Мазмұнға өту

Жаңа

Әсет Нұрпейісовтің бизнес сырлары

Әсет Нұрпейісовты интернет жобаларын іске асыра бастаған алғашқы кәсіпкерлердің бірі деуге болады. Қазірде ол Smart Shop атты смартфондар мен планшеттер сататын онлайн және оффлайн дүкендерін сәтті жүргізуде. Сондай-ақ алғашқы блогерлер қатарын бастаған Әсет қазірдің өзінде интернет аудиториясына жақсы танымал.

Әсет өз ісін қалай бастағаны туралы, онлайн дүкендер және де басқа бизнес сұрақтарға жауап беріп, сіздермен өз тәжірибесімен бөлісті. Әдеттегідей Әсеттің позитивті көңіл-күйімен айтылған әңгімесі көп жастарға өз ісін бастауға мотиватор болады деген үміттенеміз.

- Сәлем, Әсет! Өзің қай жерде, қаншасыншы жылы туылдың? Мамандығың қандай?

- 1988 жылы Талғар ауданындағы Бесқайнар ауылында туылдым. Анам атымды өзінің әпкесі Әсияның құрметіне Әсет деп қойған екен. Жұлдызым – арыстан. 4 жастан бастап оқып, 5 жастан бастап жаза білгенмін. Солай мектепке барғанда, бірден екінші сыныпқа қабылданып, өмір бойы өзімнен 1-2 жас үлкен балалармен оқыдым. Мектепте әрдайым белсенді болып жүретінмін. Сынып старостасы, КВН командасының капитаны, онымен қоса үздік оқушы, ботаник бір сөзбен айтқанда (күліп). 9-сыныпты қызыл аттестатпен бітіріп шыққаннан кейін Рудныйдағы политехникалық колледжінде бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша оқып шықтым. Одан соң 2006 жылы Алматыға келіп Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ Экономикалық Университетін сол мамандыққа қайта түстім. Сол кезден бастап, оқумен қатар жұмыс істей бастадым. Кейін екінші жоғарғы білім алу үшін МУИТ-ке түскен болатынмын. Бірақ жарты жыл оқып, ол университетті тастап кеттім. Мүмкін ертең жетістікке жеткеннен кейін «Университетті тастап кеткенмін!» деп айту үшін керек болар (күліп).

- Алғашқы жұмыс орның қандай еді? Неден бастадың?

- Алматыға келісімен бірден көтеріліп кеттім деп айта алмаймын. Алғаш кезінде даяшы болып та жұмыс істедім. Кейін 3 жылдай бухгалтер болып қызмет атқардым. 2004 жылда интернетке кезігіп, сол уақыттан бастап осы саланың төңірегінде жүрдім. Ол кездері интернет өте қымбат болатын. Сол себепті бар тапқан ақшамды қайта интернет жобаларға салып отырдым.

Жасым 18-ге толысымен, ИП (Жеке кәсіпкер) ашып алдым. Сайттар жасайтын студия жасадым. Оның өзінде де осыдан 7-8 жыл бұрын адамдарға барып жай ғана сайт жасап берейін деп айта алмайсың. Адамдар ол кезде сайттың не үшін керек екенін білмейді де. Бірақ өзім осыдан 2-3 жылдан кейін интернеттің дамып, бәрі дерлік сайт жасауға көшіп кететінін білдім. Оны адамдарға түсіндіру керек болды. Алдымен подъездердегі газеттерді жинап алдым да, сол жақтан компаниялардың мэйл пошталарын жазып алдым. Сосын әр компанияға үлкен хат жазып, фирмалар үшін домендер тексеріп бердім. 1000-нан аса жазған хатыма тек 3-4-еуі ғана жауап жазды. Оның әрқайсысымен кездесіп, тек біреуі ғана келісті. Ол біз үшін үлкен табыс болатын. Сонымен ары қарай кете бастады. Әрине, бәрі де оңай бола берген жоқ. Адамдарға сайт істеп бергеніңнен бөлек, онымен қалай жұмыс істеу керек екенін де үйретесің. Кейін күніне 5-6 сайттан жасайтын болдық.

