Мазмұнға өту

Жаңа

«Kazsport»телеарнасы самбодан әлем чемпионатын көрсетеді

Қарашаның 13-і мен 15-ші жұлдызы аралығы Марокконың Касабланка қаласында самбодан әлем чемпионаты өтеді.

Аталған спорт түрімен айналысатын барлық жұлдыздардың басы қосылар жарыста қазақстандықтарды да ерекше атап өтуге болады.

Қазақстан құрамасының алдына қойылған мақсат – былтыр Жапонияда өткен әлем чемпионатындағы нәтижеден кем түспеу. Күншығыс елінде отандастарымыздың 3 алтын, 1 күміс және 6 қола жүлде ұтып алғанын естеріңізге сала кетеміз.

Бұл жылы да ұлттық құрама жетекшілері спорттық самбодан төрт дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыровқа, әскери самбодан үш дүркін әлем чемпионы Алмас Сүлейменовке, әскери самбодан екі дүркін әлем чемпионы Арман Оспановқа ерекше сенім артады.

Команда қатарында талантты жастар да жоқ емес. Солардың бірі қыздар арасындағы спорттық самбо шебері – Ділдәш Құрышбаева.  «Kazsport» самбодан өтетін әлем чемпионатын 14 және 15 қараша күндері көрсетуді жоспарлауда.

Самбодан әлем чемпионатының «Kazsport» телеарнасындағы көрсетілім кестесі:

 

14 қараша, сағат 09.20 - бірінші жарыс күнінің трансляциясы;

15 қараша, сағат 13.45 - екінші жарыс күнінің трансляциясы;

15 қараша тікелей эфир – сағат 01:00 қорытынды жарыс күнінің трансляциясы.

 
0
0
523

Елжан Біртанов ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Вице-министрі болып тағайындалды

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 12 қарашадағы № 901 қаулысымен Біртанов Елжан Амантайұлы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Вице-министрі болып тағайындалды.

Тағайындауға дейін Е. Біртанов «Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік жобаларын сүйемелдеу орталығы» ЖШС Басқарма басшысы қызметін атқарды.

Елжан Біртанов 1971 жылдың 18 қазанында Жамбыл қаласында дүниеге келген. Ол Алматы медициналық институтында, Аризона штатының университетінде, Ресей медициналық дипломнан кейінгі білім академиясында, Шарите университеттік клиникасында (Германия), Тұран университетінде, Duke University, Fuqua School of Business (АҚШ), Global Executive MBA магистратурасында білім алған.

Ол Алматы қаласындағы жедел медициналық көмек көрсету емханасының дәрігер-реаниматологы, Республикалық токсикология орталығының жетекшісі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас токсикологі,  ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Денсаулық сақтау саласын дамыту институты» РММ директоры, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі, «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ Басқарма басшысының орынбасары, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, сондай-ақ, «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ Басқарма басшысы қызметтерін атқарған.  2014 жылдың мамыр айында Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік жобаларын сүйемелдеу орталығының Басқарма басшысы болып тағайындалған болатын.

Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі. Медицина ғылымдарының докторы.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 9 қазандағы қаулысымен Қайырбекова Салидат Зикенқызы басқа жұмысқа ауысуына байланысты ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Бірінші вице-министр қызметінен босатылған болатын.

 
0
0
355

Қазақстандықтардың 98 пайызы қазақ елінің азаматы болғанын мақтан тұтады

Қазақстандықтардың 98 пайызы қазақ елінің азаматы болғанын мақтан тұтады. Бұл туралы елордада өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бейбітшілік пен келісім мәдениеті» атты ІІ халықаралық медиа форумның жалпы сессиясында ҚХА Төрағасының орынбасары - хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов айтты.


«Соңғы әлеуметтік сауалнамаларға сәйкес халықтың 98 пайызы біздің еліміздің азаматы екендігін мақтан тұтатындығын білдірген. 95 пайызы басқа барлық этностардың өкілдеріне оң қөзқараста екендігін атап өткен», - деді ол. 

