Мазмұнға өту

Жаңа

Ақмола облысында мемлекеттік қызмет саласы заңдарын түсіндіру жұмыстары жалғасуда

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Ақмола облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының қызметкері Ж.Жақыповпен 6 сәуір 2016 жылы Ақмола облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының және Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының ұжымдарымен кезедесу өткізілді.
Кездесу барысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңының, заңға тәуелді актілердің және Этикалық кодексінің талаптары түсіндірілді, қойылған сұрақтарға жауап берілді.
Шарада қатысқан саны – 21 адам.

 
0
0
508

Жаңа пәннің оқу бағдарламасымен таныстыру

2016 жылдың 5 сәуірінде Департаментпен Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің студенттеріне, барлық бакалавр даярлау бағыттары және мамандықтар бойынша «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» оқу пәнінің модельдік оқу бағдарламасының таныстырылымы өткізілді.

 

0
0
546

Мемлекеттік қызметшілерінің қызметін бағалау бойынша оқыту семинар өткізілді

Ағымдағы жылғы 6 сәуірде ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Ақмола облысы бойынша департаменті (бұдан әрі - Департамент) Ақмола облысы әкімінің аппаратымен бірлескен «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау мәселелері бойынша практикалық семинар ұйымдастырды. Семинар облыстық жергілікті атқару органдарының персоналды басқару қызметтері өкілдерінің қатысуымен өткізілді.

Семинар барысында қатысушыларға мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалауды өткізу бойынша түсініктеме берілді. Департаменттің Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы А.Исаев тоқсандық, айналмалы және жылдық бағалауды өткізу кезіндегі әрекеттер алгоритмі слайдтарын барлық қажетті құжаттаманың толтыру мысалдарын келтіре отырып, көрсетті.

Департаменттің Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Р.Братаева және Ақмола облысы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің басшысы Ж.Темірханова түсініктеме берді.

Семинар өткізу барысында конструктивті сұхбат қалыптасты. Туындаған сұрақтарға толық жауап берілді.

Осы іс-шара аяғында семинар қатысушыларына «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың үлгілік әдістемесіне сәйкес Департаменттің Мемлекеттік қызмет басқармасы әзірлеген әдістемелік нұсқаулар таратылды.

Семинар-кеңеске 52 адам қатысты.

 
0
0
436

Көрісу күні. Видеопост.

Көрісу күні - барша қазаққа ортақ мейрам болғанымен, батыс жақта жақсы сақталған. Сондықтан да "Қазақстан" телеарнасы, "Бірге таңдаймыз" бағдарламасының жүргізушісі, өзі Оралдың тумасы Нұрбигүл Егізовамен кездесіп, астаналық жамағаттан бұл күннің мәні туралы сұрап, түсіндіріп өттік. Белді блогер Алдан Жылгелді ағайдың шаңырағыда қонақ болдық.

0
0
637

Қазақстанда 209 мың гектардан астам жазғы дәнді дақылдар себілді

БАСПАСӨЗ-ХАБАРЛАМАСЫ
6.04.16 ж.                                                                                                Астана қ.

