Әлинұр Әділбеков: «Адам боламын!»
Бірақ бірнеше айдан кейін сәбидің туа біткен бірнеше ауруы белгілі болды: басын тік ұстай алмады, құлағы дұрыс естімеді, сол себепті тілі де кеш шықты. Отыра алмады, тіпті қатты тамақ шайнау да баланың қолынан келмеді.
Өмірге деген құштарлық, ата-ананың қолдауы мен сенімі, қамқор адамдар көмегі арқасында Әлинұр жүруді, сөйлеуді, тіпті жүзуді үйренді.

«Өмірге ұл бала келсе, ұрпақ жалғасады. Шөбересін көру үлкен атаның арманы екенін білетін жолдасым аяғымның ауыр екенін білгенде, қатты қуанды, ал оның ұл бала екенін білгенде тіпті, қуанышында шек болмады. Әлинұр 2009 жылы қазанның 8 күні дүниеге келді. Омырауы ембей жылай беретін, үлкендер «жыламайтын бала болмайды» деген соң, басында еш күдік болмады. 3 айына дейін бәрі жақсы деп ойлаған едім, бірақ күннен күнге жылауы көбейе бастады. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылдым десем де артық айтпас едім. Тек 4-5 айдан кейін дәрігер баланың мойынының бекімеуінің кешеуілдегеніне күдік білдірді. Баланы емізіп отырғанда, мойын жағынан ауырсынып жылайтынын сонда ұға бастадық», – деп бастады әңгімесін Әлинұрдың анасы Мәдина.
Осы сәттен оның өмірі түбегейлі өзгерді. Арманның мақсаттары жайына қалып, ендігі бар ойы осы баланың денсаулығы туралы болды. Иммунитеті әлсіз болғандықтан, салқын леп келсе болды, бала ауырып қалатын болды. Эпилепсияның белгілерінің бары тағы қосылды.

«Баланы емдету үшін жолдасым акша табу амалдарын іздеп, айлап жұмысқа вахтаға кететін болды. Әрбір ем-шарасы, дәрілеріне қаражатты жеткізу үшін жолдасым жылдар бойы вахталық жұмысын жалғастыруда. Жоғары білімді, екі дипломы бар, юрист маманы болса да. Жылдар бойы айдалада вагонда өмір сүру оңай емес қой, ауа-райының ыстығы, суығы, боран-шашыны бар дегендей, соның барлығына төзіп, жанұясының қамы үшін жүрген жайы бар. Кішірек жасында Әлинұр әкесі жұмысқа кетерде, келгенде аса елеп қарамайтын да, сәл есейе келе ренжіп, жылап қалатын болды, тіпті күн санап тосып жүреді, ал келгендегі қуанышын көрсеңіз ғой!» – дейді Мәдина.
24 сағат баланың қасында тек өзі болғандықтан, Әлинұрдың анасына психикалық тұрғыдан өте қиын болды. Бала жастан асса да, мойны бекімей, белі бүгіліп, құйрығын басып отыра алмады, тек саусағымен ойыншық ұстай алатын, қол-аяғын қимылдата алатыны тәубе еді.
Ақыры Әділбековтердің бағына тамыр-таныс арқылы балалар невропатологы Дина Құсайынова жолықты. Осы дәрігердің арқасында балаға мүгедектік берілді. Балаға ДЦП диагнозы қойылды.
«Баламның физикалық жағдайына алаңдаулы болғандықтан, Семей қаласының барлық ем-шараларын: ЛФК, массаж, ине терапиясы, бассейн, физиотерапияны үзбей алуға тырыстық. 3 жасында ДЦП анықталған балаларының балабақшасына бара бастады. Бұл кезде әлі жүре алмайтын еді. Үш жарым жасында ерсі қылықтар көрсете бастағанын байқадым. Төрт жасқа толғанда балам енді ғана тәй-тәй басып жүре бастады. Ең ауыр кезеңдер артта қалды деп жүргенде, баламның тілі шықпағаны енді тағы да күдік тудыра бастады. Логопед, дефектолог, психологтардың толық көмегін тек Нұр-Сұлтан қаласында «Балаларды оңалту орталығында» көрдік. Мұнда 4-5 жастан бастап қана жылына 2 рет келіп емшара ала бастадық. Бұл мекемеге квотаны жылдар бойы күту керек, ал уакыттың тығыз екені, бала болса есейгенімен дамуы кешеуілдеп жатқанын түсінген жолдасым үй және ауылдағы малдарды сата бастады, себебі толықанды емшара алу ушін 10-15 күнге 500-700 мыңдай ақша қажет еді. Тілін шығарам деп себептерін іздеп жүргенде, ойламаған жерден баламның құлағы істемейтінін білдік. Бұл 2015 жыл еді. Бұны естігендегі жағдайды айтып жазу мүмкін емес. Баладай еңіреп жыладым, ал жолдасым тағы да іштей тынды», – деп, жалғастырды Мәдина.

