Перейти к содержимому
Обложка сообщества QazAgym

Келбет

біздің жыл санауымызда ғасырлар ауысып, соның соңын ала бере КазГУ-де ректор ауысып, Нәрібаев кетіп, Қожамқұлов келіп, абыр-сабыр болып жатқанда Назира Бердалы деген ақын қыз мынадай өлең жазып еді. «Той болып жатыр, аққайнар бусатып буды. Күн сәл де болса ақ қарды жұмсартып тұрды. Өзі де күйеу болардай сүйкімді жігіт Неке сарайы алдында...гүл сатып тұрды». Өлең де жақсы, ақын да әдемі. Мәселе онда емес. Біз бұл жерде өлең туралы да, ақын қыз туралы да айтпақ емеспіз. Жәй, интернетті қарап отырып, мына суретке көзім түсіп кетті. Суретке көзім түскені сол еді, Назираның өлеңі есіме түсті. «Өзі де күйеу боларлық сүйкімді жігіт, Неке сарайы алдында гүл сатып тұрды». Мына қызды айтам да. Өзі де сурет емес пе. Иә, Құдайдың салған суреті. Онда неге ғана сурет салып отыр? Ол неге әуре болады? Қызық. Сурет – сурет салып отыр. Салмай-ақ, жәй жүре берсе де болар еді ғой. Өзі ән сияқты бір келіншек ән жазып жүр. Өзі өлең сияқты бір қыз өлең жазып отыр. Маралтайдың «жүргенің қудың жүзгеніндей ме» дейтініндей, әшейін жүргенінің өзі би сынды қыз билеп жүр. «Әннен де қымбат ыңылың сенің» дейтініміздей, жәй ғана айтып отырған әңгімесінің өзі ән салып тұратын бір келіншек ән айтып жүр. Өзі де мұңлы, көзі де мұңлы бір қыз қобызды күңірентіп отыр. Оркестр құрамында. Сол оркестрдің құрамында ойында он тиын жоқ бір көкем екі тұяқты бір-біріне ұрып, тоқ еткізіп қояды. Арасында. Скрипка тартатын қызыңыз анау. Скрипка демекші Қайбір күні Қанат ағам: - Ереманың клибін түсірейін деп едім, соған виолончельист қыз керек еді, табуға көмектесіп жіберші,-деді. – Көмектесейін,-дедім. – Бірақ, ол үшін сіз маған виолончель дегеннің не екенін түсіндіріп берсеңіз,-дедім. Енді білуім керек қой, не тартатын қыз іздеуім керек екенін. Сөйтсем виолончель дегеніміз Арыстан ағай тартатын аспап екен ғой. Әрине тартқанын көрген жоқпыз. Бәріміз виолончельист деп естіп жатамыз. Ағайдың «түрлі-түрлі» өнерін көріп жүрсек те, негізгі өнерін тамашалай алмай жүрміз. Менің осы әдетім жаман, бірді айтып бірге кетемін. Иә, айтпағымыз өнеріне көркі сай адамдар еді ғой. Қазақта «ақылына көркі сай» деген бар, иә. Сол сияқты өнеріне көркі сай дегенді де шығарайық. Иә, адам деген өнеріне көркі сай болуы керек екен ғой. Әсіресе сахнада жүргендерге. Әнші мен актерге. Орда бұзбаған отызымнан үш жыл асқанда ойыма келгені осы болды. Өнер иесі көрікті болған сайын өнеріне жол ашылады. Қыздар өтірік айта береді. «Мен Мейрамбектің өзіне емес, өнеріне ғашықпын» деп. Төреғалидың түрі кішкене нелеу болғанда осылай аспандап кетпес еді-ау. Әнді айтқанда боздатып жіберетін бір әнші әпкесін тірідей көргенде біздің бір дос бала: - Мә, мына кісіні радиодан тыңдап жүре берген жақсы екен ғой,-деп еді. Әрине, бұның барлығы сырт келбет туралы әңгіме. Ал, рухани дидар туралы әңгіме басқа. Айтпақшы, жазушыларға сырт келбеттің қажеті шамалы. Әнші емес, актер емес. Мысалға, менің де өнеріме көркім сай. Жазғандарым қандай айбақ-сайбақ болса, маңдайым да әжім-әжім.

Ақпарат көзі

0
0
520

Еще по теме