Қазақстанда 209 мың гектардан астам жазғы дәнді дақылдар себілді

«Казгидромет» РМК деректері бойынша 2016 жылғы көктемгі егіс кезеңінде ылғал қоры барлық аймақтарда топырақтың метрлік қабатында оңтайлы және қанағаттандырарлық болады деп күтілуде. Бұл ретте қарды жинақтаудың, әсіресе солтүстік және батыс өңірлерде қолайлы болуынан, сол сияқты наурыз айындағы жауын-шашынның мол түсуінен өндірімді ылғал қоры едәуір толықтырылды.   
Ғылыми мекемелердің ұсыныстарына сай солтүстік және орталық аймақтар үшін жазғы дәнді дақылдарды себудің оңтайлы уақыты 15-30 мамыр болып табылады. 
Облыс әкімдіктерінің алдын-ала деректері бойынша 2016 жылы ауылшаруашылығы дақылдарын 21,6 млн. га алқапта орналастыру жоспарлануда. Дәнді дақылдар 15,2 млн. га, майлы дақылдар – 1,9 млн. га, мал азықтық дақылдар – 4 млн. га, көкөніс-бақша дақылдары мен картоп – 411 мың га алқапта орналастырылатын болады. Кейбір аймақтарда тұқымның жетіспеушілігі облысаралық және облыс ішіндегі алмастыру есебінен толықтырылатын болады.
Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуді қаржыландыруға екінші деңгейдегі банктер және «Казагро» холдингінің еншілес ұйымдары арқылы 60 млрд. теңге бюджеттік несие бөлінді. 
Ағымдағы жылы минералды тыңайтқыштар мен гербицидтердің құнын арзандатуға 26,3 млрд. теңге бағытталады, бұл  қаржы 291 мың тонна минералды тыңайтқыштарды және 12,6 млн. литр гербицидтерді жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, аса зиянды организмдермен күресті жүргізу үшін республикалық бюджеттен 4,6 млрд. теңге бөлінді.
Бұдан басқа ағымдағы жылы өсімдік шаруашылығы саласын субсидиялауға барлық бағыттар бойынша 34,8 млрд. теңге бөлінетін болады. 
ҚР ЭМ мәліметіне сай көктемгі егіс жұмыстарын өткізу үшін дизель отынына қажеттілік 367 мың тоннаны құрайды. Ү.ж. 4 сәуірдегі жағдай бойынша 38 мың тонна дизель отыны 1 литрына 91 теңгемен сатып алынды.
Еліміздің оңтүстік аймақтарында а.ж. 2 сәуірге дәнді дақылдар 209 мың га алқапта орналастырылды.
Маркетингтік жылдың басынан бастап 2016 жылдың 1 сәуіріне дейін Қазақстан шамамен 6,5 млн. тонна астықты экспорттаған. Бұл көрсеткіш өткен маусымның сәйкесінше уақытымен салыстырғанда 33%-ға артық.

ҚР АШМ баспасөз қызметі
+7 (7172) 55-57-65
E: [email protected]
W: www.minagri.gov.kz

 
0
0
495

Мұхаммед Әли: «Мен қалай Мұхаммед Әли атандым?»

«Бала кезімде мен үшін бәрі қызықты болатын. Әжеммен еріп шіркеуге барғанда онда ілініп турған суреттерді көріп өзіме әртүрлі сұрақтар қоятынмын. «Неге періштелер ақ түсті?»,  «Неге Иса ақ түсті», «Неге әлемдегі барлық жақсы ақ түсі, ал, жаман нәрсенің барлығы қара түсті?», «Неге сен жаман адам болсаң «қара тізімге» кіресің, тіпті шайтан да қара-қызыл түсті?». Осы ойлар маған маза бермеді. Бұл жерде бір нәрсе дұрыс емес деп білдім. Еуропалықтар бізді алдап дінімізді тартып алды, бізге өздерінің есімдерін берді. Алтын медальды жеңіп алғаннан кейін, ақ түстілерді мойындату үшін, қара түстілер тамақтануға рұхсат жоқ "Downtown" мейрамханасына тамақтануға келдім. Енді кедей емеспін, қолымда алтын медаль, олимпиада чемпионымын деген оймен келіп тапсырыс берейін дегенімде ешнәрсеге қарамастан мені ол жерден қуып шықты. Мен Америка үшін күресіп жеңіс әкелдім, бірақ сол елдің мейрамханасынан тамақтана алмаймын. Бұл өте өкінішті және аянышты болды. Сол күні жағаға келіп өз медалімді суға лақтырып жібердім.

"Я больше мусульманин, чем боксер."

