Мазмұнға өту

Жаңа

«Жасыл» экономика саласындағы заңнамалық негіздерді жетілдіру» семинар-тренингі бойынша есеп

11 сәуірде Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі (ҚОСРМ) «Жасыл Академия» Ғылыми-білім беру орталығымен бірлесіп, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығының қолдауымен ҚР Парламентінің депутаттары мен халықаралық  ұйымдар және ҮЕҰ қызметкерлері үшін «Жасыл» экономика саласындағы заңнамалық  негіздерді жетілдіру» тақырыбына семинар-тренинг өткізді.

Семинар «жасыл» экономиканың әдіснамасы саласында хабарда болуды арттыру және «жасыл» принциптерді елдің экономикалық саясатына енгізуді нормативтік-құқықтық  қамтамасыз етудің еуропалық тәжірибесімен танысу мақсатында ұйымдастырылды.

Семинарды ҚР Қоршаған орта және су ресурстары вице-министрі Т.А. Ахсамбиев ашты. Өз сөзінде ол осы шараның Мемлекет Басшысы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берген тапсырмасын орындау шеңберінде, сондай-ақ ҚР-ның «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі Тұжырымдамасын іске асыру мақсатында маңыздылығын атап өтті.

Сонымен бірге семинардың ашылуында ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығының Басшысы Н.Н. Зарудная сөз сөйледі. Атап айтқанда, ол Қазақстанның «жасыл» даму жолының басында тұрғанын және де алда біраз іс-қимыл жасау керектігін, ең бастысы, заңнамалық негіздерін құру туралы айтты.

Спикерлер ретінде «жасыл» экономика саласындағы танымал халықаралық және отандық сарапшылар: РЖҒА академигі, Париж-Дофин Университетінің профессоры (Франция), РФ Қоғамдық палатасы орнықты даму институты директорының орынбасары, профессор, э.ғ.д. С.Н. Бобылев; «Жасыл Академия» ҒБО директоры, э.ғ.д., профессор Б.К. Есекина; Латвия Орнықты даму кеңесі мен «ВАО» директорлар кеңесінің төрағасы, Қоршаған орта, биоэнергетика мен биотехнология саласындағы құзыреттілік орталығының мүшесі Я. Вилгертс; табиғатты қорғау заңнамасы бойынша сарапшы А.Н. Мирошниченко қатысты.

Семинар қатысушылары «жасыл» экономикаға көшудің еуропалық тәжірибесімен, ҚР-да «жасыл» экономиканың жай-күйі және келешегімен, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануды құқықтық реттеу, «жасыл» салықты енгізу және ҚР-да «жасыл» дамуды нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету тетіктерімен танысты.

Семинар аясында қатысушылар Қазақстанда «жасыл» дамудың келешегі жайлы ой бөлісті. ҚР Парламентінің Сенаты депутаты Ж.М. Нұрғалиев пікірлерді қорытындылай отырып, өткен семинардың «жасыл» экономикаға стратегиялық бағытталуды түсіну және қоғамның барлық секторларын Тұжырымдаманы іске-асыру үрдісіне белсеңді жұмылдыруда маңыздылығы мен пайдалылығын атап өтті.

Семинар қорытындысы бойынша ЕҚЫҰ және «Жасыл Академия» ҒБО сертификаттары тапсырылды.


http://www.eco.gov.kz/new2012/KK/2014/04/3126-226/

0
0
515

Ет экспортын дамытуға мүмкіндік мол

Бүгінде республика Үкіметі ет экспорты әлеуетін көтеру жөнінде түбегейлі шаралар мен жобалар белгілеп отыр. Мұндай іргелі қадамдар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ірі қара малы етін сыртқа көбірек шығаруға байланысты тапсырмасынан кейін жаңаша серпін алды. Бұл бағытта өте қысқа уақыт аралығында арнайы бағдарламалар қабылданып, соған сәйкес қажетті қаражат көздері қарастырылды.

