Мазмұнға өту
Обложка сообщества Мемлекет

Шекарасыз кітапхана деген не?

Гүлхая қазақ тілін аудиокітап тыңдағанының арқасында жақсы меңгерген. Туғанынан көзі көрмейтін ол өзбек мектебінде білім алып, мектепті анасының көмегімен ауызша бітірген. 2008 жылы Шымкентке келгенде арнайы кітапхана барын біліп, аудиокітаптармен танысады. Алғаш тыңдаған шығармаларының қатарында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы мен Абайдың қара сөздері болған. Кейін кітапхана оның білім алуына, Брайль қарпін меңгеруіне және кәсіби жолын табуына ықпал етті. Бүгінде Гүлхаяның өзі де кітапхана саласында еңбек етіп жүр.

Шымкент қалалық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхананың тифлология бөлімінің меңгерушісі Ербек Мейрамбайұлы да бұл мекемеге кезінде оқырман болып келген. Кейін клубтың жетекшісі атанып, 15 жыл ішінде 200 түрлі мәдени кеш ұйымдастырған.

Гүлхаяға да, Ербекке де кітапхана — кітап оқитын орын ғана емес, білім мен мәдениетке жол ашып, адамның қоғамдық өмірге араласуына мүмкіндік беретін рухани орта. Бірақ Қазақстандағы зағип және көру қабілеті нашар адамдар бұл мүмкіндіктерді қаншалықты пайдалана алады?

Бұл мәселе Алматы қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған «Шекарасыз кітапхана: халықаралық тәжірибе, практика және инновация» халықаралық семинарында талқыланды. Кездесуге Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан менРесейден де кітапхана мамандары қатысты.

Өңір әдебиетін авторлардың өз аузынан тыңдау

Зағип оқырманға кітап пайдалануға ыңғайлы форматта болғаны да , оның мазмұны да маңызды. Әсіресе өз өңірінің мәдениеті мен тыныс-тіршілігін суреттеген қазіргі қаламгерлердің шығармаларын тыңдап, туған жерімен арадағы рухани байланысын нығайта алады.

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада жүзеге асқан «Алтын қор» жобасы осы бағытты қамтиды. Жоба аясында Жамбыл өңірінің қаламгерлері өз шығармаларын өздері оқып беріп, 16 туындыны цифрлық кітапқа жинақтаған. Аудиожазбаларды диск, флешка және QR-код қолданып тыңдауға болады.

Жобаның ерекшелігі — оқырман шығармамен қатар автордың дауысын да естиді. Бұл кез келген адам қазақ тілінде еркін пайдалана алатын контент қорына қазіргі әдебиет үлгілерін қосудың бір жолы.

Кітапхана — білім мен әлеуметтік байланыс кеңістігі

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасындағы «Қамқорлық» арнайы оқу залы 2007 жылдан бері зағип және көру қабілеті нашар оқырмандарға қызмет көрсетеді. Мұнда аудиоматериалдар мен арнайы техниканы пайдаланып, Брайль қарпін үйренуге болады. Ал Astana Speaking Club жобасы ағылшын тілін меңгеруге мүмкіндік береді. Әдебиет-музыка кештері мен шахмат-дойбы жарыстары да оқырмандардың бір-бірімен, қоғаммен араласуына жағдай жасайды.

Орталық Азияның басқа елдерінде де көзі көрмейтін адамдарға арналғанматериалдар мен аудиокітаптар ұсынатын, оларға білім беріп, мәдени іс-шараұйымдастыратын жобалар бар. Өзбекстанда мұндай бастамалар аудандеңгейінде таралғаны ілгерілеушілікті көрсетеді.

Дегенмен семинарда Қырғызстан өкілі ерекше мүмкіндіктер көбіне ірі қалалар мен үлкен кітапханаларда болатынын атап өтті. Демек, ортақ міндеттердің бірі — инклюзия қызметтерін шалғай аудандардағы оқырмандарға да жеткізу.

Шекарасыз кітапханаға маман керек

Зағиптарға арналған құрал-жабдық болғаны жеткіліксіз: оны пайдалануға көмектесетін әрі оқырманның сұранысын түсінетін маман да қажет. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Ақпараттық технологиялар және кітапхана ісі кафедрасының аға оқытушысы, PhD Шынар Үсенбаева кітапхана қызметкерлерінің кәсіби құзыретін арттыру керек дейді.

Болашақ кітапханашыларды оқытқанда инклюзив қызмет көрсету машықтарын үйретуге көңіл бөліп, жұмыс істеп жүрген мамандарға трениңдер мен әдістеме семинарларын тұрақты өткізу қажет.

Инфрақұрылым — инклюзия мәселесін шешудің басы

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 4-курс студенті әрі Алматыдағы арнаулы кітапханада жұмыс істейтін Мырзахан Еркеназдың айтуынша, инклюзив ортаға арналған жабдықтар болғанымен, инфрақұрылымды әлі де жетілдіру керек. Ол қоғамның, соның ішінде мамандардың, студенттер мен оқушылардың мүгедектігі бар адамдарға деген көзқарасын өзгерткен де маңызды дейді.

Бұл ойды әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің докторанты, ҚР Ұлттық кітапханасының ғылыми-әдістемелік бөлімінің маманы Отарбай Шахризада да қолдайды. Оның пікірінше, кітапханаларда пандус, лифт немесе арнаулы жабдық болғаны — инклюзия мәселесі толық шешілді деген сөз емес. Мүгедектігі бар адамдар олардағы ақпарат пен қызмет түрлерін еркін пайдалана алуы керек

Инклюзияны қалай бағалаймыз?

Қазақстандағы Goethe-Institut ақпарат және кітапхана бөлімінің директоры Шолпан Қызайбаева кітапханалардың инклюзивтігін бағалайтын индекс енгізуді ұсынды. Оның пікірінше, атқарылған жұмыстарды тізіп шығып қана қоймай, олардың нәтижесін де бағалау қажет.

Неміс мәдениеті орталығының өкілі Германия тәжірибесін мысал қылып, инклюзив қызмет көрсету жекелеген кітапханаларда ғана емес, жалпы кітапхана жүйесінде дамуы керек деп есептейді.

Ұсынылған индекс кітапхананың кәдімгі ыңғайлылығын, ақпараттың әртүрлі форматта ұсынылуын, мамандардың даярлығын және оқырмандардың нақты тәжірибесін бағалауға мүмкіндік бере алар еді. Өйткені бастысы — кітапханада қандай құрал-жабдық бар екені емес, оқырманның оны пайдаланып, өз мақсатына жете алуы.

Мақаланың басында сөз еткен Гүлхая Жуашбаеваның өмір жолы осы мүмкіндіктің мәнін көрсетеді. Кезінде Шымкенттегі арнаулы кітапханаға оқырман болып келіп, аудиокітап қолданып қазақ тілін жетілдірген ол бүгіндеАлматы қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде инклюзиві білім беру маманы болып жұмыс істейді, магистр. Бір кездері кітапханадан қолдау тапқан Гүлхая қазір өзі сияқты адамдардың білім мен ақпаратты еркіналуына көмектесіп жүр.

Шекарасыз кітапхана — әр адамның білім алып, өз мүмкіндігін жүзеге асыруына жол ашатын орта.

Осы тақырып бойынша