Мұхаммед Әли

Осыдан кейін Мұхаммед пайғамбар( ﷺ ) жайында және Ислам дінінде ешқандай нәсілшілдік жоқ екендігі туралы естідім. Мен кеудемді жайлаған үлкен ренішпен мешітке келдім ондағы барлық адамдар тыныштықта намаз уақытын күтіп отыр екен. Ішке кіріп отырғанан кейін ондағы адамдарды сырттай бақыладым. Ондағы қара түстілер мен ақ түстілер бір-бірімен бірге сөйлесіп, бірге күліп, бірге намаз оқып жатқанын көргенде өзімді қатты бақытты сезіндім. Әр түрлі нәсілді адамдардың бір-бірін құшақтап жатқанын көргенде төбемнен жай түскендей болды, тіпті бір сәт көзіме жас келді. Оларды бақылап отырғанымда мешіттің имамы келіп амандасты да, мені бұрын бұл жерден көрмегенін айтты, ал мен кідірместен өзімнің мұсылман болғым келетіндігі жайында айтым. Намазға жығылу уақыты аяқталғаннан соң имам мені өзіне шақырып: «Сіз Алладан басқа құдайдың жоқтығына, Мұхаммед оның құлы және елшісі екендігіне куәлік етесіз бе?» деп сұрады. Мен өз куәлігімді бергенде ондағылардың барлығы «Аллаһ Акбар» деп дауыстады. Мен жылаймын деп ойламадым, бірақ көзіме келген жасты тоқтата алмадым. Мешіт имамы да көзіне жас алды, барлығы мені құшақтап, құттықтау айтты. Бұдан кейін есімімді Мұхаммед Әлиге өзгерттім. Олимпиадада жеңіске жеткенімде жыламаған көз жасым мұсылман болғанда келді. Мен өзімді боксшыға қарағанда көбірек Мұсылманмын деп есептеймін.»

2
0
1022

Дүниежүзілік денсаулық күні шеңберінде Қазақстанда Зика вирусымен күрес бойынша ақпараттық науқан өтеді

7 сәуірде Дүниежүзілік денсаулық күні шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінде ҚР ДСӘДМ Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығы және ҚР ҰЭМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыру-әдістемелік қолдауымен Зика вирусымен күрес бойынша ақпараттық науқан өтеді.

Өткізілетін кампанияның мақсаты: жұртшылықтын назарын осы вирустық аурудын алдын алуға аудару, оның симптомдары, маса шағудан қорғану шаралары туралы хабардарлығын артыру және т.б.

Ақпараттық науқан шеңберінде электрондық және баспа БАҚ-та, радиостансаларда мамандардың сұхбаттары; интернет порталдарында ақпараттық материалдарды орналастыру; медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында (МСАҚ) аудио- және бейнероликтерді ротациялау; тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мамандарының қатысуымен баспасөз конференцияларын өткізу; жеке қорғану шаралары туралы ақпараттық білім беретін материалдарды тарату, МСАҚ ұйымдарында, оқу орындарында және халық көп шоғырланған жерлерде сөз сөйлеу сияқты іс-шаралар жоспарлануда.

Биылғы жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық медициналық-санитариялық комитеті халықаралық мағыналы қоғамдық денсаулық сақтау саласында Зика вирусының тез таралуы төтенше жағдай туғызғанын мойындады.

Бұл вирус адамдарға тропикалық өңірлерді мекендейтін Aedes albopictus және аegypti түріндегі инфекция жұқтырған шыбын мен масалар шаққанда таралады. Ол адамдан адамға таралмайды. Ауру 4 – 7 күн бойы жеңіл және орташа ауыр клиникалық түрінде өтеді және сауығымен аяқталады. Негізгі симптомдары: дене қызуының көтерілуі, терінің бөртпесі, конъюнктивит, буынның және бастың ауруы, жүректің айнуы және құсу. Соңымен қатар, вирустың адамның ішіндегі нәрестеге едәуір әсер ететіндігі туралы деректер бар. Әйелдер аяғы ауырлығының алғашқы 3-4 айында вирус жұқтырған жағдайда ішіндегі нәрестенің дамуындаға ауытқуға, сондай-ақ жаңа туған сәбидің микроцефалиясына әкеліп соғады. Ерекше вакцинация және емдеу әзірге жоқ.

Аурудың алдын алуы және оны бақылау масалардың шыққан көзін (көбею орындарын құрту және өзгерту) жою арқылы олардың санымен адамдардың масалармен түйісу мүмкіндігін азайтуға негізделген.

Дүниежүзілік денсаулық күні жыл сайын 7 сәуірде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрылған 1948 жылдан бері аталып келе жатқанын естеріңізге саламыз.

 
0
0
515

Көреалмаушылық қандай сезім?

