Мазмұнға өту
Nazym93
Nazym93

Назира Бурханова

@Nazym93

Сайтта 2012 ж. 20 мамырКазахстан, Алматы

Тұрсын Назым

рейтинг

106

жазбалар

517

пікірлер

7

тіркелуші

11

жазылымдар

7

«Ғылым ордасындағы» қысқы бақ

 

Ғылым мен білімнің қайнаған ортасы саналатын, халықаралық басқосулар мен түрлі ғылыми және мәдени іс-шараларға қақпасын айқара ашып, төрін ұсынатын  Алматы қаласында «Ғылым ордасы» кәсіп орнына келсеңіз, қарбалас тірліктің лебін сезесіз. Өйткені, бұл мекеме – өркениеттің ордасы, отандық ғылымның өркендеуіне қызмет еткен білімділер мекені.  Сырттан келген жанның көзіне бірден түсетін «Қысқы бақ» жоғарғы қабатта жұмыс істейді. Жоспарлы  тақырыптағы маңызды шаралар мен кездесулер осы бақтың ішінде өтеді. Негізінде қызметкерлер қарбалас жұмыстан шаршағанда, өсімдіктер әлемін көріп  рухани серпіліс жасайды. Кейде тіпті, басқа жақтағы адамдар арнайы сол қысқы бақты көруге келеді.  Осы ретте, біз аталған кәсіпорындағы қысқы бақтың күтіміне жауапты флорист-биолог Самыратбаева Қарлығаш Тілешқызымен жүздесіп, әңгімелесіп қайтқан болатынбыз. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға сол сұхбатты ұсынбақпыз.

- Алғашқы сұрақты сіз қызмет ететін «Қысқы бақтан» бастасақ. Қай кезден бастап жұмыс істеп келеді? Мұнда қанша өсімдік түрі бар? Жалпы, осы бақтың тыныс-тіршілігіне туралы айтсаңыз.

-Қысқы бақ 1973 жылы ҚазССР ғылым академиясының президенті Асқаров Меңліахметұлы Қонаевтың бастамасымен құрылған. Көлеміне келер болсақ, 200 шаршы метр жерді алып жатыр. Қысқы бақта тропикалық және субтропикалық бөлме өсімдіктері бар. Жалпы саны 300-ден аса өсімдік түрі өсіріледі. Сонымен қатар, жабық грунтта өсірілетін гүл саны 460-қа жуық. «Гүлсіз бұлбұл үнсіз» дегендей екі әнші құсымыз (канарейка) бөлме гүлдерінің арасында құлақ құрышын қандыра әндетіп, керемет үйлесім тапқандай. Әнші құстардың әсерінен келушілер кейде ертегі әлеміне енгендей күй кешеді.

 

-«Қысқы бақта» 300-ден астам өсімдік түрі бар деп қалдыңыз. Соның ішінде ерекше 5 өсімдікке тоқтала кетсеңіз...

Қысқы бақта ерекше өсімдіктер өте көп.  Соның ішінде ғылыми  тілдегі аты Ceratonia, ал халық арасында «церотония рожковое дерево»  деген атауға ие бөлме өсімдігін айтуға болады. Цератония бұршақ тұқымдасына жатады, ағаш тәрізді өседі және жапырағы бұйраланып келетінімен ерекшеленеді. Дәрілік қасиеті мол. Цератония гүлдейді, гүлі өте әдемі, ал гүлінің исі тіпті керемет. Тіпті бір күні мынандай қызық оқиға болды. Циротония гүлдеп тұрған мезетте жұмыс орныма келген әрістестерім: «Мына жерге әтір сеуіп қойғансыз ба? Иісі қандай керемет! Әтір қалай аталады?» деп қызығушылық танытып таласа сұрақ қойған еді. Расымен де, цератонияның хош иісі бүкіл қысқы бақтың ішін алып кеткен болатын. Аталған өсімдік жайында ел аузында түрлі туралы аңыз айтылады. Кімде-кім  цератонияның гүлдегенін көретін болса, ол адам бақытқа кенеледі-мыс...

Клеродендрон (Сlerodendron) вербена тұқымдастына жататын өсімдік. Африкадан әкелінген. Гүлінің сабағы жуан емес, жапырағы сүйірлеу болып келеді. Жарық, жылу сүйгіш бөлме өсімдігі. Қалемше арқылы көбейтіледі. Гүлінің әдемілігі үшін өсіріледі.

Ірі жапырақты ногоплодник  (Podocarpus macrophyllus) бөлме өсімдігі. Биіктігі 2 метрге дейін жетеді. Отаны Жапония.  Жапырағы қылқанжапырақтыларға ұқсас  ағаш тәрізді болып  өседі. Бөлмеге бұталы өсімдік ретінде сән береді. Қалемшесі немесе тұқымы арқылы көбейтеді.

Фикус инжир (Ficus carica) бөлме өсімдігі.  Отаны Индия, Австралия. Бұталы өсімдік. Бөлмеде үлкен бұталы ағаш тәрізді. Каучукті фикус деген де атауы бар. Гүлі ақ түсті, сары түсті жеміс береді. Бұл бөлме өсімдігінің бір ерекшелігі, гүлін түнде ғана ашып, тез арада жеміс береді. Жапырағының көлемі 13 см.

Кротон - бұталы өсімдік. Отаны Оңтүстік Батыс Азия . Бөлме жағдайында сирек гүлдейді.  Гүлі ұсақ, ақ түсті болып келеді. Жапырағының әдемілігі үшін өсіреді.

Өсімдіктерді күтіп-баптау барысында қандай қиындықтар болды?

Мұндағы өсімдіктерді күтіп-баптауда еш қиындық жоқ деуге болады. Негізінде, суын уақытылы  құйып, жапырығын жуып, шаң–тозаңнан  тазартып, су бүркіп тұру керек. Сонымен қатар, көктемнен күзге дейін 2 аптада 1 рет минералды тыңайтқышпен қоректендіру керек. Жабық грунтта болғандықтан зиякестен арылу мақсатында айына 2 рет  «Актара» дәрісін пайдаланамыз. Актара - исі жоқ түсі ақ ұнтақ ерітінді. Көктем айында топырағының бетін тазалап алып, жаңа топырақ саламыз.

Алматы қаласында жас натуралистер стансасында жұмыс орнымда гүл үйірмесін жүргізгенбін. Өсімдіктер әлеміне  қатысты қазақ тілінде жазылған материалды тапшылығы болды, әрине.  Орталық кітапханада қазақша бөлме гүлдері туралы ақпаратты табу мүмкін емес болатын. Сондықтан, кітап дүкенінен Москваның «Мартин» баспасынан шыққан «Комнатные растения» деген үлкен энциклопедиясын  сатып алып, қазақшаға аударуыма тура келді.  Сол кітаптан үйренгенімді тәжірибе жүзінде балаға көрсету арқылы сабақ өтетінмін. Кейіннен сүйікті «Гүлстан» журналыммен, және «Өсімдіктер әлемі» оқу-әдістемелік кешенінің авторы Гөзел Құлжабаеваның дидактикалық матералдарымен танысып, көзім ашылды десем болады. Өйткені, мен сіздердің материалдарының арқылы ең әуелі өзімнің білімді, одан кейін алдымда отырған баланың білімін арттырдым.  Содан бастап сіздердің тұрақты оқырмандарыңызға айналдым. Әрбір санын асыға күтемін. Қазіргі уақытта сабақ бермеймін, дегенмен, осы жұмыс барысында сіздердің ақпараттарыңызды жиі пайдаламын.

