Қайран, ауыл (3.05.2017)
Бейіт басына барғанда жаным ауырды. Осыдан жиырма жыл бұрын, біздің бала кезімізде көрші тұрған әкелеріміз бен шешелеріміз ол жақта да қоңсы қоныпты. Құлпытастарына қарап, әрқайыссының өмірі көз алдымнан өтті. Жандары жайсаң жарқын жандар қатар-қатар жай тауыпты. Араларында отызда опат болғандар да, қырқында қыршынынан қиылғандар да, елуде ерінен ауғандар да, алпысында ажал атына аяқ артқандар да бар. Бейіт басынан шығып ауылға келдім. Оқушылар сабақтан тарап жатқан уақыт екен. Кілең үпір-шүпір балалар. Ең болмаса бірін танысам етті. Елу жылда ел жаңа деген осы ма? Досымның үйіне кіріп барып едім, сол үйдің ойнап жүрген қызы шешесіне тұра жүгіріпті. - Мама, мама, біздің үйге Бейбіт Сарыбай келді ғой,-депті. Суретке түскісі келетінін жұмсақтап жеткізді. Айналайындар-ау, суретке түспейтіндей бұл бір әулие ғой деймісіңдер. Алматыда жүргенде бұны кісі баласы менсінбейді. Сендерсіңдер ғой, әлдеқандай қылып тұрған. Ал, түсе ғой дедім да, селфи жасап бердім. Мектептегі ауыл мақтаныштары деген тақтада суретім ілініп тұрған көрінеді. Екі күн еріп жүрсеңдер басқа адамның суретін іздеуге тура келетін еді ғой дедім, іштей. Садақада қатар отырып қалған кісі: - Әлгі Шегебайдың баласы дейтін сенсің бе?-дейді. - Иә, «ойдан өлең құрайды екен» дейтін баласы сол менмін,-дедім. - Тамақтан алып отырсаңшы,-дейді. Алып-ақ отырмыз ғой. Мына қарындасым да фейсбук бетін көрсінші, ауылда жүре бермей.))))Айтпақшы, ауылда қайың сауып жатыр екен. Ол туралы постым естеріңде болар. Ол да бір хикая ғой, шіркін.
Ақпарат көзі
