ru
Default banner
Разное
426 450 жазбалар45 тіркелуші
Всяко-разно
0

Ақын тағдырына арқау болған спектакль

 

Кеше Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында «Театр көктемі – 2017» фестивалі басталды. КСРО және Қазақстанның халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналған биылғы фестиваль «Ақан сері Ақтоқты» трагедиясымен ашылды.

Қазақ драматургиясы саласындағы шоқтығы биік туындылардың бірі    «Ақан сері мен Ақтоқты» пьесасы десек артық айтқандық болмас. Әйгілі У.Шекспирдің «Ромео-Джульеттасымен» қатар тұратын Ғ.Мүсіреповтің бұл туындысы – ұлттық драматургияның інжу-маржаны ретінде бірауыздан мойындалғаны баршаға мәлім. Осы ретте, әдеттегідей сүйікті театрымнан көптен күткен спектаклді тамашалаудың сәті түскен болатын.

Пьесаны белгілі актер әрі режиссер Қуанышбек Адылов сахналапты. Қазақ классикасының інжу-маржаны жаңа режиссердің қолтаңбасымен өзгеше бояумен берілгені көрініп тұр. Қазақтың халық жазушысы, драматург Ғ.Мүсіреповтың бұл шығармасы Ақан сері мен Ақтоқты арасындағы махаббат жайында баяндалады. Қойылымда ізгілік пен зұлымдық, ескі мен жаңаның тартысы, махаббат үшін күрес көрініс тауып, қазақ ән өнерінің ақиық ақыны Ақан бейнесі жан-жақты ашылған.

Махаббат болған жерде қызғаныш та қатар жүретіні анық. Спектаклді көру барысында сегіз қырлы бір сырлы Ақан Сері мен ақылына көркі сай ару Ақтоқтының қайғымен аяқталған махаббатының куәсі болдым.

Театр сахнасында сал-серілердің падишасы, ақиық ақын Ақан серінің рөлін ойнау Қазақстан "Серпер" Жастар одағы сыйлығының лауреаттары Алмас Шаяхметовке бұйырыпты. Талай асуларды бағындырып жүрген талантты актердің өнеріне баға беріп жатудың өзі артық. Ақан әндері мен күйлерінің арқауына айналған ару Ақтоқты бейнесін Қазақстан "Серпер" Жастар одағы сыйлығының лауреаты Ләззат Қалдыбекова өз деңгейінде жеткізе алды. Дарынды актриса Ақтоқтының болмысын өзінше тануға тырысқанын аңдамау мүмкін емес. Ақ өлеңмен айтылатын әр сөзінің сәулесін сезінуге тырысатыны көңіліме қуаныш ұялатты.

Сонымен қатар, Науан хазірет пен Жалмұқан, Қорамса мен Қоңқай, Балта мен Жылкелді секілді айшықты образдарды ашу барысында нағыз таланттар бой көрсетті. Сал серілер заманына тән сипатты режиссер қолдан келгенше сетінетуге тырысқаны сахна шымылдығы ашылған сәттен-ақ белгілі болды. Мұндағы Ақан қыз көзі көзі жайнайтын, қызық қуған Ақан емес, теңдік үшін, әділет үшін шырылдап жүрген азаматтық үні басым күрескер.

Ұлттық драматургиямыздың жауһарына айналған бұл пьеса қай кезеңде де, қай ғасырда да өзекті болары даусыз. Қысқаша айтқанда, қойылымнан ерекше сезіммен оралдым. Сіз де көріңіз, оқырман. Бәлкім, сіз де өз сауалдарыңызға жауап тауып қайтарсыз. Кім білсін?...

P.S. Сөз соңында, барша театр майталмандарын төл мерекесімен құттықтай кетуді жөн көріп отырмын.  Көрермен көңілін нұрға, жүректерін жырға бөлеп, халқымыздың ұлттық құндылықтарын ұлықтап, өнерсүйгіш ұрпағымызды тәрбиелеу жолындағы игілікті еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер, ұлтымыздың саф өнерін жандандырып, биік белестерден көріне беріңіздер деген жылы лебізімді білдіргім келеді. Фестиваль құтты болсын!

 

.