-          Алға қойған мақсатыңыз не? Болашаққа жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз.

-          Алдағы уақытта қысқы бақты одан әрі көркемдеп, жаңарту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Атап айтар болсам, күн сәулесі түсетін терезеге қашықтықтан ашылып-жабылатын жалюз қою, сонымен қатар, бұл жер жабық алаң болғандықтан, желдету құрылғыларын орнату, сондай-ақ, коллекциямызды жаңа әрі сирек өсімдіктермен толықтыру жұмыстары жүзеге асырылатын болады. Бақтың ішіне адам кіргенде, жанын жадырататындай қалыпқа келтіруді жоспарлап отырмыз. Көгалдандырумен айналысып жүрген маман жан-жақты болуы керек деп ойлаймын. Менің басты мақсатым, қазір өсіп тұрған гүлдерге күтім жасай отырып, ішін одан әрі көркейту әрі келушілерге білгенімді бөлісу.

 

СҰҚБАТТАСҚАН:

"Ғылымды насихаттау, қоғамдық ақпарат және баспа ісі" бөлімінің бас маманы   Назира БУРХАНОВА

0
0
1712

Балалық пәк жүрегім

 

Алматы қаласында тұңғыш Президентіміздің саябағы 40 гектар жерде орналасқан , ішінде музыка ырғағына сән беретін су бұрқағы  керемет!

Білмедім неге?

Сағынамын күнде.

Балалық пәк жүрегім

Өзіңе жету тілегім-осындай өлең жолдары келді, бүгінде жасыл желекке оранған Алматымды сағынып,төсектен ұзақтау жатып,ояндым.


Менің әкем Жақсыбергенов Райымбек Маратұлы 1978 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы ,Созақ ауданы, Ф.Энгельс атындағы кеңшарда (қазіргі Қарақұр) ауылында дүниеге келіпті. Ал анам, Мақпал бір жасқа толып жатқанда,менің әкем Райымбек 1984 жылы мектеп табылдырығын аттапты. Ойласам қандай қызық,әрі ғажап.

Мен кім болам? Тәрбием қалай? Достарым,сыныптастарым қандай? Осындай мазасыз ойлардың жетегінде жүріп атам Марат, әкем Райымбектің жолдарын ,істерін жалғастырып дәрігер болу керек пе? Кез-келген кәсіпті игеру,қандай қызмет атқарсаңда еліңе пайда келтіру,өз ісіңе шын жан-тәңімен сүйіп,маздатқанда қандай керемет десеңші? Менің Марат атам 2008жылы Мекке-Мадинадан қажылық парызын өтеп қайтты,бірақ ата-тайым бізді өкіндіріп,2015 жылы 3 тамызда дүниеден өтті. Ата-шым жайлы өмірдерек «Тәуелсіз Қазақстан қажылары» деген атпен шыққан кітаптың алтыншы томының 133-ші бетінде жазылған. Марат атамнан бастау алған дәрігерлер біздің отбасымызда өте көп. Әкемнің  үлкен ағасы Абай көкем медицина ғылымдарының докторы, профессор. Атам бізге үзбей әңгіме атып отыратын,сол әңгімелерінің ішінде ол кісі Алматы қаласындағы мемлекеттік медицина институтында оқып жүрген кезіндегі кейбір қиын кездерін айта отырып,сол қиындықтарды жеңу үшін студент бола жүріп ,фельдшер болып жұмыс жасап, ақша табумен бірге,өз кәсібін шыңдағанын құлағыма құя беретін. Балаларым, өмір иман мен күрестен тұрады. Адам бойындағы артықшылық сана,ал санадағы артықшылық иман. Қасиетті Мекке-Мадина қаласының тазалығы,адамдарының киім киісі,әдеп-ғұрып бір ерекше,ашық-шашық, қалай болса,солай киінген адам жоқ,бір керемет тәртіп,-деп таңырқап отырып,құран оқи  жөнелетін. Атам құран оқыған  сайын мен де тыңдап жүріп, құранның біраз сүрелерін жаттап та алдым. Атамның киімі ілініп тұратын шкафтарының есігін ашып, ілініп тұрған костюмнің жеңін маңдайыма тигізіп,тірі болсаң осылай мандайымнан сипап,сүйіп жүрер едің ғой аташым деп жылап аламын.

Мәскеуден шығатын медициналық журналдарға жазылып,әрбір бетін жібермей оқып,кейбір  аса ерекше деректерді төс қалтасында жүретін қойын дәптеріне жазып алып жатып,мына журнал, газеттерді жыртпаңдар,қайта сақтап қойыңдар сендердің іштеріңненде менің жолымды жалғастыратын дәрігер болатын шығар деп, ойын айтатын. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы халқымызға арналған дәстүрлі Жолдауларында ең алдымен халық денсаулығы басты басымдықтар қатарында көріну керектігін  үлкен пір тұтатын атам,өзіненде дәрігер балалары мен келіндерінен де барынша елге саналы адал қызмет етуді талап етумен қатар,шаршамай өзіде ат салысатын. Әкем Райымбек Маратұлы қазақ халқының денсаулыққа байланысты мақал-мәтелдерді жіпке түзгендей етіп,атамның айтқандарын қазір бізге айтып отырады. Өз ұстанымында солай «Он екі мүшең сау болса,қара басың ханмен тең!» 2016 жылдың 20 наурызда өтетін аудандық мәслихат депутатығына кандидат болу үшін жинақталған құжаттарының бірінші бетінде осы дара сөзді айшықтай үлкен әріптермен жазып қойды. Мен оны дереу жаттай қойдым.

Алматыны  сағына беретінімніңде орны бар.Ол әсем қалада нағашы әжем тұрады. Біздің үйдегідей ол кісінің үйінде де кітап,газет журналдар барлығы 700 ге жуық. Әжем үйдегі кез-келген затты алып,пайдаланып, ұнаса әкетулеріңе болады деп рұқсат береді.  Ал, кітаптарым мен газет –журналдарға тисетін болсаңдар ат құйырығын кесісеміз дейді. Себебі,біздің  кітапқа деген сүйіспеншілігімізбен махаббатымызды нағашы әжем осылай ашса  керек.

Мен Алматы қаласындағы № 105 Медеу ауданындағы балалар бақшасына бардым. Үш жылдай сол бақшада тәрбиелендім, сол бақшаға кезінде менің анам Мақпал да барған екен. Менің ол бақшаға баруымның себебі,артымнан көп ұзамай-ақ Інжу сіңлім дүниеге келіпті,Анамның анасы Зәуре Дөненбекқызы  қызына жаны ашыған болу керек,мені дереу Алматы қаласына әкеліп,осы қаладағы айтулы қазақ балабақшасы № 105 –ке апарыпты. Балабақшаға жеткенше нағашы әжем небір ән-жырларды,өлең-тақпақтарды жатқа оқитын. Кез –келген өлеңді оқығанда жазған авторын қоса айтады.

Адам деген,пенде ғой,

Ақымақ болу демде ғой.

Пай-пай,шіркін денсаулық,

Бақыттың бәрі сенде ғой –деп жазған Мұқағали  Мақатаев деп үйретеді әжем және де тәпкіштеп әрбір сөзін түсіндіреді.