- Интернет, компьютерге сонда бала кезіңнен қызыққансың ғой?

- 9 жасымнан бастап компьютерге қызыға бастадым. Рудныйда оқып жүргенде істейтін нәрсе жоқ, тек кітапхана мен жаттығу залы бар. Сонда кітапханадағы «Компьютерра» сынды барлық журналдарды бас алмай оқитынмын. Жалғыз ғана миллионер – Билл Гейтсті білетінмін. Оның үлгісі мені шабыттандырып отырды. Кейін компьютер пайда болғанда, оны шашып тастап, қайта жинайтынмын. Интернетке келгенде мүлде сол жаққа қарай кетіп қалдым.

- Ал енді Смартшоптың пайда болуына тоқталсақ?

- Стас Ли деген досым идея ұсынды. Мен қолдай жөнелдім. Солай «Смартшоп» басталып кетті. Маған әдеттегідей сату, клиент жинау, дамыту жағы түсті. Ал Стасқа негізгі жұмыс – тауар алу, әкелу, т.б. Біздің басты ерекшелігіміз – адамдарға қазіргі заманға сай, сауатты қызмет көрсету. Арнайы консультант келіп, түсіндіреді, жай ғана дүкенге кіргенде адамдарға жағымды әсер етуге тырысамыз.

- Басында тек онлайн дүкен ретінде бастадыңдар ма?

- Иә, онлайннан бастадық. Бірақ қазіргі уақытта Қазақстанда тек қана онлайн сатумен пайда көру мүмкін емес. Әсіресе біздің сектор – техникада. Оны кейін білдік. Ал жарты жылдан кейін дүкенімізді екі есеге кеңейттік. Басқа қалаларда: Астана, Атырауда ашылып жатырмыз.

Адамдарға қандай гаджет жақсырақ, оны үйге дейін қалай жеткізуге болады, оны сосын қалай қолданамын деген сұрақтарға бас қатыртқызбаймыз. Смартфондар ақылды, адамдар ақымақ болып бара жатқан заман ғой. Трендке сай болу керек (күліп).

- Бас кезінде қандай қиындықтарға тап болдыңдар?

- Ең бірінші, саған керек қызметкерлер табу қиын. Қазірде негізіміз – төрт адамнан құралған. Өте шағын жүруге тырысамыз. Өйткені оның бәрі шығын. Екіншіден, нарықтың дайын болмауы. Оның жақсы жағы да бар: нарық жаңа нәрсеге дайын болмаса, оны соған үйреткендер көбірек табыс табады. Үшіншіден, тұтынушының жақсы қызмет көрсетуге ақша төлеуге дайын еместігі. Бұл негізінен нарықтың дайын болмауынан туындайды. Алматыда біраз оған үйренген, мысалы, паркингке төлеп жатамыз, бірақ басқа қалаларда жағдай әлі де бұрынғыдай. Одан кейін, әрине, уақыт тапшылығы. Көп адамдар, мысалы, 9-дан кешкі 6-ға дейін ғана жұмыс істеп үйренген. Ал кәсіпкер болсаң, сен күні-түні жұмыс істейсің. Егер оның бәріне дайын болсаң, әрине, жаңа нәрсе ойлап тауып, оны іске асырғанға не жетсін.

Қазірде байқайтыным, көп адамдар жалқау болып алған. Жұмыс істегілері, қозғалғылары келмейді. Ойланудан қалған. Ал жан-жағыңды бақылап қарасаң, табыс көзі тұнып тұр. Әсіресе Алматыда, күнделікті қозғалыс, жақсы қызметке ақша төлеуге дайын адамдар көп.

- Бәсекелестерің бар ма?

