2013 жылғы 11 сәуірде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Дін және әйел» тақырыбына арналған форум болып өтті.

АДР РК 2013 M04 11
522
0
0
0

Аталмыш шара Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы, Атырау облысы...

Аталмыш шара Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы, Атырау облысы әкімдігі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті тарапынан ұйымдастырылды.

Форумға Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының, Атырау облысы әкімдігінің, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, ЖОО тәрбие ісі жөніндегі проректорлары мен студенттері, ғалымдар, ұстаздар, мәдениет және қоғам қайраткерлеріқатысты.

Форумда Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Г.Н.Әбдіқалықова сөз сөйлеп, рухани ізденістер бағытында жастарға үлгі болатын көрнекті тұлғалардың қазақ халқында аз еместігін айта келіп: «Бүгінгі жастар осындай тұлғалардан тағылым алып, олардың өмірлерін, еліне арнаған қызметтерін өнеге етулері керек.  Өйткені олар – Алланың ақ жолынан таймаған, жүректерінде иман ұялаған жандар болғандықтан ұлы істер атқарған. Қазақстан – өзіндік дара даму жолы бар мемлекет. Ата-бабаларымыз ұстанған жол ұлттық салт-дәстүрді құрметтеуге негізделген» деп атап көрсетті.

Қазақстан Республикасы халқының санағы нәтижелері бойынша ел тұрғындарының саны 16009,6 мың адамды құраса, олардың 8297,4 мыңы әйел қауымының өкілдерінен тұрады. Қазақстан әлемнің 135 елінің ішінде гендерлік теңдік көрсеткіштері бойынша 31 орынға көтерілді. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметкерлердің 60%-ын әйелдер құрайды, ал сот жүйесінде – 61%, сотта – 42%, Парламент депутаттары арасында – 34%, кәсіпкерлікте – 40% әйел азаматтар қызмет атқарады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары», - дей келе: «Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз», - деп айрықша атап өткен болатын.

Заманауи әлемдік қоғамдастықта, оның ішінде елімізде әйелдердің қоғамдағы орны мен рөлі қызу талқылануда. Осыған байланысты, өткен жылдың 30-31 мамырында өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері IV съезінің бір секциясы: «Дін және әйел: рухани құндылықтар мен заманауи сын-тегеуріндер» тақырыбына арналды.

Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф өз сөзінде бұл Форумның үстіміздегі жылдың 4 наурызында осыдан біршама уақыт бұрын Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде басталған игі бастаманы жалғастыру ретінде ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.

Әрбір дін әйел затының отбасындағы, қоғамдағы орны мен құқықтарына қатысты өзіндік көзқарасын білдірген. Соның ішінде әйелдер қауымының құқықтарын ерекше жоғары деңгейге көтерген және оның отбасындағы міндеткерліктерін белгілей отырып, қоғамдағы орнын айқындап берген ислам дінінің орны өзге діндерден оқ бойы озық тұрады.

Бұл ретте Қ.Лама Шариф хижаб мәселесіне қатысты көзқарастарды саралай келіп: «Біздің зайырлы қоғамымыз үшін қауіп хижабтың өзінде емес. Мәселе қазақтар үшін жат мәдениет пен идеологияның енуіне түрткі болатын, қазақи қалпымыздан, ұлттық менталитетімізден, береке-бірлігімізден айыруға алғышарт жасайтын діндарлық формасының өзгеру қаупінде болып отыр» деп тұжырымдады.

Форум барысында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, доцент Сатершинов Бақытжан Меңлібекұлы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Әлеуметтік және гендерлік зерттеулер ҒЗИ директоры, философия ғылымдарының докторы Қодар Зәмза Мұташқызы, ҚР Дін істері агенттігінің Діни оқу орындарымен байланыс және дінтану сараптамасы басқармасының бастығы, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызы, Қазақстан қажылары қауымдастығының Астана қаласы бойынша мұсылман аналар мен қыздар департаментінің төрайымы Бақыт қажы Ержанқызы, ҚР Дін істері агенттігі Мәдениеттер және діндердің халықаралық орталығы директорының орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Қалилаханова Қарлығаш Тәңірбергенқызы қатысып, баяндамалар оқыды.

Форум барысында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің кешенінде ұйымдастырылған «Қыз Жібек» клубының тұсаукесері өтті. Бұл бастаманың басты мақсаты – қыздарды ұлттық дәстүрлер мен төл дүниетаным аясында тәрбиелеу және оларға озық заманауи құндылықтарды сіңіру.

Форумға қатысқан Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті «Қыз Жібек» клубынын мүшелері аталған оқу орнында басталған игі бастаманы жалғастыруда Атырау мемлекеттік университеті Қыздар үйірмесінің жұмысына сәттілік тіледі.

http://din.gov.kz/kaz/novosti_i_sobytija/?cid=0&rid=556

Оцените пост

0