Мазмұнға өту

Жаңа

Биыл Батыс Қазақстан облысында «ЖҚЖК 2020» бағдарламасы шеңберінде 15 әлеуметтік нысан жөнделеді

2016 жылы Батыс Қазақстан облысында «Жұмыспен қамтудың 2020 жол картасы» (бұдан әрі - «ЖҚЖК 2020») бағдарламасының жұмыспен қамтуды, инфрақұрылымды және тұрмыстық-коммуналдық шаруашылықты дамыту арқылы қарастыратын бірінші бағытын іске асыруға республикалық бюджеттен 1,4 млрд. теңге бөлінді. Осы қаражат есебінен 15 инфрақұрылымдық нысанды іске асыру жоспарлануда, оның 13-де күрделі жөндеу, 1-де ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Жөнделетін ғимараттардың 10 – білім беру, 3 – мәдениет, 1 – денсаулық сақтау және 1 – транспорттық инфрақұрылым нысаны болып табылады.

Инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы 765 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, оның ішінде 384 адам жұмыспен қамту орталықтары арқылы орналастырылады.

Бүгінгі күні 14 жобаның іске асырылуы басталды, оның шеңберінде 731 адам жұмысқа тұрды, олардың ішіндегі 361 адам - «ЖҚЖК 2020» бағдарламасына қатысушылар.

2015 жылы «ЖҚЖК 2020» бағдарламасының бірінші бағытын іске асыруға 13,7 млрд. теңге бөлінгенін, жалпы республика бойынша 588 инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып, 8,6 мың адам жұмысқа орналастырылғанын естеріңізге саламыз. 2016 жылы «ЖҚЖК 2020» бағдарламасының бірінші бағытын іске асыруға 80,1 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаражат жобалардың саны ескеріле отырып, жергілікті атқарушы органдардың тапсырыстары негізінде өңірлер арасында бөлінеді.

 
0
0
342

Балалар жемқорлыққа қарсы

А.ж. 9 қыркүйегінде Егіндікөл ауылындағы «Балбөбек» бала бақшасының сәбилері «жемқорлық» деген жаңа сөзбен танысты. Балалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Адалжол – Честный путь» марафоны аясында өткен «Бала кезіңнен бір біріңе адал бол» атты балалар ертеңгілігі өтті.

Ертеңгілік  аясында «Ертегілер әлеміндегі сыбайлас жемқорлық» тұсаукесері көрсетілді.

Балабақша тәрбиешілері балаларға жемқорлық түсінігін ертегі кейіпкерлерінің заңсыз ісі мысалымен қызықты етіп көрсетті, мысалы Тышқан үйінде тұрғызу үшін Көлбақадан 30 доллар сұрады, Айболит кішкентай балаларға көмек көрсеткені үшін Маймылдан бір машина банан сұрайды. Балалар көріністі талқылауға белсене қатысты, өз өмірлерінде кездескен жемқорлық оқиғаларын айтты.

Балалар адалдық, әділдік туралы өлеңдер оқыды. Кездесусоңындабарлыққатысушылар «Жемқорлық – деген...» тақырыпқа тест өтті және іс-шараға белсене қатысқаны үшін тәтті сыйлықтарға ие болды.

Іс-шараға 51 адам қатысты.

Департамент госслужбы

0
0
812

«Пара берген кінәлі ме, әлде алған адам кінәлі ме?» тақырыбына пікірталас өткізілді

А.ж. 9 қыркүйекте  Егіндікөл ауданының Агротехникалық колледжінде «Пара берген кінәлі ме, әлде алған адам кінәлі ме?» тақырыбына пікірталас өткізілді.

Пікірталасқа 80 адам – бірінші және екінші курс оқушылары қатысты. Пікірталасқа кіріспей тұрып директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары О.М.Мицуля және өндірістік оқыту шебері Т.А.Кашапова сыбайлас жемқорлық сипатындағы бірнеше оқиғаны көрсетті және классиктердің ол туралы сөздерінен қысқаша анықтама берді.

Студенттер өз пікірлерін білдіре отырып, оқиғалық мысалдар келтірді. 2-курс студенттері Фоминов Евгений мен Магасумов Ринат неғұрлым белсенді оппозиционерлер болды. Пікірталас қорытындысы бойынша студенттердің көпшілігі пара алатындар кінәлі, кейбіреулері  пара беретіндер деп дауыс берсе, аудиторияның жартысы пара беруші де, алушы да заң бұзатын болғандықтан екі тарап та кінәлі деген пікірде болды.

Департамент госслужбы

0
0
1382

Мақтарал жастарымен мақтанады

«ЖЖЖ (Жетісай – жер жәннәті) белсенді жастары» деген клуб бар. Мақтаралдың ерікті жастарынан құралған клуб ашылғанына ай болмастан нәтижелі жұмыстар атқаруда. Мақтарал ауданының жастарын патриотизмге тәрбиелеу, қайырымдылыққа, игі істерге шақыру, қоршаған ортамызды таза ұстауға баулу және осындай игі істер арқылы Мақтарал ауданын бүкіл Республикаға танылдыру клубтың басты мақсаты болып табылады. Сонымен қатар, жастарымыздың интелектуалын дамытып,мәдениетін арттыру үшін де жұмыстар атқарылуда.