Сонымен қатар Е.Тоғжанов бұл бос сандар еместігін, елдегі шынайы ахуалдың нақты көрінісі екендігін атап өтті. Елімізде жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстардың айқын нәтижесі екендігін баса айтып, биылғы жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы екендігіне ерекше тоқталды. 

«Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы - ол елдіктің, бірліктің, бейбітшіліктің жылы. Бүгінгі форумның да мақсаты белгілі. Жалпы, дүниежүзінде жүріп жатқан көптеген трендтер бар. Соларды таразыдан өткізіп, сараптап, өз ішімізде де кеңінен талқылайтын уақыт жетті деп ойлаймын», - деді ол.

ҚазАқпарат

http://inform.kz/kaz/article/2838484

0
0
338

Инсулинді енгізудің жаңа әдісін тапқан жас ғалым 7,5 млн. теңгелік грантты жеңіп алды

Бүгін Астанадағы «Қазақстан - жаңа жаһандық инновациялық хаб» халықаралық инновациялық форумы аясында жылдың үздік ең жас ғалымдары белгілі болды.

Жалпыұлттық инновациялар байқауындағы «Үздік жас ғалым» аталымына 100-ден астам өтінім келіп түскен. Оның қорытындысы бойынша сарапшылық комиссия 10 финалисті іріктеді. Бүгін конференция аясында 10 жас ғалым өздерінің жобалары бойынша таныстырылым өткізді.

Айта кетерлігі, осы аталымға қатысуда ең жоғары белсенділікті Назарбаев Университетінің студенттері мен ғалымдары танытты. 

«Жылдың үздік жас ғалым» атағы мен 7 500 000 теңге көлеміндегі бас жүлдені Назарбаев Университетінің түлегі Дана Ақылбекова жеңіп алды. Ол байқауға денсаулық сақтау саласындағы ғылыми зерттеуін ұсынды. Жас ғалым диабеттің екінші типімен ауыратын адамдарға инсулин енгізудің жаңа әдістерін зерттеумен айналысуда.

Екінші орын мен 1 500 000 теңге сомасындағы сыйлықты да Назарбаев Университетінің өкілі Айдар Кемелбай еншіледі. Ал үшінші орын мен 1 000 000 теңгелік сыйлыққа биотехнология саласындағы өзінің ғылыми жетістіктерімен танылған Дәмел Мектепбаев лайық деп танылды. 

Естеріңізге сала кетейік, бұл аталымда жеңіске жеткен және сыйлық алғандар Ұлыбританияға EducationTour сапарына бару мүмкіндігіне ие болды. Ал бірінші орынды иеленген Дана Ақылбаева Қазақстан атынан Лондонда өтетін жас ғалымдардың халықаралық байқауына қатысады. 

Жас ғалымдар арасындағы байқау ҚР ИДМ, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ және Қазақстандағы Британдық кеңес тарапынан ұйымдастырылды.

ҚазАқпарат

http://inform.kz/kaz/article/2838481


 
0
0
326

«Нұр Отан» партиясында дуальдік білім беруді дамыту мен ТжКБ ұйымдары түлектерін жұмысқа тұрғызу мәселелері талқыланды

«Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, партиялық куратор Г.И.Исимбаеваның Сайлауалды тұғырнаманың «Білім беру және ғылым» бағытындағы сарапшы тобының отырысы өтті, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.

Шара барысында партия кураторы Г.Исимбаева партиялық тұғырнаманы іске асырудағы соңғы 3,5 жылда көрсеткіштердің жоспарға сәйкес орындалып жатқанын атап өтті. Айталық, партия тұғырнамасында дуальдік білім беруді енгізіп жатқан колледждер санын арттыру қарастырылған. 2013 жылмен салыстырғанда, ағымдағы жылы мұндай колледждер саны 176-дан 348-ге, яғни, 2 есеге өсті. Бұдан бөлек, еліміздің барлық өңірлерінде кәсіби техникалық колледждер құрылуда.