Білмеймін неге олай ететінін.Ол өлеңнің керегі маған сол кезде шамалы –ақ. Өйткені,ауылдағы ата-әжем , ата-анамды үзіле сағынамын. Кейде ішіме сыймай жыласам, қанша мейрімді жан бола тұра,әжемнің көзі қаттырақ бақырая қалса, дереу көз жасымды тыя қоямын. Сол кезде нағашы атам дереу мені кеудесіне басып, қара қызым-ау,сен ақылдысың ғой жаз шықса ауылыңа алып барамын дейтін. Мен осылай үш жазды Алматы қаласында өткіздім. №105 балалар бақшасымен қоштасып ауылға бірақ қайттым. Ал енді, керісінше сол әсем қала  Алматыны сағана беремін. Менің нағашы атам Төлеу ,ол кісіде  2009жылы  дүниеден озды.

Бүгінгі мен білім алып жүрген алтын-ұя мектебім Тәкен Әлімқұлов атындағы лицей-интернат. Ұстаздарымда, мектебімде,сыныптастарымда жаныма жақын, бәрін жақсы көремін. Сонда да болса, әсем қала, мен үшін сүйікті Алматыны сағына беремін, сағана беремін.

2017 жылы Республикада Қысқы универсиада Алматы қаласында өтті. Асыл  да қайсар, қамқор нағашы әжем Алматы қаласынан телефон шалды, міндетті түрде Іңкәрді алып кетемін, қысқы универсиаданың ойындарын тамашаласын. Әрине қуандым. Бірақ, сол күндері мен ыстығым көтеріліп ауырып жатқан едім. Менің қызыуымның көтеріліп тұрғанын көрген әкем, Алматы қаласына жібергісі келмеседе, енесінен, яғни нағашы әжемнен баталмады білемін.Дереу жолға дайындалдым.

Алақай, мен Алматыдамын

Мәнерлеп сырғанау сайысына қатысатын дүниежүзілік алтын жұлдыз иегері, чемпион  Денис Тен де қатысатын  телеарналарда жарнама берілді ғой. Мен әрине сол мәнерлеп сырғанау ойынды тамашалау үшін асыл әжеме арманымды айттым. Арманым орындалды. Билет қолда, бірақ мәнерлеп сырғанау қыздардың қатысуымен өтетін сайысты көрдік. Дүниежүзілік спортшыларды көру тек телеарналардан ғана көруге болатын, мен үшін көзбе-көз тамашалау, керемет ғимараттың архитектуралық келбетін көру және ішіндегі үлкен монитор арқылы мұз айдынындағы әр сырғанаған спортшының шеберлігін тамашалау ерекше әсер етеді екен. Негізі Алматы қаласында өткен Қысқы универсиадаға республика көлемінде қысқы каникул беру керек екендігі ойыма бірден келді. Себебі, осы  қысқы универсиаданың өтуіне қатысушы ретінде тек Алматы  қаласының оқушыларына ғана қысқы каникул жарияланды деп естідім. Болашақта Алматы қаласында оқу жылында өтетін халықаралық универсиада, олимпиада болса шалғайдағы ауылдардан, аудандардан жасөспірімдер келер еді, ата-аналарымен, ата-әжелерімен. Экономика саласына да үлес болар еді. Ішкі туризм саласын дамытуға да әсер болары анық.Себебі еліміздің керемет тарихи жерлері көп, әсіресе Алматы қаласында орналасқан Медеу спорт кешені, Шымбұлақ кешені, Абай атындағы опера және балет театры, М.Әуезов атындағы академиялық театр, Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер  театры, «Д.А.Қонаев мұражайы» , Д.А.Қонаевтың мемориалдық пәтер мұражайы, МЕГА кешенінің ішіндегі кинотеатрлары да , «Гүлстан» гүлзар бағы 1000 астам өсімдіктері әлемі 0,5 гектарда орналасқан,  «Книжный город» және «Меломан» кітаптар дүкені осының бәрі менім сүйікті Алматы қаламда орналасқан. Әсіресе, балалар әдебиетінің басқа тілдерде шығатын ертегілері, кітаптары, аудио, CD дисктерін көргенде, менде бір арман болды. Ол есейген кезде жазушы болсам, қазақ руханиятына ,әсіресе балаларға арналған әңгімелер мен ертегілерді көптеп жазатын едім . Ол уәдемді орындау үшін жақсы оқу мен қатар, әдепті қыз болып отбасымды , елімді , халқымды қуантсам деген алдыма үлкен мақсат қойдым.

P.S.  "ЮВИЖН" халықаралық сайтының ұжымына шығармашылық тілеймін.  Өз басым егеменді елдің ертеңінен үміт күтетін жас бүлдіршіні болғандықтан, өзім сияқты басқа оқушыларға, ата-аналарға сіздердің сайттарыңызды тұрақты түрде оқып тұрса деген   тілегімді білдіргім келеді.

 

Іңкәр Марат

Тәкен Әлімқұлов атындағы лицей-интернатының

8 сынып оқушысы .

Созақ ауданы

Оңтүстік Қазақстан  облысы

 
0
0
975

Таңғажайып демалыс орны

Әдетте, сенбі-жексенбі болса бітті, үй тірліктерінен көз ашпай, содан дүйсенбі күні жұмысқа келе саламыз ғой) Біз үшін демалыс ол - үй жинап, кір жуу, қала берді, бала-шаға мен қайын жұрттың жағдайын жасаумен өтіп кететіні жасырын емес. Бірақ, жақында мен бір жылға энергия берер керемет бір жерде болдым:)) Ол қандай жер болды екен деп отырған боларсыз? Көп күттірмейін...

Ол - Алматының іргесіндегі Қаскелең маңында орналасқан «Нұрлы Тау» демалыс орны. Мекеме басшылығы жақында БАҚ өкілдерін осында атқарылып жатқан игі істермен таныстыру мақсатында арнайы қонаққа шақырған болатын. Ең әуелі, бұл жерден алған әсеріммен бөліссем.

Сонымен, Нұрлы тау маған несімен ұнады?

 

Өзен алабалығын аулау

Дәмі тіл үйіретін таңдаулы жеңсік ас

"Нұрлы Тау" ханбалық шаруашылығында Сіз қармақ және жемді жалға ала аласыз. Жақсы демалып қана қоймай, өзіңіз аулаған балыққа тойып әрі қоржыныңызды олжаға толтырып қайтуға мүмкіндігіңіз бар.

Біздің өзіміз ұстаған балықты пісіріп берді. Дәмі енді керемет:))

Атпен серуендеу

Таңғажайып Қаскелең шатқалында серуендеу

"Нұрлы Тау" белсенді демалыс орталығы сіздің отбасыңыздың барлық мүшелері үшін таза ауада ұмытылмас әсер мен тамаша демалыс сыйлады. Тас жолда өскен қызым асыр-салып ойнап, қатты шаршап, рахаттана ұйықтады)

Негізі, менің "дурацелімнің" энергиясы оңайлыөпен таусылмаушы еді, Нұрлы тау оған ерекше қанат бітіріп, ерекше көңіл күйге бөлегені байқалды:))

Тауға серуен

Табиғатты тамашалап, таза ауада серуендеу

Саф ауада терең тыныстап, жақсы тынығып қана қоймай творчестволық жұмыспен айналысуға таптырмас жер екен. Сонымен қатар, Қаскелең шатқалында серуендеу мақсатында велосипедпен серуендеу арқылы қаланың қым-қуат тірлігінен бір мезгіл демалып қаласыз)

Балалар алаңқайы

Ата-аналары балық аулап, велосипед теуіп, атқа мініп дегендей демалған кезде, балалардың уақытты қызықты әрі тартымды өткізуге мүмкіндік бар. Алаңсыз жүре бересіз) Қызым осы алаңнан шықпады, ал мен өз жайбарақат балық аулап, қым-қуат тірлікті ұмытып бір серпіліп қалдым:)

Түйелермен серуендеу

"Нұрлы Тау" белсенді демалыс орталығы тамаша демалыс пен түйемен серуендеуден алатын ұмытылмас әсер қалдырды.

