Мал мол
түтіндететін біздің ауылға, күндердің бір күнінде, мына бір қызыл қорабы көздің жауын алған темекі кіріп келді. Ауылдың есігін теуіп ашты деуге болады. Кірген бетте орталықтағы дүкеннің сөресінен орын алды. "Магнаның" оң жақ шетінен. Аты - Соверейгн екен. Сыртында жазылып тұр. Сөйтіп жігіт біткен соверейгн деп атап жүрді. Кейін келе қаладан келген студенттердің аузынан "Соверен" дегенді естідік. Е-е-е, Жақсылықты Жәшөк деген сияқты еркелетіп жүрген шығар дедік те қойдық. Сөйтсек, ешқандай да соверейгн емес екен. Со-ве-рен екен. Алай жазылғанымен, бұлай оқылады екен. Бұны бір деп қойыңыз. Сall-центр дегеніңізді мен кал центр екен деп жүргенмін. Ауыра қалсаң "анализ-панализ" өткізетін жер шығар дейтінмін... Сөйтсем кол центр екен. Егер бір л жазылса а әріпі а болып, екі л жазылса а о болып оқылады екен. Оны неменеге әулие қылып әңгімені көбейтіп жүргенін ит білсін. Kol дей салса нелері кетеді. Қайбір жылы Алматының айбарындай болып әнебір биік үй тұрғызылды. Аты Есентай мал екен. Есентайын түсіндік, малы несі дедік. Сыртынан ғайбаттағанымыз болмаса, ешкімнің бетіне мал демейтін ел едік. Жарқыратып жазып қойғандары қызық екен дедік те қойдық. Сөйтсек Есентай мал емес, Есентай мол екен. Тағы да сол екі л қатар тұрғандықтан о болып оқылады екен. Немесе о болып оқылуы үшін екі л жазыпты. Жынды ма шешең. Адамды жынды қып бітті ғой, әкең. Бұлай болмайды. Біріккен ұлттар ұйымына хат жазбақ болдым. қазақша тексін теріп, Бануға аударып берші дедім. Курсқа барып жүр емес пе. Ол аударып берудің орнынан, "и так та елдегі проблемаларға жүрегің ауырып бітті ғой, айдаладағы ағылшынға басыңды қатырмашы",- деді. Жөн екен деп, қойғам. Күл болмаса, бүл болсын. Енді міне өз басымызға келді. Күлме BOSS-қа, келер басқа деген осы екен. Отырайын енді Кәмөшті Kaemоеsh деп. Есентай мол шығар, мыналар мал енді.
Ақпарат көзі