Клубтың бас төрағасы Абылайхан Байдиловтың айтуынша, 500-ге жуық мүшесі бар клубтың ерекшелігі Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Арқалық, Павлодар қалаларында филиалдары жұмыс жасайды екен. Клубтың орталығы – Жетісай қаласы және Ақтау, Ақтөбе, Қызылорда, Семей сияқты т.б. мақтаралдық студенттер көп баратын қалалардан да филиалдар ашу жоспарда бар. Мақтаралдық жастар осылайша бірлесіп игі істерді атқаруда.

Кеше «ЖЖЖ белсенді жастары» клубының Алматы филиалы қасиетті мейрамның қарсаңында Алматы қаласындағы «Ардагерлер үйіне» барып, ақсақалдармен сұхбаттасып, олардың көңілін аулап, қуаныш сыйлап, бір малды құрбандыққа шалып қайтты. «Қарты бар үйдің - қазынасы бар» дейді ғой, бір ақсақал өсиетін айтса, енді бірі өз өмір өрнегін әңгімелеп, енді бір абыз атамыз өз батасын берді. Үйленбегенімізді ескеріп «сұрбойдақтар» деп әзілдеп, «Жақсы, инабатты, ибалы, сұлу, жалпы айтқанда мінезіне көркі сай жарды Алла нәсіп етсін» деген тілектерін білдірді. Осындай керемет күн болғанына біз де ерекше қуанып қалдық. Осындай қасиетті күнде игі істер жасауда өзінің қол ұшын берген ұйым мүшелеріне алғыс айтамыз. Тағы да құрбан айт құтты болсын, мұсылман бауырлар. Жақсылық жасап жарысайық!!!» - дейді «ЖЖЖ белсенді жастары» клубының Алматы филиалының төрағасы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті Еламан Қадырқұл.

 

(с) Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 
1
0
615

Ұлысын ұлықтаған ел жүрегі

Бірер сөз

Көзінің тірісінде - ақ аты алты алашқа аңыз болып тараған Сарыарқаның саңлақ ақыны, тарихшысы, ойшылы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармалары сонау тоқырау жылдарының өзінде әр жылдарда там - тұмдап болсын «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды» жарық көрсе, оның елден ерек дара қасиеті, әулиелігін кеңінен толғаған кесек дүние түгіл ауызекі айтылатын аңыз әңгімелердің арқауына айналудан қалып, ұмтылып бара жатқандай еді.

Оған 1952 - жылы Мәшекеңнің бейіті құлатылып, сол кездегі партиялық идеологияның ақынның аруағын қорлап, былайғы жұрттың үрейін ұшыруға негізделген солақай саясаттың салқыны ерекше әсер еткені сөзсіз.

Бір ғажабы идеологтар қаншама тырысып, талаптанса да Мәшекеңді халық санасынан жоя алмады. Оның рухы жылдар өткен сайын асқақтап, аспандай берді.

Тек «Өмір бар жерде өлім бар» дегендей, кезінде Мәшекеңмен дәмдес, тұздас болған, оның дара қасиетін көзімен көріп, көңіліне тоқығандардың қатары сирей берді. Көбінің жадында жатталған небір сырлары өздерімен бірге кеткен болар, кім білсін?!

Әйтсе де, Мәшекеңнің көмескіленіп бара жатқан ізін қайтадан жаңғыртуға талаптанғандар  да аз болған жоқ. Олар жайлы зерделеп, зерттеп, сөз қозғау - келешектің ісі.

Солардың бірі ақынның немересі Сүйіндік Көпеев  1932 - жылы туған еді. Ол ауыл механизаторы, трактор бригадасының бригадирі бола жүріп газет - журналдарға штаттан тыс тілші ретінде атсалысумен келді.

Сонымен қатар ұрпақ парызын өзінше түсініп, бағалаған ол ұлы адамның өмір кезеңдеріне, дара қасиетіне байланысты айтылатын ел аузындағы там - тұм әңгімелерді шама - шарқы келгенше қағаз бетіне түсіре берген екен.

Қайта  құру, жариялылық рухымен қанаттанған ол соның кейбірін облыстық « Сарыарқа самалы» газетіне жариялатып та жүрді...

Өткен жылы осы «Сарыарқа» журналының бесінші саны С. Торайғыровтың туғанына 100 - жыл толуына орай Баянауыл ауданына арналды.

Онда Сұлтанмахмұт, Қаныш, Шәкен, Зейін тағы да басқа алты алаштың арыстары, исі қазақтың біртуар азаматтары мен Ғабит Мүсірепов, Евней Букетов сынды ұлы тұлғалар жайлы естеліктер беріліп, азды - көпті сыр шертілді. Журналдың сол санында Мәшһүр Жүсіп Көпеев әулие туралы ештеңе жоқ еді.

Біз ол жайлы материалды Сүйіндіктен күткен едік. Кейін анықтап білгеніміздей оған жіберген хабарымыз дер кезінде жетпеген. Ал қайта хабарласуға, тосуға журналдың уақыты көтермеді. Қап, деп өкінгеннен басқа шара болмаған.

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, С.Торайғыровтың жүз жылдық мерейтойына Ақмола делегациясының құрамында келген белгілі жазушы, ақын, халқының өткенін зерделей зерттеуші, жоқшысы, бұл күнде мыңдаған оқырмандардың сүйікті басылымына айналған «Сарыарқа» журналының бас редакторы Нұрғожа Оразов ағамыз Мәшһүр Жүсіп әулиенің өзі атындағы шаруашылықтағы Ескелді елді мекеніндегі мазарына арнайы барып, тәуап қылды.

