Мазмұнға өту
Anuarbek

Мұқағали Мақатаев шығармашылығы

@Anuarbek

Сайтта 2018 ж. 24 қаңтар

Қазақтың лирик ақыны, өз заманында лайық бағасын ала алмаса да өзінен кейінгілер үшін мәртебесі биік ақиық ақын.

рейтинг

100

жазбалар

30

пікірлер

0

тіркелуші

5

жазылымдар

0

Аласарып Ай батқан

Аласарып Ай батқан

Ай батқанда, аймаққа,

Жұлдыз шоғын жайнатқан.

Аумайды бір құс жолы,

Ақтарылған қаймақтан.

Көкжиекте таулардың,

Көтерілсе түңлігі,

Баурайдың да, бар маңның

Көрінеді кіндігі.

Бастарында Мұзарттың,

Ағараңдар сәлдесі.

Түнгі сапар ұзақ тым,

Бір құдайдың әуресі.

Көзіңе ұйқы байланып,

Қалғытады бір демде.

Түні бойы айналып,

Жүргендейсің бір жерде.

«Шәйі орамал бір байлап...»

Шыдамадым, өн салдым.

Жұлдызды аспан тұр жайнап,

Кеудесіндей маршалдың

0
0
422

Айығып келем

Айығып келем, айығып келем бәрінен.

Емделіп жүрмін, жақсылар берген дәрімен.

Мен үшін өмір тарылған емес, әлі кең,

Кеңістіктерге сапарға шығам әлі мен.

Сауығып келем, жинап та келем есімді.

Сағынып қалдым, саламат өмір кешуді.

Тағат таппастан, тартамын алға көшімді,

Жанып бітпестен жазбаған маған өшуді.

Қиын ғой Қиын...көшіңді жолға доғарған,

Жана алмай бықсып, ошақта отың жоғалған,

Жаға алмай сөнсең жалын мен отты -

Сол арман, жалындап тұрып,

Өртеніп кетсең, жоқ арман!

0
0
517

Ақиқаттың ауылы

Жол қайда ақиқатқа апаратын?

Ел қайда ақиқат деп аталатын?

Айлакер, арамзалар, алаяқтар,

Аяғы көктен келіп, маталатын?

Сол елде адамға адам - дос бауыр ма?

Адамға ақ жанынды тосқанынща,

Ақ көңілдер тоғысып, ақ арнада,

Аға ала ма, кездеспей тосқауылға?

Шомылып ақиқаттың өзенінде,

Шыныға ма, шындықтың өз елінде?

Жалғыз түйір арамдық жоқ та шығар,

Адамдардың санасы, өзегінде?

Атыменен жоқ болар өсек деген,

Қылға тізіп қылтанақ есептеген?

Атпайтын да шығар-ау бірін-бірі

Оқпен, таспен немесе кесекпенен.

Алауыздық әкелген адамдарға,

Онда орын жоқ шығар арамдарға?

Бар болса егер, сүреді қайтіп өмір,

Ақиқаттың сүңгісі қадалғанда!

Ақиқаттың ауылы - Ұлы Отаным.

Атқызып тұр шындықтың құла таңын.

Ақиқаттың жолынан тайып кетсем,

Алдьіна кеп жүгінем, сынатамын...

He десе де Ұлы Отан ұнағамын.

0
0
880

Жалаң аяқ қыз

Төпеп тұрған нөсерге қарамай-ақ,

Бір қыз кетіп барады жалаң аяқ.

Жалтыраған әдемі топылиын,

Кім біледі, жауыннан барады аяп.

Ойнақтаған далада қара көзім,

Еске түсіп кетті ме бала кезің?

Елең қылмай ешкімді барады өзі,

Жалаң аяқ жүргендей дала кезіп,

Еркін ұстап елігім барады өзін.

(Шыт көйлегі жабысқан кеудесіне.)

Қарамасқа, қоймайды көрмесіңе.

He келді екен сайтанның зердесіне?!

Жалаң аяқ сиқырға қарап тұрып,

Жалаң аяқ жастығым келді есіме!

Қара да тұр, қайтесің, қара да тұр,

Бұлаң еткен бұл сурет қалады ақыр.

Жалаң аяқ... Балтыры жалт-жұлт етіп,

Ғайып болып жастығым бара жатыр.

2
1
1155

Ақ кимешек көрінсе

Әже, сен бірге жүрсің меніменен,

Өліге мен өзіңді телімегем.

Ақ кимешек киген бір кемпір көрсем,

Ақ кимешек астынан сені көрем.

Өңі-түсі өзіңнен бір аумайды,

Немересін ертпесе жүре алмайды.

Таныс дауыс, таныс сөз, таныс мәсі,

Көзіме оттай басылып, алаулайды.

Аппақтығы ұқсайды әрінің де,

Әжімің де, аумайды тәлімің де.

...Әлемдегі әженің бәрі бір ме?!

Әже, сен тірі екенсің әлі күнге.

Қия өтпейді...

Ұқсайды ізеті де,

(Ізетсізді бұлар да түзетуде.)

