Қаракерей Қабанбай батырдың өмірбаяны
Қаракерей Қабанбай батыр (1692 – 1770ж.ж. ) Арқада туып, Арқадағы Есіл мен Нұра өзендерінің ортасындағы Қабанбайдың Үш бұлағы аталатын жерде дүниеден өтеді. Сүйегі Үш бұлақтан 3 шақырымда, «Найман қорым» аталатын қырдың үстінде. Қазір бұл маң Қабанбай ауылдық округіне қарасты,Астана қаласынан 30 шақырымда.
Аңыздарда Қаракерей Қабанбай батыр бұл жотаға :
Жиылып тегіс ас беріп,
Ту биені сойыңдар.
Арқаға арнап бейіт соғып,
От орныма қойыңдар.
деген өз аманаты бойынша жерленеді. Себебі, Қаракерей Қабанбай батырдың арғы бабасы Байжігіттен бастап,өз атасы – Мәмбет,әкесі – Қожақұл,екі ағасы – Есенбай,Есенаман,әпкесі – Меруерт,барлығы Арқаның тумалары. «От орным» деуі сондықтан. Шешесі Мәми (азан шақырып қойған аты-Нәбилә) әлі күнге дейін Арқаны мекендеп отырған Ашамайлы Балта керейдің аты шыққан Баубек батырының қызы. Бәрінің сүйегі «Найман қорымда» сияқты.
Қаракерей Қабанбай батыр туған кезде және көз жұмғанда найманның қаракерей,матай,төртуыл бұтағы негізінен,садырдың бір бөлігі Есіл - Нұра- Сарысу бойын,Қорғалжын,Теңіз көлдерінің маңайын жайлайтын. Ұлытауға қарай Балталы,Бағаналы наймандар қоныстанған.
Дарабоздың өз жұрты Байжігіттер Аякөз маңынан алғаш рет 1817 жылы көрінеді. Онда Ұлы Қолбасшының дүние жалғанды артқа тастағанына аттай 47 жыл болған. Байжігіттердің Үржар,Алакөлге жете қонулары Матай – қызайлардың Алакөлді тастап,Тазабек бидің бастауымен Боздала арқылы Күнеске көшіп кетуінен соңғы 1855-1860 жылдар.
«Ерасыл» деп азан шақырылып қойылған есімге кейіннен жеңгелері алып денесіне орай - «Нарбала»,жолдастары әкесіне тартқан батыр болар деген оймен - «Ізбасар»,нағашы жұрты - «Қабанбай» аттарын қосты. 1723 жылы Түркістанда хан сайланып «Хан Батыр» атанды. Абылай ешкімге теңестірмей «Дарабоз» деп әспеттесе,қазақтың көзі де сөзі де болған Көмекей әулие – Бұхар жырау батырды «Көкірек әулие» деп төбесіне көтерді.
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шақшақұлы Жәнібек,
Қаз дауысты Қазыбек,
Ормандай көп Орта Жүз,
Содан шыққан төрт тірек
деп,қазақтың сол тұстағы бар батырының,ел тұтқаларының басына қояды. Мәшһүр Жүсіп Көпей әулие «...Қазақта Қаракерей Қабанбайдай батыр болған емес» деп кесіп айтады.
Қаракерей Қабанбай Батыр туралы кейбір әдеби шығармалар тарихи шындықтан тым алыс жатыр. Мысалы, бабамыз Үрімжіге жылқы айдап бармаған. 1758 жылғы қарашаның 17-сінде Үрімжі саудасына баласы Едіге,немере інісі Туматай келгені Үрімжінің бас амбаны Нусанның Бейжіңге жолдаған есебінде тайға таңба басқандай жазылған. Бабамыз наймандарды Жетісу,Семей,Өскемен жерлеріне өз билігімен бөліп орналастырмаған. Себебі, Қаракерей Қабанбай батырдың көзі тірі кезінде наймандардың аяғы Аякөз өзенінің сол жағалауына тие қойған жоқ еді. Бұған Ш.Уалихановтың,Н.Аристовтың,М.Тынышбаевтың,Г.Андреевтің,М.Кәрімовтің,Н.Бекмаханованың тарихи талдау еңбектерімен таныссаңыз көзіңіз анық жетеді. Дарабоздың елі-Төлек атайдың төрт ұлының арасынан, Қаракерей Қабанбайдың тірі кезінде бір-жар тайпа ғана Есіл-Нұра маңынан Шығысқа қотарылады. 1770 жылдардың соңында қаракерей-болатшының Жанбай би бастаған 600-дей шаңырағы,төртуылдың Ошан,Итемген би бастаған 600-дей шаңырағы алғаш рет Аякөз маңына жете тоқтайды. 1810 жылдарға дейін ары өте алмай Аякөзге тіреліп отырады.
Осындай ғылыми- құжатты деректерді, Хан Батырдың нақтылы тарихи тұлғасын білгіңіз келсе Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы,Камал Әдірахманның NaimanKZ блогін ашып, «Арқаға арнап бейіт соғып,от орныма қойыңдар», «Қабанбайдың Ақмоласы», «Қабанбайдың атасы –Тоқтарқожа» атты материалдармен танысыңыздар.