Сол жолы қаламдас бауырым Тілеубек Ғалымұлы екеуімізге журналға Мәшекең жайлы материал ұйымдастырып жіберу жөнінде арнайы тапсырма берді. Біз ол кісіге уәде берген едік.

Содан... Уәде беру оңай, оны орындау соншалықты қиын боларын кім білген. Тағы да сарыла Сүйіндік ағадан, бейіт басында бірге болған бұл да ақынның немересі Қажыманнан хабар күттік.

Күн өткен сайын сол хабардың болатынына деген үмітіміз азая берді. Сондай күндердің бірінде есіме Мәшекеңе ағайын, аудандағы белгілі азаматтардың бірі, аудандық салық инспекциясының бастығы Балға Шайхин аға түсе кеткені. Бәкеңе жолығып, жағдайды айттым. Айтып айтпай не керек, апталар бойы тостырған материал Бәкеңнің араласуымен айналасы бір - екі күнде қолға тиді.

Бәкеңе шын жүректен Мәшекең үшін атқарған ізгілікті ісіңізге рахмет. Сізге бабаңыздың аруағы жар болсын дей отырып, Мәшекең жайлы Сүйіндік жазған «Осындай әңгімелер бар» атты дүниені «Сарыарқа» журналына үлкен үмітпен толқу үстінде ұсындық.

 

Сүлеймен Баязитов

0
0
913

Нар тәуекел еткен екен

Мәшһүр Жүсіп Көпеев атындағы кеңшар жиырмасыншы ғасырдың екінші жарты жылдығында еңсе көтеріп, іргелі ел қатарына қосылған. 1961 -жылы сол кездегі «Шадыра» совхозынан бөлініп, жеке совхоз болып шаңырақ көтерген.

Ол кезде бұл елді мекен «Жаңажол» совхозы аталатын. Аудандағы орта шаруашылықтардың бірі еді. Өткен отыз екі, отыз үш жылда сол қалпынан бір танған емес.

Рас, сонау бір жылдарда Мұрат Дүйсенбайұлы Рахметов директор болған тұста әр сала бойынша арты аудан, алды облыс көлемінде жеңімпаз деп танылып, ауыспалы Қызыл туларды жеңіп алған тұстары да болған. Тек мұндай жұлдызды сәттері ұзаққа бармаған. Шаруашылықтың ірге тасы берік болғанымен,  шаруасы шалқыған ел еді деп айта қою қиын.

Бір сөзбен, оза шауып бәйге алмаса да ұлан бәйгеде шаңға көміліп, тіпті артта қалған жайы және жоқ еді. Ел қатарлы тірлік кешіп жататын. Тек алыптарды алқындырып, онсыз да өлместің күйін кешіп келе жатқан Одақтағы көптеген кәсіпорындар мен шаруашылықтардың шаңырағын шайқай, төрт аяғын аспаннан келтіре келген қайта құру кезеңінің тепкіні қабырғасын қақыратып-ақ жіберген.

Бұл ауыртпалықты қырда жатқан аядай Мәшһүр Жүсіп атындағы кеңшар ғана емес, одақтағы небір шаруасы шалқып отырған кәсіпорындар мен шаруашылықтар да айқын сезінген. Көбісі-ақ тұралап тынған. Шаруадан береке кете бастағаннан кейін елдің де экономикалық жағдайы тығырыққа тірелгендей еді.

«Бір жұмақтың бір тозағы бар» дегендей, нарықтық қатынас кезеңінде ел ішіндегі байланыстың үзіліп, есеп айырысу жүйесі жүрісінен жаңылған жорғадай    кібіртіктеп,    баға    шарықтап,    ақша құнсызданып, жекелеген адамдардың да қалтасын қаға келген қатқыл қабақты нарық заманы одақты мекендеген ұлттар мен ұлыстардың егемендігі мен тәуелсіздігіне жол ашқандай еді.

Ал мұның өзі соңғы жетпіс жылдан астамғы кеңестік дәуір кезеңінде тілі мен дінінен, ата дәстүр, салт-санасынан ада болуға айналып ұлттық сезіміне селкеу түсіп, намысы аяусыз тапталған қазақ
халқы  үшін  жаратушы   жаббар хақтың асқан мейірімділікпен жарылқауымен пара-пар еді.

Ақ түйенің қарны жарылып, тәуелсіздігіміздің негізгі тірегі Ата Заңымыз қабылданып, көсегені көгертер көк байрағымыз көкке шаншыла желбіреп, тірі  жетімнің  күнін  кешіп,   шет  қақпай  қалған тіліміз мәртебелі мінбелерден бұлақ суындай сылдырай төгіліп, хан Абылай, қанжығалы Бөгенбай, қаракерей  Қабанбай, Малайсары, Олжабай, әз Жәнібек тағы да басқа ел қорғаны батырларымыз, қаз дауысты Қазыбек, Төле би, Әйтеке би, Абылайдың   ақылшысы   көмекей   әулие   Бұқар жыраулар   ғасырлар қойнауынан   «тіл   қатып», рухтары туған  халқымен  сағыныса  қауышқан.

Сол бір тарихи кезең, сол бір ұлы кезеңдер халық санасын сілкіп қана қоймай, ұлттық намыс отын үрлей түскен шақ еді. Халықтың өшкенін жандырып, өлгенін тірілту үрдісі  Баян  жерінде де,  өзінің  сәтті  жалғасын тапқан.

