Жел тербеген...
Осы бір жарық жалғанда бала махаббатты, мөлдір сезімді бастан кешпеген адам бар да шығар, жоқ та шығар. Кесіп айту қиын. Бір анығы, таңғы шықтай сол бір мөлдір сезім бізді айналып өтпеген екен. Ол сезімнің әлегі жайлы әңгімені «Қара ағаш» деген дүниемізде жазған едім. Көрші ауылдың қызы екеуміздің арамыздағы сол бір үш-төрт күнгі тәтті кездесудің соңы үш-төрт жылдық сартап сағынышқа ұласқан. Мұң дегенді сезіндірген сол бір сезім кейін келе бірте-бірте талмаусырап барып, ақырында өшіп тынған. «Қара ағашты» оқыған адамдар біледі, әңгімеде жазғанымыздай сол қара ағашты иесі кесіп тастайтын. Соңында томары ғана қалғанын айтатынмын. Құдайдың құдіреті-ай десеңші, сол томардан, томардың тамырынан шыбық өнсе керек. Сол шыбық бұл күнде саялы бәйтерекке айналып үлгеріпті. Екінші фотоға назар аударсаңыз, бұрынғы кесілген томары мен, қайта өскен бұтақтарын анық байқайсыз. Өткен жолы ауылға барғанда жолай өтіп бара жатып көзіміз түсіп кеткені. Сол ма, емес пе деген сұрақ тұрды көкейде. Сол екен. Ондай қатты толқығам жоқ. Бірақ, сол бір бұлыңғыр елес көз алдымды сәл-пәл ғана бұлдыратып жібергені. Мұқағалидың өлеңі еске түсті. Сиыр айдап өріске ертеңменен, Баратын ек тоғайға еркемменен. Тал басына шық тұрып, күннің нұры Мың бояумен тоғайды көркемдеген. Қарасаздың шыбығын жел тербеген, Жел тербеген шыбықты мен тербегем. Ойласамшы, сол шыбық терек болып, Өзегімді бір кезде өртер деген... Қарасаздың шыбығын жел тербеген, Жел тербеген шыбықты сен тербеп ең. Сонда менің ойымда мұң бар еді, Өзі келіп, бір күні серпер дегем. Жақын өсіп жас шыбық бала талға, Оянатын екеуі ала таңда. Тағдырымды сонда мен табыстаппын, Сезімі бар, сенім жоқ алақанға... Қарасаздың шыбығын сен тербеп ең, Сен тербеген шыбықты мен тербегем. Ойласамшы сол шыбық бір кездерде, Өзегімді өзің боп өртер деген. Сол тоғайға барып ем ертеңменен, Қарсы алдымда терек тұр жел тербеген. Бір тоғайда бірге өскен егіз едік, Here ғана шошыдың, еркем, менен?! Солай. Қайран сәмбі тал өзегімді «өзі» боп өртемесе де, жұдырықтай етті шым еткізді. Қазір бақытсыз, бақсыз, талайсыз емеспіз. Тәубә, Нәйлә да, мен де бір-бір үйлі жанбыз. Бір-бірімізді екі мың төртінші жылдың жазынан кейін көрмесек те, хатсыз, хабарсыз кетсек те, жер үстінде жүргесін біреу болмаса біреуден естіп қаласың. Аман екен, бар екен. Бір жігітке жар екен. Тамыры қалған қара ағашымыз қайта көктеген екен. Біздің сезім қайта гүлдемес. Өйткені бізде тамыры қалмаған. Есте жоқ ерте заманда бастан кешкен ертегіні еске алып, элегия болайын деген ойым жоқ. Жәй ғана, мына бір жел тербеген шыбықтың сәл тербеп жібергені ғана болмаса...
Ақпарат көзі