- Бізді қарапайым мобильді телефондар сататын дүкен деуге болады. Біздің бәсекелестер өріп жүр. «Студент», «ЦУМ»-ның өзін қарасақ та. Бірақ онда мүлде басқаша жұмыс. Адам кіре қалса, бірден жан-жақтан «телефон керек пе?», «арзанырағы бар» т.б. деп жамырай түседі. Ал бізде басқаша: әр сатып алушымен жекеше жұмыс жасап, бар сұрақтарына жауап береміз. Біз тек басты екпінді интернетке қойдық. Мысалы, қарапайым баннер, тв, радио жарнамаға 1 тиын да кетірген жоқпын. Интернет дүкенге ең бастысы – сенім керек. Аудиторияңа таныс болсаң, сені ел көріп, оқып жүрсе оңайырақ. Ал iportshop, bff.kz-тер бәсекелес емес. Өйткені онлайн сату нарығын біз бірге көтеріп жатырмыз. Мүмкін болашақта бәсекелес бола жатармыз.

- Қазірде табыстарың сол «Студент», «ЦУМ»-дағы дүкендерден асып кетті деп айта аласыңдар ма?

- Әрине. Өйткені біз о бастан сегментті премиум модельдерге қойдық. 50 мыңнан арзан телефон, планшеттер жоқ. Сондай-ақ қазірде аксессуарларды да қамтып жатырмыз. Табыс жаңағы дүкендерге қарағанда әлдеқайда жоғары, ол бізге кеңеюге, басқа қалаларда дүкендер ашуға мүмкіндік береді. Бір жылдың ішінде жақсы өстік. Оның себебі – басты рөлді смартфондар мен планшеттерге қоюымыз. Мысалы, ескі нокиалар сататын дүкендермен салыстырғанда, сұраныс, тренд біз жақта.

- Сендерде онлайн да, оффлайн да дүкендер бар. Қайсысына адам көп келеді?

- Оффлайнға. Онлайн бәрін көріп алғаннан кейін адамдар бәрібір де оффлайн дүкенге келіп көзбен көргеннен кейін ғана алып жатады. Бір жағынан жаз бойы клиенттерге тауарды үйге жеткізу қызметіміз тегін болған. Оған қарамастан, тұтынушылар әлі де дайын емес. Оған қоса, біз киім не тамақ сатпаймыз, қымбат ақылды техника сатамыз. Сол себепті онлайн тапсырыс беру үрдісі адамдарға тәуекелді азайтып, кәдімгі дүкенге келуге итермелейді.

- Жалпы сен әрдайым өз бизнесіңмен айналысатыныңды білдің бе, әлде қызмет істеу ойыңда болды ма?

- Иә, негізінде әрдайым өзім үшін жұмыс істейтінімді білетінмін. Бірақ басқаларға да қызмет етіп көрдім. Қазконтентте, Ювижнде қызмет істедім. Ол жақсы тәжірибе. Алайда ешқашан да белгілі бір қызмет сатысында көтеріліп, өзгелерге бір нәрсе дәлелдеуді көздеген емеспін. Бар көздегенім – өзім үшін дәлелдеу. Өз-өзіме бастықпын әрқашан. Негізінде халықтың тек 5% ғана кәсіпкер бола алады. Өйткені кәсіпкер дегеніміз тәуекелге баратын, өзіне бар жауапкершілікті алатын адам. Екі айдан кейін қарызға ұшырап кетсең (ал ол әдетте солай болып жатады), өзіңе, қасыңдағы жұмысшыларға қалай қарайсың. Міне, сондай жағдайлар үшін көп адамдар кетіп жатады.

- Кезінде өзің сияқты студент болып жүрген, өз ісін бастағылары келіп жүрген жастарға қандай кеңес бере аласың?

- Ең бастысы, әрдайым алға жүріп отыру. Әрине, қиындық көресің, сәтсіздікке ұшырайсың. Сонда да сенім жоғалтпай, күресу керек. Үлкенді-кішілі қателіктер болады. Оның бәрі тәжірибе, қателіктен үйрену керек. Үйрене алмасаң, ақымақ болғаның. Өзгелердің пікіріне қарай бермеу керек.

