Перейти к содержимому
Обложка сообщества QazAgym

Ұялмайсыз ба?

Ненің ұят, ненің ұят емес екенін айту үшін танымал журналист Дана Нуржигитова (Dana Nurzhigitova) әпкеммен ой жарыстырған едім. Қазір ұят тақырыбы қайта актуал боп жатқан соң, ойларымды қайта салғанды жөн көрдім.

*** ҰЯТ. Түбірін тексерсең, хая деген сөзге тіреледі. Хая дегенің өмір. Ең болмаса, Нэнси Ажрамның өлеңдерінен әйтеуір бір рет тыңдағаныңыз анық. Өзбектер бізге қарағанда осы сөздің мағынасын сақтап қалған. Оларда «Хая – иманнан» деген мәтел бар. Ұят - иманнан. Сонда қарасақ, өмір мен ұят түбірлес, мәндес. Өмір деген ұғымға ұят деген сөзді баланс, синоним қылды. Басқа сөз емес. Яғни, ұятың болмаса, бұл өмірде жүрген-тұрғаныңнан бес тиын пайда жоқ. Қазақтың "Өлімнен ұят күшті" дегені де содан болса керек…

*** ҰЯТтың дәстүрге не қатысы бар? Ұят болады. Обал болады. Жаман болады. Осы үш сөзбен ақ қазақ өз баласын тәрбиелеп, қатарға қосқан деп айтамыз. Әдейі өткен шақта айтып тұрмын. Себебі, бұл сөздерді қазір өте аз айтамыз. Содан кейін қандай да бір мәселе туса таң қаламыз. Бұл қалай? Көшеде бір-бірінің сілекейін жұтып, сүйісіп жатқандарға мән бермейміз де, ертең туалеттің ішінен шақалақ шықса, мәә, масқара деп бет шымшимыз. Бірақ, мәселенің басы өткенде сіз көрген парктегі сәкіде басталып еді ғой.

*** ҰЯТ пен намысты, ұят пен арды бөлек-бөлек көреді. Негізі, бұлар бір-біріне кіреуке. Бір ұғымды үш бөліп қараймыз. Шындығына келсек, адам ұятына тиген соң намысы келеді. Сондықтан, ұятың кетсе, арын жоғалады, арың кетсе, намысың да қалмайды - ар жағында адамшылдығың да әумин болады.

*** ҰЯТ пен надандықты шатастырады. Мысалы, бір қыз өзінің ауруын айналасынан жасырса, ол ұяттан емес. Ол надандықтан. Айтсын, емделсін. Фейсбукта бір кісінің жазғаны бар. Әуежайда чемодандарды целлофанмен орайтын жұмыс бар ғой. Соны ауылдан бір жігіт келіп істеп жүр екен. Сонда бір танысы көріп, "өй, сонда сөмкені осылай орааап отырасың ба? Осы ма жұмысың?" депті. Сол сөзден соң жігіт жұмыстан бірден шығады. Ары қарай Астанада өмір сүре алмай, қайыршы боп кетеді. Жұмысты ұялғанынан емес, надандығынан тастап кетті. Ұят деген порядочность. Бірақ, өзіңе тиістіден қағылатын ынжықтық емес. Қорқақтық емес, жігерсіздік емес, қайта адамды Құдайдың жолымен жүргізуге, дұрыс жүруге қамшылайтын күш. Пара алу ұят болу керек ,пара беру ұят болу керек, бірақ адал еңбекпен нан табу ұят болмау керек. Ұрламау керек, біреудің күнделігін оқымау керек, біреудің затын алмау керек. Бұлардан жаза емес, ұят тоқтатуы керек.

*** ҰЯТты жағдайларға байланысты әрекет қандай болуы керек? Кейде айтпау керек. Мойындамау керек. Николай Хлудов картиналарында тайлақтарту секілді ұятсыз ойынды көрсетті емес пе? Бірақ, Ахмет Байтұрсынов оның бәрін мойындамайды. Қатты сынайды қайта. Бұл тура террорлық ұйымды өкімет тарапынан мойындамау секілді ғой, мойындадың, бітті - ол өрістей береді. Кейде айту керек. Мысалы, осыдан 4-5 жыл бұрын "Бурабайда нудистер байқауы болмақшы. Омбыдан делегация келе жатыр", "Бәйтеректі айнала жаппай сүйісуден флэшмоб болмақшы" деген оқиғалар қалай тоқтады? Қазақша жарты беттік бірен-саран мақаламен. Көбелек эффектісі деген осы. Болмаса, Құрманғазы-Пушкин ісін алуға болады, мысалы.

*** ҰЯТ. Астыңдағы атыңды ауыздықпен, қамшымен басқарасың, машинада газ бен тежегішті басасың, ал адамның өзін өзі басқаратын тетіктері де екеу. Ол - ақыл мен ұят. Адамның xайуаннан айырмашылығы да сол ұятында. Сосын бізде қоғамды, мемлекетті абстрактілі көретіндер бар. Әйтеуір, мемлекет деген тек мен емес деп ойлайды. Жоқ, ол сіз бен біз. Ол 18 миллион адам. Бұл шамамен 3 миллиондай отбасы. Демек, қыздың ары, ұлдың ұяты сақталса, қоғамның да дұрыс қалпы сақталады.

Ақпарат көзі

0
0
1103

Еще по теме