Киіз үйде демалу

Сіз тынығу үшін мұндағы қазақтың ұлттық киіз үйлердің біріне тоқтауыңызға болды. Ішінде өзіңізді тура өзіңіздің үйіңізде жүргендей сезінесіз)

Грузинше әзірленген кәуап

Сіздің ерекше ас мәзірі бойынша әзірленген грузинше кәуаптан дәм татуға мүмкіндігіңіз болады. Ол кәуаптың дәмі таңдайыңыздан ешқашан кетпейтініне сенімдімін)

Үйлену тойы, қыз ұзату және т.б. жиын өткізу

Тамаша табиғат, таза ауа және бейтаныс адамдардың болмауы салтанатты шын мәнінде отбасылық мерекеге айналдырады. Жақындарымның тойларын, қуаныштарын осында өткізуге болады екен деп ой түйіп қайттым)

P.S. Бір күнге созылған керемет демалыстан алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оны тек көзбен көріп, жүректен сезіну керек.

 

Айтпақшы, бағаларына келер болсақ, су тегін деуге болады. Алмаарасаннан арзан, тіпті бағалар кәдімгі қаладағы демалыс орындарынан әлдеқайда арзан екен. Сондықтан, қай-қайсымыз үшін де қолжетімді. Достар, бауырлар міндетті түрде барып, көріп, жақсылып демалып қайтуға кеңес беремін:)

Алдағы уақытта жалғасы міндетті түрде болады. Келесі посттарда ондағы балық және оның күтімі жайлы толығырақ ақпарат беретін боламын. Сонымен қатар, экслюзивті суреттер мен пайдалы мәлімметтермен де бөлісемін. Ендеше, күтіңіз!

 
0
0
2504

Ақын тағдырына арқау болған спектакль

 

Кеше Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында «Театр көктемі – 2017» фестивалі басталды. КСРО және Қазақстанның халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналған биылғы фестиваль «Ақан сері Ақтоқты» трагедиясымен ашылды.

Қазақ драматургиясы саласындағы шоқтығы биік туындылардың бірі    «Ақан сері мен Ақтоқты» пьесасы десек артық айтқандық болмас. Әйгілі У.Шекспирдің «Ромео-Джульеттасымен» қатар тұратын Ғ.Мүсіреповтің бұл туындысы – ұлттық драматургияның інжу-маржаны ретінде бірауыздан мойындалғаны баршаға мәлім. Осы ретте, әдеттегідей сүйікті театрымнан көптен күткен спектаклді тамашалаудың сәті түскен болатын.

Пьесаны белгілі актер әрі режиссер Қуанышбек Адылов сахналапты. Қазақ классикасының інжу-маржаны жаңа режиссердің қолтаңбасымен өзгеше бояумен берілгені көрініп тұр. Қазақтың халық жазушысы, драматург Ғ.Мүсіреповтың бұл шығармасы Ақан сері мен Ақтоқты арасындағы махаббат жайында баяндалады. Қойылымда ізгілік пен зұлымдық, ескі мен жаңаның тартысы, махаббат үшін күрес көрініс тауып, қазақ ән өнерінің ақиық ақыны Ақан бейнесі жан-жақты ашылған.

Махаббат болған жерде қызғаныш та қатар жүретіні анық. Спектаклді көру барысында сегіз қырлы бір сырлы Ақан Сері мен ақылына көркі сай ару Ақтоқтының қайғымен аяқталған махаббатының куәсі болдым.

Театр сахнасында сал-серілердің падишасы, ақиық ақын Ақан серінің рөлін ойнау Қазақстан "Серпер" Жастар одағы сыйлығының лауреаттары Алмас Шаяхметовке бұйырыпты. Талай асуларды бағындырып жүрген талантты актердің өнеріне баға беріп жатудың өзі артық. Ақан әндері мен күйлерінің арқауына айналған ару Ақтоқты бейнесін Қазақстан "Серпер" Жастар одағы сыйлығының лауреаты Ләззат Қалдыбекова өз деңгейінде жеткізе алды. Дарынды актриса Ақтоқтының болмысын өзінше тануға тырысқанын аңдамау мүмкін емес. Ақ өлеңмен айтылатын әр сөзінің сәулесін сезінуге тырысатыны көңіліме қуаныш ұялатты.

Сонымен қатар, Науан хазірет пен Жалмұқан, Қорамса мен Қоңқай, Балта мен Жылкелді секілді айшықты образдарды ашу барысында нағыз таланттар бой көрсетті. Сал серілер заманына тән сипатты режиссер қолдан келгенше сетінетуге тырысқаны сахна шымылдығы ашылған сәттен-ақ белгілі болды. Мұндағы Ақан қыз көзі көзі жайнайтын, қызық қуған Ақан емес, теңдік үшін, әділет үшін шырылдап жүрген азаматтық үні басым күрескер.

Ұлттық драматургиямыздың жауһарына айналған бұл пьеса қай кезеңде де, қай ғасырда да өзекті болары даусыз. Қысқаша айтқанда, қойылымнан ерекше сезіммен оралдым. Сіз де көріңіз, оқырман. Бәлкім, сіз де өз сауалдарыңызға жауап тауып қайтарсыз. Кім білсін?...

P.S. Сөз соңында, барша театр майталмандарын төл мерекесімен құттықтай кетуді жөн көріп отырмын.  Көрермен көңілін нұрға, жүректерін жырға бөлеп, халқымыздың ұлттық құндылықтарын ұлықтап, өнерсүйгіш ұрпағымызды тәрбиелеу жолындағы игілікті еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер, ұлтымыздың саф өнерін жандандырып, биік белестерден көріне беріңіздер деген жылы лебізімді білдіргім келеді. Фестиваль құтты болсын!

 

.

 
0
0
3038

Веронадағы МАХАББАТ трагедиясы

 

Өмірі таусылмайтын қым-қуат тіршілік, көштен қалмайын деп бәселестікке ұмтылу тағысын тағысы күнделікті күйбеңге кісендеп, руханият дейтін мөлдір әлемге бір сәтке болса да бұрылуға мүмкіндік бермей жататыны жасырын емес. Таңның атуы мен күннің батуын аңдыған тірлігімізге қарап қынжылатынымыз да бар кейде. Оның үстіне толассыз тасқынмен келіп жатқан ақпараттар санамызға сызат салмай тұрмайды. Осындайда әрбір ойлы жан жүрек тыныштығын іздеп, аласұрып жататыны анық. Әркімде болатын жағдай. Ал, енді осыдан шығар жол қайсы?! Өнер саласы ішінде театрдың орны қашан да бөлек.


Театр – өмірлік сұрақтарға жауап іздейтін, адамның санасы мен рухын қозғайтын өнер. Театр бағзыдан адам баласының ішкі айнасының қызметін атқарып келеді. Киімілгіштен басталатын мәдениет ордасы сан алуан тағдырлар тоғысып жататын сахнаға шақырады да тұрады. Ақ пен қара, бақ пен нала алысып жататын қым-қуыт та кіршіксіз әлемге қызыға да, қызғана да қарайсың. Түмен түрлі талқыға түсіп, табанымыз тозғанда, көңіліміз елегізгенде, театр дейтін тамашаны талғажау ететініміз бар.