Сонымен қатар, ол қатысушыларды дуальдік білім беру мәселелерінің бірқатары реттелген «Білім туралы» Заң жобасындағы жаңалықтармен таныстырды. Атап айтқанда, дуальдік білім беру ұғымы нақты айқындалып, үрдіс қатысушыларының үш жақты жауапкершілігі қарастырылған. Яғни, теориялық және өндірістік баулудың көлемі, кәсіби даярлықтың 60- ын құрайтын кәсіпорындарда кәсіби практикадан өту, сондай-ақ, еңбек нарығы сұранысына қарай қалыптастырылатын мамандар даярлауға мемлекеттік тапсырыс беру қарастырылды.

ҚР БҒМ деректеріне сүйенсек, жыл басынан бергі жұмысқа тұрғызылған техникалық және кәсіби білім беру мекемелері түлектерінің үлесі 63,7%. Сондай-ақ, жыл сайын 100 мың түлектің 60-тан 70%-ға дейінгі көлемінің жұмыспен қамтылатыны атап өтілді.

Елді кең көлемде индустриаландыру үшін техникалық салаға білікті мамандар қажет. Осы мақсаттың аясында, Елбасы екі жылдың көлемінде дуальдік-техникалық білім берудің ұлттық жүйесін қалыптастыруды тапсырды. Мысалы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Н.Б.Алтаевтың атап өтуінше, палата тарапынан аталған жүйені ендірудің Жол картасы әзірленген. Яғни, өндірістік баулу үшін 993 келісім шарт жасалып, 15 600 білімгер 1077 кәсіпорында тәжірибе жинайды. Кәсіпорын кадрларының біліктілігін көтеру жұмыстары жүргізілуде.

Алайда, бұл мәселеде бірқатар түйткілдер бар. Бұл нарық қажеттілігін ескерместен мамандар даярлау, кәсіби стандарттар мен біліктілік талаптарына қатысты салалық әдістеменің жоқтығы, біліктілік бекітудің бірыңғай жүйесінің жоқтығы, кәсіпорындардың төмен мотивациясы мен дуальдік білім беру үрдісіне аз тартылуы.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Б.Б.Нұрымбетовтың айтуынша, еңбек нарығында жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсыныстың арасында теңгерімсіздік бар. Яғни, тек сандық қана емес, сапалық тұрғыда да бар. Бұл білім беру жүйесі мен өндірістің арасындағы өзара байланыстың әлсіздігін білдіреді. Еңбек нарығының дамуы болжамына сәйкес, алдағы 5 жылда ең жұмыспен қамтылатын мамандықтар: құрылыс, қаржы және сақтандыру қызметі, мейрамхана және қонақүй ісі, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет, сауда, білім беру және т.б. 5 жылдық мерзімде кәсіпорындарда білікті мамандарға деген қажеттілік те артады.

ҚР Инвестиция және даму министрі Р.С.Ошақбаевтың сөзінше, индустриаландырудың екінші бесжылдығы аясында (2015-2019 жылдар) 466 жоба іске асырылады деп күтілуде. Яғни, 60 мың уақытша, 50 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Техникалық сала мамандары – операторлар, машинашылар, жүргізушілер, монтажшылар, механиктер, жинақтаушылар, аппаратшылар ең сұранысты мамандықтар болады. «Нұрлы жол» инфракқұрылымдық даму бағдарламасының аясында 395,5 мың жұмыс орны ашылады.

«Нұр Отан» партиясы Қоғамдық саясат институты директорының орынбасары В.В.Тельновтың ұйымдастыруымен жұмыс берушілер мен техникалық және кәсіби білім беру орындары түлектері ойларының сәйкестілігі бойынша жүргізілген әлеуметтік зерттеу қорытындылары жарияланды. Зерттеулер нәтижесі бойынша, жұмыс берушілердің 40%-ы «техникалық және кәсіби білім беру орындары түлектері теориялық білімдерін арттыру керек» деп санайды. Сұралғандардың үштен екісі «болашақ мамандардың практикалық даярлық деңгейін жақсарта түсу керек» деп санайды.

Талқы қорытындысы бойынша ұсынымдар әзірленіп, ҚР Үкіметіне жолданатын болады

Ақпарат көзі

 
0
0
410

Елбасы Қазақстан Республикасының бірқатар заңдарына қол қойды

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының бірқатар заңдарына қол қойды.

