МАШИНА ЖАСАУ САЛАСЫНА КЕРЕГІ – ЛОКАЛИЗАЦИЯ
Отандық машина жасау саласында, оның ішінде автомобиль құрастыру секторында өндіріс көлемі жыл басынан шамамен 52%-ке ұлғайды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 6,6 есе өсіп, 9 млрд 400 млн теңгеге дейін артты.
Машина жасау саласында шетелдік зауыттардың Қазақстанда салынуы отандық өндіріске тың серпін берері хақ. Мұны басқаша сөзбен "локализация" деп атайды. Мәселен, осыдан 2 ай бұрын Қостанай облысында ауыл шаруашылығы техникасын жинау және кәдеге жарату зауытын ашу бойынша Қазақстан мен Ресейдің бірлескен 3 жобасы таныстырылды. Инвестицияның жалпы көлемі - 261 млрд тг. 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Зауыттардың құрылысы 2022-2023 жылдары аяқталады.
Жобаларды іске асыру бойынша 8 келісімге қол қойылды. Қостанай Индустриялық аймағында ресейлік жүк көліктердің шойын құймасын және жүк техникасының белдігіне арналған құрамдас бөлшектерді өндіру зауыттары салынады. Ал Қарағанды облысының Саран қаласында автомобиль шиналары өндіріледі.
ОЛЕГ БАЛЫБИН, ҚАЗАҚСТАННЫҢ АГРО ИННОВАЦИЯЛЫҚ КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ
"Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан,,, әлемдік алып өндірушілердің елімізге келіп, инвестиция құйуы үшін барлық алғышарт қарастырылған. Үкімет ауыл шаруашылық тауарлар өндірісін дамыту үшін ілгері қадам жасады. Оның ішінде қолжетімді несие мен ұзақ мерзімді қаржы активтері де бар. Қазіргі уақытта фермерлер жеңілдіктердің шарапатын көріп отыр. Тауарларды жеткілікті деңгейде қайта өңдеу бойынша барлық талапты сақтайтын және мемлекет қойған міндеттемелерді орындайтын кәсіпорындар қосалқы құн салығынан босатылған. Мәселен, отандық өнім бағасын қалыптастыру кезінде утилизациялық алым құны да қосылмайды. Аталған тетік енгізілгелі кәсіпорнымызда штат саны 20 процентке артты. Мемлекеттік қаржыландырудың арқасында 150 млн теңгеге станок паркін сатып алуды жоспарлап отырмыз. Бұл қосымша жұмыс орындары пайда болады деген сөз."
Утилизациялық алым туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов та талай мәрте айтты. Мәселен, Қазақстан машина жасаушылар одағының 8-ші форумында министр локализацияның артықшылығына тоқталған болатын.
БЕЙБІТ АТАМҚҰЛОВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ
"Біз 25 жыл бойы импортқа тәуелді болып келдік. Карантин кезінде шекаралар жабылғанда саладағы қосалқы бөлшектер тапшылығы қатты байқалды. Қазіргі таңда ауыл шаруашылық машиналарын шығаратын база құруымыз керек. 2020 жылдың 7 айы ішінде жалпы сомасы 27 млрд 500 млн теңгеге тең а/ш техникасы өндірілді. Өсім көрсеткіші 16,1 процент. Осы уақыт аралығында елімізде шамамен 700 трактор мен 224 комбайн құрастырылды."
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша елдегі ауыл шаруашылығы техникасының паркі 143 мың тракторды және 37 мың 600 комбайнды құрайды. Бұл ретте 80 процент техниканың тозығы жеткен. Былтыр шамамен 3 мың 400 трактор мен 1 мың 200 комбайн сатып алынды. Осылайша, парктің жаңаруы сәйкесінше 2,4% және 3% құрады.
Блогер, журналист Мирлан Алтынбек.
ВИДЕОСЮЖЕТ:
