарға ұқсатамын.
- Адамдарға?
- Иә, кәдімгі қарапайым адамдарға. Адамдар секілді мына үйлердің де, сыртқы бейнесі әртүрлі. Бірі керемет, бағалы көрінсе, енді бірі өте ескі, құлайын деп тұр. Бірақ бізге бұл үйлердің ішіндегі жағдай беймәлім. Сырты қаншалықты қымбат көрінгенмен, ол үйлерде отбасы жылуы, мейірімділік болмауы мүмкін. Ал сырт келбеті ұсқынсыз, ескі үйлерде нағыз жылу, адалдық шарықтап тұруы мүмкін. Адамдармен де дәл солай. Сырт келбеті біздің көзімізге көрінеді, бірақ ішкі жан дүниесін ешқашан көре алмайсың.
Күнде көріп жүрген ғимараттарды бүгін алғаш рет көргендей, сырт келбетіне, терезесіне үңіле қарадым.
- Бұл теңеуіңіз қызық екен. Бірақ айтқаныңызбен толық келісемін.
- Осы жерге тоқтасам бола ма?
- Болады. Міне келіскен ақшаңыз. Көп рахмет. Жолыңыз болсын!
- Рахмет. Аман бол, айналайын. Өмірде босағасы берік «ғимарат» болып қалыптасуға бар күшіңді сал.
Бейтаныс жанның адамдар туралы ойы менің есімде ұмытылмастай сақталып қалды. Айтқан тілегі қоғамымызда ізгі ниетті адамдардың көп екеніне дәлел болды.
