Алатау аласарған ба?!
«Ұйықтасам түсіме ылғи тау кіреді» демеуші ме еді ақиық ақын Мұқағали. Әрбір алматылықтың өңінде де, түсінде де тау жүреді. Алатау мен Алматы тел ұғым. Алатау тұрғанда Алматы жоғалмайды. Алматы жоғалмаса, Алатау аласармайды. Алматының есімін алты қырға асырған күш сол аңғарлары мен шатқалдары көп, жоталары мен жықпылдары көп Алатау. Ал, Алматы – сол Алатаудың ерке баласындай етегінде асыр салған шолжаң шаһар. Мұқағалиша айтсақ, «Алматы – жүрегі Алатаудың! Тау ұйқыға кеткенде бүлкілдеген». Алматыдан жырақтаған әр адамның іздейтіні сол тау. Алматыға ат басын тіреген әр жанның да құмартқаны сол тау. Алатау – қорған, Алатау – құлазыған адамды қайта тіктейтін асқақ биіктік. Бұл сөзімізді әйгілі Әбіш Кекілбаевтың «Аласартып кетердей болса қауіп, Алатауға қарап қой ауық-ауық» деген сөзі растайды…