Бұған қоса Елбасы Қазақстан таяудағы жылдарда қанша тонна ірі қара етін экспортқа шығара алатыны жөнінде де ашық мәлімдеді. Бұл деректі оқырмандар назарына тағы бір қайтара сала кетер болсақ, еліміз 2016 жылға дейін 60 мың тонна ірі қара етін экспорттауы керек. Шынтуайтына келгенде, бұл қалпақпен ұрып ала қоятындай жеп-жеңіл іс емес. Осы үлкен жобаға рес­публика өңірлері қандай үлес қоса алады?

Осындай басы ашық сауал­ға толық­қанды жауап табу мақса­тында Үкімет жанынан құ­рыл­ған арнайы комиссиялар өңір­лердегі жағдайлармен жан-жақты танысқаны да белгілі болып отыр. Ал Орал өңірінде осы орайда, Статистика агенттігінің жауапты хатшысы Бақыт­бек Иманалиев бастаған жұмыс тобы болып қайтты. Олар өз жұмыстарымен тексерулерінің қорытындылары бойынша Батыс Қазақстан облысында ірі қара малы етінің экспорттық әлеуетін дамытуға тиісті жағдайлар мен мүмкіндіктер бар деген ұйғарымға келді. Яғни, жоғарыда айтылған тұтастай ел алдында тұрған алпыс мың тонна көлеміндегі межеге шақсақ, мұндағы батысқазақстандықтардың үлесі бес мың тоннаны құрамақ. Біз үкіметтік жұмыс тобының қаты­суымен облыс орталығында өткізілген кеңеске қа­тысқан едік. Сол кезде өзіміз ұқ­­қан-түйген мәсе­ленің мәнісі төмендегідей.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбековтің айтуынша, биылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, Орал өңірінде 415 мың ірі қара мал бар және бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру межеден шығуға мүмкіндік береді. Соған орай 12,5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңдарын іске қосып, 200 фермерлік, 5 асылтұқымды жасақтаушы шаруашылық құрып, 5,3 мың бас шетелдік селекциялық мал әкелінбек.

Соңғы жылдары Зеленов, Жәні­бек аудандарында 2 мал борда­қылау алаңы салынды. Қазіргі уақытта құрылысы 2015 жылы жалғасатын 5 мал бордақылау алаңының құрылысы қолға алынды. Биыл аналық тұқымдық малды «ҚазАгро» холдингтің еншілес компаниясы арқылы сатып алу мәселесі шешілуде. Бұдан өзге 5 ауданға қосымша тұқымдық мал алу жайы қарастырылып отыр. Бүгінде облыс шаруашылықтарына жоғары өнімді етті бағыттағы 700 мал сатып алынған. Олардың басым бөлігі қазақтың ақ бас тұқымынан.

«Кроун Батыс» ЖШС борда­қылау кешенін толық қуаттылығына шығару мақсатында Үкімет тарапынан мал шаруашылығын субсидиялаудың жаңа бағытын, яғни тауар өндірушілердің 6-18 айлық бұқашықтарды бірінші деңгейіндегі бордақылау алаң­дарына өткізгені үшін 15 мың теңгеден субсидиялау бағдар­ламасы арқылы кешенді малмен толықтыру жұмыстары жүргізілуде. «Кроун Батыс» ЖШС бордақылау алаңы бұқашықтарды 1 келі тірідей салмақта 370 теңгеден қабылдауда. Бүгінде онда 1465 мал бордақылануда. Жыл басынан бері кәсіпорын 90 тонна сиыр етін өндіріп, соның 74,0 тоннасын немесе 82,0%-ын Ресей Федерациясына экспортқа шығарды.

