Мазмұнға өту
Обложка сообщества QazAgym

Жалғыз жалбыз

Әкесінің әкесі де жалғыздан туған жалғыз екен. Бес атадан бері жалғыздан жалғасып келе жатқан әулет. Бағланның әкесі бұл бала беске толар толмаста о дүниелік болған. Ендігі бар үміт Бағланда. Бұл бала аман-есен өсіп, келіншек әкеліп, ол келіннің аяғы құтты болып, пұшпағы қанап жатса, және ол шақалақ ұл болса... Онда арман жоқ. Құдай бетін аулақ қылсын, әгәрәки Бағлан ол күнге жетпесе, бір атаның ұрпағы осымен тәмәм-түйін. Анасы соны түсінгендіктен, осы шаңырақтан кетпеді. Әйтпесе, сол кезде отызға да толмаған уыздай келіншек екен. Ұлы дүниеден өтсе де, келінінің кетпегеніне, немересінің бауырында өсіп келе жатқанына шүкіршілік қылған әжесінің Аллаға айтар шүкірі сансыз. Ендігі бар тілеуі осы бала. Өмірінің мәні де сәні де осы. Осыны білген Бағлан дандайсып-ақ кетсе болар еді. Өйтпеді. Әкесі сынды біртоға, момын бала болып өсіп жатты. Басы артық қылығы жоқ. Оқуы керемет болмағанымен, тәртібі жақсы. Шешесі кейде: - Балам-ау, сабағыңды түзесеңші,..-десе, әжесі тыйып тастайды. - Тәйт, әрі. Біздің тұқымнан данышпан шыққан кезі жоқ. Оқымай-ақ қойсын. Оқығанда не табады? Азар болса қалқоз басқарар. Одан не пайда? Басқарманың бастығынан менің малым көп. Осы дүие-мүлікке ие болып, түтінімді түтетіп, отырса болды... Баламды жанымнан бір елі ұзатпаймын. Бұны қалаға оқуға жіберіп, сары уайымға салынатын жайым жоқ. - Оқуға жібермесеңіз, әскерге алып кетеді... - Шүкір, заман түзеліп келеді. Қазір әскерге барғың келсе барасың, барғың келмесе бармайсың. Балама уаянный белетті сатып әперем. - Дегенмен, қатарынан қалмай, сабағын жақсы оқығаны жақсы ғой. - Оқымаса, оқымасын. Қайта жақсы, тіл-көзден аман болады. Осындай әңгімелер мен өбектеулерді естіген бала әлжуаз болса керек еді, жоқ, Бағлан ондай емес. Ер мінезді. Сөйткен Бағыланымыз он бірінші сыныпты да бітірді. Бітірген күні қызық болды. Турасын айтсақ, қызықтың көкесі бітірген күні емес, оның ертесінде болды. Бітірген күні Бағлан кластастарының қолқалауымен бір жүз грамм тастаған. Жалпы, өзінің ішімдікке үйірсектігі жоқ. Қу намыс баяғы. Әйтпесе, анау Айбатырлар құсап айызы қанып ішпейді. -Өй, қатын емессің ғой, алсаңшы,-дегенде, бір әулеттің ұрпағын жалғастырушы жігіт ретінде, тартынып қалмай, тартып жіберген. Артынан тағы да сол жігіттік намыс, еркектік еңсе үшін тастаған болу керек. Жалбыр даламен бірге санасының да тұманданып бара жатқан. Арғы жағы есте жоқ. Оянса өзінің төсегінде жатыр екен. Ұят-ай. Еденнің бәрін ластапты... Биология пәнінде қорытылмай қалған ас аналь тесігі арқылы сыртқа шығып кетеді дегенді естуі бар еді. Бұның қорытылмай қалған астары кері шапқан екен. Мұнда сәбіз, капуста дегендеріңіздің қорытылуы қиын ба деймін, қалай кірсе, солай шыққан екен. Ұяттан беті өртеніп барады. Жанында шешесі отыр екен. Екі көзі күп болып ісіп кеткен. Әлі жылап отыр. Бұның оянғанын көріп, әңгімені әріден бастады. - Әкең қайтыс болғанда жиырма тоғыз-ақ жаста едім. Бар қызығым алда деп жүргенде жесірліктің дәмін таттым. Басқа күйеуге шығуыма болатын-ақ еді... Шығамын десем, мүмкіндігім де болды. Ыңғай танытқандардың шет-жағасын өзің де сездің. Бірақ, сені біреуге жәудіретпейін, әжеңді жылатпайын, әкеңнің шаңырағын құлатпайын дедім. Бар үмітім сен болдың. Жардан көрмеген рақатты, сенің жақсылықтарыңнан көрсем дедім. Сөйткендегі көргенім осы болды. Сенің тірлігің мынау болды... Осылай басталғаның әңгіменің енді қанша жерге баратынын бір Құдайдың өзі білсін. Сөз сүйектен өтіп барады. Осы кезде әжесі кіріп келді. Кірген бетте шелектегі суға тірәпкісін малып алып, шешесінің балам көрсін деп әдейі жумай отырған еденін жууға кірісіп кетті. Әже деген аты болмаса, соншалықты еңкіш тартқан түгі жоқ. Өз қуаты өз бойында. Еденді жуып жүріп, даңғырлап сөйлеп жүр. - Құдай-ай, тәубә, шүкір, Алла. Өсті деген осы, жігіт болды деген осы. Жалғызымнан қалған жалғызым, сен де арақ ішіп, құсатын жасқа жеттің-ау. Құдайдың берген құлыны сол, әлі-ақ адам болып кетесің... Ештеңе жоқ, Ермектерге еріп ішкенді да бір жүз грамын. О неменің де түк қызығы жоқ екенін түсінесің ертең. Адам болды деген осы, айналайын. Шүкір, шүкір. P.S. Сөйткен Бағланның бүгінде бауырынан өрген үш ұл, екі қызы бар... Апасы да мәз, шешесі де қуанышты. Шүкір, шүкір. Адам болды деген осы. Қай мағынасында да түтінін түтетіп жүр...

Ақпарат көзі

0
0
765

Осы тақырып бойынша