- Ал жақын арада қай сала дамушы болып отыр? Қай жаққа инвестиция жасауға болады?

- Электронды коммерцияға. Ол туралы көбісі айтып жатыр, бірақ шын мәнісінде онымен айналысып жатқан адамдар жоқ. Келесі 2-3 жылда оны қолға алып үлкен табысқа жетуге болады. Одан соң - қызмет көрсету. Қаржылық қызметтер, уақыт үнемдеуші қызметтер, т.б. Адамдар көп жағдайда уақытын үнемдеп, жай ғана теледидар көріп жатқысы келеді. Неге ондай мүмкіндік жасап бермеске (күліп)?

- Өзіңнің бизнесте қандай жоспарларың бар?

- Тағы да бір дүкен ашпақшымын – Sportstock. Фанаттық атрибутика. Интернетте ондай жоқ, мен нағыз қазақстандық тұтынушы үшін жасамақшымын. Батыста, мысалы, футбол клубтарының фанаттары арқылы-ақ үлкен табыс жасап жатады. Ал бізде ондай қалыптаспаған. Болды, ары қарай айтпаймын (күліп).

- Бір жағынан интернетте қандай жоба жасамасаң да, ондағы танымалдылығың саған көмектесіп жатады. Ал интернетке жаңа келген, бірақ онда бір іс бастаған адамдарға қалай жұмыс жүргізуге болады?

- Осы жылы SMM әлі де танымал болады. Контекстті жарнаманың көмегі бар. Басты назарды сайтыңа жасау керек. Сайт үшін қаржы үнемдеуге болмайды. Сайтыңды өзіңе қалай ұнайды емес, тұтынушыға қолдану қалай тиімді болады деп жасау керек. Жақсы сайт әрдайым аудиторияны қызықтырады. Интернетке келсең, барлық мүмкіндікті пайдаланып көру керек. Біреуі болмаса да, біреуі іске асып кетеді. Мысалы, кішкентайыңда сен Sega ойнап па едің?

- Иә, әрине.

- Сол сияқты ғой: ойнай алмайтын бала барлық түймені баса береді. Әйтеуір біреуі тиер. Ал білетін бала керек түймені басып қана жеңіп отырады. Сондықтан, егер де интернетте жұмыс істеуді білмесең, барлық амалдарды қолдаң.

- Немесе дұрыс ойнауға үйренуге болады емес пе?

- Дұрыс ойнай алатын адамды жалдау одан да жақсырақ. Өмірде бәріне де үйрену мүмкін емес. Оны мен кеш түсіндім. Ең дұрысы – мәселені өзіңнен жақсы білетін адамға сол жұмысты жүктеу. Ал өзің қызықтыратын нәрселерге назар аудар. Маған мысалы генетика қызық, мен соған байланысты кітаптар оқимын.

- Кітаптар тақырыбына өзің де жайлап келдің. Ең сүйікті шығармаң қандай? Қазір не оқып жатырсың және бизнес жайлы қандай кітаптар оқуға кеңес берер едің?

- Ең сүйікті шығармам – «Мартин Иден». Жүгіріп-жүгіріп, дәл мақсатына жеткен кезінде бұрыс жолмен жүгірген адам туралы. Қазір М.Булгаковтың «Белая гвардия» кітабын оқып жатырмын. Ұлы тұлға. Ал бизнеске келер болсақ, Карл Маркстың «Капиталынан» артық әлі кітап көрмедім. Қазіргі заманауи «Богатый папа, бедный папа» дегендерді айтып жатады, бірақ олардың бәрі де сол бастапқы дереккөзден алынғандар. Негізі барлығына Kindle алуға кеңес беремін. Оны сатып алғаннан кейін көбірек оқи бастадым.

- Қандай спорт түрлерімен айналысасың?