Сөйтіп, 1993 - жылдың 20 - қазанында Мәшекеңнің есімімен аталатын кеңшар да ақын, тарихшы, көріпкел әулие Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің осы заманға, сәулет өнерінің талаптарына сай салынған мұражайы айқара есік ашқан.

Сол күні Арқа төсінде жер-дүниені қарашаның қара суығы қалтыратып   тұрғандай еді. Соған қарамастан Мәшекеңнің мұражайының ашылу салтанатына келген адамдардан көз тұнады.

Аудандағы он бір шаруашылықтан аудан орталығынан келгендерді былай қойғанда, Семей, көршілес Екібастұз қалаларынан да қонақтар баршылық еді.

Міне, біз әулиеге арналып салынған мүражайдың ішіне кіріп келеміз. Мұнда қойылған экспонаттар ақынның өмірінен мол хабар беретіндей. Қарсы алдымызда ақ қағазға бір кимелеп келген ойды жаза қоюға құлшына кіріскен Мәшекеңнің бюсті тұр. Оны көргенде ақ жаулықты аналардың бірі:

- Жарықтық-ай,  деп көзіне жас алған. Сол сәт жұрттың көпшілігі қол орамалдарын жанарларына қарай жақындатып жатқаны байқалып-ақ қалған. Иә, бұл талай жылдар аңсай кұткен асылының, ардағының туған еліне арнаған өлшеусіз еңбегінің ендігі жерде халық игілігіне айналатынан шүбәсіз сенген Мәшекеңнің ұрпақтарының сарғайған сағыныштан шыққан көз жасы, қуаныш көз жасы екендігі сөзсіз еді. Ал кейбір ақсақалдар Алла өзің кешіре гөр десіп, күбірлесіп қояды.

Бәлкім, олардың тарихтың, Мәшекеңнің алдында ешбір кінәлары болмаса да, сонау бір сойқанды жылдарда өткен өкінішті іс үшін Алладан, қала берді Мәшекеңнің аруағынан кешірім сұрағандықтары болар.

Экспонаттарды асықпай аралап жүрген адамдардың арасынан Мұрат Дүйсенбайұлы Рахметовты көзім шалды. Сол сәт жаңа ғана Мәшекеңнің мұражайының ашылуына байланысты баяндама жасаған ақынның немересі, ғалым, жазушы Қуандық Пазылұлы Мәшһүр еңбегін зерттеп, әр жылдарда пікір айтқан. М. Әуезов, С. Мұқанов, Д. Әбілев, Ә. Қоңыратбаев, М. Бөжеев, С.Дәуітовтермен қатар Мәшекеңнің бейітін қалпына келтіріп мұражайын ұйымдастыруды қолға алған адамдардың есімін мақтанышпен айта келіп, Мұрат Дүйсенбайұлына азаматтық ақ алғысын арнағаны есіме оралған. Расында да, Мұрат ағаның және басқаларының сол жылдарда.

Мәшекең үшін атқарған еңбегі ерлікпен пара - пар екен-ау деген ойға бекінген мен осыдан бір жыл, бір ай өткен соң осы әңгімеге қайтып оралып, Мұрат Дүйсенбайұлын іздеп баратынымды білген жоқ едім.

- Иә, деп аз іркіліп, ойға берілген ол әлден соң. Бұл 1976 жылы еді. «Жаңажол» совхозына директор болып тағайындалдым. Сол жылы ақынның келіні, Кеңес Одағының Батыры сол кездегі халық депутаттары облыстық Кеңесінің төрағасы Махмет Қайырбаевқа арнайы барып жолығып, Мәшекеңнің бейітін көтеріп,  қалпына келтіруге рұқсат алып келіпті.

Мақаңның көмегімен Екібастұз халық депутаттары қалалық Кеңесінің атқару комитеті іске араласып, құрылыс материалдарын әкеліп төге  бастаған  шағы екен. Нүрила апай маған осы жайларды баяндап, құрылыс материалдарының әлі де жетіспейтіндігін, құрылысшылардың қажет екендігін айтты. Қандай көмегің бар деуді де ұмытпады. Сұрастыра келсем Нұрила апай Ескелдідегі Мәшекең бейітінің басына жеңіл - желпі көшіп те алған екен.

- Көмектесеміз, апа, қолдан  келген  көмекті аямаймыз  деп жатырмын.  Айтқанды  орындау азаматқа сын, қолдан келген көмекті аяғанымыз жоқ. 1977 - жылы бейіт құрылысы аяқталды. Сол күні бейіт басына жиналған халықтың қуанышын көрсеңіз ғой.

Осы сәтте сол жылдарда әлде бір игілікті іс жайлы сөз бола қалса ел басшыларының ертең әлдекім жоғары жаққа жазып жіберсе мен жауап беремін, жұрттың несі кетеді деп шыр-пыры шығатыны есіме түсе кеткені.

- Мұрат Дүйсенбайұлы, құрылыс материаддарының,   әсіресе   адам  күшінің сол жылдар да жыртылып айырылмағаны белгілі. Ауыл тұрғындарының бірінің қорасы құлап, бірінің үйінің төбесінен  тамшы  ағып,   шаруашылық   басшыларынан материал сұрап, ол табыла қалған жағдайда жөндеуші құрылысшылар тауып беруін талап етіп кеңсе табалдырығын тоздырып жүргенін көзбен көрген едік.

Кейде мұның өзі жоғарыға жазылар арыз-шағымға да негіз болып жататын. Ақынның бейітін көтерген кезде өзіңіздің үстіңізден әлдекімдер жоғары жаққа жүйрік қаламын жорғалатып жіберген жоқ па?