Өткен жылы Жәнібек ауданы­ның «Әлем» ШҚ 146 тонна ет өндіріп, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарына шығарды. Биылдың өзінде мұнда 200 ірі қара малы бордақыланып, етке өткізілді. Қазір 150 ірі қара малы бордақылануда. Алдағы уақытта «Әлем» ШҚ мал бордақылау алаңының жанынан ауы­сымына 15 тонна тоңазытылған ет өндіретін типтік жобадағы мал сою цехының құрылысы жоспарлануда. Ол Казталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарының малын аталған кешенде сойып, еттің 50 пайызын экспортқа бағыттауға мүмкіндік беретін болады. Бұл жобаны «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қаржыландыру жоспарлануда.

«ҚазАгроӨнім» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Анас Баққожаевтың айтуынша, өңірдің ет экспортын дамытуға әлеуеті жеткілікті. Комиссия аудандардағы 12 шаруашылықты аралап, етті мал өсіру бағытындағы және мал бордақылау алаңдарының жұмыстарымен танысқан. Бағдарламалардың операторы «ҚазАгроӨнім» компаниясы болып табылатындықтан, облыстағы бірінші санатты мал бордақылау алаңдарын етті малмен толтыру, асыл мал сатып алу жұмыстарын осы еншілес компания атқарады. Басқосуда шаруашылық өкілдері бордақылау алаңына етті мал сатып алу бағасын өсіруді сұрады. Олардың пікірінше, «Кроун Батыс» мал бордақылау алаңына өткізілген малға есеп айырысуда жайбасарлық басым. Жиында көтерілген кейбір мәселелер «ҚазАгроӨнім» тарапынан қаралып, нақты шешілетін болады. «Кроун Батыс» мал бордақылау алаңына жас мал қабылданатыны, одан өзге кәрі малды қабылдап, ішкі нарыққа шығаруға болатыны да сөз болды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығының айтуынша, «Кроун Батыстың» бордақылау алаңы инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысында барлық мүлкі лизингтік несиеге кепілге салынған. Енді жекелер мен шаруашылықтардан өзге малды сатып алып, бордақылауға қаржы тапшы әрі банктерден несие алуға кепілзаты жоқ. «ҚазАгроӨнім» компаниясы бұл мәселені де көп ұзатпай шешіп бермек.

Аталған жиында облыс орта­лығында ет экспорты әлеуе­тін көтеру жөнінде дербес бағ­дарламалар мен ерекшеліктер болуы қажеттігі атап көрсетілді. Әрине, бұл жөнінде мемлекет тарапынан қаржылық тұрғыдан тиісті қолдау тетіктері жасалғаны белгілі. Ендігі мәселенің мәнісі, негізгі салмағы мен жүгі жергілікті атқарушы органдарға қарай ойысып келеді. Осы тұрғыдан алғанда биыл Ақжайық аймағындағы ет өндірушілер Ресейге шамамен екі мың тоннаға жуық етті экспорттауға бекем бел буған.

 

0
0
571

Қарағанды облысының үздік тергеушісіне ноутбук сыйланды.

Қарағанды облысының үздік тергеушісіне ноутбук сыйланды. «BNews.kz», 14.04.2014ж.
Қарағанды облыстық ІІД 2014 жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жұмыстар қорытындысы бойынша полицияның аға лейтенанты Саят Сатанов үздік тергеуші болып танылды. Бұл туралы BNews.kz тілшісіне облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Ж.Сембеков хабарлады.

ІІД тергеу басқармасының басшысы Нұрлан Омаровтың айтуынша, үздік тергеушіні анықтауда кәсібилігі мен жұмысының нәтижесі басшылыққа алынған. Үздік тергеушіге ноутбук сыйға тартылды.

Бұған қоса ҚР ІІМ бұйрығымен өз міндетін мүлтіксіз орындаған екі полицей «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен, ал тағы екі полицей ҚР ІІМ құрмет грамотасымен марапатталды. Бірқатар қызметкерлерге грамоталар мен алғыс хаттар берілді.