Іштарлық, қызғаныш – адамның жетістігін, сәттілігін, мал-мүлкін көре алмау сезімдері. Көреалмаушылық Жаратқан тәңірге қарсы шығуды да білдіреді.  Яғни, Жаратқанның саған бергеніне шүкіршілік етпей, өзгенікіне қызығу. Көреалмаушылық - өте жаман, лас қасиет. Көре алмаушы адам ешқашан бақытты бола алмайды. Неге екенін білесіз бе? Себебі, ол өзгелердің бақытын көріп өмірінің түгелін мазасыз күйде өткізеді. Ол басқаның жеңісін көріп оны қызғанып, үнемі ашушаң, дөрекі, долданып жүреді.  Ал өзгелер:  «осының есі дұрыс емес» дейді де өз жөніне кетеді. Сол адам ешқашан өзінде қызғаныш сезімі бар екендігін білмейді, өзі қызғанғанда не істеп, не айтқанын да білмей қалатын сәттері болады.

Көреалмаушылық адам баласына қай сәттен бастап тән? Қалай пайда болады? Сіз білесіз бе, кішкентай кезімізде-ақ ата-анамыз бізді осы қасиетке ие болуымызға септігін тигізеді. Мысалы, «пәленшенің баласын қарашы, қандай ақылды, ал енді өзіңе қара, түк миың жоқ!». Өскен сайын бізге «жұрттың баласы» арман. «Жұрттың қызы олай істеп жатыр, бұлай істеп жатыр, жұрттың қызына қызығам, ата-анасына қамқор!» Әрине, ата-анамыз бізге жөнделсін,  жан-жағына қарасын деп айтады. Бірақ осы бір сөздер балаға үлкен әсерін тигізетінін білмейді. Сол баланың ой түйсігінде «пәленшенің баласы ғана керемет, мен жаманмын» деген ой қалыптасады.  Осыдан түрлі қызғаныштар өсе береді емес пе? Сөйтіп бала өмір бойы өзін басқалармен теңестіріп жүретін болады. Сол жұрттың баласына ұқсаймын деп өзін жоғалтады.

Көреалмаушылық  өлімге де әкелген деген пікір бар. Қазақтың белгілі әншісі Күләш Байсейітова  апамыз Пекиндегі қазақ әдебиеті мен мәдениетінің  10 күндігіне делегацияның басын бастап барады. Барлығы дайын, Мәскеумен келісілген. Алайда, белгісіз біреу Күләш апамыздың орнына шыққысы келгендіктен «Ол ішеді. Өзге елде біздің абыройымызды түсіріп, мас болса не болмақ?» деп арыз жазады. Осыны естіген Күләш апамыз сол жерде-ақ о дүниелік болып кеткен екен деседі. М. Әуезов бұндай оқиғаларды «Тозақтан бетер қызғаныш» деп атаған екен.

Ғалымдар көреалмаушылықтың пайдалы жақтарының барын дәлелдеген екен. Олардың айтуынша көреалмаушылық мидың назар мен есте сақтау қабілетін іске қосатын көрінеді.  Көреалмаушылықтың өзімізде жоқ екендігіне көз жеткізе аламыз. Мысалы, сіздің досыңыз сіз де қатысатын  спорт түрінен өткен үлкен жарыстан басжүлдені ұтып алса, ал сіз бұл жайтқа қуансаңыз, сіз өз жолыңызда келе жатырсыз.

Орыстарда «белая зависть», «черная зависть» деген түсінік бар. Бұл дегенің түсін ажырату емес, қызғаныштың қандай мақсатта туындағанын ажырату. Бұны өзімізге пайдалансақ та болады. Мысалы, өзге біреу үлкен жетістікке жетсе, сіз сондай боламын деп ұмтылуыңыз керек. Яғни, сол адаммен бәсекелесе отырып,  ол жеткен жерге жетемін, асып түсемін деп қызғану. Бірақ, пәленше осындай болыпты, соған–ақ сәттілік жолыға береді екен деп қойып, шәй ішіп жата беретін болсақ, одан не шығады?

