ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
3

Бақыт кілті неде екенін білгіңіз келсе...

Бақытты болу адамзат баласын қашан да толғандырған. Бақыт туралы ойланбаған адам, қалам тербемеген ақын-жазушы жоқ шығар, сірә. Ең қызығы, сол бақытты әркім әр жерден іздеп әлекке түсіп жатады.

 


Бірі бақытты баға жетпес байлықтан, бірі  денсаулықтан, бірі атақ-даңқтан іздесе, енді бірі отбасы – ошақ қасы, бала-шағадан табуды жөн көреді.
Өмірде аянмай еңбек етіп, маңдай термен тапқан бір күндік адал азығын қанағат тұтып, көңілі тоқ, жайбарақат күй кешіп жатқан жандар жетерлік.
Керісінше, күндіз-түні тыныштығын қорыған қарауылдары бар, зәулім сарайда тұратын ауқаттылар да баршылық. Олар не ішем, не кием деп басын қатырмайды. Сырт көзге үлде мен бүлдеге оранған бұл көрініс керемет бақыттай көрінеді.

Бірақ, бақуатты адамның бәрі бірдей бақытты бола бермейді. Орыс халқының  «Бақыт – байлықта емес» («Не в деньгах счастье») деген керемет сөзі бар. Шынымен де, қалтаңыз ақшаға, қораңыз малға толы болса да, қиын сәтте жаныңыздан табылар тірі жан болмаса – оның не керегі бар?  Демек, бақыттың кілті байлықта болмағаны ма? Сонда неде? Көкейде сауал көп, жауап жоқ.

Жақында тұсауы кесілген «Бақыт кілті» атты драма дәл осы сұраққа жауап іздепті. Жаңа туындыны тамашалап, өзіндік ой түю мақсатында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына арнайы барған едім. Премьерадан алған әсерімді сіздермен бөлісуді құп көріп отырмын.

Авторы – 2015 жылғы «Алтын қалам» премиясының жеңімпазы, жас драматург Қ.Мұрат. Режиссері – танымал өнер тарланы, талантты режиссер Е.Обаев. Қоюшы суретшісі –  өз ісінің хас шебері М.Сапаров. Сахна сыртында тұрған осы үштіктің бар еңбегін бізге ұсынған Т. Аралбай (Қанат) бастаған актерлік құрам да мықтылығымен көзге түсті.

Танымал кәсіпкер, бизнес әлемінде қазақ xалқын әлемге танытқан ардақты азамат Қазақстандағы аса ірі алтын өндіруші компания "Altyn Group Kazakhstan" кәсіпорнының  директоры Бауыржан Қанатұлы Асаубаевтың руxына арналған қойылым бүгінгі күннің өзекті тақырыбына арналыпты.

«Бақыт кілті» – қазіргі қоғамдағы бизнес саласындағы келеңсіздіктер жай­лы баяндайды. Жақсылық пен жамандық. Адалдық пен сатқындық. Жалғандық пен ақиқат. Осы қасиеттердің барлығы да спектаклдің өн бойынан табылған. Қойылым желісінде бақыттың кілті махаббат пен достықта не болмаса сыйластық пен түсіністікте болатын шығар деп болжағанымды жасырмаймын. Бірақ, олай емес. Бақыттың сыры тереңде екен...

Пьеса бас кейіпкердің көлік апатынан көз жұмғаны жайындағы радионың xабарламасымен басталады. Кейінірек, кәсіпорын басшысының өлім құшқанға дейінгі басынан өткізген шытырман оқиғаларымен жан-жақты өрби түскен. Қойылым барысында қым-қиғаш оқиғалармен бетпе-бет келе отырып, оқиғаның немен аяқталарына алаңдап, жанымызды шүберекке түйіп отырдық.

Сахнаның декорациясы да драманың тақырыптық-идеялық негізіне сай сәтті таңдалғандықтан болар, өзіміз де оқиға кейіпкерлерімен бірге шахтаға түсіп кеткендей күй кештік. Күңгірт мекен. Алтын тәрізді фон. Әрбір эпизодтағы жарық пен музыканың үндесуі. Мұның бәрі де қойылымға ерекше бедер беріп тұрды. 3 Д форматындағы проекциялардың оқиға желісімен үйлесім табуы әрі  экшн детальдарының көрініс табуы кино әлеміне сапар шектіргені сөзсіз. Драманың  басты ерекшілігі осы болды деп ойлаймын.

Бас кейіпкер көпшілікке «Бауыржан Момышұлы» филімі арқылы таныс Е. Дайыровтың актерлік шеберлігіне баға беріп жатудың өзі артық. Оның бастан кешкен оқиғалары жүректің шымырлатып, көзге жас алғызды. Ерлі-зайыптылар арасындағы өзара диалог жанға жылылық сыйлап, романтикалық өмірдің бояуын береді.

А. Сейтметовты үнемі жағымды образда көргендіктен болар, басында жағымсыз кейіпкер ретінде қабылдай алмағаным рас. Ал, мафияның мүгедек баласының рөлі шынайы шыққаны соншалық, көзімізге еріксіз жас үйірді. Жалпы, мұндағы актерлердің қай-қайсысы болсын өте сәтті таңдалған.

Жап кəсіпкер қара басының қамы үшін емес, қазақтың қара баласы үшін еңбек етеді. Алайда, ең сенімді серігім деп жүрген Ермектің сатқындығы өмірінің астан-кестеңін шығарды. Оқиға желісіне еніп кеткенім соншалық, Ермектің образын қойылымның соңына дейін жек көріп отырғанымды жасырмаймын.

Жолында кездескен барлық қиындықтарға қасқая қарсы тұра білген кәсіпкердің қарапайым халықтың жағдайын жақсарту жолындағы жасаған ігі істері көрерменнің көңілінен орын тапты. «Мақсатсыз өмір сүру – нағыз қасі­рет» деп санайтын кейіпкер көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.


Спектакльдегі маған қатты ұнаған фраза: «Қазақ жалқау емес! Қазақтың да  қолынан бизнес жасау келетіндігін дәлелдеймін!» Бұл күллі қазақ баласының ұраны сияқты көрінді.  Сонымен қатар, бас кейіпкердің аузымен айтылған: «Мен Тәуелсіз елдің шындығымын. Ал, шындыққа ешқашан оқ өтпейді» деген сөздер ерекше әсер еткені бар. Бұл жердегі бізге үлкен ой тастағысы келген  драматургтің идеясы жақсы жетті. Демек,  «Бақыт кілті – шындықта»...


Пьеса  өз елінің мүддесін ойлаған жастардың  өзінің еліне, жеріне деген ыстық ықыласы мен ізгі ниеті алға қойған мақсат-мұра­тына жеткізетіндігін көрерменге көрсеткісі келеді. Сахнада бейнеленген кәсіпкер келбеті көрерменді өзіне баурап алғаны қаратқаны анық.

P.S. Қорыта айтқанда, қойылым бір отбасының шынайы өмірде орын алған трагедиясы арқылы бүгінгі күннің түйткілді мәселелерін қозғай отырып қалың жұртшылыққа терең ой салады. Ендеше, қоғам шындығын көргіңіз келсе, театрға асығыңыз!

«Бақыт кілті» драмасы туралы мен осындай осындай ой түйдім. «Бақыт кілті» қайда, кімнің қолында?! Сіз өзіңізше жауап іздеп көріңіз, құрметті көрермен! Премьера құтты болсын!   Театрда жолығайық, ағайын!

Назира БУРХАНОВА