Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласы
Жаратушы өз мейірі түскен ерекше жанның бойына нұрлы сипат дарытып, замананың сан алуан факторлары оның қайталанбас дара болмысын сомдайды.
Абай Құнанбайұлы тұлғасы да – сондай аралық кезеңнің жемісі. Ескінің соңы мен жаңаның басын жалғаған алтын көпір. Ол өмір сүрген тұста қазақ қоғамы бұрынғы хандық басқару жүйесінен біржолата қол үзіп, «өз қолынан өз ырқы кеткен» алды бұлыңғыр уақытқа тап болды; көшпенділік салттары дағдарысқа ұшырап, отырықшылық өркениет белгілері ентелеп ене бастады; баһадүр аламандықтың беті қайтып, заманауи білімге бет бұратын кез туып келе жатты.
Ұлы ақын, дана ойшыл Абай ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысындағы Ағартушылық немесе Ояну дәуірінің көшбасшысына, елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды. Үлкен білімпаз Құдайберген Жұбанов Еуропа руханиятымен салыстыра айтқандай, Абай – «өз ортасының Данте сияқты адамы», яғни халықтың дәстүрлі сөз өнерін, таным жүйесін, мінез бітімін түбірімен жаңаша түлеткен санаткер. Орыстар үшін – Александр Пушкин, ағылшындар үшін – Уильям Шекспир, немістер үшін – Иоганн Гете, америкалықтар үшін – Уолт Уитмен қандай болса, қазақстандықтар үшін Абай да – сондай рухани ұлы тұлға.
Мызғымастай көрінген Кеңес империясы құлап, тәуелсіз жас мемлекеттің негізін қалау миссиясы маған бұйырғанда, тарихтың «соқтықпалы, соқпақсыз» күрт айнымалы сәтінде хәкім Абайдың өсиетіне жүгініп, елімнің болашағына жаңаша көзқараспен қарағаным хақ.
Байқауымша, ұлылықты ұғыну – бір бөлек те, онымен табысу және тоғысу, яғни түпсіз тереңіне бойлап, жеке болмысыңа жарату – өз алдына қырық қатпар құбылыс.
Осыған орай «Менің Абайды тануым әуелде неден басталды?» деген сауалға ден қойғанда, әлбетте, ұлы ақынның сөздері бесік тербеген әлдимен бірге құлаққа сіңді десем, асыра айтқандық бола қоймас. Рас, өлең сөзге жүйрік, ел әдебиетіне қанық әжем Мырзабала мен анам Әлжан кішкентай күнімде тіні үзілмеген дәстүрлі тәрбие аясында халқымыздың ертегі, аңыз, қиссаларын жадыма барынша сіңірді. Бұл Абай әлеміне апаратын жолдың бастауы болатын.
