Жарықпұл
«Біздің үйдің шамы бірақ, Бәрінен де кеш сөнетін». (Қ.Сарин)
Кітап мені қарық қылды, Ақын болдым төкпелейтін. Жан дүниемді жарық қылды, Белгілі боп көпке кейпім.
Есіме алсам зарық күнді, Анам кейде өкпелейтін. Ай соңында жарықпұлды, Өзгелерден көп төлейтін...
Бастан солай көктем өткен, Ал, бүгінім жазым шығар. Жарықпұлды көп төлеткен, Ақындар мен жазушылар.
Алла берген маған арды, Одан өзге жоқ бағалым. Қазір мен де гонорарды, Өзгелерден көп табамын.
Бәрі, бәрі бала күнгі, Жемісі ғой оқығанның. Алып ылғи саналы үлгі, Ой, зердеме тоқығанмын.
Жеттім мен де көздегенге, Дауысымды өктем етіп. Жүрмін мен де өзгелерге, Жарықпұлды көп төлетіп.
Ақпарат көзі