Көреалмаушылық денсаулығыңызды құртады, уақытыңызды да алады, сізге ешқашан қуаныш сыйламайды. Мейлінше одан алыс болуға тырысайық! Өз жолымызбен жүрейік!

"Көшбасшылар" клубының мүшесі,

7-ші сынып оқушысы Меңғалиева Аружан

 

3
0
5747

Сирияның «Шамы» қашан жанады?!

1-cурет. Еуропаға жетуге тырысып жатқан Сирия босқындары.

 

«Араб көктемі» ең бірінші Солтүстік Африкадағы Тунис мемлекетінде басталған еді. 1956 жылы Франциядан тәуелсіздігін жариялаған Тунисті Хабиб Бургиба басқарған болатын, кейін 1987 жылы премьер-министр лауазымына Хабиб Бургиба тағайындаған Зин эль-Абидин Бен Әли кейін билікті өз қолына алады. Ал, оның тақтан таюына араб елдерінің ішінде алғаш рет осы елде басталған «Араб көктемі» (Туниске қатысты «Жасмин революциясы» деп аталады) әсер етті.

Ел халқының жағдайы нашарлағаны, сыбайлас жемқорлықтың күшейгені сондай мемлекеттің жұмысқа тұрмаған, жұмыссыз адамдарының саны 13-15 процент болғанымен, осы кезеңде жоғары оқу орнын бітіре тұрып, жұмысқа орналаса алмаған жастардың үлесі 60 процентке жеткен. Мұхаммед Буазиди атты жігіттің өзін өзі жағып жіберуі «ұшқынның жалындауына» себеп болды. Міне, осы жағдай түптен келгенде оның (Бен Әлидің) елден Сауд Арабиясына қашуымен аяқталды.

Жалпы, араб көктемі 22 мемлекетті құрайтын араб елдерінің Тунистен басқа, Египет, Йемен, Ливия, Сирия, Бахрейн, Алжир, Ирак, Иордания, Морокко, Оман, Кувейт, Ливан, Мавритания, Сауд Арабиясы, Судан, Джибути және Батыс Сахара сияқты экономикалық дамуы және мемлекеттік құрылымы әртүрлі мемлекеттерді шарпыды.

Аталған елдердегі ол оқиғалар тарихтан өз лайықты орнын алатыны сөзсіз, нәтижесі де әртүрлі, бірақ көбінесе революция жеңісін сыртқы күштер пайдаланып кетіп отырды.

Оған айқын дәлел қазіргі кезде Әлем назарын аудартып отырған, яғни бізге бұрыннан Шам атымен танымал Таяу Шығыс елі – Сирия дәлел.

2-сурет. Дүние жүзінің мұрасы - атақты Пальмира.

 

Негізінде, Сириядағы өте шиеленісті жағдайдың орын алуына тоқталмас бұрын оның туындау себебіне талдау жасап көрейік.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Сирия әлімсақтан сырттан көз алартушылардың құрбаны болып отырды. Рим заманы, крестшілер, Осман империясы дәуірі сияқты әртүрлі кезеңдерден өтті, Темірланның ат тұяғының ізін көрді және даңқты бабамыз Бейбарыс сұлтанның қамқорлығында да болды.

3-сурет. Дамаскідегі Бейбарыс сұлтан кесенесі.

 

Аталған ел де Тунис сияқты өз тәуелсіздігін Франциядан алған болатын. Сонымен 1970 жылы ел тізгінін Сирияның қазіргі басшысы Башар Асадтың әкесі Хафез Асад алады. Ол алавиттер әулетінен болатын, ел ішіндегі діни, ұлттық алауыздықтар сияқты көптеген факторлар 1982 жылы Хама қырғынына алып келді, қала аяусыз бомбылауға ұшырап, 17 мыңнан 40 мыңға дейін бейбіт тұрғындар өлтірілді.

Елдегі саяси оқиғалар осымен бәсеңсіген болатын, алайда Хафез Асадтың баласы Башар Асадтың қанқұмарлығы әкесінен де асып түсті.

4-сурет. Қасапшы Башар Асад

 

2011 жылы Деръа қаласында жас балалар тұтқынға алынып, тырнақтары жұлынып, оларға қатты зәбір көрсетіледі. Бұған жауап ретінде балаларды босатуды талап еткен олардың ата-аналары терроршылар деп жарияланып, бейбіт шеруге шыққан халық атылады, қырылады.