- Ол не дегенің? Ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін Мәшекеңнің бейітінің ойдағыдай бітуіне тілектес болды десем артық айтқандық болмас. Бір де бірі «Бейітті неге көтеріп жатырсыңдар» деп сөз қозғаған емес. Қайта қаржы қажет болса көмектесейік деушілер аз болған жоқ.

Тіпті, мұражай салу керек дегенді де сол ауыл адамдары ауызға алғаш алған еді. Солардың бірі қазақ өнерінің белгілі тарландары Қуат, Суаттың әкесі Әуезбек Әбусейітов ақсақал Мәшекеңнің немересі Төлеубайдың болашақ мұражайға деп арнап жинаған біраз экспонаттары бар, соны пайдаланып, Мәшекеңнің мұражайын ашу қажет, істің бір қолға алынуы ғой, ар жағы оңғарыла береді деп ауыл тұрғындарыньң атынан тілек білдірген еді.

Мен Төлеубай ақсақалдың үйінде жинақталған экспонаттармен таныстым. Онда киіз үйдің, арбаның, бесіктің алтыбақанның, келінің макеттері бар екен. Осы заттардың, тағы да басқа заттардың макетін Төлекеңнің өзі қолдан жасаған көрінеді.

Мен ол кісілерден: Мәшекеңнің киім - кешегі, пайдаланған заттары бар ма? - деп сұрадым. Бар десті олар. Көз әйнегін, киім - кешегін тағы да басқа заттарын, шай - самаурынын көрсете отырып, мұнымен қатар деді олар тағы да ел ішінде тараған Мәшекеңнің заттары баршылық. Іздестіреміз, жинастырамыз десті.

Көп ұзамай осындағы мектептің бір бөлмесін Мәшекеңнің мұражайына бөліп бердік. Салтанатты жиын өтті. Әуезбек салтанат үстінде Мәшекеңе арнап өзі шығарған өлеңін домбыраға қосылып айтып берді. Кезінде сері, әнші болған Әуекеңнің сол өлеңін жаздыртып алу бірде - біріміздің қаперімізге кірмегеніне өкінемін.

Сонымен қатар ол мұражайға күміс ертоқымын сыйлады. Ауылдың ақ жаулықты әжелері мен, ақсақалдары ән шырқап, би билеп кетті. Келер жылы ауыл ортасынан шаруашылық тәсілмен екі қабатты клуб үйін саламыз, соның екінші қабатын Мәшекеңнің мұражайы ретінде пайдаланамыз-, деп жиналған халыққа уәде бердім.

Аудандық партия комитетіндегі кейбір жолдастарға ойымды сездіртсем олар, өзің біл, әлдекім үстіңнен арыз жазып жіберсе партиядан шықпасаң да сөгіс алатының айдан анық дегенді аңғартты.

Қатты толқып ойлануға тура келді. Өйткені, партиядан шықпасаң да сөгіс алудың өзі ол жылдарда алға басқан адымыңды артқа қарай шегіндірумен пара-пар еді.

Әлденеден ауыл адамдарының мен уәде берген сәтте гүл-гүл жайнаған жүздері, Әуекеңнің әуезді әні құлағыма келгендей болды. Сонымен қатар «уәде құдай аты» дегенді жастай санамызға сіңіріп өскен ауыл баласымыз ғой тақ түссе таңдайға, бақ түссе маңдайға» дегендей нартәуекел деген едік.

Әулие бабамыздың аруағы қолдады ма екен. Әйтеуір ешкім жоғарыға да, төменге де бұл жайлы «хабар» салуға асықпады. Мәдениет үйінің қабырғасы көтеріліп, ішкі өңдеу жүмыстары да аяқталды.

Осы сәтте мен облыстық мәдениет басқармасының бастығы Балтабай Сейсенбековке жолығып, мұражайды жабдықтауға қол ұшын беруді өтіндім. Көп ұзамай Павлодардағы өлкетану мұражайының қызметкерлері келіп, жұмысты қолға алды. Ал бұл кезде болашақ мұражайдың экспонаттарын біржарым жылдың ішінде Аманкелді Омаров жинастырып та үлгерген еді.

Қ. Сәтбаевтың 90 - жылдығын тойлауға сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков келе қалды. Ол Мәшекеңнің басына ат басын бұрып, бейітін мавзолей етіп салыңдар. Музей үйін жеке салыңдар, деп нұсқау беріп қаржы бөлдіртті. Соңғы мұражай кезінде сол кісінің нұсқауымен жоспарланған еді. Міне, оның халқына қызмет етіп тұрғанына да екінші жыл. Тағы да қандай сауалыңыз бар, - деді ол маған назарын тіктеп.

- Бастаған істің сәтті аяқталуы әрқашанда қуаныш дей тұрсақ та сол қуаныш үстінде де адамның жан жүрегін толқытып, есінде мәңгілік қалатын ерекше сәттер де болады ғой. Сол жағына да аздап тоқталып өтсеңіз.

 

- Мәдениет үйіндегі мұражай ашылғанда Ақбәйбішенің Сүйіндіктің шешесі (Зейнеп) көзі тірі еді. Өзінің үстіндегі шапанын шешіп алып менің иығыма ілді. Сол сәтте айтары жоқ қатты толқыдым. Қарт ананың жан - дүниесінің дархандығына сүйсіндім деп үнсіз қалған ол әлден соң барып шапанын Ақбәйбішенің өзіне қайтып бердім. Қазір де Сүйіндіктің үйінде тұр, деген еді.