 
0
0
241

Дін өкілдері полиция қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Дін өкілдері полиция қызметкерлерімен кездесу өткізді. «BAQ.KZ», 14.04.2014ж.
Дін өкілдері Ақтау қаласында әкімшілік полиция қызметкерлері және қалалық Ішкі істер қызметкерлерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Маңғыстау облыстық Дін істері басқармасы тарапынан ұйымдастырылған ақпараттық насихат жұмыстары облыс көлемінде атқарылуда. Мектеп, колледж, университет және мемлекеттік мекеме ұжымымен кездесулер ұйымдастырылуда. Қоғамның тыныштығы мен бірлігін сақтау баршамызға ортақ міндет. Дін атын жамылған теріс ағымдардың қоғамға тигізер зияны мен зардабын түсіндіру мақсатында Облыстық Дін істері басқармасының басшысы Е.Есбергенов пен Маңғыстау облысының өкіл имамы С.Сейтбеков Ақтау қаласындағы Әкімшілік полиция қызметкерлері және қалалық Ішкі істер қызметкерлерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында өкіл имам елімізде белең алған радикалдық ағымдардың шығуы мен қоғамға тигізер зардаптары жайында кеңінен түсіндіріп, тәртіп сақшыларының сұрақтарына жауап берді. Мұндай кездесулер тәртіп сақшылары арасында жиі өтуде.

Айта кетейік, соңғы жылдары дінге қатысты мәселелер өзінің өзектілігімен өткір тақырыптардың біріне айналып, еліміздің қоғамдық өміріндегі күн тәртібінде алдыңғы қатарға шыға бастады. Бұл, бір жағынан, дінге сенушілер қатарының көбеюінен, екінші жағынан, діни экстремизм мен терроризм мәселесінің өсе түсуінен байқалады. Бұл проблемалар өз кезегінде мемлекет пен қоғам алдына нақты шешімін табуды қажет ететіндіктен дұрыс ақпараттық насихаттың болуын талап ететіні сөзсіз.

 
0
0
766

Павлодарда ІІД жас қызметкерлері мен тәлімгерлерінің слеті өтті.

Павлодарда ІІД жас қызметкерлері мен тәлімгерлерінің слеті өтті. «BNews.kz», 14.04.2014ж.
Облыстық ішкі істер департаментінде жас қызметкерлер мен тәлімгерлердің слеті өтті. Кезекті кездесуге жүздеген тәжірибелі ішкі істер органының жас қызметкерлері мен олардың тәлімгерлері, ардагерлер жиналды. Аға буын өздерінің кәсіби жетістіктерін айтып, жастармен өз тәжірибелерімен бөлісті.

Шараны ішкі істер департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Н. Жүнүсов ашты. «Баршаңызға Отан алдындағы қызметімізге жетістік тілеуге рұқсат етіңіздер. Жастарды тәрбиелеу ісі - қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Елбасының қойған аса маңызды тапсырмасы. Осы мәселе әр азаматпен бірлесіп атқарылуы қажет. Бүгінгі басқосудың негізгі мақсаты - моральді-психологиялық тұрғыдан жан-жақты болуды қалыптастыру», - деді ол.

Слет жұмысына ҚР ішкі істер министірлігінің «Интерпол» бастығы, полиция подполковнигі М. Мерей қатысып, жас қызметкерлер мен олардың тәлімгерлеріне мадақтау грамотасы мен алғыс хаттар табыс етті.

Ардагерлер және тәлімгерлер кеңесінің өзара әрекеті жайлы облыстық ішкі істер бөлімінің ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары және отставкадағы милиция полковнигі В.Гаврилов баяндады. Ол жеке құрамға жоғары буынның дәстүрін сақтап, қылмыспен күресте ерлікпен атқаруды және азаматтардың тыныштығы мен ынтымағын қорғауды тіледі.

Полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың Тараз қаласында 2011 жылдың 11 қараша күні жасаған ерлігі мен батырлығы, террористік акт барысында қаза болғаны жайлы бейнефильм көрсетілді.