- Кикбоксинг, муай-таймен айналысамын. Ал негізінде әр апта сайын тауға шығуды өте жақсы көремін. Маған шабыт сыйлайтын жер. Сондай-ақ жаз басталғалы бассейн, аквапарк, өзен, көлдерге баруға тырысамыз. Сенбі – тау, жексенбі – жүзу мен футбол. Ал қалған күндері жаңа қуатпен белестерге шығу!

Әңгімелескен: Айжан Кәрібаева


Редакцияның рұқсатынсыз материалды өзге сайттарға көшіруге жол берілмейді

13
6
2627

Қарағандыда жаңа стадион салынады


Қарағандыда жаңа стадион салынады

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұхтар Тінікеев Твиттердегі парақшасында Қарағандының таяудағы құрылыс жоспарлары туралы хабарлады.

«Қаланың бас құрылыс жоспарында жаңа стадион болады!», — деп жазды мәжілісмен.

Sports.kz порталының хабарлауынша, дәл қазір қарағандылық «Шахтер» команданың қазіргі стадионы УЕФА талаптарына сәйкес келмейтіндіктен, Чемпиондар лигасы ойындарын Астанада өткізуде.

 
0
0
362

Михаил Гурман: «Шахтерге» босаңсымау қажет»


михаил гурман

Елорданың «Астана-Арена» стадионында Албания чемпионы «Скендербеуді» 3:0 есебімен жеңген Қарағандының«Шахтерін» құттықтаған Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының төрағасы Михаил Гурман КФЛ сайты арқылы «кеншілерге» алдағы ойында да босаңсымау керек екенін ескертті.

Михаил Гурман, КФЛ төрағасы:

—  Албания чемпиондарына еш мүмкіндік бермей, керемет жеңіске жеткен «Шахтер» жанкүйерлерін кезекті рет қуантты.»Кеншілер» үлгілі ойын өрнегін көрсетіп, жауапты ойын алдындаөздеріне жайлы есепті жасап алды. Барлық голдар әсем, бәрі де керемет стильде соғылып, команданың ойынына әр бере түсті.

Стадионға келіп, «кеншілерге» қолдау көрсеткен көрермендердің көптігі де қуантты. Шынын айтсам, стадионға осынша адам жиналады деп ойламаппын. Жанкүйерлердің қолдауы керемет болды. Жалпы, қай қаладан екеніне қарамастанкөрермендердің жұдырықтай жұмылып, қазақстандық командағақолдау білдіріп отырғаны қуантады. Ал «Шахтер» өз кезегінде стадионға жиналған жанкүйелерге шаттық сыйлап, үміттерін жүз пайызға ақтады.

Алда әлі жауапты кездесуі бар. Босаңсымау керек. Кешегі жеңістерімен құттықтай келе «кеншілерге» жауапты ойында да сәттілік тілеймін. Жеңіспен оралып, Қазақстанның барша футболсүйер қауымын қуанта беріңіздер!

 
0
0
311

Ерлер футбол командасының бірінші әйел-бапкері


25 жастағы Тихана Немчи

Алдарыңызда 25 жастағы Тихана Немчич. Ол «Виктория Ваковац» деп аталатын хорват футбол командасының бас бапкері.

Өткен жылдың қазан айында Тихана өзінің барлық стереотиптерін шетке қойып, ерлер футбол командасының тұңғыш әйел-бапкері болуы арқылы өзіне жаңа мүмкіндіктер ашты. Бұрынғы модель, «Мисс Спорт Хорватия-2008» байқауының финалисі және кәсіби ойыншы (футболдан Хорватияның әйелдер құрамасының футболшысы қызы) 5-дивизионда өнер көрсететін NK Viktorija Vojakovac (Виктория Ваковац) клубының бас бапкері қызметіне шақырылған болатын.