 

Сүлеймен Баязитов

0
0
770

А.Матеус: Астана өзінің бірегейлігі арқасында туристер үшін тартымды болып отыр

Жуырда Астана өзінің бірегейлігі мен архитектурасының арқасында шетелдік туристер үшін тартымды нүкте болуда, деп «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясымен ұйымдастырылып отырған Қазақстан бойынша ақпараттық турлардың қорытындысы бойынша баспасөз-конференциясында «Kazakhstan tours» Голландық туркомпанияның директоры Адрианус Матеус мәлім етті.

Оның айтуы бойынша, Батыс Еуропада Қазақстанға сұраныс үлкен. Еуропалықтар бізге экотуризм мақсатында келеді.

«Мен голландық туристік компанияны таныстырамын және біз туризм саласында 10 жыл жұмыс жасаудамыз, көбінесе Қазақстанға Еуропалық одақ елдерінің бағыттары бойынша. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, адамдар экотуризмге қызығушылық танытуда. Орташа есеппен бес күннен үш жұмаға дейін болады. Соңғы он жылда Алматы облысы ең тартымды болуда. Алайда, жақын арадан бастап, Астана да туристер үшін тартымды нүктеге айналды. Сонымен қатар, Шымкент және Тараз өз тарихымен тартымдылыққа ие. Алтай аймағы, Маңғыстау, Ұлытау, Қарқаралы да қызықты белдіктер қатарына жатады, алайда ол жерге бару қиынға түседі»,-деді Адрианус Матеус.

Үнді туристік компанияның президенті Радж мырза Үндістанда Қазақстанды «екінші Швейцария» деп айтатындығын атап өтті.

«Біз посткеңестік елдер мн Еуропа одақтарына деген турлармен айналыстық. Соңғы үш жылда Қазақстанға рейстарды жасаудамыз және халықтың осы бағыт бойынша қызығушылық жасауына жұмыс атқарудамыз. Қазір біз Қазақсанды Орталық Азиядағы екінші Швейцария деп атаймыз. Бізде көбінесе Алматыға бағыттар бар. Ол жердің адамдары өте қонақжай және сыпайы. Биыл біздің жұмыс көлеміміз ұлғайды және келесі жылы одан да көп болады деген үміттеміз.ЭКСПО -2017 аясында Алматы мен Астана үлкен мүмкіндікке ие»,-деді Радж.

«Три кита» ресейлік туристік компанияның бас директоры Төлеген Бекмамбетов сөз барысында Ресейде Астана мен Бурабайға бару үлкен танымалдылықты алып жатқандығын айтып өтті.

«1997 жылдан бастап Қазақстан курорттарына турларды ұйымдастырумен айналысамыз және олар келесі қалалар бойынша үлкен атаққа ие: Омск, Түмен, Қорған, Екатеринбург. Жылда жаз айларында чартты туристік рейстар ұйымдастырылады. Бұгінгі күні танымалдылыққа Бурабай мен астана ие»,-деді ол.

Ақпарат көзі: strategy2050.kz

0
0
251

ҚР Президенті Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тарихи байланысты нығайту жолында И.Каримовтің рөлін атап өтті

ҚР Президенті И.Каримов жерленген жерге гүл шоғын қойды, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Нұрсұлтан Назарбаев И.Каримов жерленген жерге гүл шоғын қойды.

Мемлекет басшысы жиналғандарға арнаған сөзінде Ислам Каримовпен екеуін ұзақ жылдар бойы берік достық, шынайы түсіністік, өзара тілеулестік байланыстырып келгенін  айтты.

«Өзбекстандықтардың келер ұрпағы, келесі буыны Ислам Каримовты әрдайым есте сақтайды деп сенемін.  Оның артта қалған мол мұрасын, мемлекеттік қызметінің нәтижелерін ұрпақ зерттеп-зерделеп, атқарған істерін өзбек халқының тарихына алтын әріптермен жазады. Ол бүкіл әлемге танымал көшбасшы болды, ел экономикасының қалыптасуы мен дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы оның есімімен байланысты. Біз ұлы адамнан айырылдық, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев бауырлас елдеріміз арасындағы тарихи және стратегиялық байланысты нығайту жолында Өзбекстанның тұңғыш Президенті баға жетпес рөл атқарғанына тоқталды.

«Қазақ пен өзбек халқы әрдайым бір-бірімен етене жақын болды. Ислам Абдуганиевич екеуміз 1998 жылы Қожа Ахмет Иасауи кесенесі басында мәңгілік достық туралы келісімге қол қойдық, біздің қарым-қатынасымыз үнемі сол келісімге негізделді. Қазақстан әрқашан өзбек халқымен қанаттасып, қатар келеді және солай бола береді. Біз сіздермен барлық қуанышты бірге бөлісіп, қиын кездерде бірге қайғырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев И.Каримовтің отбасымен кездесіп, Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан шын ниетімен көңіл айтты.

Ақпарат көзі: strategy2050.kz

0
0
367

Астанада жұмысшы мамандықтар арасында World skills Kazakhstan-2016 чемпионаты ашылды

Астанада World skills Kazakhstan-2016 чемпионатының ресми ашылуы болды. Шараны ҚР Білім және ғылым министрлігі «Кәсіпқор» ұлттық холдингімен бірге ұйымдастырды.