Театр – рухани азық алатын, көңіл түкпірінде жасырынып жатқұан барлық түйткілдерді бір сәтке ұмыттырып, өнердің құдіретінен ләззат алып сергіп қалатын рухани орда. Аптасына кемінде бір рет театрға барып, спектакль тамашалағанды қатты ұнататыным да сондықтан. Көптен бері әйгілі У. Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясын көруді жоспарлап жүр едім. Жақында сол ойымды жүзуге асырып, санамды мәдени тұрғыдан сергітудің сәті түсті. Қазақ театрының әлемдік деңгейдегі пьесаны қоюы мені қатты қуантты.

Тақырыпқа сай безендірілген сахна көрермендерге оқиғаның ортасында отырғандай әсер етті. Пәк махаббат пен іңкәр сезімнің нәзіктігі де спектакльде анық бейнеленеді. Сахна да сол заманға сәйкестендіріле жасалыныпты. Қоюшы режиссер классикалық туындыны сахналамас бұрын жан-жақты ізденіп, көрермен жүрегіне жол табуға тырысқаны байқалады. Трагедиядағы оқиғаның соншалықты қайғылы болғанына қарамастан, шыны керек, кейде жымиып, кейде күліп алған да сәттер болды.


Спектакльден Джульеттаның психологиялық өсуі, ерке шолжаң қыздан, махаббатқа лайық көрікті бойжеткенге, одан сол махаббаты үшін құрбандыққа бара алатын аяулы кейіпкерге айналғандағы ішкі трансформациясын көреміз. Италия көшелерінің шат-шадыман көңіл-күйі, таң шапағының нәзіктігі мен өлім сахналарының драматизмі – бәрі де асқан шеберлікпен көрсетілген.


У.Шекспирдің бұл трагедиясы өмірде бірге болсақ деп қол ұстасып, тағдырдың тек жақсылығын көруге ұмтылған қос ғашық жайында. Қыз бен жігіттің адал махаббат жолындағы күресі тарихтың ақ таңдақ беттерінде сайрап жатыр.

Капулетти мен Монтекки әулетінің ежелден келе жатқан жауластығы... Ромео мен Меркуционың адал достығы... Бәрін айтта бірін айт, жаяу адам жатып қарайтын, атты адам түсіп қарайтын көрікті қыз Джульеттаның бір көргеннен маздап тұтанған Ромеоға деген ғашықтық сезімі, екі жастың адал махаббаты баяндалатын туынды маған терең ой салғаны рас.

Бірнеше ғасырлық тарихы бар Шекспирдің бұл шығармасы шоқтығы биік туынды деуге болады. Спектакльді көру барысында махаббат деген қасиетті ұғымның қанды оқиғаға айналуының куәсі болдық. Қойылым адам бойындағы менмендік, пендешілік сынды қасиеттерді жан-жақты ашуға тырысқан. Ромеоның ролін –жас талант Мерей Мұхтарұлы, Джульеттаны – (Ләйлә Тілеуова - менің ең сүйікті актрисамның бірі екенін жасырмаймын. Ләйлә өте нәзік әрі көрікті Джульеттаны әдемі жеткізе алды), Тибальтті – Жасұлан Байсалбеков, Бенволионы – Елжан Тұрыс, Меркуционы – көпшілікке "Бауыржан" филімі арқылы таныс, талантты әртіс Еркебұлан Дайыров, күтушіні – Гульнар Жакупова ойнады. Лоренцоны сомдаған актер атақты Бекжан Тұрыстың актерлік шеберлігіне баға берудің өзі артық. Тума талант дерсіз.


Спектакль басталғанда залда ине шаншар жер болмады. Актерлердің шеберліктерінде ешқандай мін жоқ. Қойылым сөзсіз жоғары деңгейде қойылды. Бірінші актіден кейінгі антракт арасында көрерменнің ешқайсы үйіне кетіп қалмай, екінші бөлімін көруге қалуы – соның айқын дәлелі.

P.S. М. Әуезов атындағы академиялық драма театры өзіне жүктелген міндеттерін абыроймен орындап, уақыт талабына, талғам деңгейіне, заман ағымына сай қызметтерін жалғастырып, қаланың мәдени ірі орталыққа айналуына үлестерін қосып келеді.

Егілдік...езілдік... сезіндік... Ойлы қойылымға келген көрермен ішінде көкейіне салмақты ой түймей кеткені жоқ деп нық сеніммен айтуға болады.

Меніңше, театр өз мақсатына жетті. Киелі өнер ордасының негізгі көздегені де – адамның «рухани моншасына айналу», жүрегін тазарту. Сөз соңында, театр ұжымының еңбегіне табыс, шығармашылықтарына шарықтау тілеймін! Әрқашан көрермендеріңіздің ерекше ықылысына бөлене бергейсіздер, өнер тарландары деген ізгі лебізімді жеткізгім келеді.

Назира БУРХАНОВА

0
0
1508

Құстар тіліндегі сыр

Жуырда мен театр әлеміне саяхатымды жалғастыра отырып, белгілі жазушы, драмматург Д. Исабековтің «Құстар фестивалі» пьесасын тамашалап қайтқан болатынмын. Премьера қатты ұнады. Алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Дегенмен де, ойымды қағаз бетіне түсіріп сіздермен бөлісуді жөн көрдім. Сонымен...

Адам тағдырымен ұштасқан

«Құстар фестивалі» дегенге, туынды құстар жайында деп ойлап қалған боларсыз?  Жо-жоқ, мүлде олай емес! Драмматург мен режиссердің шеберлігі сонда, пьесада құстардың түрлі әрекеттері арқылы адамзат бейнесін аллегориялық жолмен аша түскен.

Оқиға желісі бойынша, құстар арасында ұйымдастырылған ән байқауына әтеш, қарға, көкқұтан т.б. қатысып, жүлдеге таласады.  Әлбетте, барлығы да оза шауып, мәреге жеткісі келеді. Бірақ, жарыстың аты жарыс. Тек біреуінің бағы жанатыны анық. Қызықтың көкесі осы жерден басталады...


«Құстар» арасындағы тартыс

Спектаклде мәдениет пен өнер саласында ғана емес, қазіргі қоғамдағы болып жатқан жең ұшынан жалғасу, коорупция, әділетсіздік,  күштінің әлсізге күш көрсетуі, түрлі бәйгеде  шын жүйріктер емес, «крышасы» мықты жабылардың озып кететіні сияқты келеңсіз жайлар баяндалады. Шыны керек, бүгінде кейбір байқауларда дауысы жоқ болса да талантты «бұлбұлдардың» емес «қарқылдаған қарғалардың» бас жүлдені алатыны таңсық жағдай емес.