Айта кетсек, Тихана жаңа қызметке тағайындалғаннан соң ғана клуб басшылығы бапкер қыздың Загреб Университетінде дене шынықтыру және спорт саласы бойынша жоғары білім алғандығын білген.

2012 жылы спортшы қыз тізе жарақатын алуына (2002 жылдан бері Тихана «Динамо» сапында ойынап келді) байланысты бапкерлік қызметке ауысқан болатын. Дей тұрғанмен, хорват азаматшасы футболшы мансабына қайта оралуды да ойлауда.

 
0
0
738

Гвардиоланы не күтіп тұр?


Хосеп Гвардиола

Хосеп Гвардиоланы жаңа маусымда не күтіп тұр? «Боруссия» жаңа маусымға дайын ба? Клопптың аяқалысы қандай болмақ?

Мюнхендік «Бавария», үлкен қуанышқа орай, «Боруссияға» есе жіберіп, Суперкубок жолында ойсырай жеңілді. Үлкен қуаныш деп отырғанымыз, неміс бундеслигасының жаңа маусымдағы қызыққа толы тартысы белгілі болып қалды. Үлкен қуаныш та емес шығар, әрине, («Баварияның» жанкүйерлеріне көңіл білдіре кетсек) бірақ, бұл жылы бір чемпион, бір ғана «неміс машинасының» мерейі үстем болып тұрмасы анық айқындалды. Қалай ойлайсыз, бапкерлік тізгінді қолға алған 42 жастағы испандық маманды (Гвардиоланы айтам) жаңа маусымда не күтеді?

Көрді, білді, тоқыды. «Боруссияның» оңай шағылар жаңғақ емесін тануға мүмкіндік туды. Клопп бастаған тәлімгерлер осы қарқынынан таймаса, чемпиондық  тәжді иемденуге басты үміткер екенін білді. Егер, (осы сөзді осынысы үшін жақсы көрем) егер мюнхендік «жеңіс машинасы» шын тәртіптің құлы болған жағдайда жеңіске жететінін аңғарды. Ол үшін, бірінші кезекте, ішкі тәртіп басты орынға қойылуы тиіс. Екінші кезекте, шабуыл мен қорғаныстың мықты байланысы түзілгені дұрыс. Одан арғысы бола жатар…

Неміс бундеслигасы — тартысты өтетін чемпионаттардың бірі. Ағылшын біріншілігіне жете қоймаса да, мұнда да аз талас орнамасы анық. Дәстүрлі неміс футболы қаталдығымен, ойын тәртібімен, нақтылығымен айрықшаланады. Ең осал делінген командалар да сан-соқтырып кетуі ғажап емес.

«Боруссия» жаңа маусымға дайын ба? Бүгінгінің «романтиктері» бар біліктерінен жаңылмай, орталық қорғанысты мықтап түзегендері дұрыс. Негізгі құрамның ойыншылары жарақат алып қалып жатпаса, былайынша осы бір ойын фиолософиясы тағы да өз жемісін бере бермек. Басты қарсыластық бұл жолы да мюнхендіктер тарапынан болмақ. Кіл жұлдыздан құрылған таңдаулы ұжымға бәрінің бірдей тісі бата бермес.

Гвардиола мен Клопп та әлемдік таңдаулы бапкерлердің санатынан. Қос жаттықтырушы мақтаудың өзі артық болар. Бірі — классикалық стилдегі қулығы басым, бағдары айқын, өз философиясынан таймайтын испан болса, екіншісі — еркін стилде киінетін ұшқыр ойлы, терең ойлы, құрылымдаушы (жасақтаушы) неміс.

Клопп қай жолғыдай жылдам ойыншыларға арқа сүйесе, керісінше, Пеп доп ұстау көрсеткіші мен алаңдағы басымдылықты басты назарға алмақ. Екі жақтың да арқа сүйейтін ойыншылары бар. Бір ғана назарға алатыны, баварлық клубтың сапы кіл ығай мен сығайдан құралған.

Автор: Фараби Арыстанбек

 
0
0
426