Мектеп іздеу барысында Мәдина №71, №83, №84, №37, №23, №79 №72 мектептерде «Болашақ» фондының инклюзиялық сыныбы барын, онда тьютордың көмегімен сабаққа қатысатынын естіді. Бірақ оқу жылы басталып кетуіне байланысты орын жоғын айтты.
2019 жылдың казан айында №85 мектептегі КПИ-да 1 орын босағаны, ол орынға Әлинұрды алатыны жайлы мектептен хабар келді.
«Қуанышымызда шек жоқ. Міне, бақыт деген осы екен ғой. Жай адамдар күнделікті тіршілікте сау баланың мектепке барып келгенін бағаламаса, ал мен үшін және менің жанұям үшін оның қаншалықты маңызды екенін білсеңіздер ғой! Әлинұрдың арқасында күнделікті тіршіліктегі «аса маңызды емес» дүниелерге көңіл аударып, әрбір күнімізге, балалардың әр бір жасаған қылықтарына, айтқан сөздеріне мән беріп, әр сәтке қуану керектігін үйрендік. Алғашында «не деген сорлы анамын, менің басыма неге мұндай сынақ берді», деп жылап-сықтайтын едім. Әлинұрды біз үшін берген Алланың сынағы емес, Жаратқанның сыйы деп білемін, әрбір жетістігіне жүрегіміз жарыла қуанамыз. Меніңше, осындай балаларды сау ортаға қосқанда нәтиже өте тез көрінеді. Неге олай? Себебі осы «Болашақ» қоры арқылы мектепке барған соң, балам сау ортаға кірді. Нәтижесі күннен күнге жақсарып келеді. Ең бастысы, балам ашылып, қоғамға сіңісіп келе жатқаны қуантады. «Болашақ» қорының ұйымдасқан ұжымының арқасында мектепте жүріп-тұру этикасын, қол көтеріп сабақ айтуды, қоңырау соққанда сабаққа кіріп отыру, мұғалімді тыңдау, сабақ барысында бет алды сөйлеп-күлмеуді, , тақтаға шығып өз ойын айтуға болатынын ұқты. Қайда жүрсе де өзін еркін ұстай бастады. Сау балалардың ортасында отырып, оларға еліктеудің арқасында үйренді. Үйге келгенде үй тапсырмасын орындау керектігін, мектепке мектеп формасымен баруды, оны ұқыптап киюді үйренді. Былай қарағанда сау адамға бұл істердің бәрі үйреншікті заттар сияқты, ал осындай жандарға осының бәрін үйретудің өзі үлкен жұмыс», – дейді Мәдина.

Сабақтан бөлек, Әлинұр спортқа қатысады.
«Әлинұр қосымша үйірмелерге бара бастағанда ерекше қызығушылығы ашылғанын байқадым. Спорт жағынан айта кетсем, Нұргүл Ұлжекова басқарған «Тең мүмкіндік әлемі» қайырымдылық қоры бізге спорт әлеміне есігін ашты. Осындай балапандарды тегін спорт үйірмелеріне қатыстыру, жыл сайын өзара күш сынастыру, жарыстыру балаларға алдағы өмірлеріне сенімділікпен, жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік береді. Сол жарыстардың бірінде менің де ұлым 2 жыл бойы бассейнге қатысып, жүзуден 1-ші орын алып, медаль, грамота, кубокпен марапатталды», – деп қуанышымен бөлісті Мәдина.
8 қазан күні Әлинұр он бірге толды. Біздің айтар тілегіміз: аман бол, денің сау болсын, үлкен Азамат болуыңа тілектеспіз!
Материал Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранты аясында жүзеге асырылатын «Жастар мен балалар арасында қайырымдылықты дәріптеу» әлеуметтік жобасы үшін дайындалды.
#cisc2020 #qogamgov #amal #amal2020 #amal2020kz #amalkz
