Қазақстандық келіншектің шабаданға салынған денесі Дубайдың шөл даласынан табылған
Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Диана (Яна) Бейсембаеваны асқан қатігездікпен өлтіру ісі бойынша жабық сот отырысы өтіп жатыр.

Фото: Experience.tripster.ru
CMN.kz тілшісінің хабарлауынша, келіншектің чемоданға бөлшектеп салынған денесі Біріккен Араб Әмірліктерінің шөл даласынан табылған.
Сотталушы – 38 жастағы Қазақстан азаматы, марқұм Бейсембаеваның бұрынғы жігіті. Оған ҚР Қылмыстық кодексі 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы (Аса қатыгездікпен кісі өлтіру) және 120-бабының 1-бөлігі (Зорлау) бойынша екі бірдей айып тағылған.
Сот жабық түрде өтіп жатыр. Сондай-ақ қылмыстық іс материалдарындағы кейбір детальдарды ашып айтуға тыйым салынған.
Бір айта кетерлігі, бұл қылмыс 5 жыл бұрын, яғни 2019 жылдың сәуір айында жасалыпты. Бірақ сот тергеуі енді басталды. Жәбірленуші тараптың адвокаты Ғалым Нұрпейісов бұл тергеуді толық көлемде БАЭ құқық қорғау органдары жүргізгенінен және Қазақстанның тергеушілеріне іс материалдарын содан кейін барып бергенінен деп түсіндірді.
Адвокат істің мән-жайын айтып берді.
Келіншек елімізде университет бітіріп, кейін Қытайда білім алған. Шанхайда бес жыл жұмыс істеген Бейсембаева қыз туған соң Алматыға келеді. Қазіргі айыпталушымен сол 2017 жылы танысқан. Екеуі алты ай бірге жүріп, сосын марқұмның айтуымен айырылысыпты. Өйткені жігіті оны ұрып-соққан, қорқытқан және зорлаған.
«2019 жылы жігіті оны тауға алдап апарып, зорлаған. Яна құқық қорғау органдарына арыз жазды. Бірақ қылмыскер құтылып кетті. Соған төзе алмаған келіншек атын Диана деп өзгертіп, Дубайға барып жұмысқа тұрып, жаңа өмір бастауға тырысады. Сөйтіп, әлгі адамнан құтылғысы келген. Бірақ ол Бейсембаеваны Дубайдан да тауып алды», – дейді Ғалым Нұрпейісов.
Сөйтіп, әлгі ер адам Диананың Дубайдағы пәтеріне бос шабаданмен барады.
«Ол қыздың пәтеріндегі ас пышағын алып, оның денесіне төрт рет, қол-аяғына тоғыз рет пышақ сұғады. Сосын ол өлі денені чемоданға салып, жалдамалы көлікпен Дубайдан 50 шақырым жердегі шөл далаға барған. Ер адам қылмыс жасағаннан кейін Қазақстанға қайтып келген», – дейді адвокат.
Оның айтуынша, қазір айыпталушы кінәсін мойындамай отыр екен. Тіпті ол сол күні өзіне Бейсембаевның алгоголь мен есірткіге мас күйінде шабуыл жасағанын, ал пышаққа өзі келіп құлағанын айтыпты.
