Перейти к содержимому
Обложка сообщества История

ОТ СӨНІП ЖҮРЕКТЕГІ, ҚҰРҒАДЫ МА / ҚАЙНАҒАН ТАМЫРДАҒЫ АТА ҚАНЫ?!

Роллан Сейсенбай «Денеге ем бар, жанға - жоқ» деген толғауында былай деп жазады: Атам екі ұлы ақынның өлеңдерін бала кезімнен маған жатқа айтып санама сіндіріп бақты. Оның бірі – Шаһкәрім Құдайбердиев еді. Екіншісі – Мағжан Жұмабаев болды». Менде де тура солай болды. Екі есімді санама бірдей кіргізген анам Рахима Қабылһаққызы еді. Ол заманда екеуінің кітаптарын оқу түгіл аттарын атауға болмайтын. Анам Мағжан мен Шәкерімді бізге жатқа оқитын.

Кеңес түрмесінен кейін Мағжан былай деп жазады: Находясь в лагерях Соловецких и Сибирских в течение 7 лет у меня примерно с 1931 года постепенно появилось безразличие к своему Прошлому». Бұндайды оқу қиын.

Роллан тағы былай жазады: «Жемтік күткен қара құзғындай өз қазағы «Алашым» деп жүрегі қарсы айыры жырлаған ақынның... артынан арыз жазып, оны тар қапасқа құтылмастай қылып қаматты. Шерменде шерге түсірді. Жұдырықтай жүрегінен өлең киесі ұшып кеткен. Шабуылға түскен шабытты қайырғысы жоқ еді. Өлеңді ұстап қалар санасы сандалуға түскен. Оны ұстап қалғанда қай керегіне жаратады. Соңына түскен Мәскеудің, Қызылорданың, Алматының азғын қазақтарына бұның өлені неге керек...»

Содан бері ғасырға жуық заман өтті...

Абайдың өзің «жоқ, болмаған» деп жүрген азғын ұрпақ әлі жүр ортамызда....

Қазақтың жаңа қара прозасының көкесі, ғажайып стилист Жүсіпбек /Аймауыт/ Мағжан жөнінде былай деген: «Абайдан соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, өлең өлшеулерін түрлендірген ақын Мағжан. Өлеңді күйге (музыкаға) айналдырды, дыбыстан сурет туғызды, сөзге жан бітірді, жаңа өлшеулер шығарды. Романтизмді күшейтті, тілді ұстартты. Ол - ҰЛТ АҚЫНЫ. Түрікшіл, санашыл, уайымшыл, өзімшіл ақын».

Мағжанның түрікшілдігінің айғағы - «Алыстағы бауырыма» деген ғажап жыр:

... Апырмай, емес пе еді алтын Алтай -

Анамыз бізді тапқан асау тайдай!

Бауырында жүрмеп пе едік салып ойнақ,

Жүзіміз емес пе еді жарқын айдай!

Алалы алтын сақа атыспап па ек,

Тебісіп бір төсекте жатыспап па ек.

Алтайдай анамыздың ақ сүтінен

Бірге еміп, бірге дәмін татыспап па ек...

Алтайдың алтын Күні еркелетіп,

Келгенде жолбарыс боп, жаңа ержетіп,

Ақ теңіз, Қара теңіз ар жағына,

Бауырым, мені тастап қалдың кетіп.

Мен қалдым - жас балапан қанат қақпай,

Ұшам деп ұмтылсам да дамыл таппай.

Жөн сілтер, жол көрсетер жан болмады,

Жауыз жау қойсын ба енді мені атпай.

Қорғасын жас жүрекке оғы батты,

Күнәсіз таза қаным судай ақты.

Қансырап, әлім құрып естен тандым,

Қараңғы абақтыға берік жапты...

Шарқ ұрып, ерікке ұмтылған Түрік жаны,

Шынымен ауырды ма бітіп халі?!

От сөніп жүректегі, құрғады ма

Қайнаған тамырдағы ата қаны?!

Бауырым, сен о жақта, мен бұ жақта,

Қайғыдан қан жұтамыз. Біздің атқа

Лайық па құл боп тұру? Кел, кетелік

Алтайға, ата мирас, алтын таққа!

Мағжанның бұл өлеңіне түрік ақыны Фейзуллах Будак жауап жазған:

... Анамыз еді-ау ортақ алтын Алтай,

Ол бір тұлпар болғанда, біз бір-бір тай.

Бауырында ойнақ салып біз жүргенде,

Тап біздей жайнамайтын Күн менен Ай.

Алалы алтын сақа атқан едік,

Тебісіп бір төсекте жатқан едік.

Алтайдай анамыздың ақ сүтін де

Бірге еміп, бірге дәмін татқан едік...

Бір күні бұл дәуреннің соңы жетіп,

Тәңірдің жазуымен сапар шектік.

Ақ теңіз, Қара теңіз ассақтағы,

Жүректі сол Алтайға тастап кеттік.

Білемін ұшам дедің, ұша алмадың,

Дәрменсіз, көкке қанат қаға алмадың.

Жөн сілтеп, жол көрсетер ешкімің жоқ,

Дұшпанның тырнағынан қаша алмадың.

Саған атқан оқ маған өтіп жатты,

Күнәсіз қанымызды төгіп жатты.

Егерде қан төгілсе мына біздің,

Түбімізге бөліну жетіп жатты.

Мен де аңсаймын кешегі қыр-сайды да,

Күндіз - Күн, түнде - күміс нұрлы Айды да.

Бізді жібек құндаққа орап алып,

Бауырында әлпештеген ана - Алтайды да...

Ұмтылған бостандыққа түрік жаны,

Ауырып көрген емес, бітіп қаны.

Жүректің жалын оты сөнген емес,

Соғып тұр тамырында ата қаны.

Бауырым, сен о жақта, мен бұ жақта,

Не таптық шашырағанда шартарапқа?

Барлығын күш-қайраттың жинау керек,

Атадан мирас қалған ұлы Отанда.

Мағжанның Анкарадағы тасбелгісі.

Мағжанға ескерткіш, білсем, Қыжылжарда, туған ауылында бар, Астана мен Алматыда жоқ - жалпыұлттық ұлы ақынға...

-1
0
383

Еще по теме

ОТ СӨНІП ЖҮРЕКТЕГІ, ҚҰРҒАДЫ МА / ҚАЙНАҒАН ТАМЫРДАҒЫ АТА ҚАНЫ?! - Yvision.kz