Алматы көшелері: Бағаутдин Шағабутдинов

Шағабутдинов көшесі Алмалы, Жетісу және Бостандық аудандарында, Шәріпов пен Мұратбаев көшелерінің арасында орналасқан. Ол солтүстіктен оңтүстікке қарай Мақатаев көшесінен Абай даңғылына дейін созылып жатыр. Көше Гоголь, Әйтеке би, Қазыбек би, Төле би, Бөгенбай батыр, Қарасай батыр, Қабанбай батыр, Жамбыл, Шевченко, Құрманғазы көшелерін қиып өтеді.





Шағабутдинов көшесі соғысқа дейінгі уақытта пайда болып, оның бойында бір қабатты тұрғын үйлер тұрғызыла бастаған. Алғашында Кордонная деп аталған бұл көшеге кейіннен Шағабутдинов Бағаутдиннің есімі беріледі. Көшенің ұзындығы - 2750 метр.

Қызыл Армияның командирі, Түркістан мен Жетісу аумағында Кеңес үкіметін орнатуға және нығайтуға белсене қатысқан революцияшыл қайраткер Шағабутдинов Бағаутдин 1893 жылы Ресей Империясының Тамбов облысы, Азиево елді мекенінде кедей татар отбасында дүниеге келген.
1910 жылы оның отбасы Верный қаласына көшіп келіп, Бағаутдиннің балалық шағы осы қалада өтеді. Ол жанұясына көмектесу үшін пошта тасушы, ат айдаушы сынды кішігірім жұмыстар істеп жүреді. Сөйтіп жүргенінде 1914 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс басталып, оны әскерге шақырады. Майданда жүріп революциялық идеяны қолдайтын сарбаздармен танысып, большевиктердің жағына өтеді. Майданнан қайтқаннан кейін 1917-1919 жылдар аралығында Ташкент пен Жетісу облыстарында Кеңес өкіметін орнатуға және нығайтуға белсене атсалысады. 1919 жылы Компартияға мүше болады. Ал 1919 жылдың қаңтар айында Ташкент пен Жаркентте большевиктік билікке қарсылық көрсеткен топтарды басып-жаншуға көмектеседі. Содан сол жылдың сәуір айында Қызыл Армияның мұсылмандардан құрылған штабының басшысы болып тағайындалады. Ал маусым айынан бастап Шағабутдиновты РКП(б)-ның Түркістан өңірлік 3-съезінің делегаты етіп тағайындаса, шілде айында өткен 7-Түркістан Республикасының төтенше съезінде Түркістан ОСК-нің мүшесі етіп сайланады. Содан 1919 жылдың қараша айында Жетісу облысы рев.комитетінің төрағасы, облыс әскери комиссарының көмекшісі қызметін атқарып, 1920 жылдың ақпан айынан бастап Жетісу облысының әскери комиссары қызметіне тағайындалады.
Бағаутдин Шағабутдинов Верный қамалындағы бүлікті басуға қатысқан. Алайда 1920 жылдың 11 маусымнан 12 маусымға қараған түні бүлікшілер басмашыларға қарсы күресуден бас тартып, қару-жарақ қоймасын басып алады. Артынша Дмитрий Фурманов пен Шағабутдиновтың ерлігі мен табандылығы және олардың әскерлерінің жүргізген үгіт жұмыстары бүлікшілерді басып тастауға мүмкіндік туғызады. Содан 1920 жылы Шағабутдинов Түркістан АССР Советтерінің 9-съезінде Түркістан ОАК Президиумының мүшесі болып сайланады. Сол жылы Михаил Фрунзенің ұсынысымен Бұхар Халық Кеңес Республикасының тұңғыш әскери министрі болып тағайындалады. Бірақ бұл қызметте ұзақ болмайды. Өйткені сол жылдың қазан айында жаудың қолынан қаза табады.













Фото: Айжан Кәрібаева
Мәтін: Айнұр Ракишева
_________________________________________________________________________
Алматы көшелері: Малбағар Меңдіқұлов көшесі
Алматы көшелері: Ораз Жандосов көшесі
Алматы көшелері: Өмірбек Жолдасбеков көшесі
Алматы көшелері: Абдолла Розыбакиев көшесі
Алматы көшелері: Тайыр Жароков көшесі
Алматы көшелері: Жұмағали Сайын көшесі
Алматы көшелері: Досмұхамедов көшесі
Алматы көшелері: Нұрмақов Нығмет