Мемлекет басшысы бірқатар заңдарға қол қойды:

-Ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу, жер учаскесін мақсатты пайдалану ресімдерін жеңілдету бөлігінде бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын іске асыруға бағытталған «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы;

Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын іске асыруға мақсатында ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерциялық пайдалануға жағдай жасау, жеке кәсіпкерлік субьектілерді ғылыми зерттеу жұмыстарына тарту жолымен ғылыми саланың тиімділігін, инновацияларды енгізу деңгейін жоғарылатуға және экономиканың басым секторларында жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға бағытталған  «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Қазақстан Республикасының заңы;

Заңнаманы «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес келтіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы;

Қоғамдық тәртіп пен қылмыстылықтың профилактикасын нығайту, ішкі істер органдарының қызметіне халықтың сенімділік деңгейін арттыру және олардың жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметін қалыптастыру бөлігінде бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы;

Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру бөлігінде бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын іске асыруға бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы;

Заң мәтіндері баспасөзде жарияланады.

Ақпарат көзі

 
0
0
308

Сенат мүгедектердің құқықтарын қорғауға бағытталған заңды қабылдады

ҚР Парламенті Сенатының отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын екі оқылымда қарап, қабылдады.

Аталған Заң Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 20 ақпанда қол қойған «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заңды іске асыру шеңберінде әзірленген.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі хабарлағандай, мүгедектерді әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру, оңалту саласындағы көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыру, олардың қажеттіліктерінің ерекшелігін ескере отырып, еңбек етуге, физикалық қоршаған ортасына, оның ішінде көлікке, ақпарат пен байланысқа қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдау мақсатында Заң жобасы арқылы 24 заңнамалық актіге, оның ішінде 3 кодекске түзетулер енгізіледі.

Заңда төмендегі мәселелер қарастырылған: Әлеуметтік, көлік инфрақұрылымының  қолжетімділігін қамтамасыз ету:вокзалдар мен әуежайларда кедергісіз орта құру, теміржол құрамдарын мүгедектерге қолжетімді вагондармен жабдықтау, көлік қызметкерлерін мүгедектермен қарым-қатынас жасау дағдыларына және оларға қызмет көрсетуге, оның ішінде ымдау тіліне үйрету, әуежайларда, теміржол вокзалдарында, әлеуметтік-мәдени объектілерде, сонымен қатар алаңдарда, даңғылдарда, көшелерде, орамдарда, өзге де көлік құралдарын қоюға тыйым салынған,  мүгедектердің арнайы автокөліктерін қоюға арналған тегін тұрақ орындарын бөлу және т.б.

Әлеуметтік сала (денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау) қызметтерін жетілдіру:мүгедектерге медициналық көмек пен медициналық оңалтудың қолжетімдігін қамтамасыз ету, медициналық-әлеуметтік сараптаманы жетілдіру, денсаулық сақтау субъектілерінің міндетіне профилактикалық жұмысты қосу, естуі бойынша мүгедектерге ымдау тілінің маманы ұсынатын қызметті ұлғайту, инклюзивті білім беруді ескере отырып, білім беру стандарттарын әзірлеу, мүгедек балалардың инклюзивті білім алуын қамтамасыз ету, білім беру жүйесінің барлық деңгейіндегі оқу-тәрбие процесін мүгедектердің құқықтарына құрметпен қарай отырып жүзеге асыру және басқалар.

Ақпарат және тұрғын үйге қолжетімділік:  мүгедектердің қажетті ақпаратқа қызмет көрсету орындарында, телерадиохабар таратуда қол жеткізуіне жағдай жасау, мемлекеттік қызметтерді қолжетімді түрде көрсету, мемлекеттік қызмет көрсету саласының қызметкерлерін мүгедектермен қарым-қатынас дағдыларына оқыту, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектерге берілетін тұрғын үй пәтері екінші қабаттан жоғары болмауы тиіс екенін ескеру, тұруға жарамды басқа тұрғын үй берместен үшінші топ мүгедектерін қызметтік тұрғын үйден шығаруға болмайтын адамдардың тізбесіне қосу, мүгедек медициналық-әлеуметтік мекемеде уақытша тұрған кезде оның тұрғын үйге құқығын сақтау.