Қойылым өмірдегі, қоғамдағы түрлі қайшылықтарға, әлеуметтік, психологиялық тартыстарға толы. Адамгершілік, біреуге қол ұшын беру, талантты қолдау, өнерді түсіну сияқты құндылықтарды тәрк етіп, дүние – жалғанның жетегінде кету, соңында осы ойсыздықтың жазасын тарту – қай қоғамда да кездесіп жататын құбылыс. Ал, оны жеріне жеткізе жазу бар да, өмірдің боямасыз осы көрінісін қаз – қалпында көрермендер назарына сахна тілінде сөйлете білу үлкен өнер. Бұл тұрғыда  режиссердің  (С. Рысбайұлы) адамның жан дүниесі мен тағдырын терең зерттеп, соны ізденістеге баруы, актер мен көрермен арасындағы шынайы байланыс орнатуға талпынуы, сахнадағы жүріп жатқан қойылымның барынша сенімді шығуына күш салғаны аңғарылады. Пьесада  жекелеген адамдардың өмірі арқылы қоғамдағы күрделі, түйіні тарқатылуы қиын актуалды мәселелер тақырып арқауына айналған.

Сахнадағы саңлақтар

Режиссер құстардың фестивалі арқылы дәл қазіргі кездегі өнер әлемінің қыр-сырына үңіле отырып, қоғам шындығын дөп баса білген. Драмматург мен режисердің идеясын сахнадағы актерлер әдемі жеткізе білді. Бір жарым сағаттың аясында  бар өнерін салған шынайы талант илерінің еңбегін айтпай кетпесе болмас.  Мұндағы  актерлік құрам  қойылымның мазмұны мен жалпы сипатын ашуға келгенде аянбағандары байқалып тұрды. Бір-біріне ұқсамайтын кесек-кесек образдар. Әр кейіпкер өзіне тән характерді дөп басып таба алған. Олардың  әрқайсысының характер табуға келгенде ерекше ізденістері байқалды.

Талантқа тағзым

Қашан да сахнада жай ойнап қана қоймай, өмір сүре білетін Мерей Әджібековке бұл жолы сауысқанның рөлі бұйырыпты. Тума талан. Дарын. Шынайылық. Мұның бәрі бір өзінен бойынан табылатын Мерейдің қай образы болмасын қалың жұртшылықтың жүрегіне жол табатыны сөзсіз.

Көпшілікке түрлі фильмдермен қатар және театр арқылы таныс Гүлбахрам Байбосынова бұл жолы тоты бейнесін сомдапты. Актрисаның актерлік шеберлігі мен сұлулығы ұштасып, қалың көрерменді өнеріне сүйсінтті.

Қойылымнан соң  Лиза Серікова, Данияр Базарқұлов сияқты майталман әртістермен шынайы өмірде танысып, сұхбаттасудың сәті түсті. Сүйікті актрисаммен дидарласып, суретке түсу бақытына ие болғаныма қатты қуандым.

Режиссер мырзаның көкек образын қалың көрерменге түсініктірек болуы үшін қазіргі эстрада әншісі МС Сайлаубек сияқты әншімен байланыстыруы үлкен тапқырлық болды деп ойлаймын. Бұл өнер өнеріндегі «рэп» сияқты жеңіл-желпі құбылыстың белең алып бара жатқанын көрсете отырып, терең ойға жетеледі.

Бір арнаға тоғысқан төрттаған

Бізде көбінесе қандай да бір қойылымға баға бергенде театрдың тұтқасын ұстап тұрған үш мықты: драматург, режиссер, актерлер туралы айтылады да, сол әдемі дүниенің бізге жетуі үшін күш салатын суретшінің де еңбегі бар екені назардан тыс қалып жатады. Негізінде, осы төртеуінің таным таразысы теңесіп,  күші мен ісі бір арнаға тоғысса ғана оның тегеурініне бөгет атаулы шыдас бере алмайды. Сәтті құрылған төрттаған ғана көрерменін жылдар бойы жалықтырмайтын тұғырлы туындылар тудыра алатынын анық.

Спектакльдің сценографиясы көрерменін бейне бір ертегі әлеміне енгендей әсерде қалдырды. Қоюшы-суретші Қуат Түстікбаев қызылды-жасылды  костюмдері баршаның назарын аударғаны даусыз. тұр. Суретшінің қолынан шыққан Бүркіттің (актер Бейбіт Қамаранов), Қарғаның (Ұлан Болатбек, Нұргүл Мыңғатова, Жанар Мақашева), Ата қаздың (Жомарт Зейнебіл), тауыс (Лиза Серікова), әтеш (Ерлан Кәрібаев), балапан (Ербол  Идрисов)  сахналық костюмдері кейіпкерлердің образдарымен керемет үйлесім тапқан. Нағыз әнші құс бұлбұлдың (Ақбота Қаймақбаева) талантсыздардан көрген теперіші  көрермендерді бейжай қалдырмады. Сөз соңында айтарым, баланың қабылдауына ауырлау бұл шығарма ересектер үшін тамаша тарту болмақ.

P.S. Театр –  әрбір адамға қуаныш, қызық, ұмытылмас әсер сыйлайтын мәдениет үйі. Театр ол рухани  азықтың алтын ордасы. Сондықтан, театр көрерменін, көрермен театрын  жоғалтып алмаса екен деген тілегім бар. Театрға жиі барып тұруға тырысайықшы, ағайын!

Назира БУРХАНОВА

 
0
0
2138

Бақыт кілті неде екенін білгіңіз келсе...

Бақытты болу адамзат баласын қашан да толғандырған. Бақыт туралы ойланбаған адам, қалам тербемеген ақын-жазушы жоқ шығар, сірә. Ең қызығы, сол бақытты әркім әр жерден іздеп әлекке түсіп жатады.

 


Бірі бақытты баға жетпес байлықтан, бірі  денсаулықтан, бірі атақ-даңқтан іздесе, енді бірі отбасы – ошақ қасы, бала-шағадан табуды жөн көреді.
Өмірде аянмай еңбек етіп, маңдай термен тапқан бір күндік адал азығын қанағат тұтып, көңілі тоқ, жайбарақат күй кешіп жатқан жандар жетерлік.
Керісінше, күндіз-түні тыныштығын қорыған қарауылдары бар, зәулім сарайда тұратын ауқаттылар да баршылық. Олар не ішем, не кием деп басын қатырмайды. Сырт көзге үлде мен бүлдеге оранған бұл көрініс керемет бақыттай көрінеді.

Бірақ, бақуатты адамның бәрі бірдей бақытты бола бермейді. Орыс халқының  «Бақыт – байлықта емес» («Не в деньгах счастье») деген керемет сөзі бар. Шынымен де, қалтаңыз ақшаға, қораңыз малға толы болса да, қиын сәтте жаныңыздан табылар тірі жан болмаса – оның не керегі бар?  Демек, бақыттың кілті байлықта болмағаны ма? Сонда неде? Көкейде сауал көп, жауап жоқ.

Жақында тұсауы кесілген «Бақыт кілті» атты драма дәл осы сұраққа жауап іздепті. Жаңа туындыны тамашалап, өзіндік ой түю мақсатында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына арнайы барған едім. Премьерадан алған әсерімді сіздермен бөлісуді құп көріп отырмын.

Авторы – 2015 жылғы «Алтын қалам» премиясының жеңімпазы, жас драматург Қ.Мұрат. Режиссері – танымал өнер тарланы, талантты режиссер Е.Обаев. Қоюшы суретшісі –  өз ісінің хас шебері М.Сапаров. Сахна сыртында тұрған осы үштіктің бар еңбегін бізге ұсынған Т. Аралбай (Қанат) бастаған актерлік құрам да мықтылығымен көзге түсті.

Танымал кәсіпкер, бизнес әлемінде қазақ xалқын әлемге танытқан ардақты азамат Қазақстандағы аса ірі алтын өндіруші компания "Altyn Group Kazakhstan" кәсіпорнының  директоры Бауыржан Қанатұлы Асаубаевтың руxына арналған қойылым бүгінгі күннің өзекті тақырыбына арналыпты.

