Мұхтар Әуезовтің мемориалдық мұражай-үйі

Алия 2013 M05 17
15120
5
19
0

Мұхтар Әуезов бұл үйде 1951-1961 жылдар аралығында тұрған. Жазушы қайтыс болғаннан кейін ҚазКСР Министрлер Кеңесі жазушы есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында оның тұрғын үйін мұражай ету туралы сол...

Бүгін мұражайлар күні

Мұхтар Әуезов бұл үйде 1951-1961 жылдар аралығында тұрған. Жазушы қайтыс болғаннан кейін ҚазКСР Министрлер Кеңесі жазушы есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында оның тұрғын үйін мұражай ету туралы сол жылдың 10-тамызында  Қаулы шығарады.

1963 жылы қарашаның 28-жұлдызында Мұхтар Әуезовтың әдеби-мемориалдық музей-үйі өзінің алғашқы келушілеріне есігін ашқан.

Үйде жеті бөлме бар, оның төртеуі – бірінші қабатта, үшеуі – екінші қабатта. Үйдің жобасын сәулетші Г.Герасимов жасаған.

Бұл қонақ бөлмеде Мұхтар Әуезов жанұя мүшелерімен кешқұрым түгел жиналып, теледидардан берілетін хабарлар көретін.

Бөлмеде Мұхтар Әуезовпен ұзақ жылдар бойы достық қарым-қатынаста болған КСРО Халық суретшісі Орал Таңсықбаевтың «Көктөбеде», Қазақстанның халық суретшісі, еліміздің кәсіби бейнелеу өнерінің қалыптасып, дамуына өз үлесін қосқан А.Черкасскийдің «Таушымылдық» натюрморты және жазушы отбасының үлкен досы, Татарстанның халық суретшісі, Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстанда қызмет еткен Бақи Урманченің «Раушан гүлдер» атты картинасы құнды жәдігерлер қатарына жатады.

Піл сүйегіне өрнектелген Тәжі-Махал мавзолейі мен Үндістан, Жапонияда жасалған қолөнер туындылары.

Екі «Қаз» бейнесі қондырылған қола күлсауыт пен Вьетнам жазушылары 1958 жылы сыйлаған «Шылым қорапшасы».

Үйдегі ең үлкен бөлме – ас үйі.

Бұл бөлмедегі қолдан жасалған ас үй жабдықтарын Мұхтар Омарханұлы арнайы тапсырыспен алдыртқан.

Осы бөлмедегі жәдігерлерге тоқталатын болсақ – «Дастархандағы алмалар» атты ерекше композициялық үйлесіммен жазылған натюрморт 1916 жылы Мюнхеннің сурет академиясын бітірген дарынды қылқалам шебері А.Риттихтың туындысы.

Сонымен қатар, әдебиет пен өнер қайраткерлері, шетелдік достары сыйға тартқан, жанұя мүшелері өздері сатып алған хрусталь, қола вазалар, үстел сервиздері, қытай кеселері, чех фужерлері, күміс бұйымдар, үлкен парсы кілемі сияқты т.б. жәдігерлер үй бітіміне сән қосады.

Мұхтар Омарханұлының сүйікті бөлмесі – жұмыс кабинеті.

Бөлме төріндегі үлкен жазу үстелінде ол атақты «Абай жолының» соңғы екі кітабын жазған.

Үстелдің үстінде жазушының өзі белгі соғып, өңдеу жүргізген көптеген парақтар, Одақтағы солтүстік халықтарының эпостары туралы бастапқы жазбалары, бір студенттің диплом жұмысына қатысты соңғы пікірі, В.Н.Әуезова сыйлаған ағаштан жасалған вьетнамдық жазу аспаптары тұғырында оқырман хаттары жатыр.

Сондай-ақ жазушы шығармашылығының үнсіз куәгері ретінде «Мұхтардың бүркіті» деп аталған ықшам пішінді мүсінше де жарты ғасырға жуық жұмыс үстелінде тұр.

Жазушының жеке кітапханасы. Онда 6 мыңнан аса кітаптар мен журналдар сақталған.

Жазушының қарындасы Үмияның (1889-1985) бөлмесі.

Ондағы жәдігерлердің бірі – М.О.Әуезовтың 60 жылдық мерейтойына байланысты сыйға берілген сырлы жазуы бар үлкен сандық. Оны жазушы қарындасына сыйға тартқан.

М.Әуезов пен Валентина Николаевнаның бөлмесі.

Мұхтар Әуезовтың өзі еркелетіп Лелюсенька деп атайтын сүйікті қызы Ләйләнің бөлмесі.

Жазушының ұлы Ернардың бөлмесі.

Бұл бөлмедегі құнды экспонат – үстел. Онда қазақтың алғашқы музыкалық комедиясы «Айман-Шолпан», алғашқы қазақ балеті «Қалқаман-Мамыр», көптеген пьеса, әңгіме, повестер, тамаша аудармалар дүниеге келген. Сондай-ақ осы үстелдің басында отырып жазушы «Абай» романының бастапқы екі кітабын тәмамдаған.