Құқықтық көмекті жетілдіру:ымдау тілінде, оның ішінде сотта өз пікірін білдіру және ақпарат алу, мүгедегі бар отбасында жалғыз ер баланы әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру, мүгедектерді жазасын өтеу мерзімінде оңалту құралдарымен қамтамасыз ету, мүгедек болатын жерде адвокаттың құқықтық кеңес жүргізуі және басқалар.

Заңды қабылдау 600 мыңнан астам мүгедектің құқықтарын жақсартуға ықпал етеді.

Ақпарат көзі

 
0
0
294

Майя Маслова-Исмаилова: Қазақтың термесі философиялық мағынасының тереңдігімен ерекше

Термеші, дәстүрлі әндердің орындаушысы Майя Маслова-Исмаилова - «Таңшолпанда» қонақта.

«Түркі халықтары музыкасының тамыры бір. Бала кезімнен түсінбесем де, Әзірбайжан халқының  мугам деген дәстүрлі әнін тыңдайтынмын.

Оның ішінде қазақтың термесі зор мәнділігімен, философиялық мағынасының тереңдігімен ерекше. Қолыма домбыра алып, жыр-толғаулар орындауыма Сарайшықтың киелі топырағы да әсер еткен болар», дейді әнші.

Өнер иесі Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тыңдармандарына «Бейбарыс баба» әніне түсірілген бейнебаянын ұсынбақ. Ал, әншінің орындауындағы Махамбет Өтемісұлының «Мен, мен едім» термесін «Таңшолпаннан»тыңдай аласыздар.


0
0
2408

Бүгін — Евгений Брусиловскийдің туған күні

Евгений Брусиловский өзінің шығармашылық қызметін қазақтың музыкалық фольклорын зерттеуге арнаған жан.

1905 жылы Дондағы Ростов қаласында дүниеге келген. Қазақ музыкасын тереңінен зерттеген композитор 1934 жылы алғаш рет «Қыз Жібек» операсын көпшілікке ұсынды.

1934-1938 жылдары Қазақ музыкалық театрының музыкалық жетекшісі, 1944-1951 жылдары Қазақ филармониясының көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарды.

Саналы ғұмырында тоғыз опера, екі балет, тоғыз симфония жазды. Қазақтың 250-ден астам ән-күйін жазып алып, 500-ге жуық әндер мен романстарды өмірге әкелді. Оған өнерге сіңірген еңбегі үшін КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлығы берілді. «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендерімен марапатталған.

Композитордың шығармашылық жолы туралы толығырақ «Таңшолпанда».


0
0
455

«Kazsport» телеарнасы Алматы қаласында комментаторларға кастинг өткізеді

Резюмелерді 12 қараша күнгі кешкі 22:00-ге дейін [email protected] адресіне жіберу қажет.

«Kazsport» телеарнасы 14 қараша күні «Қазақстан» РТРК» АҚ Алматы филиалының ғимаратында (Желтоқсан даңғылы, 177) комментаторларға кастинг өткізеді.

Резюмелерді 12 қараша күнгі кешкі 22:00-ге дейін [email protected] адресіне жіберу қажет.

Алматы қаласында спорттық шаралар көп өткізіледі. Сол себепті телеарнаға еліміздегі ең ірі қалада тұратын жергілікті комментаторлар аса қажет.

«Kazsport» телеарнасы үміткерлерден кастингке жауапкершілікпен дайындалып, өздері мен өзгенің уақытын бағалауды сұрайды. Байқауда футбол, хоккей және басқа да командалық спорт түрлері мен жекпе-жек сайыстарынан материалдар пайдаланылады.

Айта кетейік, бұл  телеарнаның 2015 жылы төртінші, Алматыда өткізіп отырған бірінші байқауы.

Үміткерлердің өзімен бірге төлқұжаты немесе жеке куәлігі болуы шарт.


0
0
281