Адам көркі — шүберек #3: Жания Оразымбетова

Алия March 28, 2013
4376
12
8
0

NU-да Политология мен халықаралық қатынастар факультетінде оқу әрі fashion қойылымдар мен фотосессия, сұлулық байқауларына қатысу? Өте оңай! Біздің сән айдарымыздың бүгінгі кейіпкері 20 жасар...


NU-да Политология мен халықаралық қатынастар факультетінде оқу әрі fashion қойылымдар мен фотосессия, сұлулық байқауларына қатысу? Өте оңай! Біздің сән айдарымыздың бүгінгі кейіпкері 20 жасар Жания өзінің жеңіл де үйлесімді стилінен айнымай, күн сайын әлеуметтік желілерде түрлі образдарымен қуантады. Сонымен қатар, мектепте үздік оқушы, «Алтын белгі» атанған Жания болашақта өзін министр ретінде елестетеді.

Мен кішкентайымнан математикаға емес, гуманитарияға жақын бала болатынмын. Сондай-ақ көптеген туыстарым осы салада жүргендіктен, саясаттануға ерте кезімнен қызықтым. NU-дағы оқу барысында қосымша Әдебиет курстарына да қатысып, оны жүргізген мұғалім Гэбриел Макгуайердың лекциялары ұнағаны соншалық, екінші мамандық ретінде Әдебиетті алғым келіп кетті. Ол, әрине, өте қиын, оны уақыт көрсетеді.

Жалпы алғанда Назарбаев Университетінде оқу қиындау. Өйткені ондағы жүйе еуропалық, америкалық қалыпта құрылған, барлық сабақ ағылшын тілінде, шет елден келген мұғалімдер, олармен қатынас жасаудың өзі америкалық сарында. Ал «кеңестік» жүйеге үйреніп қалған біздерге оның бәріне, ең алдымен, бейімделу керек. Талап та жоғары қойылады. Тапсырмаларға көптеген материалдар, кітаптар беріледі. Бірақ жалпы оқимын деген адамға ол да айтарлықтай ауыр тимеуі керек.

Жанияның киген киімі:

Көйлек - Burberry

Джинс шалбары - Burberry

Білезік - H&M

Менің бір тұрақты стилім жоқ. Әр түрлі киінгенді ұнатамын. Кэжуал, классика — бәрін араластырамын. Бірақ ешқашан да өзгермейтін жалғыз қағида — ыңғайлылық. Бойым ұзын болғандықтан, күн сайын биік өкше кие бермеймін, сәндену де көңіл-күйіме байланысты. Образда, ең бастысы, эстетикалық әдемілік болу керек деп ойлаймын, алайда трендте не болса, соның бәрін тағып алу әдемілік емес.

Жақында Мәскеуде болдым, өте ұнады. Әсіресе сән жағынан, ерекше киінетін адамдар көп, көзің тояды екен. Астана ол жағынан ақсаңдайды, әрине. Басқалардан өзгеше бір нәрсе тағып алсаң, бәрі саған бұрылып қарай бастайды. Алматыда, мысалы, біраз сәнді адамдар көбейіп келе жатыр. Мүмкін Астананың суығынан да болар, әр кезде өзіңнің қалағаныңдай киіне бермейсің. Бірақ дегенмен де Алматыға қарағанда, мен Астананы көбірек сүйемін. Өйткені Алматыда адам көп, бәрі де қарбаласқан, сенің жеке территорияңа кіргісі келіп тұратындай. Ал Астанада бұл жағынан толықтай еркіндік. Біраз жалғыз болуды ұнататындар үшін таптырмас сұлу қала.

Астанада маған көбінесе кофеханалар ұнайды. «Кафе Стар» деген жер сүйікті орным. Бос уақытым көп бола бермейді, күні бойы университетте жүреміз. Демалыс күндері достарыммен киноға барғанды, не жай ғана осылай тыныш жерлерде отырып, әңгімелескенді ұнатамын. Жалпы Астана да, университетім де тыныш, қорықпай жүре бересің. Таразда тұратын ата-анам да бұл жағынан көп алаңдамайды. Университетте, мысалы, бір жақсы жері - жыл сайын тек 500 адам қабылданады. Бір жылдың ішінде жаңа студенттермен танысып, оқу орнында жайлы, достық қарым-қатынас орнайды. Біз айтпақшы, Назарбаев Университетінің алғашқы түлектері боламыз.

Әдебиеттен көбіне поэзияны ұнатамын. Әсіресе Бодлер, Есенин, Маяковскийлардың поэзиясын. Қазірде түріктің ақыны Назым Хикметті оқып жүрмін. Өте ұнайды. Ол өлеңдерінде өз өмірін, ойларын ғана емес, елінде болып жатқан саяси жағдайларды да жырлаған. Ал проза болса, ол — тарихи кітаптар. Құрбым да тарихи оқиғаларға қатысты жайттарға қатты қызығады, қазір екеуіміз 1933-1945 ж.ж. «holocaust» (ред. — ІІ дүниежүзілік соғыс кезіндегі Германиядағы еврейлерді қуғындау) жайлы деректерден бас алмаймыз. Бір қызығы, «Қазақстан тарихынан» да бізге шет елдік профессорлар дәріс береді. Біздің тарихшылар мен олардың көзқарастарында көптеген айырмашылықтар бар.

Киімді дүкендерден сатып аламын. Нақты не алғым келетінін көп ретте білмей жатамын, содан жоспар құрмай, ойламаған жерден: «мынаны алғым келеді» деп, таңдау жасаймын. Үнемі киімнің сапасы мен ыңғайлығына назар аударамын, ал бренд атауы мен үшін аса маңызды емес. Трендтерді де қумаймын, ең бастысы — киім маған және менің көңіл-күйіме үйлесу керек.

Жанияның киген киімі:

Деним көйлегі - британдық бренд

Белдемше - Gap

Аяқ киім - Timberland

Әшекей жаға - handmade

Гольф - Calzedonia

Cағат - Chanel

Материалды дайындаған: Айжан Кәрібаева

Фото автордікі

_________________________________________________________________________

Адам көркі — шүберек #1: Гаухар Very Berry

Адам көркі — шүберек #2: Әсел Cherie

Оцените пост

8

Комментарии

0
адам лукыыыыыыы)
0
work boots не в тему, ИМХО
0
Бизден айфонына кейс карап алсын )) vk.com
0
спамер))) саған бір тапсырыс берейін дегем, бағаларыңды білуге уақыт таппай жүрмін)))
Показать комментарии