М.Әуезовтың өмірі мен шығармашылығына арналған көрме залы.


Бұл зал 1997 жылы жазушының 100 жылдығының қарсаңында ашылды. Жаңадан салынған ғимараттың негізгі жобасын сәулетші Ш.Матайбеков жасаған. Ал залдағы М.Әуезовтың өмірі мен шығармашылы бойынша жаңа экспозициялық көріністерді безендіріп, орналастырған суретші – Б.Көшербаев.

Сәулетші Ш.Матайбековтың шешімі бойынша бұл ғимарат жер астынан жартылай көрініп тұратын етіп салынған. Ғимарат төбесіне Меккедегі Қағба тасы сияқты күмбез орнатылған.

1927 жылы студент М.Әуезов Алматыға арнайы келеді. Мұндағы мақсаты 1916 жылғы Албан көтерілісі мен «Қараш-Қараш оқиғасы» өткен жерлер – Қарқара, Асы, Қараш-Қараш жайлауларын аралап, жер жағдайымен, оқиғаға қатысы бар куәгерлермен әңгімелесу еді. Жетісу сапарынан олжалы қайтқан ол көп ұзатпай, жеделдете белгілі қос туындысы – «Қилы заман» мен «Қараш-Қараш оқиғасын» жазып шығады.

«Қараш-Қараш оқиғасы» повесі нақты тарихи деректерге құрылған тарихи шығарма. Оның негізіне бұрынғы Жетісу облысының Верный уезінің шығыс Талғар болысының қазағы Рысқұл Жылқайдаровтың басынан кешкен оқиғасы арқау болған.  Рысқұл Жылқайдаровтың фотосуреті мен түрмеде отырған кезіндегі тергеу сұрақтарының мәліметтері көрме залында тарихи айғақ ретінде тұр.

...Мезгілсіз ерте туған таңнан қорқам.

Жауынсыз. Құр желденткен шаңнан қорқам.

Ішектері үзілген, арқанға байланып төмен салбырап тұрған қобыз.

Қобыз – бұл қазақ тілінің, үнінің символы. «Қызыл тіл қолым емес кісендеулі» деп, Мағжан Жұмабаев «Батыр Баян» поэмасында жырлап өткендей жиырмасыншы жылдардың соңында қазақтың зиялы қауымының, ұлтшыл азаматтарының қолдары емес, тілдері кісендеулі болды. Сондықтан қобыздың ішегін үзіп, төмен қаратып байлап қоюдағы идея – сол кездегі алаш қайраткерлерінің күйін, жаппай «халық жауы» деп абақтыға жабылып, атылғандардың азаттық аңсаған рухын көрсетуге арналған.

Жазушының «Манас» жырына қатысты жазған зерттеулері.

1950 жылдардың бас кезінде Бішкек қаласында Қырғызстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы басқарған, мәскеулік және жергілікті белгілі ғалымдар қатысқан үлкен ғылыми жиналыс өтеді. Онда қырғыздың ұлы эпосы «Манас» туралы әр түрлі пікірлер айтылып, жырды солақай сынның соққысынан сақтап қалу қажеттілігі туғанда, «Манасты мансұқтау бір ұлттың тілін кескенмен бірдей» деп қарсы пікір айтып, қорғап қалған Мұхтар Әуезов болатын.

Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың өмірі мен шығармашылығына арналған бұл көрме залдың негізгі идеясы – мұнда келген әрбір көрерменге мұражай тек қазақ әдебиетінің қасиетті мекені ғана емес, қазақ елінің рухани орны деген ойды меңзейді.

_________________________________________________________________________

Мұражайдың мекен-жайы: М.Төлебаев көшесі 185 үй.

Байланыс телефондары: 261 – 22 – 27, 261 – 74 - 41

Мұражайдың жұмыс кестесі: 10:00 – 17:00

Демалыс: жексенбі, дүйсенбі.

__________________________________________________________________________

Материалды дайындаған: Айнұр Ракишева

Фото автордікі

Материалды өзге сайттарға көшіруге редакцияның рұқсатынсыз жол берілмейді

Республикалық кітап мұражайына фото шолу

Дінмұхамед Қонаев мұражайына фото шолу

Республикалық музыка аспаптар мұражайына фото шолу

С.Мұқанов атындағы әдеби-мемориалдық мұражай-үйіне фото шолу

Алматы қаласы тарихының мұражайына фото шолу

Қазақстан Мемлекеттік геологиялық мұражайына фото шолу

Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйіне фото шолу

«Ғылым ордасындағы» Сирек кездесетін кітаптар мұражайына фото шолу

«Ғылым Ордасындағы» Табиғат мұражайына фото шолу

Жамбыл Жабаевтің мұражай-үйіне фото шолу

Оцените пост

19

Комментарии

1
Заманауи брусчаткалар мұражайдың сәнін кетіріп тұрғандай
2
кандай керемет пост. Рахмет.
0
Ауырып калганда дей1н жумыстан жи1 осы муражайдын касынан уйге кайтамын.
Показать комментарии