Бұлар да бабасынан алып қалған,

Өз жұртының дәстүрін күзетуде.

Әже, сен бірге жүрсің меніменен,

Өліге мен өзіңді телімегем.

...Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,

Ақ кимешек жоғалса...

Нені көрем???

0
0
847

Айтатын саған сырым бұл

Ертеңім менің бұлыңғыр.

Әлсіреп, дымым құрып жүр.

Адасып менен кеткен бе?

Айналайын құлын-жыр.

Айтатын саған сырым бұл,

Бастаудың мұздай суымен

Мерт бола кетсем жуындыр.

Өртенген жанды суындыр.

Ерте келіп,ерте өліп,

Шарамды таусып,төңкеріп,

Кетем бе деп қорқамын,

Өз отыма өртеніп.

Бұлақтың мұздай суымен

Жуындыр мені, жуындыр.

Қауышып жаным жырыммен,

Алайын сосын тыным бір...

0
0
706

Адасқан шағала

Жаным-ау, қайдан жүрсің, ақ шағала,

Келсең кел, бұл өлкені жат-санама.

От-суы мол осынау байтақ алқап,

Сая болған батырға, патшаға да.

Қылша мойын жаным-ау,қылыш қанат.

Қимай мені келдің бе туыс санап?

Ақ ниетпен келдің ғой қалайдағы,

Шашсам ба екен күн нұрын уыстап ап.

Айдыным жоқ төсіңмен шимайлаған,

Аялайды, әлдилеп мидай далам.

Толқынға қонақтаған ерке-тотай,

Толқынсыз қара суға қимай барам.

Кім екен саған еткен зорлық, қысым,

Адасқан Атыраудан зарлықпысың?

Көлшігім, бұлақтарым - бәрі саған.

Адасқан Отанынан зарлық құсым.

Қонбасыңды білемін қыр басыңа,

Толқының жоқ жаныңмен сырласуға.

Бөрі де табылар-ау бүл өмірден,

Тек Отаның жетпес-ті бір басыңа...

0
0
670

Адамзаттың ұрпағы

Дәл осы көшеменен кім жүреді,

Он жылдар, жүз жыл өтер, кім біледі.

Оны тек сол шақтағы күн біледі!

Оны тек сол кездегі түн біледі.

Бұлардың уақытпен бір жүрегі.

Кім салқындап отырар мына бақта?

Ойын-сауық ана жақ, мына жақта.

Сонда қалай?

Осы бақ орынында,

Адамдар алма-кезек құламақ па!?

Талай тарлан жақсыдан тірі адастым.

Мен сенен мәңгілікті сұрамаспын.

He айтам саған, табиғат, адамдарға,

Қимадың ғой өмірін бір ағаштың.

Адам байғұс жер бетін жасандырып,

Жасамайды өзіңе асау қылық,

Тек ескерткіш орнатар өздеріне,

Тау-тасты тыным алмай қашап жүріп.

Талай нөсер төгілер, болар жасын,

Алапат күн әйтеуір жол алмасын.

Мына нұрлы өмірге тірек болған,

Адамзаттың ұрпағы жоғалмасын!

0
0
657

Адамды адам түсінбеу -- бір ақырет

Ойлы жас, түсініпсің, рақмет!

Рақмет!

Жассың ғой жалыны мол,

Жалыны мол және де қуаты көп.

Ойлы жас!

Өлең -- менің бар тынысым,

Жақсы сөзім - жаны игі халқым үшін.

Атақ қуып, бақ қуып, даңқ қуып,

Біреулерден жүргем жоң арту үшін.

Оңашада ойларын тыным еткен.

Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.

Ақындар бар амалсыз бұғып өткен,

Ақындар бар ішінен тынып өткен.

Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен.

Бізді олардың балама біріне де,

Ұлыға да санама, іріге де.

Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын,

Абай, бірақ қайтадан тіріле ме?..

Ойлы жас!

Өлең менің сырласымдай,

Сырлассам да құмарым жүр басылмай.

Айтып өткен аңында арман бар ма

Жүрегінің түбіне кір жасырмай...

0
0
659

Ілініп түн тұр тауларға

Дамылдап тірлік қалған ба?!

Алыстан оттар жанады

Жай таппай мына жалғанда,

Адасып жүрген арман ба?!

Жарқ етіп, кейде бір өшіп,

Бұлаңдап, шалқып, тұр есіп.

Сөндірмек болған самалмен,

Сөнгісі келмей күресіп.

Бір жанады оттар, бір өшіп.

Адасып жүрген боларсың,

Отқа тарт, түнгі жолаушым!

От жанған жерде - ошақ бар,

Барарсың, мүмкін қонарсың:

Отқа тарт, отқа, жолаушым,

Жоғалсын үрей, жоғалсын!

Ұмтылып келер күндерге,

Жанады оттар түндерде.

Тіршілік барын аңғартқан,

Жанады оттар жан-жақтан,

Әкеліп үрей кімдерге,

Әкеліп үміт кімдерге

Жанады оттар түндерде.

0
0
515