Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласы
Жаратушы өз мейірі түскен ерекше жанның бойына нұрлы сипат дарытып, замананың сан алуан факторлары оның қайталанбас дара болмысын сомдайды.Абай Құнанбайұлы тұлғасы да – сондай аралық кезеңнің жемісі. Ескінің соңы мен жаңаның басын жалғаған алтын көпір. Ол өмір сүрген тұста қазақ қоғамы бұрынғы хандық басқару жүйесінен біржолата қол үзіп, «өз қолынан өз ырқы кеткен» алды бұлыңғыр уақытқа тап болды; көшпенділік салттары дағдарысқа ұшырап, отырықшылық өркениет белгілері ентелеп ене бастады; баһадүр аламандықтың беті қайтып, заманауи білімге бет бұратын кез туып келе жатты.Ұлы ақын, дана ойшыл Абай ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысындағы Ағартушылық немесе Ояну дәуірінің көшбасшысына, елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды. Үлкен білімпаз Құдайберген Жұбанов Еуропа рухан…