Алматы көшелері: Мұратбаев көшесі
Мұратбаев көшесі Алмалы және Жетісу аудандарында, Шағабутдинов пен Қожамқұлов көшелерінің арасында орналасқан. Қаланы Райымбек даңғылынан солтүстіктен оңтүстікке қарай Мақатаев, Жібек жолы, Төле би, Қабанбай батыр, Жамбыл, Құрманғазы көшелерін қиып өтіп, Абай даңғылына дейін созылып жатыр. Көшенің жалпы ұзындығы 2030м. Бұрынғы атауы — Гончарная.














Қазақстанда Кеңес үкіметін орнатуға белсене қатысқан күрескер, Жетісу облысы мен Верный қалалық комсомол ұйымдарының негізін қалаушы, қоғам қайраткері Ғани Мұратбаев 1902 жылы Қызылорда облысының Қазалы қаласында дүниеге келген.

Әкесінен ерте айырылған Ғани кішкентайынан жоқшылық көріп өседі. Анасы ұлы мен қызын өсіру үшін сол кездің байларына жалданып жұмыс істеп жүреді. 1911 жылы анасы Ғаниды орыс бастауыш мектебіне жібереді. Мектепке барып оның оқуға, біліміге деген құштарлығын оятады. Әкеден ерте айырған қатал тағдыр 1916 жылы Ғаниді ең жақын екі адамынан да айырады. Сол жылы анасы мен қарындасы сүзек ауруынан бірдей көз жұмады. Ата-анадан, қарындастан айырылып жапан дүниеде жалғыз қалған бала алдынан шыққан қиындықтарға мойымай интернатқа оқуға түсу үшін Ташкент қаласына барады. Артынша Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетіне түсіп, онда қоғамдық ғылымдар факультетін аяқтап шығады.
Өзінің қысқа ғана ғұмырында Ғани Мұратбаев көптеген игі істердің бастаушысы болған. Ол 1918 жылы Қазақстандағы тұңғыш комсомол ұйымын құрды. Сол ұйымның басшысы ретінде ол үйсіз-күйсіз қалған адамдарға көмектесіп, құжаттарын дұрыстап, аш-жалаңаш жүрген жетім балаларды интернатқа орналастарып, оларды қоғамдық жұмыстарға тартқан.

1921 мен 1924 жылдар аралығында Мұратбаев Өзбекстан, Тәжікстан, Түркімен, Қырғыз республикалары мен Қазақстанның оңтүстік аумақтарының жастар ұйымдарын біріктіретін Түркіменстан ОК комсомолының бірінші хатшысы болып қызмет атқарған. Осы аралықта 1921 жылдың наурыз айында Ташкент қаласында «Жас Алаш» газетін ұйымдастырып, өзі оның тұңғыш редакторы болды.
1924 пен 1925 жылдары Ресей Лениншіл Коммунистік Жастар одағы ОК-нің бюро мүшесі, Коммунистік Жастар Интернационалы атқару комитетінің Шығыс елдері жастар арасындағы жұмыс бөлімінің меңгерушісі болған. Ол Коммунистік Жастар Интернационалының 3-4-конгрестерінің, Коминтерннің 4-конгресінің делегаты болып сайланған.
Кезінде Мұратбаев ғалым-этнограф Әбубәкір Диваевқа көмек ретінде комсомолдарға аңыздар мен ертегілерді көшіріп жазуға тапсырған. Сондай-ақ 1925 жылы Орынбор қаласында жарық көрген А.В.Затаевичтің «Қырғыз халқының 1000 әні» атты құнды еңбегін жасауға көмектескендердің ішінде Ғани Мұратбаевтың есімі болған.
Жоқшылықта өткен балалық шағы, өмірінде көрген көптеген қиындықтар Ғани Мұратбаевты 23 жасында жазылмас ауруға душар етеді. Сөйтіп 1925 жылдың сәуір айында қоғам қайраткері, арманшыл жас Ғани өзінің алға қойған мақсатына толықтай қолын жеткізе алмай Мәскеуде қайтыс болады.

Достары, құрдастары оны «жанып өшкен жұлдыз» деп атады. Оның қысқа болса да, мәнді ғұмырын Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгіров, Тұманбай Молдағалиев сынды ақын-жазушылар өз туындыларына негіз етті. Оның өмір жолына арналып «Біздің Ғани» атты көркем фильм, «Осындай қысқа ғұмыр» атты деректі фильм түсірілді.
Туған жері Қазалының халқы оны «Батыр Ғани», «Батыр-бала» атады. Бүгінгі күн оның есімімен Алматы қаласымен қатар Қызылорда, Астана, Ақтөбе қалаларындағы көше, Тараз қаласында мектеп аты аталса, Қызылорда қаласында Ғани Мұратбаев атындағы стадион бар. Сонымен қатар Алматы қаласында оған ескерткіш қойылып, Қазалы қаласында мемориалдық мұражай құрылған. 2002 жылы Ғани Мұратбаевқа арналған пошта маркасы жарыққа шықты.

Фото: Айжан Кәрібаева
Мәтін: Айнұр Ракишева
_________________________________________________________________________
Алматы көшелері: Малбағар Меңдіқұлов көшесі
Алматы көшелері: Ораз Жандосов көшесі
Алматы көшелері: Өмірбек Жолдасбеков көшесі
Алматы көшелері: Абдолла Розыбакиев көшесі
Алматы көшелері: Тайыр Жароков көшесі
Алматы көшелері: Жұмағали Сайын көшесі
Алматы көшелері: Досмұхамедов көшесі
Алматы көшелері: Нұрмақов Нығмет
Алматы көшелері: Бағаутдин Шағабутдинов