Нәтижесінде ел мұсылмандарының шамамен 80 процентін құрайтын сүннит арабтары көтеріліске шықты, одан биліктегі шиіттер (оның ішінде, алавиттер де бар), христиандар, друздар арасында шиеленіс күшейді. Одан қалды ұлттық азшылық болып табылатын күрдтер мен түркімендер, ассириялықтар мен армяндар да алауыздық құрбандарына айналды.

Оның үстіне елдің ішкі ісіне сыртқы ойыншылар Түркия мен ЕО, АҚШ, Ресей, Иран, Сауд Арабиясы мен Катар және Израиль араласа бастады, сәйкесінше ойыншылардың «ставкалары» да жоғарылай берді.

Сирия халқы осы геосаяси ойындардың құрбанына айналды. Қазіргі күні 300-350 мың көлеміндегі әскерилер мен бейбіт тұрғындар өлтірілді, 23 млн. халықтың 11 млн. босқынға айналды, Түркия мен Иордания сияқты мемлекеттердің әрқайсында 2,7 млн. - 2 млн. аралығында соғыстан қашқан адамдар паналауда, босқындардың алдыңғы шегі Еуропаға жеткен кезде 0,5 млрд. халықты құрайтын кәрі құрлық оларды қабылдаудан баст тартып, «Берлин қақпасын» салып алды. Тек Түркия босқындарға 7,5 млрд. доллар қаржының көмегін көрсетті.

Жоғарыда атап өткен ойыншылардың бірі – Ресей соңғы уақытта «ойынға» қатты кірісіп кетті. Дәл қазіргі есептерге сәйкес ИГИЛ содырларының көптеген нысандарына әуеден шабуыл жасалды, алайда шынында ИГИЛ-дің емес, негізінен оппозиция күштері соққыға алынды және Сириядағы түркімендер (Түркіменстан түркімендерімен шатастырмау керек) жиі қоныстанған Түркімендаг ауданы қатты шабуылға ұшыраған болатын.

Негізінде Ресейдің мақсаты Асад билігі мен Жерорта теңізіндегі өздерінің Тартус портын сақтап қалу, ол үшін ел ішіндегі алауыздықтар әлі де пайдаланылатын болады.

Дегенмен, Башар Асадтың биліктен кетуі ол уақыт еншісінде, бірақ өкініштісі ол кеткенше қарапайым халық зардап шегетіні белгілі.

Өйткені Башар Асад әскерлері елдің шамамен 14 процент астам аймағын бақылауда ұстап, оны едәуір кеңейткенмен, ал қалған 50 процент көлеміндегі жерлерді ИГИЛ баскесерлері бақылауда ұстаса, елдің солүстік және солтүстік-шығыс өңірлерін күрд әскерлері иеленсе, қалған өңірлер оппозиция өкілдерінің қолында тұр.

Мысалы, ИГИЛ-мен Башар әскерлері және оппозиция өкілдерінің, яғни Сирия Еркін армиясымен қатар «Ахрар аш-Шам», «Дамаск майданы», «Оңтүстік майдан» топтары, «Нуриттин әл-Занки» қозғалысы және «Моджахедтер армиясы» қиян-кескі ұрыстары жүруде.

Жоғарыда атап өткендей елдің солтүстік және солтүстік-шығыс бөлігінде Сирия күрдтері мен ИГИЛ арасында да қырғын соғыстар белең алуда.

Жалпы, қазіргі азаматтық соғыс ұзаққа созылып, оған сыртқы күштер өз ставкаларын жоғарылатқан сайын, Сирияның болашағы күмәнді бола береді.

Кезінде Таяу Шығыста бейбітшілікті орнатқан Бейбарыс бабамыздай бір тұлғаның жетіспей тұрғаны аян, шынында Сирияның, яғни Шамның «жарығы» қашан жарқырайды екен?!

5-сурет. Дамаскідегі Омеядтар дәуірі мешіті

 

Суреттердің бәрі Интернеттен алынды

0
0
1263