«Бақыт кілті» – қазіргі қоғамдағы бизнес саласындағы келеңсіздіктер жай­лы баяндайды. Жақсылық пен жамандық. Адалдық пен сатқындық. Жалғандық пен ақиқат. Осы қасиеттердің барлығы да спектаклдің өн бойынан табылған. Қойылым желісінде бақыттың кілті махаббат пен достықта не болмаса сыйластық пен түсіністікте болатын шығар деп болжағанымды жасырмаймын. Бірақ, олай емес. Бақыттың сыры тереңде екен...

Пьеса бас кейіпкердің көлік апатынан көз жұмғаны жайындағы радионың xабарламасымен басталады. Кейінірек, кәсіпорын басшысының өлім құшқанға дейінгі басынан өткізген шытырман оқиғаларымен жан-жақты өрби түскен. Қойылым барысында қым-қиғаш оқиғалармен бетпе-бет келе отырып, оқиғаның немен аяқталарына алаңдап, жанымызды шүберекке түйіп отырдық.

Сахнаның декорациясы да драманың тақырыптық-идеялық негізіне сай сәтті таңдалғандықтан болар, өзіміз де оқиға кейіпкерлерімен бірге шахтаға түсіп кеткендей күй кештік. Күңгірт мекен. Алтын тәрізді фон. Әрбір эпизодтағы жарық пен музыканың үндесуі. Мұның бәрі де қойылымға ерекше бедер беріп тұрды. 3 Д форматындағы проекциялардың оқиға желісімен үйлесім табуы әрі  экшн детальдарының көрініс табуы кино әлеміне сапар шектіргені сөзсіз. Драманың  басты ерекшілігі осы болды деп ойлаймын.

Бас кейіпкер көпшілікке «Бауыржан Момышұлы» филімі арқылы таныс Е. Дайыровтың актерлік шеберлігіне баға беріп жатудың өзі артық. Оның бастан кешкен оқиғалары жүректің шымырлатып, көзге жас алғызды. Ерлі-зайыптылар арасындағы өзара диалог жанға жылылық сыйлап, романтикалық өмірдің бояуын береді.

А. Сейтметовты үнемі жағымды образда көргендіктен болар, басында жағымсыз кейіпкер ретінде қабылдай алмағаным рас. Ал, мафияның мүгедек баласының рөлі шынайы шыққаны соншалық, көзімізге еріксіз жас үйірді. Жалпы, мұндағы актерлердің қай-қайсысы болсын өте сәтті таңдалған.

Жап кəсіпкер қара басының қамы үшін емес, қазақтың қара баласы үшін еңбек етеді. Алайда, ең сенімді серігім деп жүрген Ермектің сатқындығы өмірінің астан-кестеңін шығарды. Оқиға желісіне еніп кеткенім соншалық, Ермектің образын қойылымның соңына дейін жек көріп отырғанымды жасырмаймын.

Жолында кездескен барлық қиындықтарға қасқая қарсы тұра білген кәсіпкердің қарапайым халықтың жағдайын жақсарту жолындағы жасаған ігі істері көрерменнің көңілінен орын тапты. «Мақсатсыз өмір сүру – нағыз қасі­рет» деп санайтын кейіпкер көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.


Спектакльдегі маған қатты ұнаған фраза: «Қазақ жалқау емес! Қазақтың да  қолынан бизнес жасау келетіндігін дәлелдеймін!» Бұл күллі қазақ баласының ұраны сияқты көрінді.  Сонымен қатар, бас кейіпкердің аузымен айтылған: «Мен Тәуелсіз елдің шындығымын. Ал, шындыққа ешқашан оқ өтпейді» деген сөздер ерекше әсер еткені бар. Бұл жердегі бізге үлкен ой тастағысы келген  драматургтің идеясы жақсы жетті. Демек,  «Бақыт кілті – шындықта»...


Пьеса  өз елінің мүддесін ойлаған жастардың  өзінің еліне, жеріне деген ыстық ықыласы мен ізгі ниеті алға қойған мақсат-мұра­тына жеткізетіндігін көрерменге көрсеткісі келеді. Сахнада бейнеленген кәсіпкер келбеті көрерменді өзіне баурап алғаны қаратқаны анық.

P.S. Қорыта айтқанда, қойылым бір отбасының шынайы өмірде орын алған трагедиясы арқылы бүгінгі күннің түйткілді мәселелерін қозғай отырып қалың жұртшылыққа терең ой салады. Ендеше, қоғам шындығын көргіңіз келсе, театрға асығыңыз!

«Бақыт кілті» драмасы туралы мен осындай осындай ой түйдім. «Бақыт кілті» қайда, кімнің қолында?! Сіз өзіңізше жауап іздеп көріңіз, құрметті көрермен! Премьера құтты болсын!   Театрда жолығайық, ағайын!

Назира БУРХАНОВА

 
3
0
8113

Бақуатты болғыңыз келе ме немесе халыққа керек бастама

 

Әдетте,  бізде көп  бір іс-шара жай бір өткізу керек деген принциппен орысша айтқанда «для галочки» өтіп жатады.  Жасыратыны жоқ, содан кейін де, бұрынғыдай кез келген жиынға баруды қойғанмын.

Жақында маған қатты ой салып, санамды бір серпілткен бір керемет басқосудың куәгері болдым. Ол - республикалық ғылыми-танымдық,көпшілік «Гүлстан» журналы мен «Гүлзар» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған  «Агротуризм көрме-брифингі».


 

Аттары әлемге әйгілі ақын- жазушылар,  ЖООның басшылары мен ғалымдар және БАҚ өкілдерінің басын қосқан бұл көрме-брифинг қатысушыларды тамсандырды. «Ақ түйенің қарны жарылған» бұл күні біз көптеген нәрсеге тәнті болдық.

Шара барысында Қазақ ұлттық аграрлық уни­вер­­ситетінің профессоры әрі ігі іс­­тің басты ұйымдастырушысы Гөзел Құл­жабаева зиялы қауым өкілдерін жинаудағы басты мақсат елімізде агротуризмді дамыту екенін тілге тиек ете келіп, көпшілікті өзінің алдағы жоспарларымен таныстырды.

«Біреуге «мынаны істе» демес бұрын өзім неге үлгі ретінде жасап көрсетпеске? Мұндай тәжірибе менде бұрыннан бар. «Гүлстан» орталығында гүл мен ағаш егуді жұртқа насихаттап, оқушылар мен студенттерді тәжірибеден өткізіп, журнал арқылы пайдасын көрсетіп келемін. Халыққа көгалдандыруды насихаттаумен қатар, агротуризм саласын да дамыту керек екенін түсініп соңғы кездері осы бағытта жұмыс істеудемін. Біздің қазір атқарып жатқан және алдағы уақытта жоспарлап отырған жұмысымыз өте көп. Соларды сізге тізбектеп айтып берсем.

 

 

Бірінші кезекте, біз сүтті ешкілерді өсірмекпіз. Ешкінің  адамға қаншалықты пайдалы екенін осында саяхаттап келуші­лер­ге көрсетуді қолға алмақпыз.

 

Бізде асқабақтың емдік қасиеті мол тү­рінің бірнеше сорты өсіріледі. Асқабақтан көптеген тағам дайындауға болады.

