ИБРАҺИМ АТА КЕСЕНЕСІНДЕ
Бабтардың кім Сайрамдағы санын білсін,
Санап едім, есептен жаңылдым шын.
Ясауидің әкесі жатқан жерге,
Зиарат қып кеп тұрмын, қабыл қылсын!
Өз жерінің тарихын білмей жетік,
Өтіп жатыр талайлар сүрмей де түк.
Түбін білмес қалайша бүр жарады,
Сусыз өскен мәуелі гүлдей ме түп?
Қасиетті қара жер, беу, дариға,
Бабалардан қалған жүр сенде ар-иба.
Рақым тілей Алладан өлгендерге,
Сансыз бапқа кеп қалсақ, ол - қағида!
Әке емес пе тірлікте епті қылар,
Бір ауыз сөз: тектіден текті туар!
Ясауидей келтірген ғұламаны,
ИбраҺим атаның шоқтығынан.
Сансыз бабтар жерленген көне шахар,
Алдымда әлі көп төбе-төбе сапар.
Алыстарға барамын сапар шегіп,
Бата сұрап кеп тұрмын, бер, ақсақал!
Дәурен АЙМАНБЕТОВ