WorldSkills – халықаралық қозғалыс, әлемнің 75 елінде өрістеген және оның негізгі мақсаты жұмыс мамандықтардың мәртебесін арттыру және насихаттау болып табылады.

Астанаға World skills Kazakhstan-2016 чемпионатына еліміздің 16 аймағынан 140 байғауға қатысушы келді. Чемпионатқа 15 құзырет бойынша жарыстар кіреді: мейрамхана ісі (аспазшы), мейрамханаға қызмет көрсету, кондитерлік, шаштараз және басқалар. Жеңімпаздар ұлттық құрамаға кіреді және Қазақстанның намысын Швейцарияда өтетін Еуропалық турнирде қорғайтын болады.

Бүгінгі күні Қауымдастықтың құрамына 75 мемлекет кіреді. 2014 жылы Қазақстан WorldSkills қауымдастығының 70-ші қатысушы елі болды. 2015 жылы Қазақстанда алғаш рет WorldSkills Kazakhstan Ұлттық чемпионаты өткізілді және ол жерге ҚР-ның 14 облысы мен Астана және Алматы қаласынан келген 70 адам қатысты.

Өткен жылы байқау жеті құзырет бойынша өтті. Биыл олардың саны 15. Олар: мейрамхана ісі (аспазшы), мейрамханаға қызмет көрсету, кондитерлік, шаштараз, желілік және жүйелік әкімшілік, веб-дизайн, мехатроника, құрғақ құрылыс және сылақ, кірпіш қалау, дәнекерлеу, сырлау және сәндік жұмыстары, тақтамен қаптауыш, мектепке дейінгі білім беру, жобалау киім, электро монтажды жұмыс.

«Чемпионат Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» ұлт жоспарын іске асыру аясында өткізілуде. Бастапқыда облыстық турнирлер өтті, ал бүгінгі жеңімпаздар ұлттық біріншілікке қатысуда. Олардың саны 1200 адам. Жыл сайын құзыреттің саны өседі және біз 2019 жылы олардың санын 47-ге дейін апаруды жоспарлаудамыз»,-деді «Кәсіпқор» Ұлттық холдинг төрағасының міндетін атқарушы Нұрғали Аршабеков.

Чемпионатты құттықтау сөзімен ҚР БҒМ вице-министрі Эльмира Суханбердиева ашты.

«Құрбан айттың бірінші күнінде баршамызға сүйікті болған World skills Kazakhstan-2016 чемпионатын ашып жатқанымыз қуантады. Бар болғаны екінші жыл оны мерекелеудеміз, алайда аз уақыт ішінде біз оны жақсы көріп қалдық. «Кәсіпқор» ұлттық холдингісіне, кәсіпкерлер палатасына және тағы да басқаларына осындай маңызды мерекеге қол ұштарын бергенге алғыс білдіргім келеді. Министр Ерлан Сағадиевтің атынан табыс тілеймін»,-деді вице-министр.

Ақпарат көзі: strategy2050.kz

0
0
546

Ninety One — жастардың таңдауы

Қыркүйектің жұлдызында бірінші
Ninety One boys band болып құрылды
Бес жігіттен құралған бұл жас топты
Беделханның Ерболаты құрыпты

Жас жігіттер шашын бояп алғанын
Қалың қазақ қабылдаудан бас тартты
Сөздерінде мағына жоқ деп біреуі
"Патриоттар" қазаққа жат деп шулады

Алайда Ерболаттың бестігі
Мұндайға дайындығын көрсетті
Желге қарсы төтеп берген қайындай
Сан сындарға бола білді төзімді

Өнерлерін қолдап əлем жастары
EagleZ саны күннен күнге артады
Өнер сүйер қырандардың қатары
Мен сияқты fan boy-менен толықты

Бірде досым бір сілтеме жіберді
Ашып қалсам, шашы сары қазақ жігіті
"Құдай-ау, бұл не сұмдық?" деген ой
Санамнан біраз уақыт кетпеді

Ұят қой мына жүрген түрлері
"Қазаққа тəн емес қой" стильдері
деген менің сөздерімді оқыған
Елдос досым "Күшті ғой" деп, бір күлді

Сөйтіп уақыт жылжи, ай өтті
Жаңа жыл мейрамы да кеп жетті
YouTube қарап отырған бір күнімде
Ninety One - Happy New Year ілікті

Бұл өлеңнің ырғағы,
Жүрегімді жаулады.
Eaglez-дардың қатары
Бір адамға жаңарды
Ninety One-ға қызығу
Осы сәттен басталды.

Сапа, ырғақ, сазды əуен
Мағыналы қара өлең
Міне осы жетпеп ед(і)
Тойский əнге, бітпеген

BALA, ALEM, A.Z. ZaQ
ACE-та маған тұр қарап
Өнерлері барады
Қазақстанды шын жаулап

2015 жылдың қыркүйек айының бірінші жұлдызында Қазақ эстрадасына жаңа толқын, жаңа серпін сыйлаған Ninety One (қаз. Тоқсан бір) тобы құрылды. Жоғарыда осы топ жайлы жазған жеке туындымда айтқандай, бұл топ жайлы мен ең алғаш жан досым Елдостан білдім. Өз басым ұлтшыл, қазақты өзге ұлттардан жоғары қоятын адаммын. Сондықтан алғашқыда бұл топ мен үшін қазаққа жат, корейлердің көшірмесі болып көрінді. Алайда әндері ұнағандықтан "Айыптама" әні Вконтакте желісіндегі аудиожазбаларымның қатарына қосылды.