Сонымен қатар, бүгінде біз бөдене өсірудеміз. Бөдененің еті де жұмыртқасы да  адам ағзасы үшін өте пайдалы өнім.

Тағы айта кететін жайт, байлама тоған шаруашылығын қолға алып, онда балықтың біраз түрін өсірудеміз. Мұндағы басты мақсат – агротуризмді  дамыту арқылы елімізде экологиялық жағынан таза ұлттық өнім өндіруге үлес қосу. Сонымен бірге, ауыл тұр­ғын­дарын еңбекке шақыру, ізденіске бау­лып, олардың бойында патриоттық, еңбекқорлық қасиетті дамыту.

Қазір неге елімізде ауыл шаруашылығы кенже қалды? Өйткені дамытуға тиіс азаматтардың басым  бөлігі қалаға қоныс аударуда. Қалаға келеді, тапқан ақшасы пәтер мен тамақтан артылмайды. Ал, отбасы ауылда қалып, берекесі кетіп жатқандар да аз емес. Сол азаматтар жерді игеріп, белгілі бір кәсіпке машықтанса жаман болмас еді ғой. Қазір жеке кәсіпкерлікті дамыту қажет. Бұл – халыққа керек бастама»,-

Бір күнге созылған изгі шара қатысушылардың барлығына үлкен ой салып, болашаққа жоспар құруына ықпал еткені анық. Көрмеде көрсетілген керемет нәрселердің бәрін жіпке тізіп айта берсек, том-том кітап болатыны сөзсіз. (Сондықтан, алдағы уақытта апайдың әр айтқан ойын жеке-жеке пост ретінде жазатын боламын).

Жиын барысында біз таза өнімнен жасалған дәмнен ауыз тиіп, қоржынымызды арнайы сыйлықтарға толтырып қайттық. Гөзел апайдың басшылығымен дайындалған бұл өнімдер өте дәмді әрі адам денсаулығына пайдасы зор.

Табиғат жанашырының осы уақытқа дейін Қазақстанды гүлдендіруге тигізген үлесі аз емес. Өзі жан-жақты, көпшіл, ұлты үшін жаны күйетін Гөзел апайдың атқарып отырған игі  істері, табиғатқа деген құрметі қашан да көпке үлгі боларлық.

P.S. Гүлстан мен үшін үлкен мектеп болса, Гөзел тәте мен Батима апай сол мектептегі сүйікті тәлімгерлерім дер едім. Өйткені, менің ол кісілерден  үйренгенім көп болды. Осы екі ізгі жанның арқаларыңызда біршама нәрсе білдік, өзімізге тәжірибе жинақтап, маман ретінде қалыптастық. Сіздердің істеріңіз берекелі болып, жұмыстарыңыз алға жүре берсін деген жылы лебізімді білдіргім келеді!

Мемлекетіміздің көштен қалмай, алға қадам басуы жалғыз  Гөзел тәтеге ғана емес, бүкіл халыққа қажет. Демек, әрбір азамат ортақ іске қомақты үлес қосуы керек. Сондықтан, біз зиялы қауым өкілі ретінде өз кезегімізде ол кісінің ойларын толықтай қолдап, ақпараттық тұрғыда көмектесу арқылы халықты осы салаға келуге насихаттауға міндеттіміз. Сондықтан,  ұлы мақсат жолында бір болайық, ағайын!

Назира БУРХАНОВА

0
0
188

Ерекше жастықтың құпиясы

Менің театр десе «ішер асымды жерге қояр» жан екенімді білесіздер ғойJ Өйткені, керемет қойылымдардың арқасында рухани жағынан баюмен қатар, бір серпіліп қаламын.  Жақында мен  Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өткен  Олжас  Жанайдаровтың «Жастық туралы...» аллегориясының премьерасына барып қайтқан болатынмын.

 

 

Ресейдің көптеген театрларында «Душа подушки» атауымен ұсынылғанқойылым  жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың аудармасымен  «Жастық туралы...» деген атпен көрерменге жол тартыпты.

 

Қойылымнан алған әсерімді сіздермен бөлісуді жөн көріп отырмын. Барлықтарыңызды осы премьераны көруге кеңес берем. «Жастық туралы...» аллегориясы өмірді өз қалауымша сүрейін бе, әлде тағдырдың жазғанына көнейін бе деген сияқты сан түрлі сауалға жан-жақты жауап іздейді.

Диолог түріндегі қойылым ойыншықтар әлемі арқылы көрерменнің қиялына қанат бітіре отырып, өзгеше күй кешіп, адам болып өмірге келудегі мақсатын түсінудің қаншалықты маңызды екеніне көз жеткізеді.


Пьесада кәдімгі күнделікті өзіміз жастанып жататын жастық арқылы өмірдің небір тылсым да, күрделі тұстары әдемі көрсетіледі.

Актерлік құрамның шеберлігіне бас имеу мүмкін емес. Оқиға бір жерде орын алатынына қарамастан, әрқайсысысының өз рөлін сәтті алып шығуы көрерменін өзіне жақындата түсті деуге болады. Актерлердің өз рөлдерін шынайы ойнағаны соншалық, бір сәтке барлық дүниені ұмытып, солардың ішкі әлеміне еніп кеттім.

Басты рөл  «қарақұмық жастықты» ойнаған Дархан Сүлейменов рөлге сәт­ті таңдалған актер екені сөзсіз. Өмірде өз орынын таба алмай, басын тауға да, тасқа да ұратын адам образын жақсы қалыптастырғаны көрініп тұр.

Динара Нұрболаттың кіп-кішкентай, сүп-сүйкімді «Пэппиіді» келтіруіне қатты сүйсіндім. Ал, жан дүниесі ерекше Эмма ше? Эххх, Эмма, десе, Эмма ғой, шіркін?... Сахнадағы өзгеше отырысымен, өмірлік тағылымы бар сөздерімен өзіне ерекше назар аудартты.

Премьераның  маған  ұнаған тұсы қазіргі кезде орын алып жатқан өзгерістердің мысал ретінде кіріктірілуінде болды. Мысалы, ЦОН жайлы эпизод барша көрерменді күлдіре отырып, оның халыққа қандай әсер еткенін ұғындырды.

P.S.   Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының  ұжымы күні бүгінге дейін талай озық сахналық қойылымдарды көрермен назарына ұсынды. Бүгінгі репертуары жергілікті авторлармен қатар, әлемдік және орыс классиктерінің туындыларына бай. Аталған театрдың алға қойған мақсаты да  көзі қарақты көрерменге сапалы қойылым қойып, салт-санамызға сай спектакль ұсыну.

 

 

Өнер саласының ішінде театрдың алар орны қашанда бөлек. Көрермен көңілін нұрға, жүрегін жырға бөлейтін де, қоғамның рухына дем, ішкі жан дүниесіне ем беретін де  – театр өнері. Ендеше, халқымыздың талғамын тәрбиелеп, рухани байыта түсуге қызмет етіп келе жатқан театр ұжымына еңбектеріңіз жансын деп ізгі ниетімді білдірмекпін.

Театр – адам жанына керемет әсер сыйлайтын өзгеше әлем. Мына қым-қуат өмірде шаршап, өзіңізге мәдени демалыс жариялағыңыз келсе, міндетті түрде театрға барыңыз! Себебі, ол  – адамға түрлі ой сала отырып, бойына жаңа серпіліс сыйлайтын таптырмас мекен.

Фотосуреттер театр ұжымының мұрағатынан алынды

НАЗИРА БУРХАНОВА

2
1
1060