Слеттің соңында полиция жас қызметкерлері және олардың тәлімгерлері қызмет өткеру барысында қаза болған азаматтардың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

   
0
0
518

Жамбыл облысында қару-жарақты ерікті түрде полицияға тапсыру акциясы басталады

Жамбыл облысында қару-жарақты ерікті түрде полицияға тапсыру акциясы басталады. «BNews.kz», 14.04.2014ж.
2011 сәуірде Жамбыл облысында заңсыз сақталып келген қару-жарақ, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды ерікті түрде полицияға тапсыру акциясы басталады. Бұл туралы BNews.kz облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Баспасөз қызметі қару-жарақ, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды ерікті түрде полицияға тапсырғандар қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын атап көрсетті.

«Қару-жарақты полицияға өткізгендерге өтемақы қарастырылған. 2014 жылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 17 млн теңге қаржы бөлінді», - деп хабарлады полициядан.

 
0
0
264

ХОККЕЙ: «Сарыарқа» Братина кубогы финалында түмендік «Рубинмен» бақ таластырады

Түменнің «Рубині» Жоғары хоккей лигасының финалына шықты. Енді олар қарағандылық «Сарыарқамен» бақ таластырады.

Бесінші жартылай финалдық ойында «Рубин» сырт алаңда Пермьдік «Молот-Прикамьені» 4:1 есебімен жеңді.

Осылайша, Жоғары хоккей лигасының ақтық сайысында «Рубин» Қарағандының «Сарыарқа» командасымен кездесетін болды. Ал қазақстандық клуб жартылай финалда ЖХЛ жеңімпазы «Торосты» ойсырата жеңіп, өткен маусымдағы финалда сүріндірген қарсыласынан кек алды.

Финалдық серияның бірінші матчы Түменде 18 және 19 сәуірде болады. Ал 22-23 сәуірде ойындар Қарағанды қаласында өтеді, деп хабарлайды Vesti.kz.

Басты сөздер: Спорт
АСТАНА. ҚазАқпарат
 
0
0
356

Футбол: «Ақтөбе» командасы «Ордабасыдан» ұтылды

Футболдан Қазақстан чемпионы жаңа маусымда алғашқы ұтылысына жол берді. Актөбелік командадан шымкенттік «Ордабасы» басым түсті.

Шымкентте өткен кездесуде алаң иелері 1:0 есебімен алға шықты. Жалғыз голдың авторы ретінде шабуылшы Эдин Юнузович танылды.

Осы жеңістің арқасында «Ордабасы» тоғыз ұпай жинап, турнир кестесінде бесінші орынға көтерілді. «Ақтөбе» 11 ұпаймен үшінші орынға төмендеді, деп жазады Vesti.kz.

Басты сөздер: Спорт
АСТАНА. ҚазАқпарат
 
0
0
360

Даллмэн астаналық «Барыс» клубына қайта оралады

Санкт-Петерборлық «СКА» командасының қорғаушысы Кевин Даллмэн астаналық «Барысқа» қайта оралуы мүмкін, деп хабарлайды vesti.kz сайты.

33 жастағы хоккейшінің келісімшарты 2014 жылдың 30 сәуірінде аяқталады. Спорт басылымдарының жазуынша, оның «Барыс» клубына қайта оралуының басты шарты ретінде Даллмэннің Беларусь елінде өтетін әлем чемпионатында Қазақстан құрамасында ойын көрсетуі жөнінде талап бар.

Спорт-Экспресс сайтының хабарлауынша, Даллмэн астаналық командамен 3 жылға келісімшарт жасамақ. «Барыс» сапында хоккейші 2008-2012 жылдар аралығында төрт маусым бойы ойнаған болатын.

Биылға маусымда Кевин Даллмэн чемпионатта өткізген 29 матчта 9 ұпай (5+4) және плей-офф кезеңінде өткен 10 ойында 9 ұпай жинады.

Басты сөздер: Спорт , Астана
АСТАНА. ҚазАқпарат
 
0
0
347