Жаңа жыл мейрамы қарсаңында YouTube арнасында Ninety One тобының Жаңа жылдық құттықтауы атты видеоға тап болдым.

Өлең шынымен жүрегімнен орын тапты. Сапалы түсірілім, ырғақты, әрі сазды әуен. Міне дәл осыны қазақтың ешбір бейнебаяндарынан таба алмайтынсың. Барлығы бір-бірімен келісіп алғандай не қораның алдында, не өзге елдің туының алдында билеп соны халыққа бейнебаян деп ауыз толтырып көрсететін. Бұндай сапалы бейнебаянды көргенімде қуанышымда шек болмады. «Айыптама» әніне түсірілген бейнебаянның да сапасы өте жоғары деңгейде екендігін айтпай кету күнә болады.

Шаршатты тойдың типтес əндері
Құдайын* басқа ұлттын қорлады
Чип чип деп тауық шақырған
Қалайша оны жастар тыңдайды

Болмаған қазақта той-поп ешқашан
Дыкс-дыкстан ешбір көз ашпаған
Əуезді, сазды нағыз қазақ өнері
Ұлы сезім махаббатты жырлаған
Ешбір дыкс-дыкс жəне болмаған

Хейтерлер айтарым сондықтан
Той-поп та шықпаған қазақтан
Тыңдасаң нағыз қазақ өнерін
Бұны сен жақсы білерсің

Нағыз қазақ əнін жырлайтын
Сахынаға домбырасыз шықпайтын
Тəлімгер, əнші Нұрлан Албанның
Тыңдайсың ба дәстүрлі сен əндерін

Əрине "жоқ", білем, сенің жауабың
Налабутенах, патимекер тыңдайсың
Сосын келіп патриот боп инстада
Ninety One-ды балағаттап жатасың

Желсіз түнде жарық ай
Балқадиша мен дударай
Міне нағыз қазақ əндері
Жоғалып мəңгілікке барады-ай

*Мария Магдалина - Иса пайғамбардың серігі.

Иә ер адамға шаш бояу, сырға тағу мүлдем жат қылық, әсіресе мұсылман қазақ бауырларымыздың бұлай жүруі – ұят. Алайда бұл сахыналық образ екендігін де ұмытпағайсыздар! Олардың шаш бояуы – оларға оның ұнайтындығының кепілі емес, ол продюсердің талабы. «Шашты боямай-ақ, BALA сияқты сахынаға шыға берсе ғой», - деп ойлаймын өз басым; олай ойлайтындар саны жеткілікті сияқты.

Негізі бұл жазбаны жазуымның басты себебі – «Бұл топтың өлеңдерінде мағына жоқ, қазақта ешқашан болмаған стиль» деп бас ұрып жүрген қандас бауырларыма жауап жазу. Иә, сіздермен келісемін, бұл стиль қазақ даласында ешқашан болмаған, алайда қазіргі таңда айтылып жүрген әндердің де қазақ даласына енгеніне көп бола қойған жоқ. Мәселен қазақ музыкасының тарихында Күләш Байсейітова, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова сынды опера майталмандарына дейін ешбір қазақ бұл жанрында өнер көрсетпеген. Досмұқасан ансамбілі құрылмайынша поп мәдениеті қазақ даласына аяқ баспаған деп айтуға болады. Сондықтан жаңа жанрлардың, жаңа субмәдениеттердің, заманауи бағыттардың елімізге енуі – б жаңалық емес, керісінше заңдылық. Тіпті қазір Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі өнер көрсетіп жүрген той-поп жанры да қазақ даласында мүлдем болмаған. Нағыз қазақтың дәстүрлі әндерін шырқайтын Жігіттер тобы, Нұрлан Албан, Жанар Айжанова, Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева және т.б. деп есептеймін.

Қазіргі кезде төсекте жатып алып, Instagram желісінде Ninety One – өлеңдері қазаққа жат деп, пікір жазатын жастар дәстүрлі қазақ әндерін тыңдай ма?

Әрине, жоқ. Олар «қазаққа жат емес, қазақ музыкасының тарихына кең тамыр жайған» Jah Khalib, Скриптонит, Налабутенах, Патимейкер тыңдайды.

Ninety One қазіргі таңда қазақ тілін барлық дерлік әлемге танытып, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде ән салдырып, рахмет айтқызып отыр десем артық кетпеймін. Француз тілін әдемі деп есептеп келген шетелдіктер «қазақ тілі мүлдем әдемі, әрі тәтті тіл екен ғой» деп бас ұруда. Бұлай қазақ тілін әлемге танытқанша танытпай-ақ қойсын дейді біреулер. Сонда қалай танытамыз? Қазақтың халық әндері бүкіл әлемге таңылса нұр үстіне нұр болар еді, алайда қай ел өзінің халық әндерін бүкіл әлемге танытты? Ресейдің частушкиларын ғана айтып, әлемге танылған орыс әртісін білесіз бе? Бейонсе, Риана, Майли Сайрус ағылшынның халық әндерін орындап жүр деп ойласыз ба?

Сондықтан қорытындылай айтарым Ninety One қазақ эстрадасында аттары аңызға айналатын топ. Ninety One қанша жылдар қазақ тілінде сөйлегісі келмей жүрген қазақстандық өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуіне себепкер болып отыр. Сол себепті қазіргі жастардың таңдауы – Ninety one.

Ninety One алға, EagleZ самға!

8
6
3244