Шекарасыз кітапхана деген не?
Гүлхая қазақ тілін аудиокітап тыңдағанының арқасында жақсы меңгерген. Туғанынан көзі көрмейтін ол өзбек мектебінде білім алып, мектепті анасының көмегімен ауызша бітірген. 2008 жылы Шымкентке келгенде арнайы кітапхана барын біліп, аудиокітаптармен танысады. Алғаш тыңдаған шығармаларының қатарында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы мен Абайдың қара сөздері болған. Кейін кітапхана оның білім алуына, Брайль қарпін меңгеруіне және кәсіби жолын табуына ықпал етті. Бүгінде Гүлхаяның өзі де кітапхана саласында еңбек етіп жүр.Шымкент қалалық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхананың тифлология бөлімінің меңгерушісі Ербек Мейрамбайұлы да бұл мекемеге кезінде оқырман болып келген. Кейін клубтың жетекшісі атанып, 15 жыл ішінде 200 түрлі мәдени кеш ұйымдастырған.


