Wo shi shei
Сол әдеттіммен бастасам, ауылдағы кез келген бір адам біреуге ұнамсасыз пікір білдірсе, қарсы тараптың жауабы біреу-ақ еді ғой. «Өзің жетісіп тұрсың ба?!». Осы сөз маған арналған. Жұртты сынағанда бәледеймін, ал, өзім кіммін? Ешкім де емеспін-ау. Осы мен өзім жетісіп тұрмын ба? Жоқ. Соңғы жылдары тым «тамадаланып» бара жатқанымды сездім. Тамадалық деген де жақсы. «Оң қанаттағы бірінші, екінші дастарханға қызымызға үкі тағып, сырға салып келіп жатқан жаңа құдалаларымыз жайғассын»,- деп бастап, «қуанышымызды бөлісіп келген барша ағайынға той иелерінің атынан алғыстан басқа айтарымыз жоқ»,- деп аяқтай саласың да, ақшаңды алып кете бересің. Бұл өте жақсы. Тіршілігіңе де, басқаңа да. Тым байып кетпесең де жетім құлын секілді көшке ілесіп жүре бересің. Енді осының зиян жағы бар. Қолынан тамадалықтан басқа ештеңе келмейтіндер үшін керемет болғанымен, кеудесінде аз-кем көрікті ойы барлар үшін өте-мөте зиян. Егер той басқару қолымыздан келмегенде әлдеқашан бірдеңе тындырар едік. Басқасын былай қойғанда қаншама сценарий жазылар еді... Біреу бірдеңе жазып берші дейді. Қанша дейсің. Осынша дейді. Әй, қой дейсің. Неге? Өйткені сенің саусағыңды сорып отырып жазған дүниеңе берілетін ақша тойға барып жаттанды сөзіңді сексен сегізінші рет қайталай салған еңбегіңнің сегізден біріне татымайды. Содан кейін не жазасың? Синариді де қоя сал. Ол да адам қызығатын нәрсе емес. Ол да синариден басқа ештеңе жаза алмайтындардың тірлігі. Сонда өзің кім едің дейсің ғой. Мен алдыма жазушы боламын деп мақсат қойған адам едім. Сығандар алдына үлкен мақсат қойып, жолға шығып, жарым жолға келгенде әлгі мақсатын ұмытып қалып, адасып кеткен екен дейді ғой. Біз де сол сығандардың күйін кешіп кетпесек екен. Солай, мен жазушы болсам деген адам едім. Бала-шағам кең үйде тұрса, өзім де ел қатарлы өмір сүрсем деген пәндауи арманның жетегімен той жағалап кеткенім рас. Осынша төмендеген адамнан енді биік дүние күту де қиян. Тынымбай Нұрмағанбетовтың басына қонған бақ; шынымен кірпияз, шындығында тәкаппар болса, мына бізден алысырақ ұшады. Тынымбайлар тек қана жазуды ойлап, сол жазумен ғана айналысты. Ал, біздің заманымыз да басқа, заңымыз да өзге болды. Бұл да сылтау. Өз заманыңның ақыны Ерлан Жүніске қара. Жазу, жазу, жазу!!! Демек, өзіміз осынша дарынсыз, осынша құнсыз болып тұрмыз ғой. Рас, той дегенің де сылтау. Талантың тасып бара жатса, екі тойдың аралағында ең құрымаса бір бет жазуға болмай ма? Қайдам, ойында той мен тиын тұрған адамның жанынан терең дүние күту де қиын. Өзіме солай. Мені фейсбук адам қылды десем, ол – надандығым. Фейсбук ешкім танымайтын адамдарды танытқаны рас. Ал, мен онсыз да адам едім, бұлсыз да жұлдызым жарық еді. Мені жұрттар жазушы деп танитын. Өйткені ел көңілінен шыққан аз-кем дүниелерім бар еді. Кейіннен не болды, кім болдым? Әркімге ұлып отыратын ит болдым. Күшті екен деген комментке күмпие салатын блоггер болдым. Алла-ай, алдыңғы толқын ағаларымыз әдебиетке берілгені сонша, журналистиканы зиян санаған ғой. Біздің жүріс мынау. «Нәлет біздің жүріске»,- деген Асан қайғының қасында біз кімбіз?. Екінші бір мәселе, осы фейсбукта жазған сырым бар. «Бір бөлмеде бесеуміз». Құдайым осы бақтан айырмасын. Үйде көп бола бермеймін, болған күннің өзінде сәл қиындау. Қара мақаланы, сценариді үйде жаза беруге болады. Ал, әңгіме жазғанда жалғыз қалған ұнайды. Жұмыста жеке кабинетте отырамын. Бірақ, келімді кетімді кісі көп. Дәп осы сөйлемді жазып отырғанымда Өмірзақ Мұқай кіріп келіп, миымды қатырып отыр. Сонда да жазып отырмын. Ал, әңгімені бұлай жазу қиын. Сонымен не керек, ретін таптым. Сенбі, жексенбі күндері. Айтайын дегенім сол, мен бір дүние бастадым. Жәймен жазып жүрмін. Осыны бастағалы бері өзімді жақсы сезінудемін. Әбден төмендеп бітіп едім, енді кішкене еңсе тіктегендей болдым... Бұл дүнием шедевр бола қоймас, бірақ, өзіме ұнайды. Кейіпкерімді жақсы көріп қалдым. Аяймын. Қалай аяқталарын бір Алла біледі, басы жаман емес сияқты. Демек, мен біржола құрып кеткен жоқпын. Бұйырса, бармын. Ал, фейсбукта жазбай кетсем, оған мән бермеңіздер. Керісінше қуаныңыздар.
Ақпарат көзі
