Бишімбаевтың біртүрлі жауаптары сот отырысы өткен сайын көбейіп барады
Әйелін өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот барысында біраздан бері экс-министрдің өзінен жауап алынып жатқаны аян. Құдай өзі кешірсін, онда күндер өткен сайын қызық жайттар айтылуда.
Бишімбаев бәріне марқұм әйелі Салтанат Нүкенованың өзін кінәлі етіп шығарғысы келетін сияқты.
Бүгін экс-шенеуніктікі-міс делінген қойын дәптерден айыпталушының адвокаты бір жазбаны оқып берді. Оны күйеуінің алдында бір нәрсеге кінәлі болып қалған Салтанат жазған көрінеді.
«Сенуге, қызғанбауға, тұрақты түрде психологқа баруға, өзіммен жұмыс істеуге уәде беремін. Қуандықтың айтқанын істеп, оны сыйлайтын боламын... Қуандық Бишімбаевпен бірге намаз оқып, санамды арттырамын, рухани өсемін. Үйімді, махаббатымызды Алланың жар болуымен сақтаймын», – делінген онда.
Қорғаушы тарап осы жазбаны іске қоса тіркегісі келеді екен. Бірақ сот оны қабылдамай қойды.
Бір сұрақ туады: сонда Қуандық намаз оқып жүріп, арақ ішетін болған ба?
Бишімбаев өткен сот отырыстарының бірінде келіншегі әлсіреп (әлде өліп) жатқанда бір көріпкел әйелге телефон шалғанын мәлім еткен еді.
Бүгін жәбірленуші жақтың адвокаты одан: «Сіз әлдебір көріпкелге хабарластым дедіңіз. Айтыңызшы, ол кім, сізге кім болып келеді, оны қашаннан бері танисыз?» деп сұрады.
Бұған айыпталушы көріпкел әйелдің Шымкентте тұратынын, бизнес мәселелері бойынша онымен жиі сөйлесетінін айтты. Ал оның медициналық білімі бар-жоғын білмейтін болып шықты. Бірақ оған сенеді екен.
«Ондай адам Салтанатқа қашықтан қалай көмектесе алады?» деген сұраққа «Мен оны ұйықтап жатыр деп ойладым» деген жауап берілді.
Бұл жауапқа сотты бақылап отырғандардың бәрінің аузы ашылып қалғанына сенімдімін.
Сондай-ақ, Бишімбаевтың айтуынша, еден де қатты зат болып саналады. Ол унитаздан да жаман екен. Салтанат өзі еденге оңбай құлады дегенге келтіріп тұр ғой.
Тағы сұрақ: енді бәріне еден кінәлі болайын деп тұр ма?
